Несіпбек Айтұлы: Бұл музей – Сәкеннің рухани отын өшірмей отырған жалғыз ошақ
2018 ж. 31 мамыр
7005
3
Сәкен музейінің құрылғанына биыл 30 жыл толды. Осыдан 30 жыл бұрын, 1988 жылы Кеңес үкіметі ыдырамай тұрып, қазіргі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде өзі қол қойып, музейдің Ақмолада ашылуына ықпал еткен. Одан кейін 1995 жылы өзі музейде болып, батасын беріп, Сәкеннің «Көкшетау» атты жинағына қолтаңбасын қалдырған. Бұл естеліктер – жарлық та, Елбасымыздың қолтаңбасы да музей төрінде тұр. Сонымен 30 жылдық қарсаңында bag.kz тiлшiсi Ержан Жаубай музей директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлымен әңгімелескен екен;
- Қазір мемориалдық музейлер көп елімізде. Бұл музейдің солардан ерекшелігі бар ма?
- Бар. Мысалы Абай музейі, Жамбыл музейі, Әуезов музейі қатарлы тарихи тұлғаларға арналған музейлер көп қой, солардан бір артықшылығы бар. Тіпті бұл музейді бақытты музей деуге болады. Ол – Астанада тұрғандығы.
- Расмен, осы музей неге Астанада тұр?
- Бұл – тағдыр. Бұл жерді астана болады деп ешкім ойлаған жоқ қой. Қазір, Құдайға тәубә, Астана болды. Елбасымыздың осы көрегендігі, осы шешімі – тарихи оқиға. Бұны ешкім де ешқашан да жоққа шығара алмайды. Ал Сәкен тұрғысынан алар болсақ, оның бүкіл жастық шағы, саяси өмірі осы Ақмолада басталды. Осыдан 60 шақырым жерде Ахмет ауылы деген ауыл бар, сол жерде 1916 жылы алғаш Омбы семинариясын бітіріп келіп, мұғалім болып жүрген жерінен алғаш революция басталғанда «Асығып тез аттандық» деген өлеңін жазып, осы Ақмолаға келеді. Оның әрі қысқа, әрі ұзақ күрескерлік жолы осы жерде басталады. Сол бастауы өзенге айналып, үлкен қайраткер болды.
Сәкен «тар жол тайғақ кешуге» толы өмірінде алғаш жазушылар одағын құрды, Совнаркомды басқарды, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті – ред.) газетін басқарды. Біреулер «Сәкен Қызыл үкіметке қызмет етті» дейді. Ал ол кезде оған кім қызмет етпеді, бәрі сол Қызыл үкімет үшін құрбан болды. Бірақ Сәкен ешқашан халқын, ұлтын жүрегінен шығарған жоқ. Сүйткен Сәкеннің өз қолымен құрған Қызыл үкіметі, өзінің түбіне жетті.
Сәкеннің ұлт үшін істеген еңбегі де ұшан теңіз – фолклорды жинады, қазір де түйткілі тарқамай келе жатқан мемлекеттік тіл мәселесін алғаш көтерген Сәкен. Тізе берсе Сәкен атқарған жұмыс көп. Тіпті біреулер оның серілігін айтады. Рас, серілік құрды. Себебі ол ақын, екіншіден сал-серілік ата-бабасынан келе жатан дәстүр. Бір сөзбен айтқанда ол нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жақұт тас секілді, қай қырынан қарасаң да жарқылдап тұрады. Сонысына жарай ол өте күрделі тұлған. Қазақтың дара перзенттерінің бірі, сондықтан да тарих тұрғысынан да, ұлт тұрғысынан да Сәкенге мұндай музей көптік етпейді. Және Сәкеннің артында қалған рухани отын өшірмей отырған жалғыз белгі осы музей. Әрине, Сәкен атындағы мектептер, институттар, басқа да мәдени ошақтар бар, бірақ өзінің жеке тұтынған заттары, өзінің құжаттары, бәрі де осы музейде сақтаулы.
- Сол кездегі Сәкен тұтынған бұйымның барлығы түгел бар ма осында?
- Сәкеннің көзі тірісінде ұстаған бұйымдарының 90 проценттейі осында бар. Ал біраз жәдігер Алматыдағы Орталық музейде тұр. Жасыратыны жоқ, ол заттарды ала алмай отырмыз. Осы музей ашылмай тұрған кезде Гүлбаһарам (Сәкеннің жары – ред.) сонда өткізген екен. Енді қолымыз жетпей отыр. Президентке дейін хат жаздық, Сәкеннің дүниесі Сәкеннің рухани қарашаңырағында тұрсын деп. Реті келмей отыр.
- Музейді сіз басқарғалы да біраз болды ғой?..
- Иә, биыл сегізінші жыл басқарып отырмын. Менің алдымда Роза Иманғалиқызынан кейін Серік Тұрғынбеков, Серік Оспанов қатарлы азаматтар басқарған. Олар да біраз іс атқарып кетті. Дегенмен, ғимараттардың жағдайы мәз емес еді. Осының барлығын күрделі жөндеуден өткізіп, бүкіл жиһазын, компютерлерін жаңаладық, музей ғимараттарының сыртын қоршатып, музей экспозицияларын қайта жаңғырттық. Әрине, барлығын біз істегенімізбен, қаржы бөлдіріп, қамқорлық танытып отырған Астана қаласының әкімдігі.
- Ал, енді 30 жылдық мерейтойға оралайықшы. Қандай жоспарлар бар, қалай атап өткелі жатырсыздар? Қандай шаралар өтеді?
- Қазіргідей уақытта музейдің мерейтойын атап өту оңай емес. Барлығы қаржыға тіреледі. Осы тұрғыдан алғанда, музей ұжымы Астана әкімі Әсет Исекешевке, оның орынбасары, тікелей осы рухани саланы басқарып отырған Ермек Аманшаевқа және Мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшыларына, әсіресе Болат Мажағұловқа көптен-көп ризашылығын білдіреді. Себебі қала осы 30 жылдықты атап өтуге қаржы бөліп отыр.
- Қанша бөлгенін айтасыз ба?
- Жасыратын жоқ, 8 млн теңге көлемінде ақша бөлді.
Қазір осы 30 жылдық бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 18 мамыр – халықаралық музей күнінен бастап Сәкен апталығын бастадық. Апта бойы түрлі іс-шараларды өткізіп, 29 мамыр күні 30 жылдықты атап өтетін боламыз. Бір аптаның ішінде музейде апталықтың арнайы ашылу салтанаты, Сәкен кітаптарынан көрме, музейдің ресми сайтының іске қосылуы, «Сәкен өмірі суретшілер көзімен» атты Сәкен жайлы суретшілер сызған картиналар көрмесі және музей тарихының хронологиялық көрмесі өтеді.
29 мамыр күні таңертең осы музейдің өзінде ғылыми-практикалық конференция өтеді, сол күні сағат 15-те Қ.Қуанышбаев театрында үлкен жиналыс өткізіп, Сәкен әндерінен концерт беріледі.
- Кімдер қатысады деп жоспарлап отырсыздар бұл шараға?
- Жан-жақтан қонақтар шақырып жатырмыз. Еліміздің барлық өңіріндегі мемориалдық музейлерден, мысалы Абай, Жамбыл, Мұхтар, Ілияс Жансүгіров музейлеріне шақыру жібергенбіз. Астана мен Алматыдағы зиялы қауым өкілдеріне, Сәкенді зерттеушілерге, сәкентанушылардың барлығына, Сәкенге қатысы барлардың бәріне, дүниеден өтіп кеткендердің артында қалған ұрпақтарына хабар берілді. Мысалы Тұрсынбек Кәкішевтің үйіндегі Күләш Ахметова апамыз, осы музейдің алғашқы директоры болған Роза Иманғалиқызы апамыз, Астанадағы Сәкен музейінің жанашырлары – Оралбай Әбдікәрімов ағамыз бастаған азаматтарды шақырдық.
Бұл отызжылдықта аса құрметпен еске алатын, аруағына тағзым ететін бір адам бар. Ол – Молдахмет Досаев деген ағамыз. Астана Ақмола болып тұрған кезде «Ескерткіштерді қорғау» қоғамының басшысы болған. Сол адамның күшімен, ұйытқы болуымен ашылған екен осы музей. Сол кісінің табандылығының арқасында сол кезде балабақша болып тұрған ғимаратты музейге айналдырыпты.
- 30 жылдық қарсаңында қандай жаңалықпен қуантпақсыздар?
- Мерейтойға орай бір жақсы жаңалықты айта кетейін. Ол – Қарағандыда Сәкеннің 70 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты және басқа да Сәкенге туралы үш деректіфильм табылды. Соны сатып алуды көздеп отырмыз. Алла аманшылық берсе, 30 жылдық мерекеге келген қонақтар осы жаңалықтың куәсі болады деген ойдамыз.
- Мерейтойдан бөлек, музейдің өзі жыл сайын атқарып келе жатқан мәдени-рухани шаралары да бар шығар?
- Биыл біздің музейге 30 жыл болса, Астананың 20 жылдығы. Той үстіне той болып жатыр. Бұл да бізге үлкен серпін береді. Әуелі музейдің мерейтойын атап өтсек, ізін суытпай, Елорданың 20 жылдығын да жалғастырып кететін боламыз.
Әрине, бұл істің барлығы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқанын айта кеткен ләзім. Оның да себебі жоқ емес. Рухани жаңғыруда осы музейлеріміз жаңғырмаса, тек оның экспонаттары жаңарып, жаңғырып қана қоймай, іштей де рухани байи түспесе, рухани жаңғыру құр сөз болып қалар еді. Мысалы, біздің музейдің жанынан құрылған «Сырсандық» жастар үйірмесі жұмыс істеп келеді. Жыл сайын Астана мектептерінде «Сәкен сабағы» өткізіледі. Сонымен қатар, қала ішіндегі мектептерде көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, музей қызметкерлері мектептерге барып сәкентанудан лекция оқиды.
Осы орайда, өзім басшылыққа келгелі бері Сәкенге қатысты дүниелерді топтастырып, кітап етіп шығара бастадық. Биыл төртінші томы баспаға жіберілді. Одан бұрын Сәкенге арналған өлеңдер жинағы – «Сәкен сұңқар» деген атпен шыққан болатын. Келесі кітаптар «Сырсандық» деген атпен сериялы түрде жарық көріп келеді. Жылына бір кітаптан. Биыл аталған кітаптың төртінші томы жарыққа шығады. Алғашқысы – Сәкенді көзімен көргендер мен Сәкеннің ізін қуған, артынан ерген інілерінің естеліктері. Екінші кітап – Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкен туралы жазғандары. Марқұмның қайтыс болғанына бір жыл болғанда баспадан шықты. Тұрсынбек ағамызды алуымыздың себебі де жоқ емес. Бар өмірін, денсаулығын осы Сәкенді тануға, танытуға арнаған адам. Үшінші том – «Тар жол тайғақ кешу». Оның текстологиясы. Өйткені бұл кітап Сәкен өлгенен кейін саясаттың құбылуына байланысты көптеген өзгеріске ұшыраған. Соған біздің ғылыми қызметкерлер бастан-аяқ талдау жасап шықты. Бірақ, ол бір кітапқа симай қалды. Сондықтан биылғы төртінші томды да осы «Тар жол тайғақ кешудің» текстологиялық талдауына арнадық. Аманшылық болса күзге қарай баспадан шығады.
- Бір музейдің қаржылық мүмкіндігі жылына бір кітап шығаруға жете ме?
- Жетпейді. Сондықтан бұл кітаптардың шығыуына да Астана әкімдігінің Мәдениет және мұрағаттар басқармасы қолдау көрсетіп, қаржы бөліп отыр. Сол үшін оларға рахмет айтамын!
Осы орайда, музей қабырғасында өтетін тағы бір үлкен шараны айта кетсем бе деймін. Ол – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін жыр мүшәйрасы. Биыл сегізінші рет өтейін деп отырған жыр додасы соңғы бір-екі жылдан бері халықаралық деңгейге көтерілді. Алыс-жақын шетелдегі қандастарымыз да қатысып, жүлдеге ие болып жүр. Бұл бәйгенің тақырыбы да белгілі, Астана күніне, Елбасының саяси көрегендігіне, Тәуелсіздігімізге, азаттығымызға арналады. Биылғы жыр сайысы «Ел тірегі – Елорда» деген атпен Астананың 20 жылдығына арналды. Алла бұйырса, келесі жылы Сәкен Сейфуллиннің дүниеге келгеніне 125 жыл толады. Келесі жылы Сәкенге де мүшайра арнасақ деген ойымыз бар. Оған да қаржы керек. Оны ақылдасамыз. Біздің басшылық бұған келіседі деп ойлаймын. Сәкен де жыр арнауға тұрарлық тұлға ғой. Оның үстіне барлық қайраткерлік жолы осы Астана Ақмола болып тұрған кезде осы жерден бастау алған, осы Астанаға табаны тиген, осы Астанадан «Тіршілік» деген газет ашқан, осы Астанадан Сібірге айдалған. Сәкеннің жарты ғұмыры Астанамен байланысты. Сондықтан Сәкеннің 125 жылдығына мүшайра арнап жатсақ, ол артық болмайды деп ойлаймын. Халық та, біздің басшылар да бұл ұсынысты жылы қабылдайтын шығар деген үміттемін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Ержан Жаубай
baq.kz