Бурабайдың әсем көркі көз алдымызда жойылып барады - Болат Жәмкенов
2018 ж. 31 мамыр
9185
0
«Армысың, Абылайдың Бурабайы! немесе ақын Серік Тұрғынбековтің «Тимеңдер, биші қайыңға!» атты жоқтау-жыры қалай туғаны жөнінде...
Қайран Алаштың арыстары-ай, десеңізші! Бұдан бір ғасыр бұрын қазақтың біртума шайыры Мағжан Жұмабаев былай деп жазған екен: «Ұшы-қиыры жоқ сары дариядай Сарыарқаның ортасында аралдай көгерген Көкшетау, Абылайдың Ордасы құрылған, Кенесары, Наурызбайға отан болған Көкшетау алаштың ақындығының да ордасындай жер еді...».
Иә, жадымызда ежелден: «Бурабай-қазағымның Хан Ордасы, Халықтың жүрегінде хан Абылай!..» болып қалыптасқан бұл киелі мекеннің орыны бөлек екені кәміл. Елбасының «Рухани жаңғыруға» шақыруына орай баспасөзде осындағы үш бірдей нысан: «Абылай хан алаңы», «Оқжетпес» және «Кенесары Үңгірі» жалпаұлттық «Қасиетті Қазақстан» картасына енетіні жариялануы да қалың жұртшылықтың Көкше-Бурабайға деген ерекше ықыласының дәлелі. Алайда осымен іс бітті деуге бола ма?!
Осындай қолдағы барымызды, шын мәнінде Ұлттық құндылық ретінде бағалай алып отырмыз ба? - деген ой мазалайды бізді.
Бұдан бір ғасыр бұрын алаш көсемдері «Оян қазақ!»деп ұран тастаған. Ұлт тағдырын ойлап. Бірақ қараңғы қазақ ояна қоймаған (Оянбауы жақсылыққа апармағаны да мәлім...) Ал араға ғасыр салып Елбасының «Рухани жаңғыруға» шақыруы да халықтың бүгінгі көкейіндегісі: Обалы нешік, ұлт басына түскен қилы кезеңдерде үзіліп қалған алтын арқау, ұлттық асыл құндылықтарымызға қайта оралауға, бүкіл көзқарасымызды өзгертуге үндеуі елді елең еткізген. Әсіресе, қашаннан қазақпен тағдырлас Жер-Ана туралы толғанысы селт еткізбей қоймас!-дегенбіз. Ұзақ жыл орыс империясының отарлауына, кейін тоталитарлық жүйенің тонауына ұшыраған, бүгінде ерекше қамқорлыққа мұқтаж Президент айтқан жалпыұлттық қастерлі жерлерімізді қоғам боп қорғайтын күн туды-ау деп бөркімізді аспанға атқанымыз да рас. Бірақ... Жер-Анамызға байланысты ел жақтан ондай жылы хабар әлі де көп естіле қоймай тұр... Өкінішті-ақ!
Жұртшылықты бүгінде жер бетіндегі табиғаттың сирек мүйісі Бурабайдың қайталанбас әсем көркі көз алдымызда жойылып бара жатқаны қатты алаңдатып отыр! Бұл жөнінде тәуелсіздік арқасында тек соңғы 20 жылы көлемінде ғана айтыла бастаған екен..
...Қасиетті Көкше! Қайран Бурабай қай кезде де ғажап қой! Арқада қыс түтеп тұрған ақпанда келсеңіз ақжаулық-қар жамылған мәңгі жасыл өлке ертегі әлеміндей қысқы бар сулулық көркімен, «бір жұтсаң көкірегіңнен дәмі кетпес» (Сәкен) саф ауасымен, ақшуақ мейірімін төге қарсы алса, бұл өңір жаз айларында жап-жасыл азонды ауамен тіптен құлпырып, тілмен айтып жеткізгісіз түрге енеді. Құдыреттің күшімен құйылғандай, қазақтың өршіл асқақ рухындай болып көкке шаншылған Оқжетпес шыңы, үш жағынан қарасаң үш түрлі: ару қыз, сулу әйел, қартаң кейуана бейнесінде көрінетін Жұмбақтас, Көкше биігі, Бөлектау, Жекебатыр жоталары, «қыздың жиған жүгіндей» сан түрлі пішіндегі әсем гранит шоқылар... Шыңды қиялаған
қарағай, арудай жасанған аққайыңдар. ..Айдынында Ай жүзген Әулиекөл, аққу құшқан Айнакөл!.. Тап бір Жаратушы шебер мынау күнделікті күйкі тіршілік пен қу құлқынға құл болып кеткен сорлы пенделеріне: -Ей, адамдар! Сұлулық құдыретін түсініңдер, жандүниелеріңді тазартыңдар, тазарыңдар!- деп, әсемдік атаулыны осы Бурабай баурайына үйіп-төгіп қойған ба, дерсің!
Көкшетау қазақ үшін несімен қастерлі?
Бірінші, оның әлгіндей қайталанбас ғажайып көркем табиғаты болса, екіншісі тарихи ескерткіш-киелі орындарына байланысты.Осынау ұланғайыр атажұртта қазақ баласын бір тудың астына жинап, арыстандай алысып, тоғыз ұрпақ бойы қазақ тағдырын қыл үстінде қалтыратқан Жоңғария қалмақтарын біржола жойып, тұңғыш үшжүздің ханы атанған Абылайдың Хан Ордасын тіккен ордалы мекен осы Бурабай!
«Көшкен елдей, Аққан селдей, Әскері Қанжығалы қарт Бөгенбай» (Мағжан) сан мәрте ата жаумен айқасқа аттанған жер осы! Орыс империясының отаршылдығына қарсы Ұлт-азаттық күресін бастаған жаужүрек баһадүр, аты аңызға айналған қазақтың соңғы ханы Кенесары батырдың «Ақ туын Абылайдың тіккен жері» (Иманжүсіп) де дәл осы Бурабай! Атағы Алашқа мәлім Біржан сал,Ақан сері,Үкілі Ыбырай,Балуан Шолақ жырлап тауса алмай кеткен, ел тарихына уызынан жарып өскен Сәкен, Мағжан, Қасымдар кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде Бурабай шежіресіне, ұлы Абылай есіміне соқпай өте алмаған Көкшең осы! Қазақта Көкшедей көп жырланған жер бар ма,сірә?!
Ал, сол ұлыларды ұлықтар бір белгі («Абылай алаңын» айтпағанда) барма, Бурабайда? Тәуелсіз елдің ертеңі-бүгінгі жас ұрпақ біле ме,мақтан ете ала ма оларды? Біле бермейді десек қателеспеспіз ...
- Астанаға тиіп тұрған Бурабайда Ұлы Абылай ханның, Ұлт-азаттық күресінің қаһарманы Кенесары ханның асқақтап ескерткіштері, көне мұрағат-жәдігерлерге толы музей-кешені тұрса, қазақ бола алмай жүрген біз сияқты бейбақтар бала-шағамызбен барып, тәу етіп тұрмас па ек? Туристер де үйірілмес пе еді?-деп қынжылған еді бірде шетелде көп жүрген ғалым әрі кәсіпкер Асқар Тұрарұлы дейтін көршім. Сөйтсем,бала-шағасын Ыстамбұлға апарып қайтқан екен. Орыс тілді, қазақ тарихынан мақұрымдау көршімнің өзі де, мектеп жасындағы екі ұлы да түріктің Сүлейман сұлтаны, тіті, оның арғы атасы Ертұғырыл батырдан бастап жіліктеп шағып ағып тұр!...Осман билеушілерінің тұрған сарай-мекендерін аралап, деректі фильмдер көріп, ал сол өткен дәуірлердегі түрік сарбаздарынша киінген жігіттер шыға-шыға келіп қызмет көрсеткенде бұлардан ес кеткен ғой!.. Жас ұрпақты Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің озық үлгісі деген осы...Көкшенің тау-тасынан тиын сауған бауырларымыз ұға ма осыны, бір сәт қалта қамынан гөрі, қасындағы баласының келешегін ойласа қанеки??..
«Көкшненің көз жасы қашан құрғайды?!»-
Журналист А.Алпысбайұлының осындай тақырыптағы сын мақаласын оқаған едік («Алаш айнасы»,14.03.2012 ж). Жазушы Т.Қажыбаевтың курорттық аймақтағы келеңсіздіктер туралы, ақын Қ.Мұқтайтегінің
«Көкшенің көркі естеліктерде ғана қалды...», Е.Айтмағанбетовтің «Тарт қолыңды, Бурабайдан!» («ҚӘ») атты ашына жазған мақалары тақырыптары айтып тұрғандай оқырманды селк еткізбей қоймайды! Орыс тілінде де жариялануда. Қаламгарлер мен табиғат жанашырларының мұндай жанайқайына не себеп? Кәне, осы тұрғыдан тереңірек зерттеп көрелік.
Мәлімет үшін. 1903 жылы осы маңға арнайы ат басын бұрған атақты саяхатшы-ғалым В.П.Семенов-Тяньшаньский жер бетіндегі ерекше мүйіс деп мойындаған. Орыс империясының отарлау саясатымен қазақ даласына ағылған қарашекпенділер Бурабайды бірден-ақ өздерінің саябақтық-курорттық жері деп жариялаған... Бурабай содан бергі жүз жыл бойы аяусыз тоналып келеді. Көне құжаттарға үңілсек, бұған ресми көз жеткіземіз. Бурабай аймағы 1920 жылы мемлекет қарауына алынса, 1938 жылы халықаралық байқауда КСРО курорттары арасында екінші орынға ие болсымен-ақ мұнда басқа да денсаулық түзеу орындары, түрлі шаруашылықтар тұмса табиғатты турап, қаурыт салына бастаған.
Академик Төрегелді Шарманов баспасөз бетінде: «Мен Президентке адам жасын ұзартатын, денсулыққа ерекше пайдалы әлемде төрт-ақ жер жәннаты бар, солардың қатарына енді Бурабайды да қосу керек деп айттым»- деді. Оған Жетісудің кей жерлерін қосатынын жазыпты. Аталы сөз. Ғалым бұлай дегенде: «Бурабай жәй жер емес, оны қорғап, сақтай білуіміз керек!» дегенді баса жеткізіп отырғаны анық.
Шындағында, Бурабай курорттық аймағы бүгінде үш бірдей ірі экологиялық апат қауіпі алдында тұр деуге негіз бар.
БІРІНШІ ҚАУІП. Ауасы мен табиғат аясы. 35 км-ге созылған Көкшетау жоталары қоршап, өткір дала желінен қорғап жатқан, ойында орманы сыңсып, қырында биік шыңды қиялаған қарағайы мен ақ қайыңдар желек атқан, айнала көмкерген күміс көлдер... Бурабай аумағына ерекше қоңыржай, қолайлы микроклимат орнатып, басынан бұлт жаумай өтпеген, беткейінен азонды ауа-көк торғын мұнар кетпеген көркем табиғат мүйісі көрген жанның әлі де көз жауын алады! Саядағы сансыз өсімдік жұпары аңқып, қылқан жапырақты ағаштардың эфир майына, оттегіге бай ауасы тынысыңды ашып, бойыңды баурап әкетеді. Жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі науқастары үшін серуендеудің пайдасы зор: «Адам жанын жегідей жейтін уайым, әртүрлі жағымсыз ой тәнді бұзады, ал қуаныш пен жағымды көрініс әсері тәнді дамытады, нығайтады» деп атақты И.П.Павлов тегін айтпаған.
Ал, осындай дертке дауа саф ауаны қорғау о бастан дұрыс жобаланбаған. Басқасын айтпағанда, Бурабай атмосферасына жылына тек Щучинск, Көкшетеу қалаларының өзінен 35-40 мың тоннадан астам лас қалдықтар (күл, күкіртті ангидрид, азот тотығы, көміртегі тотығы, адам ағзасына аса қауіпті қорғасын тозаңы) төгіледі екен. Бурабай-Щучинск курорттық аймағы (БЩКА) бойынша орталықтандырылған жылыту жүйесін салу бертінде ғана қолға алынған. Осындағы жүзге тарта түрлі мекеме, «Бурабай» кенті үйлері мұжаларын, оған бүгінде толассыз ағылған автокөліктің улы көк түтінін
қосыңыз. Бұл күнде рабайсыз далиып бара жатқан Щучинск қаласындағы аяқ алып жүргісіз сауда-саттық орындарындағы, ондаған кәсіпорын-шаруашылықтағы қыс бойы түтін атқан қаптаған қазандықтарды былай қойғанда, лас қалдықтар 500-700 км.жерлердегі қалалардың (Теміртау да бар) биік тұрбалары арқылы да ауа ағымымен жетеді екен... Қайран Көкшенің барған сайын тынысы тарылып, жанары жасаурай қарайды. Араша сұрап тұрғандай !...
ЕКІНШІ ҚАУІП. Фаунасы мен флорасына төнген қатер. Көкше-Бурабай аумағында бұрын омыртқалы жануарлардың 305 түрі,соның ішінде сүтқоректілері-54 болса, олардың 4 түрі, құстардың 213 түрі болса, оның 17 түрі жойылуға жақын. Ұя салатын орнитофаунаның құрамынан 13 түрі жойылған. Аққу ұя салмайтын болған. Қара ләйлек, шақырғыш аққу, ақ құр, сұр тырна, дуадақ безіп кеткен. Қоңыр аю, марал мен елік, осы өлкені көп зерттеп жазған м.ғ.д. Н.Д.Беклемишевтің дерегінше, бертінге дейін болған құну мен сілеусін, бұлан, Балқаш жолбарысы біржола қош айтысқан. Соңғы аю 1995 жылы атылған...
Бұл өңірдің флоралық ерекшелігі таңғаларлық жоғары деңгейде: ол 757 түрлі өсімдіктен тұрады! Бурабай табиғат мұражайына қойылған олардың 40-тан астам түрі адам ағзасына, соның ішінде жүрек-қан тамырлары,бүйрек, өт,бауыр, тыныс жолдары-өкпе, буын, аяқ-бел және т.б. ауру түрлері үшін таптырмас емдік өсімдіктер. 15 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Әттең!.. әсем табиғатқа аяусыз ауыз салып, ғасыр жасаған қарағайды, ару қыздай жасанған биші қайыңдарды мыңдап отап, жерді иемденіп қалуға, саяжай салуға араны ашылғандар саны қазір қаурыт артқан. Бурабай курортық аймағында қаймағы бұзылмаған, адам аяғы таптамаған бос жерлер қалмауға айналған. Эколог-ғалымдардың айтуынша осы қарқынмен қорғаусыз қала берсе енді бір 15-20 жылда Бурабай аймағының қазіргі қалған фаунасы мен флорасының жартысынан астамы жойылып кетпек. Көпшілікті шошындыратыны да осы!...
Айта кетейік, әдетте, өркениетке ұмтылған елдер өздерінің табиғат және тарихи ескерткіштері сияқты ұлттық құндылықтарын мемлекет қорғауындағы Ұлттық табиғи парктер мен табиғат қорықтары арқылы сақтап қалғаны мәлім. Олар және Халықаралық конвенциялар арқылы да қорғалады. Заң қатал.Ұлттық сана жетілген. Ал біздің республикамызда небәрі 12 Мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылған болса, соның ең маңдай алдысы «Бурабай»дың көрген күні әлгі!.. Оның үстіне, кейбір сұғанақ қолды бизнесмендерден әбден запы болған мұндағы тұрғындарды өткен жылы Үкімет Қазақстанның мемлекеттік ұлттық табиғи парктері 5 және 49 жылға жалға берілетінін мәлімдеп, сол тізімге Бурабайдың да ілігуі қатты алаңдатып отырғанын жеткізе кетудің артықтығы болмас.
ҮШІНШІ ҚАУІП. Гранитті тау жыныстары мен минералды сулары-Бурабайдың басты байлығы. Геологиялық және тектоникалық құрылысы млн.-даған жылдар бұрынғы көне дәуірлерден бастау алған,жел мен су, физикалық, химиялық және өзіндік микроклимат әсерлерінен пайда
болған гранит массивтері, яғни,қазақы ұғыммен айтсақ, «қыздың жиған жүгіндей» әсем жартас-шоқылар сан алуан ертегілік пішінде қиялыңды тербейді.
Жалпы, бір кезде осы аймақта 90-нан астам минерал түрлері табылған болса, соның 40-тан астам көздің жауын алатын әшекей бұйымдар жасайтын түрлерінің дені,сондай-ақ сирек кездесетін (тек Алтай мен Оралда) яшма, хрустал , турмалин, хризопраз, алтын, платина сияқты қымбат бағалы түрлері түгелдей дерлік тоналып біткен. Америка ғалымдарының пікірінше, 100 тонна гранитте әрқайсысы 8-10 тонна аралығындағы мөлшерде алюминий, темір, магний, әрқайсысы 30-70 фунт аралығындағы мөлшерде ванадий, никель, хром, 180 фунт марганец, сондай-ақ кальций, калий, натрий қышқыл қоспалары, фосфор, титан қоспалары және т.б., кездеседі екен. Ал біз әңгімелеп отырған курортты аймақ граниттерінде мұның бәрі де бар. Олардың адам ағзасына қажетті мөлшері Бурабай минералды суларында жеткілікті.
Адам денсаулығы үшін ең бағалысы-Бурабай аймағының осы минералды сулары мен балшығы Жоғарыда аталған элементтерге бай тау жыныстарының терең қойнауларын жарып шыққан Бурабай-Щучинск курорттық аймағының көлдері мен су көздері қоймаларында Денсаулық сақтау мин.Өлкелік патология ҒЗИ деректері бойынша: минералды-радонды, минералды-бромды,өзіндік компонентсіз минералды-хлоридті-натрилі, хлоридті-сульфатты емдік суларының аса мол қоры жинақталған. Бұлардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің, жүйке жүйесінің, тірек-қозғалыс аппаратының және басқа да онға тарта ауруларға ерекше шипалық қасиеті ертеден дәлелденген.
Алайда, құрметті оқырман, сіздердің назарларыңызға мына бір өкінішті жәйттарды да жеткізе кетсек дейміз. Ол- емдік сулар мен балшық табиғи қоймалары аяқасты рәсуа болып, ластанып, келмеске кетіп бара жатқаны! Анау айдын көлдерге аққу ұя салмауға айналғаны! Бұл өзге себептермен қоса, ең алдымен, курорттық аймақтағылардың ұзақ жылдар бойы осындағы көл суларын астатөк пайдаланып келгенінің зардабы. Ал, көл суларының көбі айтарлықтай бүлініп те үлгерген.
Ертеде ертегідей айтылатын «сексен көлден» селдіреп жеткен оншақты көлдің өзі эколог-ғалым Айтқажы Қазыбеков келтірген зертеу-деректері бойынша, бұдан 100 жыл бұрын М.П.Семенов Т.-Ш.: «..осындағы көлдердің ең көркемі»деп сүйсінген Әулиекөлдің (Бурабай немесе Қарағайлы көлі деп те аталады) гаусар суы ластанған, шығыс және батыс түбін 4 м. дейін лай,қайраң және балдыр,ал,жағалауын өсімдік басып кеткен. «Осындағы көлдердің ең ірісі...» деп сипаттаған Айнакөл (Үлкен Шабақты) суы біртіндеп құрғап, шағын аралдар пайда бола бастаған.
Минералды су мен емдік балшықтың ірі қоймасы Майбалық көлі суының деңгейі 1923 жылмен салыстырғанда 3,6 м.,ал Шабақтыкөл (Кіші Шабақты) мен Қотыркөл суы деңгейі тек соңғы 30-35 жылда ғана осыған жуық мөлшерде төмендеген. Ірілігі жөнінен үшінші Шортанды көлінің (Щучье) су деңгейі тек 1960-2001 жж. аралығындағы абсолюттік белгісі 5,7м. төмендеген,алғашқы арнасынан 500-600м. кейін шегінген...Көл құрдымға кету алдында, дейді мамандар.
Санитариялық нормалардың сақталмауы салдарынан табиғаттың үлкен сыйы Майбалық, Текекөл минералды сулары жарамсыз болып қалған. Майбалық көлінің тек йодты-бромды балшығы ғана кәдеге жарауда. Көл көп жыл иесіз қалған. Жергілікті кім көрінген, тіпті сонау Ресейден де келіп тиеп әкете береді екен. Мұндай иесіздік қауіпі енді жоғары сапалы емдік балшықтың тағы бір ірі коллекторы Балпашсорға да төне бастаған!..
Ал тағы бір ірі қауіп көзі топырақ қабаттарының бүлінуі. Жазушы Төлеген Қажыбаевтың деректері бойынша, бертінге дейін Щучинск қаласы және Бурабай кентінде техникалық пайдаланылған қалдық суларды, әжетханалардан шығатын нәжіс суларды ағызып төгетін санитариялық режімге сай жөні түзу канализация жүйесі болмаған. Лас қалдық сулар көп жылдар бойы көлдерге, су арналарына тонналап төгілген. Топырық қабаттарына таралған. Бурабай кенті, орманды қырқып салынған «Щучье» құс фабрикасы, көкөніс егетін «Оқжетпес», «Қотыркөл» кеңшарлары маңындағы топырақ қабатында азотты, нитратты қоспалар шектік рұқсат ету мөлшерінен 4-6 есе артық. Судағы бактериялық микроб 7-10 есеге артқан. Президент бірер жыл бұрын баспасөзге берген сұхбатында: «Курортық аймақты Сергеев су қоймасы арқылы Көкшетау су пайдалану жүйесіне қосып, көлдердің су деңгейін қалпына келтіру, орталықтандырылған жылыту жүйесін салу қолға алынуда»- екенін мәлім етті. Бірақ бұл тек бастамасы ғана.Себебі, БЩК аймағындағы ең негізгі ылғал көзі-қар ұстайтын миллиондаған ағаш оталып кетті. Көлдердің табиғи тепе-теңдігін сақтап тұрған Күркіреуік, Сарыбұлақ, Иманай тәрізді көптеген бұлақ, су көздері тазартусыз, әлдеқашан бітеліп, суалып қалған. Демек, жер асты минералды сулары мен көлдерді аман сақтап қалу аймақтың күн тәртібінде барынша өткір тұр.
«Бурабайдың өзіндік қайталанбас микроклиматы жойылып кетпей ме?!»
-Бұл да әбден мүмкін,-дейді эколог-ғалымдар. Себебі, анау Қырымдағыдай ірі теңіз, заңғар таулар қоршап тұрған жоқ. Тіпті, «Алакөлмен» де салыстыруға келмейді. Бурабай- шағын ғана Көкшетаудың баурай-шатқалы. Климаттық курорт. Егер ол жоғарыда біз айтқан үш табиғи байлығы: ағаш-өсімдігінен, минералды көлдерінен, Көкшетауды көкше атандырып тұрған азонды саф ауасынан айырылса не қадір-қасиеті қалады? Сұмпиған кіші-гірім қалаға айналып шыға келмей ме? Бұған жол беруге бола ма ?.
Ал,ең басты қуіп көзі -мұнда соңғы 10-15 жыл жуабында халықтың шамадан тыс шоғырлануы. Бурабай-Щучинск курорттық аймағы жалпы аумағы 83,5 мың гектар жерді ғана алып жатыр (тауларын,көлдерін, бір қала, екі аудан орталығын,әлденеше елді мекендерді қоса алғанда, ал,орманы-47,0 мың га). Бурабай алқабы автокөлікпен тіке жүріп өтсең екі сағаттай ғана жер, яғни Көкшетау тауының баурайы ғана. Ал осында сан мыңдаған адамдық 70-тен аса ірі санатоийлар мен емдеу-сауықтыру кешендері, оннан астам қалашық немесе кенттер орналасқан дегенге сенесіз бе?!
Мәлімет үшін. Бурабай ауданы әкімінің кеңесшісі А.Есімованың дерегінше, жалпы, туристік қызмет көрсету инфрақұрылымында 112 нысан бар, оның 45-і ресми шипажай-курорттық мекеме. Ондаған әкімшілік, ғылыми зерттеу мекемелері мен оқу орындары, көптеген дүкен, мейрамханалар, тұрмыстық қызмет көрсету нысандары, әлденеше туристік фирмалар тіркелген. «Бурабай» курорттық аймағын дамытудың Бас жоспарында Щучье (Шортанды) көлінің жағасында «БФ Глобал» түрік компаниясы орманды отап салып жатқан ірі туристік ойын-сауық кешені, ондағы 3700 нөмерлік 9 қонақүй, жалпы ауданы 21 мың ш.м. ойын-сауық және сауда орталығы, ондағы бірнеше казино,700-ден астам жекеменшік коттедждер мен 1620 пәтерлік 4-5 қабатты тұрғын үйлер, гольф-клубтар, ат-спорт орталығы, шыңға өрмелеу учаскелері- осының өзі тағы бір кіші-гірім қала болып қосылады деген сөз.
Қазірдің өзінде жылына сырттан келіп дем алушылардың (көбіне Ресейден), туристік сапармен келетіндердің өзі 500 мың-1 млн. аралығында. Облыстық туризм және спорт комитетінің дерегінше жазда Бурабайға тәулігіне 10 мың адам туристік сапармен келуге тиіс.
Ой жіберіп көріңізші, сонда курорттық аймақтың әр шаршы км.-ге қанша адамнан келмек?! Ал, Бурабай курортық аймағының мұншама адамның шоғырлануына, қабылдауға табиғи әлеуеті жете ме? Мұншама адам тастайтын қаншама шірік қоқыстар, ластайтын улы нәжістер, табиғатты бүлдіруі ше? Бурабай экологиялық апат алдында тұрған жоқ па? Бұған ешбір маман тұщымды жауап бере алмайды.
Себебі, 1959 ж. бергі аралықта БЩК аймағы бойынша жоғары білікті гидрогеологтар, климатологтар,экологтар, флора мен фауна мамандары т.б. бірлесіп: 1) аймақтағы ауыз су, емдік су мен балшық қорлары қанша екендігі; 2) осы тұрғыдан оларды пайдалану нормалары және 3)табиғат тепе-теңдігін қалпына келтіру, қорғау шаралары қандай болуы нақты талдап көрсеткен бірде бір Жобалық-сметалық құжаттама жасалмаған. 1959 жылдан бері! (1991 жылғы шағын техникалық-экономикалық жоспарлау негіздемесін қоспағанда).Д.Беклемишев, С.Н.Никитин,В.Ф.Михайлов,
В.Н.Бирюков,А.Қазыбеков сынды ондаған ғалымдардың Бурабайдың экожүйесін табиғи апатқа ұшыраудан қорғау туралы құнды еңбектері мүлде ескерусіз қалып отыр.
«Қазаннан қақпақ кетсе...» немесе Бурабайда тау да сатылған ба?
«Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап,...теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді»-деп атап көрсетті Елбасы аталған мақаласында. Соған бір мысал. Ұлы Абылай Қытайдан, Ресейден келген елшілердің өзін дұшпан аяғы баспасын деп осы Бурабайға кіргізбейді екен. Сырттағы көлдердің бірінің жағасына үй тіктіріп, сол жақтан шығарып салатын болған. Аңын-құсын аттырмаған, жақын көлдерге жылқы жаптырмаған. Бұл қазақ ақсүйектерінде кейінге дейін жалғасқан жол. Анау Арқаның алпауыт шонжары Шорманның Мұстафасы ақын Жаяу Мұсаның атын ат жетпегендіктен тартып алған жоқ, мал кіргізбей, көкмайсасын мал тұяғына бастырмай отырған ауыл арасына дөрекілік көрсетіп атпен кіргені үшін тартып алғаны аян. Яғни, табиғат анамен үйлесімді тіл табысу, қиятын әр талына қиянат қылмай, әрбір аң-құсына обал-сауабпен қарау- бұрыннан қанымызда бар қасиет емес пе еді? Ал біз не істеп отырмыз, мына Бурабайға?!
...Тәуелсіздігіміз жаңа тәй-тәй басып, экономикамыз ес жия алмай жатқан өліара тұста Бурабай кенті осы курорттық аймақтың жер телімдерін жаппай саяжайға, жекеменшік үй салуға оңды-солды үлестірудің орталығы болған ба деп қаласыз. Жергілікті тұрғын Салтанат Мұқанова мен Орман селекциялық орталығының маманы Федор Тетериндер: «Өңірдің көркі «биші қайыңдар» алаңы да жекеменшіктің қолына өтіп кетіп, кәсіпкер аяусыз отап үйлер сала бастаған соң көпшілік болып қарсы шықтық»деп еске алса, Бурабай жер қатынастары бөлімнің бастығы Марат Наурызбеков: -Курортты аймақтың жер дауы бір бұл емес. Тіпті мұнда 2006 жылдары тау да сатыла береді екен. Бір жерге таудың иесі тақтайшаға телефон нөмірін жазып, «сатылады» деп қойғанын да көзбен көрдік,-дейді (Nur. Кz, 2012). Ақын С.Тұрғынбековтің «биші қайыңға» араша түсем деп, өлең жазатыны да осы тұс.
Араны ашылғандар таудың гранит тасына да ауыз салып, тоналап таси бастаған. Абырой болғанда, сол кездері облыс тізгінін ұстаған Еркін Әуелбеков пен Мақтай Cағдиев өздері келіп, қатаң тыйым салған екен. Мұндай фактілер жетерлік. «Ал, сондай кәсіпкерлерге Бурабай тағдырын сеніп жалға беруге бола ма? Жалға берілген Анау Алматы маңындағы Бутаков,Алмаарасан шатқалдары,Үлкен Алматы көлі адам шошырлық күйге түскенін «Зеленое спасение» экоқауымдастығы әлеметтік желіде ашына жазып жатқан жоқ па?!» -деседі, біз жоғарыда тоқталған Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді жалға беру туралы сөз болған жерде.
«Халің қалай, Хан Ордасы- Бурабай!
немесе Киелі жерге кім ие?
Әулиекөл мен Оқжетпес шыңы ортасына орналасқан, үш жүздің ханы Абылай ұлт ұйытқысы билері мен әруақты батырларын жинап жиын өткізетін «Абылай алаңына» 1991 ж. хан Абылайдың туғанына 280 жыл толуына орай стелла орнатылса, 2004 жылдың 9 шілдесінде ел Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен 34 метрлік монумент-ескерткіш қойылған (Мұнда Ұлы ханның ескерткіші,тіпті, әлі күнге бюсті де жоқ). Алаң төріндегі дөңестегі көне жәдігер- граниттен жасалған «Хан тағын» келушілер үнсіз айналып тәу етуші еді...
...Дүние құбылады неге бұлай,
Бурабай қазақ үшін Құбыладай.
Бурабай қазағымның Хан Ордасы,
Қазақтың жүрегінде хан Абылай!...
Ұлы хан алтын-байлық жинамаған,
Тағы-тас, қорғаны- тау, сұлу орман.
Айнала -аққу құшқан айнакөлдер
Әр тасы тәбәрік қой, бізге қалған!..- дегің-ақ келеді. Бірақ... қазір бұл Алаң да, «Хан тағы» мен осындағы шағын мұражай да күтімсіз қалған... Жаз болса қаптаған меркантильдік бақалсауда орындары басып кетеді екен...
Қазақ үшін тағы бір өте-мөте киелі жер- Оқжетпестің ұшар басына ақша табу үшін әлдекімдер сымарқан тартып, бала-шаға құжынап жүргенін көргенде, ал, қайталанбас табиғат құбылысы «Жұмбақтас»қа Ресейден келген бір топ жас арақ-шараптарын ортаға қойып қойып, аузына келгендерін айтып, ашық-шашық «билеп» жүргенін көргенде жағамызды ұстадық.
«Мына жартасты қопарып тастау үшін бір шөкім тротил де жетеді-ау!» деген ой денемізді түршіктірді. «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» таппайсың. Осыларды көргенде, қайран Бурабай бүгінде иесіз қалғандай сезінесің... «Кенесары үңгірі» Әулиекөлден 500м. биікте орналасқан. Кіреберіс тақтада:
«Сол түні сонау үңгір тау ішінде,
Қабағын қарс жауып, Кене ойланды.
Қиналған қазағына жол таппаққа,
Жүрегі тілім-тілім тіле ойланды!..»-дегенді өз жүрегі де тілім-тілім Мағжан ақын ғана айта алар-ау дедік. Ал айнала жартасқа түскен «Саша, Маша,Ахмет...» сияқты шайтаніз шимайлар, қаптаған бөтелке мен лас нәжіс,қоқыстар-бүгінгі ұрпақтан қалған белгі... Әттең, «елім, жерім!» деп жүрегі «тілім- тілім» ойланар бір пенде табылса бұған жол бермес еді-ау! -деген ауыр қиналыспен төмен түсе бердік...
БЩК аймағындағы 100-ден аса меншік иелері аумақты бөліп-бөліп алып, қоршап тастаған. Араларындағы аяқ бассаң ақша сұрайтын қоршаулар, «қытай қабырғаларын» көргенде: «Бурабайды бүгінде туристер түгілі Президенттің өзі еркін аралап өте алмайтын болар», дегендейсің...
«Боровое» ма, Бурабай ма?
Әдетте, шетелдік туристерді табиғатты тамашалау ғана емес, жергілікті ұлттың тарихы, экзотикалық ерекшеліктері, өзіндік салт-дәстүрі ерекше қызықтыратынын шет елге шығып жүрген кез келген адам жақсы біледі. Айта кетейік,Көкшетаулық қаламгерлердің бастамашылығымен құрылған «Мирас» өлке зерттеушілер клубы жас ұрпақты Отанын, жерін сүюге жетелейтін өте игілікті іс тындырған. Көне құжаттарды ақтара жүріп, «жер-су аты бабалардың хаты» болып қалған осы өңірдің 25-тен астам бұрынғы қазақша өз атауларын тапқанымен, өкініштісі, кертартпалар айналымға енгізбей, «Спящий рыцарь», «Сфинкс», «Синюха», «Боровое», «Карасье» (Қарасу), «Корова» (Өгізтас),«Казачий остров» сияқты отаршылдық қамытындай ондаған жат атаулардан әлі құтыла алмай тұр. Республикалық дәрежедегі 13 табиғат ескерткіштері түгелдей дерлік орысша қалпында. Ал ежелгі қазақы топонимикалық атаулардың әрқайсысы тұнып тұрған тарих, шешіре! Туристерге кереп бере алатын төл тарихымызға, шет тіліне жетік арнаулы гид- экурсоводтар дайындау ойға келмеген, жоқ десе де болады.
«Ахуалы осы. Сонда соңғы 10-15 жылдан бері жыл сайын бюджеттен Бурабай курорттық аймағын дамытуға бөлінетін миллиардтаған қаржы сол «Туризмді дамытамыз» деген желеумен ұрандатып жүрген алпауыттардың өз қалтасына кетпесе, қайда кетіп жатыр?» деп күйінеді былайғы жұрт.
Тобықтай түйін. Келер ұрпаққа не қалдырамыз?
Елбасы мақаласында айтылғандай, Ұлытау-ата тармихымыз бастау алған рухани-тарихи орталық, Түрікстан рухани-имандылық орталық болса, ал Бурабай- үшжүздің тұңғыш ханы Абылайдың Хан Ордасын құрған киелі жер. Үш жүз боп ұйысқан ұлттың алғашқы Елордасы десек те артық болмас!
Олай болса,сөз басында ғалым-кәсіпкер Асқар бауырымыз айтқандай, қазақтың да қабырғалы ел болғанын, Алашқа ұран болған ұлы Абылай,соңғысы жаужүрек Кенесарыдай хандары, аты аңызға айналған батырлары, ұлтты ұйытқан абыз билері болғанын танытар асқақ Ескерткіш-кешендер салынып, түрлі отансүйгіштік шаралар жасалып жатса, анау Абылай хан Алаңында осындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының болашақ жас офицерлері, сарбаз-ұландар әскери ант қабылдап жатса-тәрбиелік мәні ерекше, нағыз «Рухани жаңғыру» дегеніміз сол болмай ма?!-дейді көргенді көпшілік.-Тәуелсіз елдің жас ұландары осыны көрсек дейді. Елбасы шақыруы да осыған үндейді емес пе.
Көкшетаулық қаламгерлер еліміз тәуелсіздік алсымен-ақ баспасөз беттерінде Бурабайдың мұңын мұңдап дабыл қақты. Ал,арқалы ақын Серік Тұрғынбековтің «Тимеңдар, «биші қайыңға!» деген жоқтау-өлеңі Бурабайда ағаш-ағашты аралап, әлі араша сұрап жүргендей... Иә, жер бетіндегі сирек кездесетін табиғат мүйісі, «Қазақстан Швейцариясы» атанған,«Абылайдың Ордасы құрылған,...қазақ ақындығының да ордасындай болған» (Мағжан) Көкше-Бурабайдың әсем көркі экологиялық жойылып кету қауіпі алдында тұр. Ендігі үміт ел Президентінде: Бурабайға айырықша Статус (мәртебе) беруді сұрап қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері Елбасыға арнайы хат әзірлеп жатқаны ғана көңілге үміт ұялатады. Қоғам боп қолдау көрсетейік,ағайын!
P.S. «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақ ала ордам қонған жұрт!..»- деп бір кездері Қарға бойлы Қазтуған жырау айтқандай, Үшжүздің ханы Абылай Хан Ордасын құрған киелі жұрт артымызда қалып барады. Қиялымызды тербеген қайран Бурабай-Оқжетпес жанары жасаурай қарайды!... Жәрдем күтіп тұрғандай...
Болат Жәмкенов,
Журналист-қаламгер, дипломат.
«Құрмет» орденінің,
ҚР Президентінің БАҚ
саласындағы сыйлығының иегері,
«ҚР Мәдениет қайраткері».
Астана .Пайдаланылған негізгі әдебиеттер:
1. А.Қазыбеков. «Бурабай.Оқжетпас.Әулиекөл.» «Көкшетау-полиграфия», 2011ж.
2. Н.Д.Беклемишев. «Курорт Боровое». Алматы,1958г.
3. М.Ж.Жандаев. «Курорт Боровое». Алматы,1981г.
4. Е.Мырзахметов. «Көркіңнен айналайын,Көкшетауым!».Алматы,1998ж.
5. БАҚ материалдары.