Көңіліне қондырып бар қазақты...
2018 ж. 18 маусым
6924
1
(«Менің замандастарым» топтамасынан)
Қолымнан келер ескерткішім осы болды, Қайратжан!
Автор.
Ақын інім әрі досым туралы бірнеше жылдан бері қанша оқталғанмен, қолыма қалам алғанда «Қайрат ӘЛІМБЕК...» деген аты-жөнін жазғаннан әрі аса алмай-ақ қойғаным бар. Әншейінде таңды көз ілмей атырсам да қандай жұмысты болсын шындап кіріскенде еңсеріп тастайтын мен тұйыққа мықтап тірелгенімді сездім. Неге екенін, әйтеуір жаза алмай қатты қиналдым. Бәрі де санамда сайрап тұрғанмен қол жүрмейді. Қайратпен бірге болған, бірге қызмет істеген көптеген күндердің көрінісі көз алдымда тізбектеліп өтіп жатса да бір нәрсе жетіспейтіндей, аса қажет, аса бағалы затымды жоғалтып алғандай көңілім алаңдап, әлденені аласұра іздегендей. Соны таппай ештеңе өндіре алмайтын сияқтымын. Қаламды қоя салып, өткен күндер елесінің соңынан еріксіз еріп жүре беремін. Ақыры, араға жылдар салғанда жоғалтқанымды, мені мазалаған сұрағымның жауабын тапқандай болдым. Сөйтсем, жетіспей тұрғаны - Қайраттың тұп-тура өзі екен. Ақылдылықты аңғартатын кең, жазық маңдайы мен мейірімге толы, ашық-жарқын ақ жүзі қайдан ұмытыла қойсын?! Ол әлі де алшаң басып, сәлем беріп, біздің үйге әдетінше емін-еркін кіріп келетіндей көрінеді де тұрады. Сол әдеттегідей, «Алтын жеңешем» деп жеңгесінің шай-пайын ішіп, әрқайсымызға бір-екі шумақтан өлең шығарып, бәрімізді риза етіп кететіндей. Күнделікті қарабайыр тіршіліктің қамауында қалған біздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, шат-шадыман етер еді. Әрине, енді ол мүмкін емес, қимас көңіл ғана соны тілеп, соны аңсайды. Оның бұл өмірдегі ойсырап қалған орнын менің жазған шимайымның толтыра алмасын түсінсем де «Қайтсең де жазуың керек. Бұл Қайраттың алдындағы ағалық парызың!» деп өзімді өзім қайрап, қайта-қайта қамшылауға тура келді. Сондағы бар-жоғы – ештеңе алып-қоспай-ақ, шынайы болған жағдайлар мен бірге өткізген күндерден қалған естеліктерді баяндап шығу ғана. Өмір бақи қалам ұстап жүрсең де кейде жазудың өзі қиынға түседі екен. Жазуды айтасыз, Қайраттың бейнесі көз алдыма келгенде ол тап қарсы алдымда отырғандай іштей күбірлеп, онымен дәп бұрынғыдай әңгіме-дүкен құрып кететіндеймін... Қайраттың ғарыштық ғұмырға қанат қаққанына да бірталай уақыт өте шығыпты. Ауылда жерленген анасының басына құлпытас орнатып келе жатқанда жол апатына түсіп мезгілсіз қайтыс болғаннан бері де қаншама көктем келіп, қаншама күзгі жапырақтар сарғайып, саудырап төгілді. Бірақ, оның жарқын бейнесі көңілден, өзіне ғана тән сәл бәсеңдеу шығатын жағымды дауысы құлақтан кеткен емес. Биыл қыркүйек айында бала-шағасын, туған-туысқандарын, дос-жарандарын зар жылатқан сол бір қаралы күнге де табаны күректей тұп-тура он екі жыл толады екен. Былай қарасаңыз адамның бір мүшел жасы. Одан бері де өмірлік жары Қуанышгүл Сұлтанқызы көп ұзамай Қайратттың соңынан мәңгілік сапарға аттанды. Артында қалған ұлдары Дәулеткелді мен Алданазар ер жетіп, азамат болды. «Өмірдің өзі ағыс қой... тоқтаусыз ағыс! Білмейміз оны... Бүгін де, кеше де күлдік. Кетпейді бәрі адамның жоқтаусыз алыс, Сұралар бір күн, өйткені өше ме тірлік?!» – деп алғашқы балаң жырларында жазғанындай, өмір-өзен өз арнасымен бірде қуаныш пен шаттық әнін шырқап, бірде қайғылы да мұңды күйін шертіп тынымсыз, тоқтаусыз ағып жатыр. Он екі жыл деген де аз емес, одан бері де қаншама тарихқа, көптеген өзгерістерге куә болдық. Ал, ақын аты өшпейді, жоқтаусыз қалмайды, өйткені оның өмірін жырлары жалғастырады...«АҚШАМНЫҢ» АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫ
Қоғам өмірінде баспасөздің алар орны мен идеологиялық рөлі ерекше зор екені баршаға мәлім. Кеңестік кезеңде Қазақстан бойынша республикалық «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш»), «Қазақстан пионері» («Ұлан») газеттері мен санаулы журналдарды есептемегенде әр облыстың, аудандардың өздерінің бір-бір мерзімді басылымдары ғана болатын. Көптеген аудандық газеттер тек қана орыс тілінде ғана шығатын. Олардың бәрі сол кездегі жеке-дара билік жасаған коммунистік партияның қатаң бақылауында жұмыс істеді. Барлық басылымдар партияның нұсқауымен жіті тексеруінен өтуге тиісті еді. Одан өтпесе газет жарық көрмейтін. Демек, сөз бостандығына белгілі бір өлшемде шектеу қойылатын. Бір ғана мысал, еліміздің астанасы болып тұрған Алматыда қалалық «Вечерняя Алма-Ата» газеті өткен ғасырдың алпыс сегізінші жылдарынан тұрақты шығып тұрса да, қазақшасы болған емес. Ол тек қана тәуелсіздік алардың алдында ғана «Вечерканың» аудармасы ретінде жарық көріп, кейін жеке шаңырақ көтерді. Сөйтіп миллионнан аса тұрғыны бар қалада өз тілімізде «Алматы ақшамы» газеті шыға бастады. «Ақшамның» алғашқы бас редакторлығына белгілі журналист Ислам Бейсебаев тағайындалып, оның орынбасары Бақытжан Жиенбаев болды. Редакцияға Қайрат Әлімбек, Қанат Қайымов, Ертай Бекқұлов, Марат Тұрапов, Жүніс Омаров, Қадірбек Құныпияұлы, Жексен Алпар, Махамбет Мәшекенов, Мұхтар Наушабаев, Раушан Имашева, Сарқыт Ысқақова сияқты бірқатар қаламы жүйрік тәжірибелі журналистер тартылып, газет алғашқы күнінен-ақ оқырмандардың назарына ілігіп, ықыласына бөленді. Қала тіршілігін, елімізде болып жатқан елеулі өзгерістерді жан-жақты көрсете білген басылым тіпті республикамыздың өзге да өңірлеріне таралды. Сол кездерде жоғарыда аты аталған қаламгерлер көтерген «Ақшамның» туы әлі төмендеген емес, қадаған уықтары берік болып, шаңырағы бүгіндер биіктей түсті. Бұл еркіндікке ұмтылған ұлт үшін, әсіресе алматылықтар үшін үлкен жеңіс еді. Осы тұста қазақ тіліндегі өзге де тәуелсіз газеттер шыға бастады. Бұрындар журналистер Алматыда жұмыс таба алмай жүрсе, дәп осы кезде қазақ тілінде газет-журналдардың жаппай ашылуына байланысты мамандар жетіспей жатты. Мұндай маман тапшылығы бұрын-соңды дәп Алматыда болып көрген емес-ті. Оқу бітірген кез келген жас Алматыда қалуға қуана келісер еді. Бірақ университеттің жолдамасымен аймақтарға барған соң екі жыл міндетті түрде қызмет ету керек-ті. Оның да өзіндік ұтымды тұстары бар, жас маман ретінде бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етуге тиісті болатын. Соған қарамастан заңды бұзып, жіберген басылымдардан қашып Алматыға кері қайтатындар да кездесетін. Кеңестік кезеңде еліміздегі жарық көретін басылымдардың саны тұрақты сақталғандықтан жылына қанша журналист дайындау керектігі алдын ала белгілі-ді. Қазақ мемлекеттік университетіндегі еліміз бойынша жалғыз журналистика факультеті жылына қазақ тілді 50 журналисті жолдамамен облыстық, аудандық газет редакцияларына жіберетін. Олар көбінесе партияның саясатын насихаттаумен айналысатын-ды. Бүгінгі жағдай мүлдем басқа, өткендегімен салыстыруға келмейді. Қазір журналист мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындары жеткілікті. Қазақ тіліндегі телеарналар мен басылымдар көбейіп, ғаламторда түрлі сайттар пайда болды. Керек болса әркім өзіне жеке парақша ашып алып, пікірлерін ашық жаза алады. Пәтер алу үшін жұмысшы болып, менің журналистикаға қайта оралуым «Ақшамның» ашылу кезеңіне дөп келді. Сырттай бір-бірімізді бұрыннан білгенмен Қайратпен осы кезде таныстым. Аптасына бес рет шығатын үлкен пішіндегі газетті күнделікті материалдармен толтыру да оңай емес-ті. Қазіргідей компьютер, интернет деген атымен жоқ. Тіпті мақаланы басатын машинка да тапшы болатын. Сондықтан қолмен жазып, терімші қыздар машинкамен басатын. Жазғаныңды түзетіп, қайта көшіруге уақыт көп кетеді. Ортамызда Қайрат қана қолмен жазып әуре болмайтын. Жазар негізгі ойы мен тақырыпшаларын қысқа ғана бір-екі сөзбен қағазға түртіп алатын да машинистканың қасына отырып алып тікелей «диктовка» жасайтын. Онысы біздің жазып, қайта-қайта түзетіп, өңдеп әкелген материалымыздан бір де кем түспейтін, тіпті артық шығатын-ды. Бұл оның, журналистің басты қаруы – сөйлем құрау шеберлігін еркін, жетік меңгергенін, ойлау өрісінің өзгелерден кең екенін көрсетсе керек. Оның осы қабілетіне бәріміз қызыға қараушы едік. «Болашаққа жасайтын хабарлама, Бар қаруым – өткір ой, қалам ғана» –деген екен бір өлеңінде Қайраттың өзі де. Журналистік шеберлігіне қоса ақындығы да оны ерекшелендіріп, бәрімізден бір саты жоғары тұратын.«ТІЛ ДЕГЕНІМ – ХАЛҚЫМНЫҢ ҒАЖАПТЫҒЫ»
Кеңестік кезеңнің күйрер кезі еліміздің тарихында елеулі із қалдырды. Бір ғана Желтоқсан көтерілісінің өзі қазақ халқының ғасырлар бойы еңсесін езген бодандыққа ашық, талапты түрде қарсы шыққан, әлемнің алып күшіне айналған қызыл империяға оның құрамындағы жүздеген ұлттар мен ұлыстардың ішінен алғаш болып бас көтерген айбынды Алаш екенімізді анық көрсетті. Сол жылдарда ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту, ана тіліміздің көкжиегін кеңейтуге баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар атқарыла бастады. Ұлтшылдықтың белгісі деп біржола басып тасталған Наурыз мерекесі жаппай тойланып, жер-жерлерде «Қазақ тілі қоғамдары» құрылып, белсенді түрде жұмыс істей бастады. Жай ғана жұмыс емес, тәуелсіздікке, еркіндікке ұмтылған халықтың ынтасы мен жігерінде шек жоқ еді. Қазақтың бетке ұстар ақыны Мұхтар Шаханов ағамыз бас болып ақын-жазушылар мен журналистер пікірлерін ашық айтып, алғаш рет ұлт мүддесін батыл түрде алға тарта бастады. Өкінішке орай, сол қызу қарқын қазір бәсеңсіп, екпінін жоғалтып алған секілді. «Егемендікті алдық, енді бізге ештеңенің керегі жоқ» дегендей тоқмейілсуге тап болған жағдайымыз бар қазір. Ол кездер Алматы қаласында ірі кәсіпорындар көп болатын. Зауыт-фабрикалар мен құрылыс алаңдарында сан мыңдаған адамдар еңбек ететін. Қала тұрғындарының басым бөлігін орыс және өзге ұлттар құрағаны да жасырын емес. Жергілікті ұлт көбіне ауылдарды мекендегені белгілі. Сол себепті алып қалада ұлттық салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мен қазақ тілін кең қолданысқа енгізу көптеген қарсылықтарға тап болды. Соған қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды. Алып кәсіпорындардың бәрінде «Қазақ тілі» қоғамдары ашылды. Оны қазақ басылымдары жарыса жазып, қызу қолдау көрсетті. «Ақшамның» әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әлімбек пен әдеби қызметкері ақын Қадірбек Құныпияұлы әр нөмір сайын ол туралы тұрақты жазып, кездескен қарсылықтарды сынға алумен болды. Әрбір ашылған «Қазақ тілі» қоғамы үшін Қайраттың қуанышында шек болмайтын, ол туралы үлкен шабытпен жазатын. Кездескен кедергілерге кәдімгідей күйіп-пісіп, бұлқан-талқан болып, өзіне орын таппай қалушы еді. Дәп сол кездерде белгілі ақын Жүрсін Ерманның жанын салып ұйымдастыруымен ақындар айтысы қайта жаңғырып, халықтың еңсесін көтергені, ұлттың ұлы мерекесіне айналғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Айтыс кешке басталып, үзіліссіз түн ортасы ауғанша жалғасатын. Алып Республика сарайының өзі көрермендерді сыйғыза алмаушы еді. Қайрат пен Қадірбек айтыс туралы көлемі газеттің екі-үш бетіне жететін материалдарды таң атқанша жазып, күндіз беттелген «Ақшам» кешкісін кешікпей қалың оқырмандардың қолына тиіп жататын. Бұл нағыз журналистік ұшқырлық пен қаламгерлік шеберлік болатын. Қазақ тілінің жолындағы қандай кедергіні болсын бұзып өтуге Қайрат қашан да дайын тұратын. Тіл дегенім – ойымның азаттығы, Тіл дегенім – халқымның ғажаптығы. Баласынан айырылған анадай боп, Аңырадың қанша жыл, Қазақ тілім! – деп жазған екен сол кездер Қайрат тіл туралы бір толғанысында. Ақынның өз ұлты мен ана тілін жанындай жақсы көргенін осы бір өлеңнен-ақ аңғарасыз. Бүгіндер байыппен қарасақ, Қайрат үшін туған халқы, туған жері, туған тілі шығармашылығының шынайы өзегі, нәр алған түп-тамыры болған екен. Оған ақынның жыр кітаптарын парақтап отырып, қиналмай көз жеткізуге болады.ҚАЙРАТТЫҢ КИЕЛІ САНЫ – «АЛТЫ» БОЛАТЫН Тегінде, біз қазақ – ырымшыл халықпыз ғой. Ырым етуден жер бетіндегі көптеген ұлттарды орта жолда қалдыратынымыз да белгілі. «Қазақ ырым етеді, ырымы – қырын кетеді» деп өзімізді әжуалап та жататынымыз бар. Дегенмен, атадан балаға жеткен бұл үрдістің қанымызда бар екенін мойындауымыз керек. Оның еш әбестігі жоқ, өмірлік тәжірибе кейде ырымның айна-қатесіз орындалатынын, дұрыстығын да дәлелдеп келеді емес пе? Айтайын дегенім, Қайрат алты санын өзі үшін киелі, құтты санайтын. Алдымен өзінің туған күні, айы, жылында алты сандарының (16-06-1963) барын айтатын. Оқуға түскенде, кейін оқу барысындағы емтихандарда алты саны бар билеттер келгенде үнемі жоғары баға алып келгенін, алты саны бар күндері қай жұмысты қолына алмасын сәтті аяқталатынын алға тартатын. Бұл туралы бірге оқыған курстастары да білетін болар. Курстастар демекші, Қайраттың ақын, азамат болып қалыптасуына университет, ондағы ұстаздары мен курстас достарының ықпалы болғаны анық. Бұл байырғы оқу орнының журналистика факуьтеті қаншама білікті мамандар дайындап шығарды. Олардың алды бүкіл елімізге танымал тұлғалар. Сол 1985 жылдың ғана өзінде Қайратпен бірге оқу бітірген түлектерден Сұлтанәділ Қанатбаев, Бауыржан Жақып, Аязби Бейсенқұлов, Ермұрат Бапи, Ұлан Оспанов, Бейбіт Исабаев, Төрехан Данияр, Мұратбек Оспанов, Кенже Жұмағұлов секілді елімізге белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар шықты. Олар сонау студенттік шақтан бірге оқып, бірге ізденіп, бір-бірін тәрбиеледі десек артық емес. Өскен, тәрбиеленген, оқыған орта кімнің де болса болашағына әсер етерін ешкім жоққа шығара алмас. Жанұямызбен аралас-құралас болғандықтан Қайрат бізді үнемі жақын тартып жүретін. Менің үй тіршілігі мен кейбір мәселелі жұмыстарды шешуге қырымның жоқтығынан әйелім Әділет Қайратқа қолқа салатыны бар-ды. Біреудің алдына барып өтініш айтуға келгенде бетмоншағым үзіліп, кері тартып тұратынымды жақсы білетін Қайрат та жеңешесінің айтқанын тап-тұйнақтай етіп, өзі-ақ бітіріп беретін кездері болды. Қолынан келген көмегін Қайрат ешкімнен аяп қалмайтын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасы халыққа тым жайсыз болғаны белгілі. Егемендікке енді қол жеткізген еліміз бұрынғы одақ бойынша қалыптасқан экономикалық байланыстардың бұзылуына орай тоқырауға тап болып, тіпті зейнеткерлердің зейнетақысын беретін де қаржы болмай қиналғаны ұмытыла қойған жоқ. Жаппай жұмыссыздық жайлап, соған орай қылмыс атаулы да өршіп кетті емес пе. Сол кездерде университет бітіріп, қызмет таба алмай жүрген балдызыма жұмыс тауып бергені бар. Жеңешесінен тапсырма алысымен «Жүр кеттік!» деген Қайрат мені сүйрей жөнелді. «Құдайдың күні жетеді, ертең барсақ та болады ғой» – дегеніме қарайтын емес. «Бүгін 26-сы, алты саны бар күні жолымыз болады» – деп сендірді. Айтқанындай -ақ, сол күні мәселені шешіп берді. Мен ойлағандай мектепке емес, жоғары оқу орындарының біріне мамандығы бойынша балдызым қызметке қабылданды. Бір таңғалғаным, Қайрат сол факультет басшыларын бұрындар танымайды да екен. Оның кез-келген адаммен тіл табыса алатын қабілеті жоғары болатын. Кішіні кемсітпей, үлкеннің алдында жалтақтамай тең сөйлесетінін редакция тапсырмасымен сұхбат алуға бірге барғанымызда талай көргенмін. Сол жолы алты саны Қайрат үшін шынымен де киелі екеніне көз жеткізгендей болдым. Бірақ, осы күні маған үнемі жолын ашып отыратын сол киелі алты санының тура өзі Қайратты алып кеткендей көрініп тұратыны бар. 2006-жылы Қайраттан көз жазып қалдық. Бұдан кейін данышпан қазақтың ырымына сенбей көріңіз... КӨКЕЙІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙДЫ КӨП ҮНІ
Қайратпен қатар жүргенде мен өзімнің одан бақандай он жас үлкендігімді де ұмытып кететінмін. Алдымен сырлас дос, қатарлас қаламдас деп қана білетінмін. Бірақ Қайрат бұл жас айырмашылығын ешқашан есінен шығарып көрген емес. Іні ретінде үлкенге ізет көрсету жағынан жаңылысқан жері болмапты. Сол кездегі сәнге айналғандай бірге тойлатып жүргенде де ол жағын ойынан әсте шығармайтын. Бүгіндер қарап отырсам, ол да Құдайдың оның бойына берген, Қайраттың қанында қалыптасқан, туа біткен адамгершіліктің, тектіліктің белгісі екен ғой. Қайраттың ақындардың жыр мүшәйрасына қатысқаны болмаса, айтыс додасына түскенін көрген емеспін. Бірақ өлеңді аяқ астынан ұйқастырып жіберетін суырыпсалма қабілетіне талай рет куә болғанмын. Қоғамдық көлікте, көшеде келе жатып әріптестерімен жыр жарыстыратын әдеті бар-ды. Қойын дәптеріне түртіп алып, өлең жазылған парақты жыртып алып сыйға тартып жүре беретін. Қазір ойлап отырсам осылай жазылған өлеңдерінің бірқатары оны білетіндердің біразынан табылып қалатын шығар. Редакцияның жұмысы қанша жерден қауырт болғанмен Қайрат бір-екі шумақ өлеңді өзі бастап беріп, жыр-дәптерді бөлімдерге жағалатып жіберетін. Журналистердің біразы өлең жазады, дәптер Қайратқа қайтып оралғанда өзіндік бір поэмаға айналып шыға келетін. ... Алған үйі, айлығы, есер лебі, Асырайтын, асқар-тын осы елдегі. Зейноллажан зейінді бір сөз айтты: – Көшкім келді... бір жаққа көшем! – деді. Кейінгілер бұрыннан айлалырақ, Көшіп кеткен ауыл көп, жай қаңырап... Тарпаң-тағдыр, сен көшсең – көңілге көш, Мен де көшкім келеді... қайда бірақ? (Қазақ әдебиеті, 17-01-1998 ж.) Маған арнаған «Тарпаңға тарту» атты осы бір өлеңнен үзіндіні өзімді жарнамалау үшін жария етіп отырған жоқпын. Рас, бұл өлеңді ондаған, бәлкім жүздеген рет қайтара оқыған болармын. Жаңылыспасам, бұл осыншама жасқа келсем де өзіме арналған жалғыз өлең, біреу түн жарымында түртіп оятса да жатқа айтып бере аламын. Қанша қайтара оқысам да бір нәрсеге көңіл аудармаппын. Оны кейін байқадым. Өлеңге қатысты айтайын дегенім де сол еді. ...Тарпаң-тағдыр, сен көшсең - көңілге көш, Мен де көшкім келеді... қайда бірақ? – деген соңғы жолдары маған кейін барып ой салды. Қалай ғана бұрындар байқамағанмын... Ақынжанды адамдарға кең-байтақ дүниенің өзі кейде тым тар, соған сыймай жүретін сәттері жиі кездеседі. Шабытты шақтарда тіпті мына шексіз әлемді өзінің бір құшағына да сыйдырып жібереді жаны жақсылыққа жаралған жайсаңдар. Қайраттың да жаздай жаймашуақ мінезі кейде, сирек те болса теңіздей буырқанып шыға келетін кездерін көргенмін. Бірде асаудай арындаған, бірде өлең өртінде жалындаған Қайрат та мына әлемге сыймай аласұрған екен ғой деймін өлеңнің соңғы жолдарын қайта-қайта оқи отырып. Көкейдегі күйігімді қалт жібермей қағып алып, өлеңмен өріп, өзінің де көңіл-күйін қағазға дөп түсіріп, жан дүниесінің мына жарық әлемге сыймай, бір жаққа көшкісі келетінін айтып түйіндеген екен ғой... Енді міне көз жеткізіп отырғанымыздай онысы – бақилық ғұмыр болып шықты. Өкініштісі – өмірден тым ерте көшті. Небары қырық үш жастағы жалындаған ақын өмірін жол апаты жалмап кетті. Көзі тірі болса осы маусым айының 16 күні 55 жасқа толар еді. Ол бізге жыр сыйлап, біз оған гүл сыйлап мәре-сәре боп жатар едік қой. Жалған дүние-ай, қатал тағдыр кімді аяған... «Кете ме деп түс болып өңімдегім, Көкейімде қап қойды көп үндерім...» – деп Қайраттың өзі айтқандай, қаншама маржан жырлар жазылмай қалды десеңізші. Жазмышқа дауа бар ма, жанындай жақсы көретін бар қазағын көңіліне қондырып алып, келместің көшіне ілесіп кете барды... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz