Мадияр СЕРІКБАЕВ, актер: ӨНЕРДЕ ТЫҢ ЖОЛ ТАБА БІЛУ КЕРЕК
2018 ж. 08 маусым
10539
8
– Мадияр аға, бүгінгі күні қанаты қатайған «Өнер қырандары» театры өз жұмысын қалай бастаған еді?
– Біз Өнер академиясында оқып жүріп «Өнер қырандарының» іргетасы болып қаландық десем болады. Бұл білім ордасында Мэлс Наурызбеков, Әнуар Шымырқұлов, Дана Тұрарбек төртеуміз өзгелердің көңіл аудара бермейтін, тіпті баланың ойыншығы деп те санайтын қуыршақ театры актерлік мамандығын таңдадық. Қуыршақ болғанмен, бұл жерде де актерлік шеберлік, кейіпкердің бейнесін сомдап, болмысын аша білу аса қажет. Бір жылдан соң біздің қатарымызды Құдірет Топаев, Жанболат Найзабеков, Сырымбет Бейбосыновтар толықтырды. Рас, сахнаға шығуымызды біз Көңілді тапқырлар клубынан (КВН) бастадық. Оған қоса түрлі телебағдарламаларға қатысып жүретінбіз. Ол да шеберлігімізді шыңдауға өз септігін тигізді. Жастық шақта әрбір адамда арман көп болады ғой. Біз де сол кездегі барлық студенттер сияқты өзімізше бір керемет театр ашсақ деп армандайтынбыз. Телеарналар мен тапқырлар клубында тәжірибе жинақтап, уақыт өте келе театр ретінде алғашқы кешімізді өткізуге де қол жеткіздік. Көрермендердің театрға деген әсері о бастан жаман болған жоқ. Өнер де бір орында тұрмайды, ол үнемі дамып өсіп-жетіліп отыруға тиісті. Көрерменнің биік талғамынан шыға білу жеңіл-желпі жұмыс емес. Ол үшін іздену қажет. Өнерде де тың жол таба білу керек.
– Бүгінгі күні қандай істі қолға алсақ та мәселе ақшаға тірелетіні белгілі. Театрға қаржылық тұрғыдан қолдау көрсететін демеушілеріңіз бар ма?
– Ол рас, өкінішке орай ақша өнер саласына да өз ықпалын, өз әмірін жүргізетіні бар. Өнерге деген құлшыныс пен таза ниет кейде аздық етіп, қаржы қолды байлайтыны да шындық. Қысқа жіп күрмеуге келмей қиналған кездеріміз болды. Көпшілікке танылып үлгермендіктентен бе, басында ешкім бізге бірден материалдық қолдау көрсете қойған жоқ. Бірақ, қанша жерден аузымызды қу шөппен сүртсек те өнерге жаны ашитын азаматтар бар. Әзірге аттарын атамай-ақ қояйын, кейінгі кезде бірді-екілі жайсаң ағаларымыз өздері келіп киім-кешек, өзге де керек заттарымызды алып беріп, гастрольдық сапарға шығуға көмектесе бастады. Оларға мың да бір рахмет! Осындай азаматтар көп болса, қазақ өнері қараусыз қалмайды, өрістеп дамитын болады.
– Сіздер өзге әзіл-сықақ театрларынан діни бағытты ұстануларыңызбен ерекшеленіп тұрасыздар. Жалпы, бұл бағытқа бет бұруларыңызға не түрткі болды?
– Біз әрқашан ерекше бағыт ұстануға тырысамыз. Әрине, тақырыптық, орындалу жағынан жаңа қырынан көрінгенге не жетсін. Бірыңғай діни тақырыпты ғана емес, өмірімізде орын алып жатқан неше түрлі жағдайларды көрсете отырып, содан қорытынды шығару, дұрыс бағыт сілтеу – біздің басты мақсатымыз. Оны біздің репертуарымыздағы «Садақа», «Мешіт құрылысы», «Адал ризық», «Алып қашу», «Жедел жәрдем» деген сияқты әртүрлі атауларынан-ақ байқауға болады. Жаратқан иеміздің адам бойына берген сабыр, шүкіршілік, махаббат, мейірім, қанағат, достық секілді құнды қасиеттерді алға шығарамыз, соны басты бағыт етіп ұстаймыз. Бүкіл мерекелерге қандай кезде болсын алдын-ала дайындалып күтіп жүреміз. Ал, біздің қасиетті Рамазан айымыз көбінесе ескерілмей жататыны жасырын емес. Соған байланысты неге осы олқылықты ескермеске деген ізгі оймен Рамазан айына арнап «Берекелі-мереке» – деп төрт жыл бойы дәстүрлі бағытта арнайы тақырыпта кеш өткізіп келеміз.
– «Өнер қырандары» көпшілікке ой салар әзілдерімен халыққа танымал. Сіз басқаратын ұжымның сахналық әзілдерінің сценарийін кім жазады?
– Сценарийдың қаңқасын ең алдымен ұжымға әкеліп ортақ талқыға саламыз, әркім өз ойын айтуға құқылы. Барлық пікірлер ескеріліп, қаламгер Абдусаид Төлегенов әдеби тұрғыдан бас-аяғын толықтырып, өңдеп шығады. Қазір Абдусаидпен бірігіп жұмыс атқарып жатырмыз. Оның оң нәтижесі де көріне бастады. Ал оған дейін бүкіл сценарийды өзіміз жазып шығатынбыз. Халықтың көңілінен шығар сценарийлерді жазатын авторларымыз көп болса, театр репертуары да жаңарып, кеңейе беретін еді.
– Сіздер қайырымдылыққа да көңіл бөліп жүрсіздер. «Қарекет» қайырымдылық корының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз?
– «Қарекет» қайырымдылық қоры туралы әлеуметтік желіде жазылып, ізгі ниетпен құрылған болатын. Гүлмира, Ауқатай, Алмагүл, Қуат атты аға-әпкелеріммен және Ардақ бауырым барлығымыз әділ қазы алқасы құрамындамыз. «Қарекет» қайырылымдық қоры «1000 теңгеге баспана!» деп басталды. Қиналып жүрген мұқтаж адамдарға бір пәтер немесе жер телімін алып беріп баспаналы ету болатын. «Көп түкірсе, көл болады» демекші, бұл жерде түйінді бұқараның белсенділігі мен қайырымдылық ниеті шешеді. Әрбір адам игі істен шет қалмай, шамасы жеткенше қол ұшын берсе болғаны. Сол ақшаны жинап, мұқтаж жандардың мекен-жайын анықтап, басында үй бар ма, жоқ па соны тексеріп баспана тауып береміз.
– Мұқтаж адамдарды қалай анықтайсыздар?
– Мұқтаж адамдарды көбінесе әлемеуттік желіде немесе таныс адамдары хабарлап жатады. Тіпті болмаса дүкендерге телефон нөмерлерімізді тастап кетеміз. Сол арқылы өзгенің тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар мұқтаж жандарды анықтауға көмек көрсетіп жатады.
– Өзге де әзіл-сықақ театрларымен байланыстарыңыз қалай? Әріптестеріңіздің сахнадағы әзілі сіздің көңіліңізден шыға ма?
– Еліміздегі әзіл-сықақ театрларымен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Араласып, үнемі байланыста жүреміз. Өнерде өзгеден үйренудің еш әбестігі жоқ. Кей кездерде олар да бізден үйренеді дегендей тәжірибе алмасып тұрамыз. Әрине, әріптестеріме көңілім толады, қазір бұрынғыға қарағанда деңгейі жоғарылып, олар да сапалы әзілдерімен қуантып жатыр. Біздің бағытымыздың өзгеруіне басқа әзіл-сықақ театрларының да әсері болғанын да айта кетуім керек. Кезінде бір ағамыз «Кейбір театрлар бар ұятсыз, арсыз нәрселерді әзіл қылып көрсететін, сендер айналайындар жақсы нәрсені насихаттаңдар» – деп кеңес берген болатын. Орынды ойды, құнды пікірді неге қабылдамасқа, ол да осы бағытты таңдауға түрткі болды.
– Өнер әлемінде жұбайыңызбен бірге жүру қиын ба, оңай ма?
– Әрине өнерде де, өмірде де қатар жүрудін пайдалы жағы көп, қиын тұсы да бар. Әсіресе үй шаруасы, тұрмыстық жағынан қиын десем де болады. Екеуіміз де көп уақытымызды театрда өткізетіндіктен, бала-шағаға қарауға толық мүмкіндік бола бермейді. Ал, жалпы алғанда жарыңмен қатар жүргенге не жетсін!
– Әңгімеңіз үшін рахмет, театр қырандарының қанаты талмасын!
Қуат ҚҰМАР
qazaquni.kz