«Тамыз бүлігінде қазақ журналистикасының намысын қорғап қалғаның үшін басымды иемін» деген алғыс бәрінен қымбат болды
2011 ж. 30 тамыз
2561
0
Нұрмахан аға, әңгімемізді 1991 жылы 19 тамызда болған оқиғадан бастасақ қалай болар екен. Сол кезде КСРО жоғары билігіндегі аз ғана топ КСРО Президенті М.С.Горбачевті денсаулығына байланысты қызметінен босатып, оның орнына вице-президент Г.И.Янаевтың тағайындалғаны туралы мәлімдеме жасаған екен. Осы уақыттан бері де 20 жыл өтіпті. Жалпы оқиға қалай басталды?
Жұмыста отырғанда радио, теледидар қоспау әдет болып кеткен еді. Бұл, бәлкім, он бес жылдай уақыт бойы (ҚазТАГ-та) республика, одақ, шетел хабарлары күн сайын көз алдымнан өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарына тарап жатқандығының салдары болар. Сол күні, тамыздың 19-ы, дүйсенбі күні жұмысқа таңертең келген бойда, материалдар қарауға кірісіп кеткен едім. Бір сағаттай уақыт өткен соң кабинетке бөлім меңгерушісі Марал Хасенов кірді. Аңтарыла қарадым. Өйткені, асығыс шаруа болмаса, сағат 11-12-лерге дейін қызметкерлер мазалай бермейтін. Себебі сол екі-үш сағат менің материалдарды молырақ қарап үлгеретін уақытым болатын, мұны жігіттер де жақсы білетін. Аңтарылуым сонда. Сонымды түсінген болуы керек, «Мәскеуде бірдеңе болып жатқан секілді», деді Марал мүдіріңкіреп.
Не болып қалыпты?-дегем жақтырыңқырамай.
Анық-қанығын білмедім, бірақ маңызды оқиға бар сияқты.
Мәскеу радиосы азанғы жаңалықтарын сағат 11-де қайталайтын еді ғой, сол кезде радионы қосармыз,-дедім де, жұмысыма қайта кірістім.
Сағат 11-ге жақындап, радионы қоссам, сарнап тұр. Бір хабардың соңы секілді. Сағат 11-ді соқты да, радио қайтадан сарнап қоя берді. Әдеттегідей жаңалықтар жоқ. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесі, КСРО вице- президенті Г.Янаевтың жарлығы, КСРО-дағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің үндеуі. Бір дем үзілістен кейін радио тағы да соларды қайталай бастады. Диктафонға жазып алдым.
Заматта аласапыран ойлар қаптады, «бұл соңғы жылдардағы өзгерістерге қарсы жасалған төңкеріс» деген байлам бірден келді. Жетінші қабатқа көтерілдім. Онда әріптесім, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Эдуард Широкобородов бар. «Мынаған бірдеңе деу керек» дедім. Ойым, бірігіп пікір білдіру. Әрине, қостап емес, оқиғаның шын мәнін ашып көрсететін пікір. «Біз не айта қоямыз» деді әріптесім шарасыз кейіппен. Сыңайынан байқадым, бүгежектеп, қорғалақтап тұр. Бірер жыл бұрын обкомның бюросында соған мүшелікке кандидат, КГБ-ның облыстық комитетінің бастығы Давыдов деген осы әріптесіме орынсыз тиісіп, қатты-қатты сөз айтқанда: «Сіз өзіңіз кімсіз осы. Бұл болса жұз мыңнан астам данамен тарайтын облыстық газеттің бас редакторы. Оған айқайлайтын, жәбірлейтін қандай хақыңыз бар. Әлде КГБ-ға сондай құқық беріліп пе еді?» деп ара түскенім бар. Давыдов та, обкомның бірінші хатшысы Локотунде ләм-мим дей алмаған. Содан бері қатынасымыз жақсы болатын. Алайда сол жолы түңіліп қайттым.
Бұл арада обкоммен ақылдаса алмайсын. Ақылдасатын адам жоқ. Мен осында келгелі үш жыл болмай үшінші бірінші хатшымен істес болып жүрмін. Үшінші рет бас редактор болып бекітілгенмін. Соңғы рет бекітілуімде обком пленумында: «Газет облыстық партия комитетінің органы делінсе, бұл бюроның немесе секретарияттың органы деген сөз емес, облыстық комитеттің, дұрысын айтсақ, конференция арқылы сол комитет мүшелерін сайлаған облыс коммунистерінің барлығының органы. Егер газет облыстық халық депутаттары кеңесінің органы десек, ол атқару комитетінің немесе сол комитет төралқасының органы емес, соларды сайлаған халықтың органы, қысқасы, халықтың үні. Егер менің бас редактор ретіндегі осы принципіммен келіссеңіздер, дауыс беруіңізге болады, келіспесеңіздер, қолымнан келетін жұмыс тауып алуға шамам жетеді» дегенім бар. Обкомның жеті-сегіз мүшесінің қарсылығымен, көпшілігінің қолдауымен бекігенмін. Қолдағандар жергілікті ұйымдардың өкілдері екендігіне иманым кәміл болатын. Ендеше, обком аппаратының өзінде ақылдасатын ешкім жоқ, ақылдаса қалсаң, қайта, ойыңды іске асыруға бөгет.
Сағат 12-де кәдуілгі ілездемеміз бар. Ол әдетте 15-20 минуттан артыққа созылмайды, бос сөзге тиым салынған.
Жігіттер жиналды. Ілездеменің өзі де әдеттегіден қысқа өтті. Қорытындысында: «сұмдық оқиғалар болып жатыр, халыққа оның ақ-қарасын түсіндіру бізге міндет. Лукьяновтың мәлімдемесін, төтенше комитеттің үндеуін нөмірге бермейміз. Янаевтың жарлығын ғана жариялаймыз, басқасы өзіміздің материал болады, бірінші беттен орын қалдырыңдар» деуге тура келді. Жігіттер ләм-мим демей үнсіз тарасты.
Түскі астан орала салысымен кабинет есігін іштен бекіттім де, үстелге отырдым. Неден бастау керек? Оқиғаның мәнісі оқырманға бірден анық болуы керек. Түлкі - бұлаң жүрмейді. «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деген сөйлем түсті ақ қағаздың бетіне. Арғы жағы белгілі. «Ия, бұл- төңкеріс». Тақырып жағы шешілді. Әрі қарай қаламның қуаты біледі.
Аға, оқырманға түсінікті болу үшін мақалаңызға тоқталсақ. Онда не жазылғанын қысқаша баяндап беріңізші.
Сонда жазған мақалам мынадай еді: «Дүйсенбі күні таңертең Москва радиосының соңғы хабарлары КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесімен басталды. Содан кейін КСРО вице-президенті Янаевтың жарлығы оқылды. Іле-шала Кеңес басшылығының мәлімдемесі жарияланды. Онда М.С.Горбачевтің денсаулығына байланысты өзінің міндеттерін орындай алмауынан бұл мансаптың Янаев қолына көшуіне байланысты елдің жекелеген жерлерінде алты айға төтенше жағдай енгізілді. Осы жағдайға билік жүргізу үшін КСРО-дағы Төтенше жағдай жөніндегі комитет құрылып, оның құрамына КСРО Қорғаныс кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Бакланов, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Крючков, КСРО Премьер-министрі Павлов, КСРО Ішкі істер министрі Пуго, КСРО Шаруалар одағының төрағасы Стародубцев, КСРО Мемлекттік кәсіпорындар ассоциациясының төрағасы Тезяков, КСРО Қорғаныс министрі Язов, КСРО президентінің міндетін атқарушы Янаев кіргені хабарланды. Бұл документке Янаев, Павлов, Бакланов қол қойған. Бұдан кейін комитеттің кеңес халқына, дүние жүзі мемлекеттерінің басшылары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына Үндеуі жарияланды.
Ия, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған Президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-қызыл өтірікке сене қоятын ақымақты бүгінде күндіз қолыңа шам алып іздесең де табыла қоймас.
Ия, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған Кеңес басшылығы атынан жарияланған мәлімдемеге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз-ақ көзіңіз жетеді. Бакланов-КОКП Орталық Комитетінде әскери саясат үшін жауап беретін хатшы. Крючков, Язов, Пуго кім екені жақсы белгілі. Тезяков-өнеркәсіптегі, транспорттағы, құрылыстағы мемлекеттік кәсіпорындар ассоциациясының басшысы ретінде күні қараң әміршілдік-әкімшілдік жүйенің қолшоқпары, Стародубцевке қай шаруалар өкілеттік бергені беймәлім.
Ия, бұл-төңкеріс. Және ол ең алдымен «Егеменді мемлекеттер одағы туралы Шартқа» қарсы бағытталған. Дәлел? Біріншіден, Шартқа қол қойыла бастайтын күннің қарсаңында жасалып отыр. Екіншіден, Шарт егеменді республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік, билік береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бұрынғыдай билеп-төстей алмайды.
Сонымен Макашов, Алкснис, Петрушенко сияқты КСРО халық депуттатарының көксегені жүзеге асты. Бұл, басқасын былай қойғанда, күні ертең Семей полигонында жарылыс қайта басталады деген сөз.
Екіншіден, төңкеріс қалыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған. Олардың ойынша: республикалар өз бетімен бір-бірімен неге шарт жасасады. Қазақстан мен Орта Азия республикалары неге біріге бастайды. Россия мен Қазақстан арасында шартқа неге қол қойылады. Балтық бойы республикалары, Молдавия, Грузия Кеңес Одағынан неге бөлінгісі келеді, демонстрациялар неге жасалады. Патриотизм мен интернационализм тұрғанда халықтар неге өзінің тілін, ұлттық дәстүрлерін өркендетуге құштар? Осындай «негелер» толып жатыр.
Үшіншіден, бұл төңкеріс М.С.Горбачевтің жеке басына қарсы жасалған. Барлық былықтар үшін соны айыптау үндеу мазмұнында да аңқып тұр. Өйткені, ол қайта құруды бастап берді, әркімнің өз пікірін айтуына жол ашты, қатып-семіп қалған қоғамдық өмірді түбегейлі өзгертуге, реформалар жасауға ұмтылды.
Төңкеріс жасаушылардың үндеуінде «Елде құрылым қандай болатынын халық шешеді» деген қағида бар. Дұп- дұрыс, әбден жауыр болған, таптаурын қағида. Бірақ, олардың төңкеріс жасауына қай халық өкілеттік беріпті? Содан кейін, Одақты Жоғарғы Кеңес құрмайды, егеменді мемлекеттер құрады. Ал заң шығарушы орган оны тек хаттауға тиіс. 1989 жылы сайланған КСРО халық депутаттары мен Жоғарғы Кеңестің әлі үш жыл өкілеттігі бар. Бірақ, Егеменді мемлекеттер Одағы туралы шартқа қол қойыла қалса, алты айдан соң жаңа сайлау өткізілуге тиіс. Мандаттан айрылғысы келмей отырған «халық қалаулылары» ең алдымен осыдан қорықса керек. Лукьяновтың мәлімдемесі сондай «қалаулылардың» пікірін білдіреді. Өйткені, ол Жоғарғы Кеңестің, оның Президиумының атынан емес, өз атынан сөйлеп отыр.
Төңкеріс жасаушылар «Конституцияны сақтауға» сілтеме жасайды. Бірақ олардың өздері Конституцияны тәрк етіп отыр. Өйткені оларға ешкім өкілеттік берген жоқ. Сондықтан, олардың күні ертең тарихтың «қара тақтасына» жазылатынына ешқандай күмән болмаса керек.
Жоғарыдағы хабарлар беріліп болған соң радио мен теледидардан әдеттегі хабарлар, көңілді музыка беріліп жатты. Жоқ, бұл күні қаралы, азалы музыка берілуі керек еді. Өйткені, бұл біздің елде демократия жерленген күн».
Осымен нүкте қойылды. Материал жарияланымға кетті.
Аға, ол уақыттарда мұндай мәселені көтеруге қорықпадыңыз ба? Сізді қудалауы да мүмкін еді ғой... Жалпы мақала өз атыңыздан кетті ме?
Қорықпадым деп айтуға болады. Қорықпаудың себептері де бар. Тіптен қорқатын да мәселе емес бұл. Біздің газет бұған дейін де ащы шындықты қозғап жүрген болатын. Алайда, сол мақала жазылған күні маған Жайық Бектұров ақсақал мен Марал келді. Олар редакцияға аптасына екі-үш мәрте соғып тұратын. Жақаң «Кішкене жұмсартсаң қайтеді» деді. «Өзі де тым жұмсақ секілді» дедім. «Совет Одағында маңызды оқиға болды» десең де жетпей ме? деді. «Жетпейді. Мао айтқан: аждаһаны бастан ұр, қалғаны өзі-ақ қылжияды деп». «Айтамыз деп көрдік қой көресіні» деді. «Әр ұрпаққа бір зауал, бәлкім, біздің басқа келген шығар сол зауал, көріп аламыз да» дедім . «Әй, бірдеңе десейші» дейді Маралға Жақаң. «Мен не дейін» дейді Марал. Қысқасы, Жақаң редакцияға «не болып жатыр» деп алаңдап келіп қалған ғой. Жігіттер жалыныпты: «Сіз айтпасаңыз, біздің айтқанымызға көнбейді» деп.
Ой келді. Шынында да ертең не боларын кім біліпті. Ертең аласапыран басталып кетсе, жазықсыз жігіттер зардап шегуі мүмкін екен-ау. Материалдың соңғы парағын алдырдым да қосымша жасадым. Онда: «Соңғы айтарым, бұл асығыс жазба қайғылы хабардан туған алғашқы әсер, жеке пікірім. Ертең төтенше жағдай деген желеумен қаратүнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін». Іс бітті.
Көңілде тек бір күдік болды. Жексенбі күні кешке қарай Ельциннің Қазақстанға сапары аяқталған. Ол кешке Мәскеуге ұшып кеткен. Сейсенбі күні Одақтық шартқа қол қойыла бастауы керек. Оған, әрине, Нұрсұлтан барады. «Екеуі бірге ұшып кетіп, екеуі де тұтқындалып қалмады ма екен?». Сол ой алаңдата берді. Түнде Мәскеу теледидары Төтенше жағдай жөніндегі мемлекттік комитет мүшелерінің баспасөз конференциясын берді. Сол мүскіндерге қарап көңіл тынышталды.
Айтпақшы, сол күндері жергілікті радиолардан хабар беру тоқтатылып еді ғой. Іле-шала «Орталық Қазақстан» газетінің Нұра ауданындағы тілшісі, белгілі журналст Нұрхан Мыңбаев қалаға келген бойда мақаланы орысшаға аударып, облыстық радио қайтадан хабар бере бастағанда, радио арқылы беріп жіберген. «Орталық Қазақстанның» аты осылай дүрілдеді.
Осымен Тамыз оқиғасының жыры таусылғандай еді. Таусылмапты. «Қазақ әдебиетінің » бір қызметкері Жезқазған облысына іс-сапармен барыпты. «Орталық Қазақстанның» 20-тамыз күнгі саны қолына түсіпті. Алматыға ала келіп, Оралхан Бөкеевке көрсетіпті. Оралхан алған да, газеттің келесі санына салған да жіберген. Бұл біраз шулатты. Сәл кейінірек Қазақстан Журналистер одағының съезі өтті де, Сапабек Әсіпов ағамыз: «қазақ журналистикасының намысын қорғап қалғаны үшін інімізге басымды иемін» деді. Ағадан алған алғыс бәрінен қымбат болды.
Солай тамыз бүлігі аяқталды. Бүлікшілер жазасын алды. Тоқсан жылдай тарихы бар партия жабылды.
- Ал газет маңдайшасынан «Барлық елдердiң пролетарлары бiрiгiңдер!» деген ұранды алып тастау қолыңыздан қалай келдi?
Менiңше, осы сөздi алып тастаудың ретi әлдеқашан келдi. 1991 жылы газеттің жаңа жылдық нөмірінен бастап «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген төл қағидатымызды төбеге көтергенбіз. Партиялық газет үшін мұны қылмыс санағандар болған. Сонда: «Біз диалектик болсақ керек еді. 1961 жылы Хрущев «біз жұмысшылардың ғана партиясы емеспіз, бүкіл халықтың партиясымыз» деген, 1985 жылы Горбачев: «біз жалпы адамзаттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоямыз» деген, сонда «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдерге» орын қала ма?».
Сонымен газет осылай шыға бастаған болатын.
Аға, сізді халық журналист ретінде таниды. Журналистиканың қазанында қайнаған майталмансыз. Қазіргі журналистер жөнінде қандай пікір айтасыз, деңгейі қандай?
Қазіргі журналистика жөнінде мен енді біреуге баға беріп, деңгейі мынадай деп айта алмаймын. Алайда, қазіргі қазақ журналистикасы батыл мәселе қойып, батыл жаза алатын болды. Оның, әрине, бәрі бірдей емес. Кәдімгі ойындағысын айта алатын болды. Әрине, оның кем тұстары да болады, оның артық жерлері де бар. Айтқанда тіпті арындап кететінде жағдайлар болады, бірақ шындықты айтқан дұрыс. Мен бір ғана мысал келтірейін, «Жас Алаш» газетінде жұмыс жасап жүргенімде көптеген мәселелер көтердік. Жақында сол газеттің бір тілшісі Америкаға барған. Ол мынадай нәрсе айтады: «онда губернаторды халық сайлайды, сондықтан Президент еш нәрсе дей алмайды. Бізде қашан осындай сайлау болады» деп. Бір нәрсені ескеру керек, Америка Құрама Штаттары ол федерациялық мемлекет. Анау штаттар, 50 штат ол әрқайсысы өз алдына жеке мемлекет. Өздерінің Конституциясы, басқарушы және заң шығарушы органдары бар. Губернатор атқарушы орган болады. Сондықтан оларда сайлауға қақысы бар. Бізде де сайлау өткізілуі керек. Бірақ бізде Конституция бойынша басқа жағдай. Бізде унитарлы мемлекет, бір тұтас мемлекет. Осының арасын ажыратпайды, осыны айту керек еді. Міне бізде осындай жағдайларға байланысты өткізілмей жүр деп. Мәселені шешуге болады деп, басқаша келтіріп, оқырманға ойды түсіндіруге болар еді. Осындай кемшіліктер болады. Жалпы түбі сайлау болғаны дұрыс, өйткені халық сұрайды. Бірақ Мемлекеттің Конституциясы олай емес, біздің мемлекеттің құрылысы басқа. Осы жерден ажырату керек.
Тағы бір мәселе-тіл. Біз орысшадан аударып аламыздағы, жазылған дүниеміз қазақша болмай шығады. Мәселен, мынадай сөз шықты «деп айтамын». Әй, қазақ «дедім» дейді ғой. Бұл сөз үлкен газеттерде де, кіші газеттерде де жүр. Қазақтың, қарапайым халықтың тілін білу керек, терминдерді шатастырып жатады. «Зымыран ұшырғыш» дейді, мүлдем қате, зымыран дегеннің өзі анау жер серігін ұшыратын нәрсе. Кезінде оны ұшырғыш ракета, ұшырғыш зымыран деп аударған, енді барады да біз басқаны емес зымыран ұшыратын секілді аударады, олай емес ол әншейін көмекші құрал. Осындай көп мәселелер бар... Айтып та жүрміз, мүмкін болашақта жазармыз да.
Журналистикада журналист тілді жақсы білуі керек. Қазақ тілін жақсы білуі тиіс. Мейілі орыс, ағылшын тілін біл, алайда соны түсіну үшін қазақ тілін білу де маңызды. Олай емес.
«Қол жетімді» дегенді шығарып алды, барлық газет «доступный» деген сөзді, яғни сатып алуға шамасы келеді деген сөз ғой, солай қол жетімді деп береді. Бұл термин сөз емес.
Сондықтан оны басқаша, қазақша беру керек. Сондай мәселелер көп
- Аға, қаламмен қатар аударма ісін де бірге алып жүретінсіз. Қазір аударып жатқан дүниеңіз бар ма?
- Жоқ дәл қазір мен аудармамен айналысып жүрген жоқпын. Әр кімнің жұмыс жоспары бар ғой. Жасайтын нәрселер бар, кейін қол тисе жасаймын деп көкейде жүрген нәрселер бар. Бірақ былтырдан бері денсаулығыма байланысты бұл шаруа қалып кетті. Менің ғұмырымда жазғанымнан редакциялаған дүниелерім көп. Талай адамдарды, талай кітаптарды, Марксизмнен бастап, он том саясаттану, он том әлеуметтену дегендерді редакциялау менің төрт жарым жыл уақытымды алды, денсаулығымды құртып кеткен де осы уақыт. Өйткені сенбі-жексенбіде жұмыс істеп, түнгі екіге дейін отыратынмын. Аударма дегеннің өзі мынаны аударайын, тиын-тебен табайын деген сөз емес. Аударманың өзі де қоғамға керек нәрсе, қоғамға пайдалысын ғана аудару керек.
– Аға, сіз ғұмырыңыздың он бес жылын «ҚазТАГ-та» өткiздiңiз ғой...
– Иә. Сол ақпарат агенттiгiнде жүргенде басқа салалармен қоса, аударманың да жүгiн бiр кiсiдей көтерiп, «Одақ және шетел хабарлары» деген бас редакциясында аудармаларымды берiп тұрдым. Сонау Брежневтiң заманынан бастап, кейiнгi Кеңес Одағына дейiнгi конфедерацияның құрылуына қарсы республиканың алғашқы көсемдерiн көрсетiп жазған кезiмде, тiптi, ара-тұра қаттырақ айтуға да тура келдi. 1957 жылы Мәскеуде Журналистер одағының 6-съезi өттi. Оған ылғи одақтас республикалардың журналистика саласын басқарып отырған директорлары келiп жатқанда, директор орынбасарынан тек мен ғана барған екенмiн. Жалпы, бiзде қызметте iстеген жiгiттер көбiне жағымпаздануға, өзiн көрсетуге тырысып жататыны бар. Сонда ТАСС-тың коллегиясында: «Гениальные мысли даже в голову генерального секретара не каждый день приходит. Что вы даете стенографическиий отчет?...» деген едiм. Расында да, олар Горбачевтiң, басқа компартия қызметкерлерiнiң шетелге барғанын кәдiмгi бiр стенографиялық есеп сияқты беретiн де жататын. Ал ақпарат агенттiгi жүйесiнiң мiндетi – хабар беру, айтатын ойын анық жеткiзу. Содан бiр күннен кейiн «Кешiрiңiздер, Алматыға самолетiм ұшу керек едi», – деп кетiп қалсам, ертесiне ТАСС-тың қыз-жiгiттерi маған қайта-қайта қоңырау шалып, «Нұреке, вы что наделали, тут вся руководства в шоке» дедi. Оны бiреу айту керек болды. Сол кездiң өзiнде бүкiл дүниежүзiндегi ақпарат агенттiгiнiң жұмыс iстеу жүйесi – есептi тек хабар ретiнде беретiн. Бiзде, бұл керiсiнше өрбiдi.
- Нұрмахан аға, біраз уақыттан бері «Қазақстан» баспа үйін басқарып келесіз. Тыныс-тіршілігі қалай? Не жаңалық?
- Бұл өзі анау жиырмасыншы жылы құрылған баспа ғой. 90 жыл өтіпті, 91 жыл болады. Қазір баспа сол замандардағыдай емес, әрине. Кезінде бүкіл қазақ кітабы осында шыққан. Кейін бірте-бірте баспалар көбейген, кешеге дейін алты баспа болып келді. Қазір көп.
Бұрын көркем әдебиеттен басқа барлық кітаптар басылып тұрған, қазір олай емес, жылына екі-үш кітап, әрі кетсе бес кітап басып шығарамыз. Қазір нарық заманы дейді, сондықтан бәсекелестер көп. Бірақ сол баспалардың шығарған кітаптарын көрсеңіз редакциялауында үлкен олқылықтар бар. Біз сол жағына қарауға тырысамыз. Бірақ қазір баспаның жағдайы керемет деп айтуға келмейді. Біз төрт-ақ адам жұмыс жасаймыз. Мен көп жылдан бері жұмыс жасап келемін, осы баспаны қоя салуға да болар еді. Алайда «Республиканың тұңғыш баспасы еді, оны осы Нұрмахан Оразбек деген аяғында құлдыратып жіберді» деген сөз болмасын деп келемін. Осыны қайтсек те ұстап тұрайық, «Қазақстан» деген аты жүрсін деген мақсатпен жұмыс жасаудамыз. Сонымен қатар кітаптың сапасы деген мәселелерге көңіл бөлеміз.
«Қазақстан» баспасы кітаптарының сапасы нашар деген әңгіме болған жоқ. Біз осы қағиданы ұстанамыз.
Аға, әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Гүлнұр ДОСБОЛ