ФОНОГРАММАМЕН ХАЛЫҚТЫ АЛДАЙТЫНДАРҒА ЗАҢМЕН ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛУҒА ТИІС
2018 ж. 13 маусым
2921
1
Аузы бардың бәрі әнші. Дауыстың керегі жоқ. Тіпті үй жануарларының да дауысын жазып алып, музыкамен сүйемелдеп, керемет хит жасап жатқандар бар. Бүгінде тілі «р»-ға әрең келетін баладан бастап микрафонға жармасады. Неше түрлі конкурстар ұйымдастырылғанымен, бірен-сараны болмаса, бәйгеге қатысушылар дайын фонограммаларымен барады. Ал ел ішінде дайын фонограмманы қоса салып, ауызын жыбырлатып ақша тауып жүргендер қаншама. Тіпті, атағы дырдай әншілердің өзі ел ішіндегі концерттерде әндерінің көбін фонограммамен орындайды. Табынушылары бас ұрып жүрген кей әншінің табиғи дауысын естігенде жылағың келеді. Алаяқтық деген осы емес пе? Егер Біржан сал мен Естай, Әсет әншілер тіріліп келіп қазіргі жұрт керемет санайтын эстрада әншілерінің біреу тақымына қыл бұрау салып жатқандай шыңғырған дауысы мен «зың-зың», «бәлду-бәлду» деген мағнасыз сөзге құрылған әндерін, алба-жұлба немесе жартылай жалаңаш талғамсыз киімдерін, әйелдерше боянған түрлерін көрсе дүниеден баз кешіп кетер ме еді.
Ең сорақысы, өсіп келе жатқан жас өркен «өнер деген осындай халтура екен ғой» деп қабылдайтын болды, соған ұмтылушылар қатары артты. Яғни, заңмен тосқауыл қоймаса фонограммамен халықты алдайтын алаяқтар саны жыл санап арта түскелі тұр.
Осының алдын алу мақсатымен Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов төмендегі мәтіндегі депутаттық сауалын жария етті.
- Адамның бойында биік парасаттылықты, жоғары талғамды, елі мен жеріне деген ыстық ықыласын қалыптастырып, оның эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мәдени құндылықтардың ішіндегі ең кең тарағаны – ән. Бұл барлық халықтарға тән.
Біздің елімізде де ән өнері халықтың сұранысына ие музыкалық шығарма ретінде жан-жақты дамуда.
Ғасырлар қойнауынан бастау алатын халықтық ән мен бірге заманауи әндер де қатар дамып қанат жайды. Талапты әрі талантты жас буын әншілер қалыптасты. Халықтың құрметіне бөленген, шет елдерге Ел атын шығарған хас шеберлер де бар.
Дегенмен, қоғамда осы салаға, әсіресе эстрада жанрындағы әншілердің өнеріне, әннің мәтініне орынды сындар айтылуда.
Тұрғындармен кездесулерде олар ән өнерінің болашағына алаңдаушылықтарын білдіріп, бұл саланың жекелеген тұстарын заңнамалық тұрғыдан реттеу туралы ойларын айтады.
Соның ішінде, әншінің шынайлылығы, табиғилығы, оның өнерін тыңдауға келген адамдарға өзінің дауысымен ән орындауы өзекті мәселе болып тұр.
Фонограмманың жаппай және жалпылама қолданылуына халық наразы. Фонограмманы қолдану көрерменнің тұтынушы ретіндегі құқығына нұсқан келтіреді. Ән өнеріне оның ақысын төлеп келген әрбір адам әншінің жанды дауыстағы сапалы қызметін алғысы келеді. Бұл әділ және заңды талап. Ақылы қызмет, сапасы тұрғысынан құнына лайықты болуы тиіс. Бұнымен қоса, фонограмманы жаппай қолдану техника мүмкіндігін пайдалану арқылы өнерден алыс кей адамдардың сахна төріне шығуына жағдай туғызады. Бұл осы уақыттың ақиқаты, көпшіліктің ойында ғана емес аузында жүрген әңгіме. Ел іші мен бірге, сырт елдерде де танымал аға буын әншілердің де пікірі осындай.
Әлемнің дамыған елдерінде фонограмманы қолдану мәселесі заңдылық тұрғыдан шешілген. Мысалға, АҚШ-да фонограмманы заңсыз қолдану, концерттік іс-шараларды рұқсатсыз өткізу алаяқтық болып есептеледі және заңмен қудаланады. Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде бұл сұрақ лицензиялау арқылы реттеледі. Сол сияқты, Қытай, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түркменістан және Беларусь елдерінде де фонограммаға шектеу қойылған.
Ән өнеріндегі тағы бір өзекті мәселе әннің мәтіні. Ән сөзіне қойылар талап жоғары болуы тиіс.
Әннің жүректі жаулар әуені оның мағыналы мәтінімен астасып жатса ол рухани байлық. Өкінішке орай мағанасыз мәтіндерге шығарылған әуенсіз әндер көбеюде.
Мәтіні тұрпайы, кей жерлерінде анайылыққа дейін жететін әндер құлаққа түрпідей тисе де, жастардың арасында кеңінен таралуда.
Сырлы саз бен әсем әуенге негізделген әнге сусындамаған жастар болашақта қандай құндылықтарға ден қояды? Адам өмірінде тәрбиенің білімнен де жоғары екені ертеден белгілі. Тәрбие қоғам үшін де маңызды фактор.
Үстіміздегі жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасында кейбір әншілердің орындауындағы әндерде қоғамға жат, балағаттауға жақын сөздердің кездесетіні айтылды. Осыған байланысты әннің мәтінінің сапасына талдау жасайтын кәсіби алқалы орган жұмысын ұйымдастыру уақыты келген сияқты. Бізбен көршілес кейбір елдерде осындай тәжірибе бар.
Сенатор депутаттық сауалында еліміздегі ән өнеріндегі қалыптасқан жағдайды заңнамалық тұрғыдан реттеуді қажет ететініне назар аудартты. Алыс және жақын шет елдердің тәжірибесі көтеріліп отырған мәселелерді концерттік қызметті негізінен қоғамдық ұйымдар арқылы лицензиялау жолымен шешіп отырғанын айтқан депутат С.Еңсегенов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтан тиісті мемлекеттік органдарына тапсырма беріп, аталған мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешу жолдарын қарастыруды талап етті.
...Сол талғамсыз тыңдармандардың арасына сіз бен біз де бармыз. Егер концертке барсақ, маңдай терімізбен тапқан адал ақшамызға шынайы дауысымен көркем өнер көрсете алатын талантты әншілердің лайықты қызметін сатып алуға тиіспіз. Ал аузын жыбырлатып, сахнада ары-бері секірген түрін көріп, әні фонограмма екенін біле тұра алаяқтыққа көну – ұлтты талғамсыздыққа ұрындырады. Сахнада тек таланттар қалдырып, алаяқтарды қасиетті өнерден ығыстыр атын уақыт жетті.
Әділбек Қаба,
Қазақ үні