Арыстанбек Мұхамедиұлы «Рухани жаңғыру» логотипіне қатысты өз пікірін білдірді
2018 ж. 04 маусым
4884
10
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Рухани жаңғыру» логотипіне қатысты өз пікірін білдірді.
Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Итиро Кавабатамен кездесу барысында министрдің киімінде түрлі-түсті қыранның бейнесі жарқырап тұрған.
«Бұл төс белгіні мен үлкен мақтанышпен тағып жүремін. Өте әдемі, эстетикалық талғаммен жасалған. Менің ойымша, бұл логотиптен біз ұялмауымыз керек. Эмблема адамдарға рух сыйлап, жігерлендіреді. Өздеріңіз көргендей, суретте жүз пайыз сәйкестік жоқ. Мен өзім көрдім. Кейбір жерлерінде ұқсастықтар бар, әрине, дегенмен түстері әр түрлі. Бұл мәселеде біреуді плагиат жасады деп айыптау дұрыс емес деп санаймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Консервоторияда виолончель класын оқып бітірген министр өз сөзінде музыкалық нотадан үлгі келтірді. Министрдің айтуынша, бір-бірін мүлде танымайтын музыканттардың да өте ұқсас композициялары бар.
«Мысалы, музыкада жеті нота бар. Әрбір суретшінің өзіндік көзқарасы болады, кейбіреулерінің талғамы бір-біріне ұқсас болуы мүмкін. Француз суретшісі қазақтың суретшісінен көшіріп алды деп айта алмаймыз», - деп әзілдеді министр.
ҚР Мәдениет министрі елде қандай жағдай болса да халық тек «біздің отандастарымызды айыптауды» әдет қылғанды байқағанын да айтты.
– Мәселен, - дейді министр, - Францияда дәстүрлі түрде өтетін Канн фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған Самал Еслямова ресейлік режиссердің арқасында бас кейіпкер атанды, Димаш Құдайберген Қытайдың «туындысы» деп бұра тартып жүр. Сәуегейлікпен айналысып жүрген мұндайларға тыйым жасау керек. Самал да, Димаш та Қазақстаннан шыққан өнер өкілдері.