Ел тарихындағы елеулі тұлға
2018 ж. 28 мамыр
6503
1
Қазақ халқында ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар, елдің сөзін сөйлеген ақындар, жыраулардан қашанда кенде болмаған. Солардың ішінде жарық жұлдыздай жарқ етіп өзіндік бейнесін көрсете білген ақын Сүйінбай атамыз еді.Сүйінбай Аронұлы қазақ халқының XIX ғасырда өмір сүрген ең әйгілі өнерпазы, табиғи зор талант иесі, суырып салма ақындық өнердің жарық жұлдызы. Жыр алыбы Жамбылдың пірі, шалқар шабытының көзі,ақындыққа баулыған жыр тұлпары. Сүйінбай атамыздың поэзиясы әрқашан терең философиясымен, ой сұлулығымен және тілінің поэтикалық өрнек айшықтарымен ерекшеленеді. Ақын бабамыздың бойындағы зор талант атадан балаға мұра болып келе жатқан тектік тарихы бар тамырлы өнер. Оның атасы Күсеп Жиенқұлұлы XVIII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы аттанған ірі жырау, шебер қобызшы, күйшілігімен аты шыққан жауынгер ақын еді. Өзі парсыша, арапша кітаптарды оқыған білімді адам болған. Күсептің Жаманақ, Жаңбыршы, Арон деген үш ұлы болған. Ароннан Сүйінбай атамыз тарайды. Сүйінбай атамыздан Малыбай, Жетібай, Әзірбай атты үш ұлы, Байжан, Қойжан атты екі қызы болған.
Ақын бабамыз ақындықтың қалай қонғанын өзінің «Түс» деген өлеңінде былай дейді.
Атыңнан айналайын қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін « өлең» деді «көген» деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған.
Ақынға жасырақ кезінде Қызыр өзі келіп, түсінде аян береді, оянғанында ақын болып оянады деседі. Сүйінбай атамыз ақындық шабыттың киелі қасиетті бейнесі – сайрауық құстар деп таниды.
Сүйінбай атамыз – ірі ақын. Сондықтан оның қозғаған тақырып, көтерген мәселелері де ірі болып келеді, соған орай ойы да өрелі, тілі де өрнекті шығады. Сүйінбай атамыз үнемі халыққа арқа сүйеп, ру емес, тайпа емес, тұтас елдің мүддесін жырлайды, ел үшін оттан да, судан да тайынбай, өмірін қиған ерлерді мадақтайды. Ол ақындықты айтыстан бастап, талантының өлең сайысына бейімділігін байқатады. Айтыстарының қай-қайсысынан да Сүйінбай атамыздың ақындық мұраты анық көрініп тұрады: қайырымсыз байларды мінеп, есесі кеткен кедейлерді жақтайды, ел ішінің бірлігін жырлайды, әділдікті, батырлықты дәріптейді. Соның арқасында қарсыластарын үнемі жеңіп отырады. Көмейінен маржан өлең төгілген, сөз зергері тек Жетісудың ғана емес, бүкіл қазақ халқының ақыны. Айтысқан ақындарына орақ тілмен, шымшыма сөздерімен ой сала білген. Оның ұтымды мысқылына шырмалып қалған қарсыластары қапелімде сөз таба алмай еріксіз мойындаған.
Ақынның Тезек төремен айтысы оның ақындығының халықтық сипатын мейлінше анық көрсетеді. Ел арасында тараған бір аңызда Сүйінбай атамыздың жебеуші пірі қызыл тарғыл жолбарысы болыпты.Ол жолбарыс Сүйінбай атамыз топқа келіп айтысқа түскенде, ақынның алдына келіп жатады екен.Қарсыласына айбатты сесін көрсетіп жатады – мыс. Оны бірақ ешкім көре алмайды. Тек Сүйінбай атамызға ғана көрінеді дейді. Кейін осы жолбарыс шәкірті ақын Жамбыл атамызға келіп қонған.
Сүйінбай атамыз басынан сөз асырмаған, азуы алты қарыс Тезек төремен айтысқанда, қаймықпай Тезек төренің мінін бетіне басқанында да , киелі жолбарыстың сесі басады. Айтысында төреге қаймықпай
Хан емессің қиықсың,
Қалың елді айдап жеп.
Теріңе зорға сиыпсың,
Ұры – қары залымды.
Жаныңа бәрін жиыпсың,
Дүние жұтса тоймайтын.
Түпсіз жатқан ұйықсың,
Қадірің жоқ халыққа.
Аққан судай сұйықсың, десе
Хан төре қарамысың, төремісің,
Жемесең ұрлық етті өлемісің.
Жетім мен жесірлердің ақысын жеп,
Барғанда ақыретте беремісің – дегенді Тезек төреге айтуы, Тезек төре ғана емес басқа көпшілікке де аспаннан жай түскендей әсер еткені анық.Оған қайтарған жауабында Тезектің сөзі солғын, әрі нанымсыз шыққан.Осы айтыс ақынның үлкен дарынын дәлелдеді.
Сөз зергері Сүйінбай атамыздың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысы да екі ел арасында бүгінгі күнге дейін айтылып, жетіп отыр. Қатағанның шын аты – жөні Арыстанбек Байлашұлы, Қырғыздың Нарын деген жерінде туған. Жастайынан өлең айтып,қобыз шертуге әуестенген. Қатаған да өлеңді суырып салуға өте шебер, өз аймағында теңдесі жоқ төкпе ақын атанған. Қырғыздың Саяқ тайпасында Қатаған руына жатады. Айтыс өнерінде сынаған адамының жаратылысын жете аңғарып барып сөйлеу Сүйінбай атамызға тән қасиет. Ақын тілінде таудың суындай тазалық, алмастың жүзіндей өткірлік бар.Ол табиғат пен адамзаттың арасындағы әдемі үйлесімді айтса да, қоғамдық қатынастарды бағалап сынаса да, өмірдің ағысы мен қозғалысын жырласа да, оның поэзиясынан теңіз астынан терілген лағыл тастардай әдемілік пен сұлулық сезіледі. Оны қиыннан қиыстырған шешен тілі айқын бола алады.
Ақынның азаматтықтық, ақындық даңқы туған жерінен асып, туысқан қырғыз халықтарына да кеңінен мәлім болды. Оның өткір де азаматтық, елдік бейнесі халықтың арасында кеңінен қолдау тауып, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сүйінбай атамыздың ақындық күші - оның халықтық сипатында. Ол қарапайым, еңбекші елдің арасынан шықты, сол ұяны жанындай жақсы көрді, бар ғұмырын, өнерін соларға арнады.
Халықты тілмен қорғадым
Сөз шындыққа келгенде
Бас кесседе болмадым
Құтылып жарлы жеткенше
Зорларды сөзбен торладым - деп халықтың жоғын жоқтап, сөзін сөйлеген, өзінің зор талантын, ақындық дарынын түгелдей халық игілігіне арнаған. Асылы, ақынның да ақыны бар: баз біреулер болыстар мен билерді дәріптеп, соларды ай мен күнге теңеп, тасасында көлеңкесінде күн көрген, ал Сүйінбай атамыз болса, ешуақытта елін, елінің мұң – мүддесін ұмытпаған, жыласа жұбатқан, жасыса қайрат берген, бір сөзбен айтқанда, халықтың шолпан жұлдызынан жаңылмаған ержүрек ақын.
Сонымен қатар Сүйінбай атамыз өз өмірінің бейнесін былай баян еткен.
Ақын болып жиырмада желдей болдым.
Отызда асқар биік белдей болдым
Отыз асып, қырықа келгеннен соң
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым
Қырық асып елуге келгеннен соң
Түбім терең құрақты
Сұқсыр үйрек жатқан көлдей болдым
Алпыс асып жетпіске келген кезде
Тап тақыр ел жайлаған жердей болдым
Жетпіс асып сексенге келгеннен соң
Жігіттік көрген түспен теңдей болды
Сексен асып тоқсанға келген кезде
Күнде қалып қураған көңдей болдым – деген еді. Жалпы Сүйінбай атамыздың түсінігінде адам ғұмыры түгелдей ел игілігі болуы керектігін, оны мүмкіндігінше жасынан қолға алуын, қарттық кезін ақыл қорытып,
даналыққа бой ұруын дәріптейді.Осы шығармаларындағы ойларының құндылығы қаншама жылдар өтседе, қайта жаңғырып, өзінің мәңгі өміршеңдігін паш етуде.
Ер жігіт ел – жұртымның қаласындай
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ
Көреді бәрін де өз баласындай
Ақын қалдырған бай қазынаны зерттеу негізінен 1931 жылдан басталады. Ел арасынан өлеңдері жинақталып, арнайы зерттеушілер әр қилы талдау жасады. Академик С.Мұқанов «Сүйінбай жалғыз айтыстық өнер ғана емес, сонымен қатар өз заманының барлық күнделікті тіршілігіне айналысып, халықтың жақсылығын дәріптеуші, кемшілігін сынаушы, тарыққанда ақылшы, қуанғанда сүйеніштісі болды» - деген екен.
Халқымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов ақын өнеріне тәнті болып «Сүйінбай - айтыс өнерінің алтын діңгегі» - деп атаған. Ал қазақтың ұлы суретші –кескіндемешісі Ә. Қастеев «Сүйінбай ақын тек бір ғана Жамбылдың ұстазы ғана емес, ол күллі көркемдіктің, әдеміліктің ұстазы» - деп лайықты бағасын берген.
Сүйінбай атамыздың «Қарасай батыр», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр» атты эпостық жырларында ақын елдік, ерлік, азаматтық мәселелерді кеңінен қамтып эпикалық сарында жырлаған.Осы шығармалары халқымыздың алтын қорына енген асыл жауһарлар. С.Аронұлы тек айтыскер, эпик ақын болмаған сонымен қатар Ұзынағаш болысының биі болған.Сүйінбай атамыздың ауыл биі қызметіне 1871 жылдың қаңтар айында сайланып , 1895 жылғы жаңа сайлауға дейін сеніп тапсырылған осы лауазымды мүлтіксіз атқарып, 23 жылға жуық ауыл биі болды. Негізінен Ұзынағаш болыстағы құрылған 1868 жылдан бастап, патша билігі құлаған 1917 жыл аралығында ауыл биі қызметіне 17 рет сайлау өтті.Осы сайлаудың сегізіне түсіп , жеңіске жетіп Ұзынағаш болысының №2 ауыл биі болып ұзақ жыл қызмет етті.1909 жылғы «Дауысқа түсу қағазында» былай деп көрсетіледі:ол болыс сайлауы 1909 ж 8 – ші маусымда Майтөбе жерінде өтеді. Болыс басшылығына 52 жастағы Малыбай Сүйінбай ұлы 29 дауыспен қарсыластарын жеңіп шығады. Ал оның кандидатындағы 27 жастағы туған інісі Жетібай Сүйінбайұлы 27 дауыспен сайланады. С.Аронұлы Ұзынағаш болыстығында 30 жылға жуық тынымсыз еңбек еткен атақты тұлға.С.Аронұлының жеке мөрі болған.
Қорыта айтқанда шығармаларында теңеп, балап айту мен терең ойлы астарлы тұспалдардың көптігі және әсірелей сипаттап көрсету жан бітіре кейіптеп, дамыта өсіре бейнелеудің тамаша үлгілерінің молдығы Сүйінбай атамыздың аса дарынды көркем сөз шебері болғандығын дәлелдейді. Сүйінбай атамыз – өзі туып – өскен еңбекші халық ортасында жасап, сол
ортадан тәлім алып, жетілген өнер саңлағы, дәуір қайшылықтарын аша да жырлай да білген шыншыл ақын. Оның шағармалары - өзінің өміршендігі мен көркемдігі мен құнды. Сүйінбай атамыздың талант табиғатындағы ерекше қасиеті, өзінше өрнек тәсілі болып саналады. Өзінің шыншыл, көркем,халықтық бағыттағы шығармаларымен қазақтың өлең күмбезіне өшпес өрнек қосқан Сүйінбай атамыздың ақын мұрасы бұл күнде Қазақстан көлеміне танылды.Туған елінің асылын ардақтаған, жаманшылық атаулыны аяусыз сынаған, әлеуметтік теңсіздіктерді таңбалаған, ұлттық бейнемізді айқара ашып, мынау ғаламат ғаламдағы қарапайым ғана тіршілік кешкен қазақ халқының қадір – қасиетін дүниенің төрт бұрышына түгел танытты. Сондықтан да ақын жыры, ақын сөзі туған халқымен бірге ғасырдан - ғасырға көшіп, мәңгі жасай бермек.
Музейдің алдағы мақсаты мен міндеті Сүйінбай атамыздың өлеңдерін сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізу. Музей қызметкерлері тарихи мұраларды зерттеп, жинаумен қатар, ақын мұрасының өшпес құндылықтарын сақтап, жастар арасында «Сүйінбай» жыраулық мектебін қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде.
Сүйінбай атамыз 1815 жылы Жетісу облысы Верный уезі, Ұзынағаш болысына қарайтын №3 ауылда дүниеге келген.Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылының оңтүстігіндегі Құлансаз жайлауында дүниеге келген.
Оның есімі жер бетінде мәңгілік миуалы ғұмыр кешетін халқымен бірге жасайды, жылдан – жылға жасарып , күннен – күнге көркейе береді.Сүйінбай атамыздың абыройын тасытып, оның асыл мұраларын алға апарушы біздерміз, біздерден кейін сіздерсіздер, еңсесі биік жас ұрпақ!
Қарлығаш МҮШІРОВА,
Сүйінбай Аронұлының әдеби – мемориалды музейінің
экскурсия жүргізушісі,
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылы