Нағыз зиялы адам
2018 ж. 21 мамыр
7280
0
Серік Қирабаев, академик
Қазақтың тұңғыш оқу орны – ҚазПИ-дің түлегі (1928-1932), Қазақ ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі, ректоры (1932-1941), Қазақстанның Оқу министрі (1941-1955), Қазақ мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры (1955-1963), Педагогика ғылымдары институтының директоры (1963-1974), ҚазПИ-дің профессоры (1974-1989) Әбдіхамит Сембаевтың есімі туған халқына кеңінен таныс. Ол маған табиғатынан педагогтік, ұстаздық қызмет үшін жаратылған жан сияқты көрінуші еді. Оның халық-ағарту саласында жоғарыдағы жолмен жүйелі кызмет атқаруы кездейсоқ емес. Ол бүкіл өмірін жас ұрпақты тәрбиелеуге саналы түрде жұмсады. Оның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөзі – бәрі де оның мамандығына, кәсібіне лайық, адамға өнеге, тәрбие ұсынатындай байқалатын.
Мен ол кісімен бірінші рет 1951 жылдың жазында кездестім. Әбекең ол кезде Қазақстанның Оқу министрі болатын. Беделді, сол тұстағы республика басшыларына (әсіресе, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке) сөзі өтімді, өз ісіне берік, сөзге тұрақты, адамға қайырымды, өзінің бірге өсіп, бірге оқыған достарын ұмытпайтын адам дегенді жиі еститінбіз. Соңғы сөзді көбінесе қайнағам Сейілбек Бейсенов айтатын еді. Институтта бірге оқып, бірге үйленіп, жатақхананың бір бөлмесінде төртеуі (екі әйелмен) бірге тұрған олардың достығы тым қалтқысыз еді. Сейілбек 1937 жылдың қаһарына ұшырап, қайтып келгенде де Әбдіхамит жалтақтамай, оны Қызылорда пединститутына жұмысқа орналастырып көмектесіпті. Сейілбек Алматыға келген сайын Әбекеңе соқпай кетпейтін. Кейін сондай кездесулерге менің де қатысқаным бар.
Менің институт бітіріп, аспирантураға түсуге дайындалып жүрген кезім еді. Оның үстіне «Жазушы» баспасында қызмет істейтінмін. Сын мақалалар жазып, әдебиетке араласып қалғанмын. Бір күні үйге телефон соғып, Оқу министрінің орынбасары Әди Шәріпов шақыртыпты. Барсам, өзіміз қатарлы жігіттер – әдебиетшілер Құрман Тұрғанбаев, Зейнолла Қабдолов, Айқын Нұрқатовтар келіпті. Біздің басымыз құралғаннан кейін Әди бірден Әбекеңе алып барды. Әбекең әуелі жеке-жеке жөнімізді, қызмет жағдайларын, істеп жүрген істеріміз жайлы сұрап танысып алды да, қазіргі жағдайдың күрделілігін, ұлтшылдыққа қарсы күрес деген науқанның белең алып тұрғанын, мектепке арналған оқулық авторларының әр түрлі айыптарға ұшырап, олардың кітаптары бойынша оқытуға тыйым салынғанын әңгімеледі. Енді оқулық жасау ісіне жастарды тартуды мақсат етіп отырғанын айтты. Осы тұста Әдидің сөз қосып, «осы жігіттерге ұлтшылдық жапсыра алмас. Бәрі де жазуға қабілетті жігіттер. Менің оқулық жасайтын басқа адамым жоқ» дегенді айтып қалғаны есімде. Әбекең мақұлдап бас изеді. Сонымен бізге IX кластың Қазақ әдебиеті оқулығын жазу тапсырылды. Осы жолмен басқа класс оқулықтарын жазатын авторларды да жинапты.
Табиғатында зерек, алғыр Әбекең бізді сол бір көргеннен-ақ жақсы танып алды. Кездесіп қалған жағдайда әңгімеге тартып, кішіпейіл мінез көрсететін. Оған біз де үйрендік. 1951 жылдың күзінде аспирантураға түсіп, қосымша қызмет істеу үшін «Әдебиет және искусство» журналының редакциясына ауыстым. Аспирантурада оқудың да мазасы кете бастаған. Ғылыми жетекшім Қажым Жұмалиев әуелі Қарағандыға жұмысқа ауыстырылды да, кейін айдалып кетті. Барлық жерде күдік пен күмәндану көбейді. Осындай бір кезде Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Сағындық Кенжебаев шақырып, «Пионер» журналына редактор болуды ұсынды. Саяси жағдайдың ауырлығын ескеріп, ғылыми жұмысты қызмет істей жүріп жалғастыру үшін келісім бердім. Орталық Комитеттің хатшылары А.Шалов, Н.Дыхнов, Х.Доспановалардың қабылдауынан өтіп, Орталық партия Комитеті үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Б.Әлимановта болдым (бөлім меңгерушісі сол тұста, неге екенін білмеймін, болмады). Одан кейін Орталық Комитеттің хатшысы М.Сужиков қабылдады. Ол кезде қызметке тағайындаудың жауапкершілігі мықты болғаны осылай сатылап қабылдаудан-ақ байқалады. Соңғы саты Орталық Комитеттің бюросы болды. Оны Ж.Шаяхметов басқарып өткізді. Жас адамның ұжым басқаруға үйренуі қажеттігін түсіндіріп, ол кісінің бірсыпыра ақыл айтқаны есімде.
Осы оқиғадан екі-үш күн өткен соң, бір күні мені Ә.Сембаев шақыртыпты. Ол кезде кешкі қызмет деген болатын. Кешкі сағат 9-дар шамасында келсем, жалғыз отыр екен. Бұрынғыдай емес, қабағы қатыңқы, төмен қараған күйі бір қағазға шұқшиып отыр. Маған кіруге рұқсат етіп, бас изегені болмаса, бірден көңіл аудара қойған жоқ. Бір кезде басын көтеріп: «Сен не, аспирантураны тастап кеткенсің бе?» – деп сұрады. Мен болған жағдайды айттым. Ол кісі Орталық Комитетте кім қабылдағнын, бюроға кім ертіп барып, мені редакторлыққа тағайындау жөнінде ұсыныс кіргізгенін сұрады. Мен Б.Әлимановты атадым. Содан кейін бірден телефонға бұрылды.
– Жұмеке, – деді ол біреумен сөйлесіп. – Өзіңіз ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындау жағдайы нашар деп бізге ренжисіз. Бізде бір талантты жас адамның басы көрінсе, партия, совет органдары тартып алып кетеді. Не істейміз? Кеше ғана біздің бір диссертация қорғайын деп отырған (бұл сөзді әдейі көтере айтты-ау деймін, әйтпесе, дайын диссертациям жоқ болатын), оқулық жазуға қатысып жүрген талантты жас жігітімізді Әлиманов апарып, бізбен келіспей комсомолдың бір журналына редакторлыққа өткізіп жіберіпті. Мен соған қарсымын.
Үстемелеп, бастырмалата сөйлегеніне, батыл айтқанына қарап Жұмекеңе сөзі өтімді адам-ау деп ойладым. Ар жағында ол кісінің не айтқанын білмеймін. Телефон трубкасын орнына қойды да: «Мен Шаяхметовпен сөйлестім. Сені редакторлықтан қайтып алам. Ол кісі хат жаз деді. Аспирантураны бітір. Ғылыми-педагогикалық жұмыс істейсің», – деді қатқыл сөйлеп. Мен үндемеген күйі есікке беттедім.
Ертеңіне қайта шақыртыпты. Келсем, өткен жолғыдай емес, ашуы басылып қалыпты. Баяғыша кішіпейіл, елгезек қабылдап, «Кеше ашумен айтып едім. Жұмекең қарсылығымды айтып хат жазуға да келісіп еді. Бірақ Орталық Комитеттің шешімін өзгертіп қайтеміз? Жұмысыңды істей бер. Бізбен хабарласып жүр», – деді.
Осы бір эпизод мені Әбекең жайлы қолындағы ісіне мығым, шаруасын әркімге билете бермейтін адам-ау деген ойға тіреді. Шынында да, солай екен. Оған көре жүре көзіміз жетті. Сол жылдардағы ұлтшылдық айыптаулардың бір шеті осы министрлікті де шарпып, оқулықтардағы «қателер» үшін Әди Шәріповті жазғырғанын, оның тек Сембаевтың күшімен орнында қалғанын Әдекең маған кейін әңгімелеп еді. «Шәріповтің өз басында жазық жоқ. Майданнан қанын төгіп келген партизан, оны босататын болсаңыздар, мені де қоса босатыңыз», – депті ол кісі Ж.Шаяхметовке.
Ж.Шаяхметовпен сыйлас болып, түсінісіп істескенін Әбекең маған ол кісінің жерлеуіне қатысып келген күні әңгіме етіп еді. Ж.Шаяхметовтің қайтыс болуы мен жерлеуінің елеусіз өткеніне қынжылды. Оның Қазақстан тарихындағы қазақтан шыққан тұңғыш бірінші басшы екенін, іскер, адал, табанды хатшы болғанын айтты. «Маған да көп көмектесіп еді, сол кісінің жерлеуіне қатысып, басында сөз сөйлеп келдім. Бұрынғы министрлерінің көбі келмей қалды. Г.А.Мельник екеуміз ғана бардық», – деді.
Осымен байланыстырып, Әбекең өзі қызмет істеген жылдары халық ағарту жүйесінде қиыншылықтардың көп болғанын, сонда Жұмабай Шаяхметовтің өзін әрқашан қолдап отырғанын әңгімелеп еді. Ұлы Отан соғысы кезінде мұғалімдер майданға алынып, көп жерлерде мектептер жабылып қалыпты. Оның үстіне қаражат та жетіспейді. Сондықтан ауылдық жерлерде бастауыш мектептерді сақтап, жоғары кластарда оқитын балалар үшін аудан орталықтарында, қалаларда интернаттар ұйымдасады. Оларды түгелдей мемлекет қарамағына алады. Қиын болғаны соншалық – тіпті КазГУ мен ҚазПИ-дің бірін жабу туралы да мәселе көтерілген. Әңгіме көбірек ҚазПИ жағына ойысқан. Қанша дегенмен университеттің аты – университет қой. Сонда Әбекең өзі оқыған институтты жаптыруға бармай, Мұқаң (Мұхамеджан Әбдіхалықов – сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы) екеуі тізе қосып күресіп, алып қалыпты. Соғыстың беті бері қараған тұста Қазақтың қыздар пединститутын ашу мүмкіндігін алады. Соғыстан кейінгі мектептерді қайтадан толықтырып, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарын құруға, институттардың қасында аспирантура ашуға, сырттан оқыту бөлімдерін кеңейтуге, мектептерде, аудандық оқу бөлімі жанынан оқу-әдістемелік кабинеттерін ұйымдастыруға жағдай туады. «Осы істердің бәрін де Жұмекең жақсы түсінетін еді», – деді Әбекең.
Әбекеңмен біздің ресми қатынасымызды жұмсартып, жақындастырып жіберген кісі – жоғарыда айтылған досы Сейілбек Бейсенов еді. Секең Қызылордадан келген сайын Әбекеңе соқпай кетпейтін. Мені де бір-екі рет ертіп барғаны бар. Үлкен басымен сол досын пойызға шығарып саламын деп, Әбекең де біздің үйге бір рет кірген. Содан Әлияны қарындасым деп, мені де бауырындай көріп кетті.
1955 жылы Әбекең министрлік қызметінен босады. И.В.Сталин қайтыс болғаннан кейін партияның бағдары өзгерді. Н.С.Хрущев ескі, тәжірибелі кадрларды ауыстырып, өз саясатына лайық басшылық іріктеді. Ж.Шаяхметов орнынан алынып, Қазақстанға П.К.Пономаренко, Л.И.Брежнев жұмысқа келді. Олар республика үкіметін де жаңартты. Бір жолғы тазалауда тоғыз министр бірден қызметтен кетті, соның бірі Әбекең болатын. Мен сол күндері «Алатау» санаторийінде демалыста жатыр едім, қызметінен босаған Әбекең сонда демалуға келді. Бізбен қатар бөлмеге орналасты. Әбекеңнің қарапайым, елгезек мінезін, өзімсінген адамнан сырын жасырмайтын ақкөңілділігін демалыста бірге, әңгімелесе жүріп таныдым. Министрліктен түскеніне ішім ашып тұрған менің өзіме жұбату айтып, «ой, қарағым-ай, қызмет деген кісіге байланып калған дүние емес, оған мен еш қайғырмаймын», – деп бастады әңгімесін. – «Мен он төрт жыл министр (әуелде нарком) болдым. Соның өзі көп. Адам жаңа жұмысқа барған соң бар қабілетін бес жыл бойы жұмсайды. Сонан соң дағдымен тағы бес жыл отырады. Ал, мен төрт жыл артық отырдым. Көп отырған адам жұмыс істемейді, дағдымен, қулықпен отырады. Менің соңғы төрт жылым осылай өтті», – деді. Соңғы сөзіне дәлел ретінде бір мысал келтірді. «Мен соңғы жылдары командировкаға аз шығатын, мектептерді де аз аралайтын болдым, – деді ол сөзін жалғастырып. – Облыстық оқу бөлімінің басшыларына республика басшылары келіп, мектеп жұмысымен байланысты ескертпелер айтса, уақытында хабарлап тұруды тапсырдым. Соғыстың аяқ кезінде Шығыс Қазақстанға сол кездегі Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Барков барып, ел аралап, бір нашарлау мектепке соғыпты. Риза болмай кетіпті. Облыстық оқу бөлімінің бастығы дереу маған хабарлады. Мектеп жағдайын толық сұрап алдым. Сол кезде Барков шақыра қалды. Ол мектепке барғанын айта бастағанда, алдына түсіп, жағдайды одан бұрын өзім айтып беріп, оны жөндеуге қаражат болмай жатқанын, соғыстың ауыртпашылығын тілге тиек еттім. Барков разы болып қалды. Кейін бір мәжілісте «Сембаев мектептің жағдайын жақсы біледі» депті. Міне, кейде осылай басқаруға тура келеді. Сондықтан мен Оқу министрлігіне берерімді беріп болған адаммын. Кеткенім теріс те емес». Қандай керемет шындық! Қандай адал сөз! Дәреже көрсе, одан айрылмауға тырысатын, айрылса, өліп қалатындай көретін адамдарға бұл үлкен сабақ емес пе?
Орнынан түскен бастыққа жұрт көзі қарағыш қой. Демалушылардың осы мінезін түсінді ме, қайдам, Әбекең санаторийде өзін тым қарапайым ұстады. Елдің бәрімен де елгезек сөйлеседі, кішіпейіл. Біздің үш-төрт адам бірігіп карта ойнайтын әдетіміз болушы еді. Бос отырғанымызды көрсе, «ой, неғып отырсыңдар, давайте (кейде осылай орысша қосып қоятыны да болатын), ұйымдастырып жіберейік» деп, өзі ойнайтын адамша, бізге қозғау салады. Үйден стол, орындық шығарысып көмектеседі. Әбекеңнің орнынан түскен кездегі ғана емес, жалпы мінезі осылай екенін кейін білдік.
Ол кезде «Алатау» санаторийінде кинозал болмайтын. Жетісіне екі рет кино әкеліп, оны астыңғы қабаттың коридорында көрсетеді және түстен кейін. Бұл – күндіз демалатын адамдарға қолайсыз-ақ. Есіктің алдында кино шулап жатса, қалай ұйықтарсың. Осындай жағдайда ұйықтай алмай, далаға шықсам, Әбекең отыр екен. Менің шағымыма: «Бәріне де көнуге тура келеді. Өмірдің бәрі сенің ырқыңмен жүре ме? Жас кезімізде, бала-шаға бар, тар үйде, ел шулап жүргенде ұйықтауға үйренгенбіз. Екі жастықты екі құлағыма басам да ұйықтай берем», – деді.
Әбекең өмірмен алысып жүйкесін тауыспай, осылай ыңғайласа тіршілік жасауды ұнататын. Ол: «өмірді сүюді, өмір сүруді еврейлерден үйрену керек. Олар әкімдікке ұмтылмайды, у-шуда да шаруасы жоқ, өз тіршілігін күйттеп, ұзақ жасауды ойлайды. Сенген кісісіне адал дос бола біледі. Қонағы да аз, диетасы да орнында» дегенді көп айтатын. Достарының ішінде бұл халықтың өкілдері де аз болмайтын. «Министр кезімде балаларым 25-ші мектепте оқыды. Бір күні мектептің директорын шақыртып ап: «Менің жұмысым көбін білесің. Бала тәрбиесімен шұғылдануға уақытым жоқ. Анасы да жұмыс істейді. Менің балаларыма қамқорлық жаса. Оларды алдыңғы партаға еврейдің баласының қасына отырғыз», – дедім. Директор түсінбей бетіме қарады да, «неге еврейдің баласы?», – деп сұрады. Мен оған: «Бір еврейдің баласының бұзықтык жасағанын, темекі тартқанын, шарап ішкенін көрдің бе?», – деп кері сұрақ қойдым. Ол басын шайқады», – дейтін. Осылай өсірген Әбекеңнің балаларының тәрбиесі қалай болғанын көріп те жүрміз. Министрдің баласы сияқты шолжаңдамай, олар білімге құмар, өмірге икемді, іске табанды болып өсті. (Мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Сембаев – Әбекеңнің екінші ұлы. Ред.)
Министрліктен босаған соң Әбекең Қазақтың Мемлекеттік университетіне оқу ісін басқаратын проректор болып барды. Ол жерде де жаман істемегенін жұрттың бәрі айтады. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені ол кісі – жұртпен тіл табысып, ұғыныса білетін адам. Университеттен де Әбекең көп дос тапты.
1963 жылы Әбекең Оқу министрлігінің жанындағы Педагогикалық ғылымдар институтына директор боп ауысты. «Ұлғайып қалғанда біреуге орынбасар боп, соның қас-қабағына қарап отыру киын екен, өз білгеніңді істеуге болатын жер ғой деп осында келдім», – деді мен амандаса барғанымда. Бұл жылдары мен Әбекеңмен жұмыс бабында тығыз байланыста болдым. Оқу министрлігінің жанындағы оқу-педагогикалық кеңестің қазақ әдебиеті секциясын басқарып, мектеп окулықтары мен оқу бағдарламаларын қайта қарау ісіне қатыса бастаған кезім. Әбекең мені өз институтының ғылыми кеңесіне мүше болуға, сонда қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінен аспиранттарға жетекшілік етуге шақырды. Институттың қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бөлімінің жұмысына да сол тұста біраз ақыл-кеңес қосқаным бар. Сөйтіп жүріп 1968 жылы Әбекең екеуміз жаңа ұйымдасқан СССР Педагогика ғылымдары академиясының құрамына өттік.
Бұрын одақтық Оқу министрлігі деген ұйым болмайтын. Соның өзінде республикалық Оқу министрлігінің статусы жоғары болды. Оның жұмысына КПСС Орталық Комитетінің өзі бақылау жасады. Республикадағы Оқу министрі ылғи КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Әбекең де осы советке үш рет сайланған. Мұндай құрмет басқа министрлердің бір де біріне жасалған емес. Бұл – партияның оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергенінің белгісі болса керек.
1967 жылы Л.И.Брежневтің тұсында одақтық Оқу министрлігі құрылды. Министр болып сол кезде СССР Жоғары білім министрінің бірінші орынбасары болып істеп жүрген М.А.Прокофьев тағайындалды. Осыған байланысты бұрын РСФСР Оқу министрлігінің қарамағындағы РСФСР Педагогика ғылымдары академиясы да одақтық мекемеге айналды. Бұрын негізінен Россия ғалымдарынан тұратын Академияға одақтық болып қайта құрылуына байланысты ұлт республикалары өкілдері де кіруі қажет болды. Орталық Комитет бекіткен Академия құрылтайшылары қатарына марқұм Мәлік Ғабдуллин (ол соның алдында ғана РСФСР ПҒА-на толық мүше болып сайланған) кірді. РСФСР Академиясы таратылып, СССР ПҒА-на сайлау жарияланды. Қазақстан үшін екі академиктік (бірі құрылтайшы М.Ғабдуллин), бір корреспондент-мүшелікке орын берілді. Алдын ала болған әңгімелерде академиктік екінші орынға Ә.Сембаевты ұйғарыпты. Көп жыл министр болған, оқу-ағарту ісінің білгірі, қазір педагогика ғылымдары институтын басқарып отырған адамды дұрыс-ақ лайықтапты. Бірақ біздің Әбекең осы ұсынысқа келіспей, өзін корреспондент-мүшелікке ұсындырды. Ол тараған Академияның академиктері қатарында маған ұстаз болған адамдар бар, солармен бірге дауысқа түсіп жату маған ұят дегенді сылтау етті. Ақыры академиктік орынды корреспондент-мүшелікке ауыстырып, екеуміз де сайландық. Мен сайлаудан кейін де Әбекеңе: «беріп тұрған орыннан айырылып қалғаныңызды қараңызшы», – дегенімде: «Ой, қарағым Серік-ай. Осы да жетеді, қанағат керек адамға. Корреспондент-мүшелікке жете алмай қалған біздің үлкен ғалымдар да көп», – деп сайлана алмай қалған, өзі білетін біраз педагог-ғалымдардың атын атады. Сөйтіп, Әбекеңнің кішіпейіл, қарапайым, қанағатшыл мінезінің арқасында біз бір академиктің орнын жоғалттық. Басқа республикалардағы Әбекеңмен тұстас, тіпті жасы кіші бірсыпыра әріптестері (институт директорлары) академик болып сайланып кетті. Олардың ішінде Өзбекстаннан С.Раджабов, Қырғызстаннан А.Измаилов, Белоруссиядан В.В.Ивашин, Түркіменстаннан А.Құрбанов, Украинадан А.Р.Мазуркевич, Латвиядан И.Ж.Фрейденфельд, т.б. бар еді.
Бір салада жұмыс істеу, творчестволық мүдденің ортақтығы біздің бұрынғы қарым-қатынасымызды жиілетіп, ағалы-інілі адамдардың қалтқысыз сыйластығына айналдырып жіберіп еді.
Біз Академия жиналыстарына қатысуға Мәскеуге бірге баратынбыз, қонақ үйлерде бірге тоқтап, сөзіміз жарасып әңгімелесетінбіз. Осы жылдары мен семья жағдайы, бала тәрбиесі, ағайын-туыспен, дос-жаранмен, құда-жекжатпен қарым-қатынастың мәселелеріне байланысты Әбекеңнен көп кеңес тыңдадым. Оның өз тәжірибесінен алынған әңгімелерінен көп үлгі, өнеге, ғибрат алуға болатын еді. Оның ақыл-кеңесінде өмірдің ойы мен қырын жақсы білетін адамның неден кашып, неге ұмтылуын бағдарлайтын даналық жататын. Ол әр нәрсені өз орнына қоя білетін, уақытты да, тіршілікті де рәсуә етпей ұйымдастыра алатын. Қонаққа аз баратын. Бара қалса, аз адаммен, шуласпай, әңгімелесіп, дем алып, шаршамай қайтуды дұрыс көретін. Бір-екі рет біздің өзіміздің шақырғанымызға әр түрлі сылтау айтып келмей жүрді. Бір күні мен: «Әбеке, бізді жақсы көрем дейсіз, Әлияны қарындас көресіз. Ал, енді біздің үйге барып бір шай ішпегеніңіз еш жөнге келмейді ғой», – деп ем: «Ә, солай ма? Онда барайық», – деп, Мәкеңді (бәйбішесі) ертіп келіп, біраз отырып демалып кеткені бар.
Режимін берік сақтайтын. Институтқа ауысқан кезінен бастап, тамақты аз ішіп, салмағын азайтып, жаяу жүруді әдетке айналдырды. «Ағаңның жүректен өліп қалмайын деп жасап жүрген тіршілігі ғой» дейтін. Жүрек ауруынан қатты сақтанатын. Жүрек жүрісінен жаңылатын тұстары жиі кездесіп жүргенін айтатын. Сондай тұстарда хабарласу үшін төс қалтасына «жедел жәрдемнің» телефонын жазып салып жүретін.
Ешкімнің бетін жыртуға бармай, сыпайы, кішіпейіл сөйлесетін адам болғанымен, ол өз принципіне, адалдығына берік еді. Намысын бермейтін, кімге де болса сынай қарай алатын. Оның университетте істеп жүрген тұсында біреулердің қиянатына қарсы тұрғанын білем. Ақыры, мұны құлатам деп жүріп, ол өзі құлап кетті.
«Елдің бәрі ақылды ғой, ешкім ақыл айтқанды сүймейді, балаға да дипломатия керек» дейтін еді ол кісі. «Бір баламның үйіне қонаққа бардым. Өзі немеремді ертіп келіп, бізді алып кетті. Подъезде жарық жоқ екен. Немереме айтқан болып: «Қараңғыда атаң аяғын сындырып алса қайтесің дедім», – дейтін.
Заманның күрделі, ауыр сынынан өткен адамның бұл мінездерінің бәрін де уақыт тудырған. Ол ресми басшылардың пікіріне қарсы келудің қауіп екенін айтатын. Кейбір ойларды іске асыруға уақытты өткізіп жіберіп оралу қажеттігін ескертетін. Осы күні біреулер Әбекең министр болған тұста қазақ мектептері көп жабылғанына оны кінәлі санайды. Ол уақыттың, заманның қысымы еді ғой. Жалғыз-жарым адамның қарсылығы жоғарыдан болған шешімді өзгерте алмайтын. Мұндай жағдай Әбекеңнен кейін де болды. Әбекең өзін ондай оқтың өтіне қоюға барған жоқ. Мүмкін, заман оларды солай тәрбиелеген болар.
Іс басынан кеткеннен кейін Әбекеңнің басшылардың есігін жағалап жүргенін көрген де, естіген де емеспін. «Біз істерімізді істеп болдық, бірдеме дәметіп жүр деп ойлайды ғой», – дейтін. Димаш Қонаевпен де кезінде сыйлас, қызметтес болған адам сол кісінің қабылдауына да сұранбай, Димекеңнің мерейтойлары тұсында да құттықтап телеграмма беріп, соңына «пенсионер Сембаев» деп қол қойғанын білем. «Оным бірдеме дәметеді деп ойламасын дегенім», – дейтін.
Педагогика ғылымдары институтындағы директорлық қызметін тастағаннан кейін біз оны ҚазПИ-ге шақырып алдық. Ол институтта педагогика мамандығы бойынша мамандандырылған кеңес ашу үшін керек болды. Әбекең кеңесті басқарды, аспиранттарға жетекшілік етті.
Мұның бәрі Әбдіхамит Сембаевтың Қазақстандағы Халық ағарту ісінің ірі маманы болуымен бірге шын мағынасындағы педагог тәлімгер екенін көрсетеді.
Оның кісілігінің өзі де педагогтіктен туындайтын. Мен Әбекең әңгімелерін көп айтып, ол кісіні жиі еске алып жүремін. Оны өмірдің өзі қажет етеді. Кейбір кезеңдерде ол кісінің тәжірибесі, ақыл-кеңесі еске түседі. Естігендерімнің бәрін теріп жазу бүгін міндетті де емес болар. Оның ішінде қағазға түсуге лайықсыздары да бар. Олар да нағыз зиялы адам Әбекеңді еріксіз еске алғызады.
qazaquni.kz