Үш тілділік - баланы интеллектуалды мүгедек етудің төте жолы
2018 ж. 30 мамыр
4644
5
Шымкенттен Марат Борықбай дос маған былай деп хат жазыпты: "Үш тіл демекші, біздегі бір суперақылы бақшада бүлдіршіндер тілдерді сайрап үйреніп жатыр екен. Бір әдіскер телеарнада сұхбат беріп, "бір жарым жасар бүлдіршіндердің тілі ағылшынша шығып жатыр» - депті, қуанышы құшағына симай... Тілшінің "Ол дұрыс па?" - деген сауалына: -"Иә, дұрыс деп ойлаймын" - деп жауап беріпті" дейді ...
Не айтуға болады?
Жаман айтсақ: бұл - баланы интеллектуалды мүгедек етудің төте жолы. Себебі, тілі ағылшынша шыққан бала өзге тілдік ортада қала берсе (қазақ не орыстілді делік) - өсе келе "тілін қайта шығаруға" мәжбүр болады. Ал бұл баланың психологиялық-танымдық дамуын соншама жылға шегереді. Педагогика ілімі мұны әлдеқашан дәлелдеп қойған!
Сондықтан, баланы "рухани мүгедек" етіп алмау үшін, оны, яғни - тілі ағылшынша шыққан баланы - тез арада ағылшын тілді ортаға жеткізу қажет. Мейлі ол АҚШ па, әлде Англия ма - бәрібір, маңызды емес...
Болмаса бала шектеледі. Ал, өздеріңізге белгілі, бүлдіршіннің даму қарқыны былай − баланың əр күні - айға, айы - жылға тең! Осыны ескере келе, бұл шараны шұғыл жүзеге асыру қажет!
Оны қалай жүзеге асырамыз?
Ол үшін, жақсы айтар болсақ: баланы құтқару мақсатында оның "тілін шығарған" педагог-тәрбиешілер мен «шығартқызған» шенеуніктер және тағы басқалар «бала және ата-ана жолына» деп өз қалталарынан, бала кәмелетке толғанша сол жақта тұруы үшін ақша жинап бергендері жөн. Егер олар нағыз педагогтар болса, онда бала тағдырынан ешқашан теріс айналып кете қоймас... Олай ете алмайды деп санаймыз.
Ал, Білім және ғылым министрлігі, өз тарапынан, осы мәселе бойынша қаулы шығарып, бюджеттен қомақты ақша қарастырып − шұғыл түрде ол елдердегі бала қабылдайтын мекемелермен не отбасылармен келісім жасай бастаулары қажет! Халықаралық заңдарға сай, сәбидің ата-аналарына да жатын орын беріліп, аудармашы тағайындалсын.
Ескере кетейік, біздің бала бақша қызметкерлері де, министрлік қызметкерлері де жалақы алып отыр! Ендеше, кредит алса да, бұл олардың қолдарынан келер тірлік!
Олар бала үшін еңбегі мен ақшасын аямайды деп сенейік!
Олар әруақытта "баланың денсаулығы жəне болашағы бәрінен жоғары тұруы тиіс!" деп санайды, оған еш күманданбайық!!!
Әбдірашит Бәкірұлы,
Фейсбук парақшасынан