Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл
2018 ж. 07 маусым
5911
6
Сөзімді «Алыстаған сайын айбындана түсетін асқар тау секілді алып тұлғаларға, халқымыздың кешелі-бүгінгі өмір көшінде ғибратты ғұмыр кешкен тарихи есімдерге қайталап тағзым ететін, олардың болмыс-бейнелерін ойша тағы да бір сомдап, бағалап-бағамдайтын әдемі де әсерлі сәттер өмірде болып жатады» деген Балтабай Әбдіғазыұлының «Мәлік Ғабдуллиннің ғылыми- педагогикалық еңбектері» атты мақаласындағы алғы сөзінен бастағалы отырмын. Иә, мен секілді мыңдаған шәкірттердің асқар тауына айналып, өміріне бағдаршамдай сәулесін түсірген айбынды ұстаздары болды. Олар – қарт КазПИ-дің әрбір дәлізі мен дәрісханасында ізі қалған, ғылым-білімімен де, шебер әдіскерлігімен де, қайырымды ісімен де атағы жер жарған тарландар еді.
Тарлансыз Тарғынның жоқтығы тәрізді, біз әңгіме еткелі отырған ұстаздарымсыз біз де болмаған болар едік. Бүгінгі күні арамызда жоқ, бірақ атқарған ісі мен интеллектуалды бейнесі ұзақ уақыт санадан өшпейтін биік Тұлғалардың бірі – Тоқмұханбет Сәлменұлы Садықов. Арада соншама көп уақыт өтпесе де, Тоқмұханбет Садықов қызмет еткен кезең мемлекеттің жаңа бетбұрыстарға қадам басқан, елдік пен отаншылдық рухтың бұрын болып көрмеген дәрежеге көтерілген және білім берудің жаңа талаптарына сай, технологияларды игерудің жоғары мүмкіндігіне ұмтылған уақыт болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, атқа мінген азаматтардың мойнында үлкен жауапкершіліктер тұрды. Орасан зор істерді нәтижелі атқару үшін отандық ғылым мен білім беруді Елбасының идеяларына сәйкес модернизациялау, Қазақстанның ТМД елдерінің арасындағы орнына лайық білім беру, жаңаша ойлайтын ұстаздардың қатарын молайту, дүниежүзілік тәжірибені меңгерту тәрізді істердің алдыңғы сапында бола білген ғалым-ректор Т.Садықов көп табыстарға жетті, үлкен абыройға ие болды.
Абай атындағы педагогикалық университетті классикалық университет деңгейіне көтеру үшін, заман талабына сай білікті мамандар дайындау мақсатында саясаттану, экономика, халықаралық қатынастар, заңгерлік мамандықтарын ашып, республиканың ең таңдаулы ғалымдарын осы университетке жинады және айтулы шетелдік жоғары оқу орындарымен келісімшарт жасасты. Өзі басқарып отырған университеттің барлық қызметкерлерін түгелдей бес саусағындай білді. Студенттердің мәселелерін бірінші орынға қойды. Көшеде де, дәлізде де, университет ауласында да әрқайсысымен жөн сұрасып, сөйлесе беретін. Осындай адамгершілік қасиеттері кәсіби біліктілігі мен ғалымдық келбетіне ұласып, қара шаңырақ – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін 20 жылдан астам басқаруға мүмкіндік берді.
Т.Садықов өзінің «Болашақтың интеллектуалды бейнесі» атты еңбегінде ғылым, техника және информация тасқынында қалған «үшінші толқын» ғасырындағы өркениеттің талабына сәйкес жоғары оқу орнының бітірушісі тек кәсіби білікті маман ғана болып қоймай, компьютер мен техниканы, шет тілін меңгерген болуы керек дегенді баса айтты. «Адамдар сияқты, тауарлар, идея мен информациялар соншалықты шапшаңдықпен ұлттық шегараны кесіп өткенін көзіміз көруде. Адамзат географиялық, тілдік әркелкілікті жою үстінде, әлемнің әр түкпірінде көптеген адамдар бір-бірімен жан-жақты диалогке түсуде. Жаңа жүйе негізінде ол, бұрынғысынша, Педагог, Тәрбиеші, Мұғалім болып қалуы керек» деген академиктің тұжырымы бүгін де, ертең де, болашақта да құндылығын жоймайды. Міне, тағдыр бізге осындай ғажап Тұлғамен жұмыс істеу бақытын бұйырды.
Бүгінгі күннің мәселелерін ғана көріп қоймай, ертеңін көзіне елестете алған нағыз парасатты ғалымдар бізге сабақ берді. Олардың қатарында академиктер Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Мекемтас Мырзахметов, Мұқтар Мағауин, Қадыршат Шүленбаев, Төкен Әбдірахманов, Нұржамал Оралбаева, Хасен Әдібаев, Асхат Әбілқаев, Фатима Мұсабекова, Ғабдолла Қалиев, Күлтай Бейсенбаева, Шәмшия Бәйтікова, Серік Мақпыров т.б. Бұлар – өте талантты, асқан білімпаз, дана ойлы ғалым, өз ісінің шебер тарландары еді. Орта ғасырдың ұлы ойшылы, қоғамды жан-жақтан негіздеген данышпан ғалым әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» деген мемлекет пен қоғамды қала деп алған қауым кодексінде қайрымды қала бес түрлі адамдардан құралады деп, ең құрметті адамдарға даналарды, пайымдағыштарды, маңызды істе беделді адамдарды, солардан кейін шешендер мен діни қызметкерлерді, сөзге шебер ақындарды жатқызды. «Адам игіліктерінің ішіндегі ең биігі саналатын бақытқа ақыл-парасат арқылы жетеді. Ақыл-парасаттың екі түрі болады: бірі-білу ғана, әрекет етпеу, екіншісі – білу және әрекет ету. Білім мен әрекет тән болатын ақыл-парасаттың түрі арқылы біз не істеуге болатынын және соны істеуге қабілетіміздің бар-жоғын білеміз», – дейді. Біз сөз етіп отырған ұстаздарымыздың қай-қайсысы да осы әл-Фараби айтқан критерийлерге сай келетін білгірлер болатын.
Бүгінгі күні 22 жыл толып, елдің егемендігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздік алуына бастама болған айтулы Желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды қорғап шыққан бірден бір адам, ақыл-парасаты мол тұлға – Фатима Мұсабекова болатын. Желтоқсан көтерілісі кезінде мен кафедраның жас оқытушысы болатынмын. Айналадағылардың көпшілігі Орталық комитеттің ығына жығылып, студент жастарды «бүлікшілдер» деп айыптап, оқудан шығарып жатқан кезде, жалғыз өзі қаймықпай қарсы тұрып, «Жоқ, олар бүлікшілдер емес, жастығы мен қызбалығы бойында бұлқынған күштің иелері, бұларды да түсіну керек, кешіру керек», – деп ақыл-парасат танытқан ұстазым Ф.Мұсабекова еді. Мұның дұрыстығын егемендікке қол жеткізген кейінгі 18 жыл растап отыр. Фатима апайдың әрбір студенттің жағдайын ойлап, олардың жатақханасы үшін де, сабақ үлгерімі үшін де арашаға түсіп жүретін беймаза қалпы шынайы адамгершіліктің зор үлгісі екен.
Бүгінгі күні игі жақсылардың аузынан түспей, сан мәртебе айтылып жүрген қазақ тілі мәселесі 1980 жылдары дана ұстаздың аузынан әр уақыт факультет жиналыстарында айтылып қалып жүретін. Филология факультетінің орыс бөлімінде орыс әдебиеті мен шетел әдебиетінен сабақ беріп жүрген профессорларға: «Біздің студенттер Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Добролюбовты және де басқаларын жақсы біледі, ал сіздердің студенттеріңіз Абай мен Жамбылды, Сәкен мен Бейімбетті, Ілиясты неге білмейді, неге бағдарламаға кіргізіп, оқытпайсыздар», – деп шырылдағанын өз басым талай естідім. Мұның да дұрыс ойлап, дұрыс пайымдаудан туған ой-пікір екенін өмірдің өзі көрсетті.
Қазақ тілі мәселесіне кәсіби тұрғыдан ғана қарап қоймай, елдің болашағы тұрғысынан қараған профессор Фатима Мұсабекова қазақ тілінің жалпы тіл білімінде алатын орнын анықтатуға ат салысты. Институтта Фатима Мұсабекова жалпы тіл білімінен және стилистикадан сабақ берген ұстаздың осы пәндерден жасаған бағдарламалары мен оқу құралдары республиканың барлық педагогикалық институттарында пайдаланылып жатты. Бағдарламада нені оқыту керек және қалай оқыту керек деген мәселе аса білгірлікпен көтеріліп отырды. Мысалы, Қазақ ССР Оқу Министрлігінің коллегиясы бекіткен 1985 жылы қайта басылып шыққан «Қазақ тілі стилистикасының программасында» былай делінген: «Мектеп мұғалімдерін дайындауда стилистика курсын оқытудың маңызы, қажеттілігі ерекше. Бұл курсты жүргізудегі мақсат – стилистиканың теориялық негіздерін меңгерту, тілдік элементтердің стильдік бояуларына, тілдегі синонимдік ерекшеліктерге, тілдің мәнерлеуші құралдарына студенттердің назарын аударту, қазақ әдеби тіліндегі стильдер жүйесімен таныстыру, олардың бір-бірімен байланысын ашу, тілдегі стиль түрлері туралы түсінік беру, тіл байлығын күнделікті практикалық істерде пайдалана білуге дағдыландыру, тексті стильдік ерекшеліктеріне қарай талдай алу дағдысын қалыптастыру, стилистикалық норманы сақтай білу белсенділігін арттыру, стилистиканың ғылымдар жүйесіндегі алатын орнын, оның басқа ғылымдармен байланысын білдіру».
Осы бағдарламада атап көрсетілген әрбір мәселе, әсіресе, қазақтың әдеби тілі қолданылатын стиль түрлері,тіл байлығының тіл білімінің барлық салаларына қатысты болатындығы, тілдік бірліктердің стильдік бояулары, мәнерлегіштік сипаттары, стилистикалық норманы сақтай білу, оны практикалық істерде жұмсай білуге дағдыландыру тәрізді өзекті мәселелер бүгінгі ғылымда жеке-жеке зерттеу мәселелеріне айналып отыр. Жоғарыда аталған мәселерді Ф.Мұсабекова 1979 жылы баспадан шығарған «Қазақ тілі стилистикасының мәселелері» деген еңбегінде қарастырды. Ғалым сөйлеудегі дәлдік, ой айқындылығы, сөздердің тарихи мағынасын түсініп қолдану сөйлеушіні табысқа жеткізер тәсілдер екенін асқан білгірлікпен талдап берген. Осы еңбекте тіліміздегі сөздердің стильдік реңктерімен қоса, эмоционалдық, экспрессивтік бояулары болатындығы, тілдегі эмоциялық элементтер адам сезімін білдірсе, экспрессивті амалдар эмоцияны ерікті ойды білдіруде мәнерлілікті, бейнелілікті күшейтуге қызмет ететіндігі, яғни эмоциялық реңк контекст арқылы, интонация арқылы т.б. жолдармен берілсе, кейбір жеке сөздер контексіз-ақ экспрессивті мағынаны білдіріп тұратындығы, себебі ол мағына сөздердің бойында бұрыннан бар екендігі, сондықтан эмоционалды сөз бен экспрессивтік сөздердің арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болмайтындығы жайында айтылған пікірлер өте бағалы. Ғалымның стильдік негізгі категория саналатын экспрессивтіліктің берілу тәсілдерінің бірі ретінде дауыс ырғағын, дауыс үзілісін мәселе етіп көтеруі қазір біреулердің есінде бар, біреулердің есінен шығып кетті. Сондай-ақ жалғаулардың да экспрессивтік мәні болатындығын, сондықтан ол қосымшаларды да талғап қолданған жөн екендігін дәлелдеп, тіліміздегі күрделі сөздердің, тұрақты тіркестердің, көмекші сөздердің стиль құрайтын қасиеті бар екендігін айтқан да профессор Ф.Мұсабекова.
М.Әуезовтің «Тіл маманы мен әдебетші екеуі қосыла ойласпаса, талай күрделі мәселе көмескі, кемшін, тіпті сыңаржақ шешілуі мүмкін» деген пікірін ұстаным етіп алған ғалым осы еңбегінде жазушылардың сөз қолданыстарына талдау жасап, бір сөздің әр контексте әр түрлі мағынаға ие бола алатындығын мәселе етіп көтерді. Тілімізде ұмыт бола бастаған біраз сөздердің этимологиясын ашып, қандай аймақтың сөйлеу тілінде қолданғандығын айтты. Мысалы, «сере» деген сөз өлшем ұғымында «сере қарыс» деген тіркеспен қолданғандығын, Шығыс Қазақстанда сере деп балық аулайтын шанышқыны айтатындығын, ал М.Әуезов осы сөзді ауыспалы мағынада ел арасындағы айтыс-тартысты суреттеу үшін қолданғандығын осы еңбектен оқып білдік. М.Әуезов еңбектеріндегі ескі салт-сана, әдет-ғұрыпты білдіретін «ыбылыс», «ұранқай», «жақ шегу», «мыршым», «серек құлақ», «қашқы», «мұғдас», «налық», «шарай» деген сөздерді қандай мағынада жұмсағандығын білу маңызды.
Ф.Мұсабекованың 1972 жылы шыққан «Жалпы тілі білімін оқыту мәселелері» деп аталатын еңбегі кейінгі біраз еңбектерге, жалпы тіл біліміне арналған оқулық пен оқу құралдарына материал бергендігі сөзсіз. Лексиканың өзекті мәселелерінің бірі- көпмағыналылықты қазақ тілінде кең қолданылатын көркемсөздің өнімді құралы деп қарайды. Сөздің тура мағынасынан басқа туынды мағынасы тілдің стилистикалық арнасын кеңейтеді, оны байытады, сөздің эмоционалды-экспрессивтілігін арттырады дейді. Тілдегі бір мағыналы дисемиялы сөздердің өзін мағыналық жақтан зерттеу тіл білімі үшін өзекті мәселе деп келіп, мандарин деген сөздің тілге ағаштың атауы ретінде кірмегенін, әуелде бұл сөз қытай чиновнигінің аты болғандығын мысалға келтіреді. Осы еңбекте тілшілер мен әдебиетшілер үшін аса маңызды болып табылатын мәселе – полисемиялы сөздің негізгі бір типі саналатын тілдегі метафораны әдебиеттегі метафорамен бір деп түсінуге болмайтындығын, мысалы, «қайықтың тұмсығы» тілде метафора болады, ал әдебиетте метафора болмайды деп түсіндіреді.
Осы сияқты талдаулар тілдің қадір-қасиеті артып, қолданылу аясы еселеп көбейген бүгінгі қоғамда өте-мөте қажет. Ертеректе басылып шығып, жекелеген адамдардың кітап қорында ғана шаң басып жатқан осындай еңбектер «көзден кетсе, көңілден де кетеді» дегеннің кебін кимесе екен деймін. Бұны айтуға да себеп жоқ емес, жалпы тіл білімі мен стилистика мәселелеріне арналған зерттеулерде ғалым Ф.Мұсабекованың аты аталмай, еңбектері елеусіз қалып жатыр. Ф.Мұсабековадан оқып, дәрісін тыңдаған орта буын өкілдері бас қосқанда, айызымыз қанып, құшырлана еске алатын ұстазымыз – осы Фатима Мұсабекова. Біріміз сөйлеу шеберлігін тілге тиек етсек, екіншіміз ұстаздың адамгершілік қасиеттерін әңгімелейміз. Көбіне көп еске түсетіні- апайдың ешнәрседен тайсалмайтын өткірлігі мен жағдайға қарай өзгеріп отырмайтын бірбеткейлігі, турашылдығы, батылдығы болатын. Туғанына 90 жыл толған мерейтойы ұмыт қалса да, ұстазымыздың даралық қасиеті ұмытылмайды.
Бүгінде тіліміз қызметі мен қолданыс аясы тұрғысынан әлемдік тілдер қатарынан орын алады. Қазақ тілінің түркі тілдер ішінде ғана емес, әлемдік тілдер арасында мемлекеттік мәртебеге ие болуы бір жағынан Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізсе, екінші жағынан өз алдына дербес ғылым болып қалыптасуының нәтижесінде жетті. Ұлт тілдерінің өсіп-өркендеуіне мүмкіншілік беріле қоймаған кеңестік дәуірде-ақ қазақ тілінің дербес ғылым ретінде шаңырақ көтеріп, іргесі қалануына атсалысқан айтулы саңлақ ғалымдардың қатарында Ғабдолла Қалиевті және Нұржамал Оралбайқызын мақтанышпен атаймыз.
Ғабдолла Қалиев қазақ тілінің диалектологиясы, қазақ тілінің тарихы, диалектілік сөзжасам, жалпы тіл білімі, қазақ әдеби тілінің тарихы сияқты ғылым салаларын өркендетті. Оның қаламынан 250-дей ғылыми мақалалар, монографиялар, жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалар мен оқулықтар, оқу құралдары жарық көрді.
Нұржамал Оралбайқызы қазақ тіл білімінің грамматика, соның ішінде морфология және сөзжасам деп аталатын салаларының қанат жаюына үлес қосты.
Бұл ғалымдардың кітаптары жазылып жарық көргеннен бері күні бүгінге дейін студенттердің, магистранттардың және ғылыми көпшіліктің қолынан түспей келе жатқан бағалы еңбектердің қатарынан орын алады. Шәкірттері жоғарыда аты аталған ұстаздарын алтын тұғырға да, қанаты талмас сұңқарға да, тұяғы мұқалмас тұлпарға да теңейді. Бұл баламалардың ешқайсысы да әсірелеу емес, халық аузында жүрген аяулы Ұстаздарымыздың образы.
Бізге сабақ берген ұстаздарымыз Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Нұржамал Оралбайқызы, Ғабдолла Қалиевтер Абай атындағы КазПИ-де проректор, қазақ тілі және қазақ әдебиеті кафедраларының меңгерушілері және ғылыми жұмыстар қорғайтын диссертациялық кеңестің мүшелері болып өнімді жұмыс істеді. Осылайша қазақ тіл білімі мен әдебиет ғылымының таңдаулы кадрларын қалыптастырып, ғылыми мекемелерге ғалымдар дайындап, жоғары оқу орындарына білімді мамандар даярлауға ат салысты. Олар бәйгеге қосқан тұлпар ғалымдар республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп келеді.
Бұл еңбектеріңізді ешкім ешқашан ұмытпайды. Қара шаңырақ Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл толып отырған мерейлі тойында Сіздерді құрметпен еске алып, өзіміздің және елдің тілегі мен алғысын жаудырамыз. Ұстаздар бейнесі – мәңгі жүрегімізде!
ГҮЛБАНУ ҚОСЫМОВА
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері,
Дереккөз: talqy.kz