Шардараның шалқыған шаттығы еді
2018 ж. 21 мамыр
5910
0
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының мәдениет саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан жыршы-термеші Тілеубаев Жақсыбай Нышанұлы 48 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Жақсыбай Тілеубаев 1971 жылы 10-наурызда Киров ауданы, Мақталы ауылында дүниеге келген. Отбасымен бірге 1975 жылы Шардара ауданы, Ұзын ата ауылына көшіп келіп, бүгінгі күнге дейін осы өңірде өнер және мәдениет саласында қызмет етті.
Еңбек жолы 1988 жылы Шардара ауданындағы «Комсомол» ауылдық «Мәдениет үйінде» көркемдік жетекші болып бастаған Жақсыбай осы ауылда 2006 жылдың қыркүйегіне дейін қазақта сирек кездесетін табиғи дауысымен халық әндерін, термелерді, мағынасы терең жоғары тембрдегі әндерді орындап «халықтың еркесі» бола білді. 2006 жылдың 1-қыркүйегінен бастап өмірінің соңына дейін №16 колледжде көркемдік жетекші қызметін атқарды.
Жақсыбай Нышанұлы ауданның, облыстың өнер және мәдениет саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан атпал азамат. Халық термелерін баянымен Нартайдың әуеніне салып қазақтың кең даласында қалықтата әндеткен біртуар әнші еді.
Ж.Тілеубаев колледжде бірнеше буын жас әншілерді тәрбиелеген, жаңа жұлдыздарды жаға білген білгір маман болды. Колледждің мәдени іс-шараларының жоғары деңгейде өткізілуі, сонымен бірге облыстық, республикалық деңгейде өткізілген байқаулардан жеңіп алған Бас жүлделері мен жүлделі орындары Жақаңның үлкен жауапкершілігі, біліктілігі мен ізденімпаздығының нәтижесі десек артық айтқандық болмас. Студенттер үшін өз қаржысына студия ашып, көптеген жас таланттарға осы студиядан өнер жолына жолдама әперді.
Ж.Тілеубаев осындай еселі еңбегінің нәтижесінде облыстық Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының Алғыс хатымен, Шардара ауданы әкімінің және аудандық мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жақсыбай үлкенге іні, кішіге аға, сыйлас бауыр бола білген, дос-жолдастықты қадірлей білген абзал азамат еді. Адам баласына қатты сөзі жоқ, өзі қандай ірі болса жүрегі де сондай кең, дархандығы мен азаматтығы жоғары тұлға еді. Жақсыбайдың жарқын бейнесі жадымызда мәңгілік сақталады.
Достары мен әріптестері
Өнердің өр жайлауы көшті белден
Жақсылар мен жампоздар арасында, Жандар аз ба шығатын дара шыңға? Көп жайсаңнан қапыда көз жаздырып, Жалған болып, дүние, барасың ба? Өмір сазы тоқтар ма өксігенмен, Өнер сүйген сырласып бес күн елмен. Ән-Жақсыбай өмірден озды ма екен? Өнердің өр жайлауы көшті белден. Шардараның шалқыған шаттығы еді, Сияқтанып әндері ақ тілегі. Хас жүйрік-қос жүйрік боп келе жатқан, Өлкеміздің дәл мұндай жоқ түлегі. Ақ баянның ақтарып саз сандығын, Оянбайды ол айтсам да, жазсам бүгін. Дүние – сарай тағынан кетті алыстап, Жалғанның мекен етіп аз хандығын. Ән-байтақтың мұңайып беткей бозы, Қос шуақсыз қалайша көктейді өзі? Хан-домбыра қалқайып қалды ма екен, Қыстығып ән нөсерін төкпей де өзі?! Қалды әуені ән сүйген жүректерде, Баян сезім жүректі бір өпкенде. Есіміңді еске алып сағынғаннан, Өзіңді іздеп шығармыз жібек белге.Ажар Сламова Шардара қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы