ТАРЛАН ТАРИХШЫ
2018 ж. 25 мамыр
6051
0
Көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков жетпіс жасқа толды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 80 жылдам астам тарихы бар ғылым ордасы. Ол Қазақстанда алғашқы арнайы ашылған бірден-бір университет, 1970 жылдарда Қарағанды қаласында екінші университет ашылды. Кеңес үкіметі кезінде университеттерден тек осы екеуі болатын. Сондықтан, бұл жоғары оқу орнында кезінде білім алуға көптің қолы жете бермейтін. Бүгінгі күнге дейін республикадағы жоғары оқу орындарының ішінде көш басшысы саналатын «Қара шаңырақ» ғылым мен білімнің орталығы болып табылады. Осындай жоғары оқу орнында ғылыммен қатар жастарды білімге баулыған республика көлемінде ғана емес алыс және жақын шетелдерге танымал ғалымдардың бірі – Құрметті академик Талас Омарбеков ағамыз.
Ағамыз, бүгінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Талас Омарбеков бар өмірін ғылым мен білім беру қызметіне арнаған ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым. Қазақ халқында «Алдыңғы арбаның дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелек те солай жүреді» деген мақалда айтылғандай, адам баласы да алдыңғы буынға қарай, кейінгі буын бой түзеп өседі және оның орнын басады. Бұл барлық адам баласына тән өмірдің заңдылығы болып табылады. Алдыңғы буынның өмірден алған білімінен, тәжірбиесінен үлгі алып, оның өмірге қажетті жақтарын үйреніп, оны кейінгі ұрпаққа беріп, артынан шәкірттер тәрбиелейді. Студенттерді білім мен ғылымға баурай білген ұлағатты ұстаздардың бірегейі – Талас ағамыз.
Талас ағамыз отандық тарихтың дамуына сүбелі үлес қосқан тарихшы ғалым. Бүгінде тарихшы да, тілші де, әдебиетші де, тіпті басқа саланың маман иелері де тарихпен айналысып, тарих төңірегінде еңбектер жариялауда. Әрине, тарихты жазғанда ғылыми тілде тарихи дереккөздерге сүйене отырып, нақты дәлелдермен мысал келтіріп, оны тарихи фактілермен дәлелдеу бір бөлек, ол әр тарихшының қолынан келе бермейтін дүние. Ал тарихты ғылыми тілде сөйлетіп, дереккөздерге сүйене отырып, нақты, оны фактілермен дәлелдей алатын тарихшы ғалымдар ішіндегі бірегейі – Талас ағамыз.
Талас Омарбеков – өткен ғасырдың ортасында дүниеге келген, тарихтың бұл кезеңі Кеңес Үкіметінің кемеліне келіп, социалистік қоғам құруға коммунистік партия басшылығымен көп ұлтты КСРО-ның халықтары атсалысып жатқан жылдар болатын. Социалистік қоғамда коммунистік идеология үстемдік етіп, тарихтың ақтаңдақтары саналатын Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы кеңес үкіметінің жүргізген: ұжымдастыру саясаты, байларды тәрікілеу, 32-ші жылғы зұламат, саяси репрессия, жалпы қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан зерттеуге шектеу қойылған тақырыптар болды. Сондықтан ғалымдарға зерттеу мен мұрағат құжаттары негізінде табылған деректерді жариялау мен ғылыми еңбек жазуға тыйым салынған-ды. Бірақ ғалым мұрағат құжаттары негізіне сүйене отырып бірнеше еңбектер жариялап, партия сынына іліксе де, тарихтағы ащы шыңдықты зерттеу мен жазуда оған ешкім кедергі бола алмады. 1991 жылы КСРО-ның ыдырауынан кейін Қазақстан тәуелсіздігі жарияланып, Отан тарихындағы ақтаңдақтарды жаңаша тұрғыдан зерттелу қолға алынды. Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы отандық тарихшылардың бірі Талас ағамыз болды. Ол 20 ғасырдың 20-30-жылдары Қазақстанда байларды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашып көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырды. Қазақстанда 1929-1931 жылдардағы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар зерттеліп, нәтижесі ғылыми еңбек болып жарияланды. Оның 1993 жылы қос авторлықпен (М.Қойгелдиев) шыққан «Тарих тағылымы не дейді?», 1994 жылы «Зобалаң» және 1997 жылы «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті», «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» және Шыңғыс Омарбековпен бірігіп жазған «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас», «Тарихпен өрілген тағдыр» деген монографиялар мен еңбектері жарияланды. Ғалымның тікелей басшылығымен ашылған «Алаш» ғылыми зерттеу орталығы кеңестік кезеңде зерттеуге тыйым салынған қазақтың ру - тайпаларының тарихына байланысты 30 томнан астам еңбектер жазды. Бұл орталық 2007 жылы «Жылдың үздік ғылыми-зерттеу орталығы» деген номинацияға ие болды. Аталмыш ғылыми орталықтың «Алаш» тарихи-этнографиялық журналында Талас ағаның түрлі тақырыптарды қамтыған ғылыми зерттеу мақалалары мен сын-пікірлері жарық көрді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен университетте «Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерделеу» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оның директоры болып тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков тағайындалды. Талас ағамыздың тікелей бастамасымен: «Қазақ түркілерінің мемлекеттігі: ұлыстар, қағанаттар мен хандықтар», «Қазақ хандары»,«Қазақ халқының этнотерриториясының қалыптасуының мәселелері», «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы», «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениттер тарихының мәселелері», 4 томнан тұратын «Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы», жоғары оқу орындарының бакалавр студенттерге арналған 4 томдық «Қазақ елі» оқулығы және мектеп оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» (5-10 сыныптарға арналған) оқулықтары жарық көрді. «Қазақ елі» оқулығына сұраныстың көп болуына орай орыс және түрік тілдеріне аударылуда.Еліне, жоғары білікті мамандарды дайындау ісіндегі еңбегі еленген, бірнеше марапат иесі. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. 2007 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантын иеленді. 2009 жылы ғылым мен бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері және жоғары оқу орнындағы қызметі үшін «Құрмет» орденіне лайық деп танылып,марапатталды. 2017 жылы «Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жылдығына орай, Алаш тарихын зерттеуде қосқан еңбегі үшін «Алаш» медалімен марапатталды.
2001-2017 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ғылым мен білімді қатар алып жүрген ағамыз ғылымға көп шәкірттерін баулый білді. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» демекші, отандық тарихтың «ақтаңдақтарын» зерттеп, оны жазуда тың жол салып, артынан көптеген шәкірт ерте білді. Талас ағамыздың жетекшілік етуімен оның шәкірттерінің онға жуығы тарих ғылымдарының докторы және отыздан астамы тарих ғылымдарының кандидаты болды. Олар бүгінде республиканың көптеген жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда қызмет атқарады. Міне, ғылым жолында осыншама шәкірт тәрбиелеген ағамыз, жастарды ғылым мен білімге жетелеп, тәрбие берген ұстаз – баға жетпес биік тұлға. Барлық ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым ағамыздың жүріп өткен жолы болашақ ұрпаққа үлгі.
Талас ағамыздың бойындағы тамаша қасиеттері: кішіпейілділік, еңбексүйгіштік, қарапайымдылық, тәубешілік, ізгілік, парасаттылық сынды жаратылыс берген мінездің арқасында жора-жолдастарымен, ғылымдағы әріптес достарымен тіл табысып, қаншама шәкірт тәрбиелей білді.
Бүгін 70-тің шыңына шығып отырған Талас ағамызды университет ұжымы шын жүректен құттықтап, ең бастысы – денсаулық, ғылым мен білім жолында бұдан да биік шыңға жетуіне және отбасына бақыт, қуаныш тілейді!
Гүлнар Қозғамбаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың Қазақстан тарихы кафедрасының т,ғ,к., доцент
Өмірдерек Талас Омарбеков 1948 жылы 29-ыншы мамырда Жамбыл облысы Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Ол 1954 жылы осы ауылдағы сегіз жылдық мектептің бірінші класына барды. Жастайынан әкеден жетім қалған қағылез бала тарих іліміне ерте қызығады. Бесінші сыныптан бастап өз бетінше «Ерте дүние тарихы» пәнін оқып-үйренуге кіріседі. «Трудовой пахарь» колхозында он бір жылдық мектептті бітірген жеткіншек осы ауылда тракторшы, токарь, шопан болып еңбек етеді. Қалаған оқуына үш мәрте құжат тапсырып, Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетінің сырттай оқытатын бөліміне зорға түскен шәкірттің аса ізденімпаздығын аңғарған ұстаздар оны кейін ішкі бөлімге ауыстырады. Болашақ ғалымның курстық жұмыстардың өзі орта ғасырлар тарихына арналады. Төртінші курс студентінің баяндамасы Республикада екінші орынға ие болып, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» және заттай сыйлықтарымен марапатталған. Жоғары оқу орнын түгескен жас 1971 жылы Жамбыл облысының Жуалы және Байзақ аудандарында тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1972 жылдан бастап Талас Омарбеков республикалық газет-журналдарға тарихқа қатысты мақалаларын жариялай бастайды. АЙРЫҚША ПАЙЫМ-ПАРАСАТ Талас Омарбеков дәуірлер толқынындағы айтулы құбылыстарға деген тосын көзқарасымен ерекшеленеді. Төменде ғалымның кейбір ой үзіктері ұсынылып отыр. Алаш – «қазақ» ұғымының синонимі Қазақ хандығы – Алты Алашты біріктірген саяси-қауымдық құрылыс. Ал «Алаш» ұғымы – «қазақ» сөзінің синонимі. Міне, осындай ұзақ жолдан өтіп, ақырында Ресейге отар болып, одан отаршылдық үшін күресте небір тарихи тұлғаларды шығарып, біресе қазақ, біресе Алаш атанып, осы дәуірге жеттік, оған да шүкіршілік. Біздің тарихымызды басқалар жазды Біз әлі күнге дейін В.Бартольд сияқты орыс ғалымдары жазған тарихтың жетегінде келеміз. Жасыратыны жоқ, бізде жазба тарих болмай келді. Ауызша дәстүрлі тарих басым. Ол көбінесе күрескерлік рухқа, көркемдеп бейнелеуге, қияли баяндауларға да құрылып кетеді. Батырларымыздың отқа салса жанбайтыны, суға салса батпайтыны секілді суреттелетін жерлері бары белгілі. Бірақ осылай дегенімізбен, кейіпкерлер – заманында болған тарихи тұлғалар. Әрине, ертедегі хан-қағандар күнбе-күн, айма-ай, жылма-жыл тарихты жазып, көшпенді бола тұра, ата-бабаларымыздың мұрағаты болғанда, әңгіме басқаша болар еді. Бұл – біздің кемшілігіміз және қиыншылығымыз. Әлі де тарихи шындыққа жете алмай келеміз Мұстафа Шоқайдың бір мақаласы «1916 жылғы көтеріліс туралы большевиктердің өтірігі» деп аталады. Қазір біз сол өтіріктен көтеріліс шындығын аша алған жоқпыз. Мұстафа Шоқай «ұлт-азаттық» сөзін қолданбайды. «Ұлт-азаттық» сөзін қолданып жүрген – мына бізбіз. Меніңше, «ұлт-азаттық» дегеннен арылуымыз керек. Бұл – Патша үкіметіне, оның отаршылдығына қарсы бағытталған ұлттық қозғалыс еді. Ешқандай ұлт-азаттық күрес емес. Мұстафаның мақаласын талдауды жалғастыратын болсам, ол «1916 жылғы көтерілістің баса назар аударатын ең маңызды тұсы қайсы?» деп сұрақ қояды. Бұл сұраққа 1916 жылғы қозғалыс жалпы алғанда ұлттық қозғалыс еді, онда таптық күрестің елесі де жоқ еді деп жауап береді өзі. Бұл – ешқандайда ұлт-азаттық емес, рулық қозғалыс. Көптеген зерттеулер тиіп-қашты дүниелер Тайпалық көтерілістер Кеңес өкіметінің кезінде жақсы зерттелді. Көптеген құжаттар жиналды. Дегенмен, орысқа қарсы рулы ел болып көтерілгендер туралы деректер құпия болып қалды. Мысалы, «Қарқара көтерілісі» мүлде айтылмайтын. Тәуелсіздік кезінде де бірталай құжаттар жинақ болып басылып шықты. Бірақ, бұл зерттеулердің барлығы шашыраңқы, тиіп-қашты дүниелер.qazaquni.kz