Махат Садыққа жауап: Өткеннен топырақ алып, болашаққа шашпа!..
2018 ж. 17 мамыр
5277
1
Осыған дейін "Қазақ үні" порталында белгілі журналист Махат Садықтың "Қонаевтың синдромы" атты мақаласы жариланған болатын. Бүгін электронды поштамызға саясаттанушы Шыңғыс Төкеевтің атынан Махат Садыққа жауап ретінде жазылған мақала келіп түсті. "Қазақ үні" порталы еркін пікірталас алаңы ретінде автордың жауап-мақаласын назарларыңызға ұсынады. Редакция авторлардың көзқарастарымен келіспеуі мүмкін. Біз екі жақтың да уәжін оқырманға жеткізуді ғана мақсат тұтамыз.
"Қазақ үні"«Асыл азаматтардан айырылармыз,
ол өмір заңы, бірақ олардың артында
қалдырған өшпес ізі – өнегелі
ісін ұмытуға хақымыз жоқ».
Дінмұхамед Қонаев
Қазақтың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеден озғанына 25 жыл өтті. Онымен бірге тұтас бір дәуір кетті. Бірақ, «дүние ісі – ахиреттік» емес. Ол жаңаша қаралады: үлгісі, өнегесімен немесе керісінше. Жақсы іс – әрдайым жетекші орында болуы тиіс, соған сай алдыға түсіп, алабөтен тұжырым жасау үшін – адам баласына көптеген сұрақтардың шешімін табуды талап етеді.
Дінмұхамед Қонаевтың өзі «Жақсы болсын, жаман болсын – өткеннен біз ештеңе жасыра алмаймыз. Өткенді үстірт емес, терең білу ғана ертеңгі тарихи жолымыздағы «тағдыршешті» қателіктерге жол бермеуге көмектеседі» деуші еді.
Сонымен бірге, жаңа заман жаңа саясаткерлерді, ал жаңа саясатпен бірге өткен дәуірді сараптайтын адамдар да келеді.
Мәселен, журналист, ал жақында ғана шенеунік қызметте болған Махат Садық фейсбук парақшасында: «Қонаев синдромы» атты үш бөлімнен тұратын посттарымен көпшілікпен бөлісіпті.
Автор бұрыңғы Қазақ КСР Коммунистік партиясы бірінші хатшысының жазушы Ілияс Есенберлиннің тағдырындағы ролін әйгілеуге әрекет жасапты.
Мақат Садық «Ільяс Есенберлин «Көшпенділер» үшін Лениндік сыйлықты неге алмады» деген сұрақты қойып отыр екен.
Журналист, кеңес уақытында Лениндік сыйлық иегерлерінің көркем әдеби кітаптары бойынша керемет фильмдер түсірілгендігін, театрларда пьесалары қойылғандығын, жалпы олардың көпшілікке насихатталуында жүйелі жұмыстардың жүргізілгендігі туралы мысалдар келтіреді. Одан басқа, Лениндік сыйлық лауреаттарының туындылары басқа тілдерге аударылу мәселелері мейлінше қамтамасыз етілгендігін де атап өткен.
Өз сұрағына жауапты, Махат Садық, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» үшін неге Лениндік сыйлықтың алмау себебін Қонаевтың адами тұлғасынан, оның қызметінен іздеп тұрғаны қайран қалдырды.
Еліміздің кеңес уақытындағы тарихына қызығушылығым бар. Бірақ, Махат Садықтың қандай ой салмақшысы екендігі, неге жетелеп отырғандығы туралы түсініспеушілік туғызды.
Себебі, Қонаевты Есенберлиннің шығармашылығына қаскүнем ретінде қарау – тың көзқарас емес, Абайша айтсақ, «бала ұрысса әкеге жараса ма?». Махат Садықтың үш бөлімдік посттарын объективті емес деуге себептер жеткілікті. Егер ойдың өзі ауыру болжамдарға негізделген болса, одан сау сананың белгілерін іздеу – күнсіз де күн көруге болады деген адаммен салғыласу болып шықпақ.
Осы орайда, автордың өзіндік интерпретациясынан бөлек басқа ақпаратпен бөліскенді жөн көрдім.
Әуелі, Лениндік сыйлықтың өзіне аздап тоқталып кетсек...
Бұл мәртебелі сыйлық: ғылым, техника, әдебиет, өнер, архитектура салаларында сіңірген зор еңбегі үшін марапаттаудың ең жоғарғы формалардың бірі болатын. Сыйлық 1925 жылдан бастап беріліп келді. 1935 пен 1957 жылдар аралығында берілмеген.
1956 жылғы жаңа үкіммен қайта беріле бастау туралы шешім қабылданды. Сол уақыттан бастап, жыл сайын, ал 1967 жылдан сәуірдегі В.Лениннің туған күні қарсаңында екі жылда бір рет тиісті сыйлықпен иегерлер салтанатты түрде марапатталатын.
Иә, Махат Садық жазғандай, тарихта қазақтан бір ғана жазушы, атап айтқанда, Мұхтар Әуезов 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанған болатын.
Сол жылы Димаш Қонаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанын да атап кетуге болады. Мұхтар Әуезовтің Қазақстаннан Лениндік сыйлық лауреаты атағына ұсынылу сұрағы сол кездегі республиканың бірінші бастықтарымен келісу кезеңінен де өтетін. Бастықтар қатарында Д.А.Қонаев бар екенін де еске салуға болады.
Қонаевтың қазақ зиялыларына, оның ішінде Мәскеу идеологиясының қасаң талаптарынан зардап шеккендерге қолында тұрған әкімшілік-саяси мүмкіндіктерін пайдаланып, талайларына жәрдем көрсеткені туралы көп мәліметтер бар. Айтылғаны бір басқа, тасқа басылғаны қаншама.
Қонаевтың көмегін өз кезінде «Көшпенділер» кітабының авторы Ілияс Есенберлин де көрді.
Атақты жазушының баласы Қозы-Көрпеш Ілиясұлы «Караван» газетіне берген сұхбатында мынаны еске алады:
«1953 жылы әкемді абақтыдан босатады. Ол үйге кірмей, бірден Дінмұхамед Қонаевқа барады. Қонаев оған ақша беріп, «Мәскеуге барып, партияға қайтадан тұр» дейді. Сол кездегі астана арқылы оны жылдамырақ жасауға, ал үйде бұл процесс жылдарға созылып қалу мүмкін болатын.. Олар жақын достар болды демеймін, бірақ идеялары, мақсаттары бойынша, әрине жақын болатын. Қонаев әкемнің тындырған істерін жоғары бағалайтын. «Көшпенділер» кітабын Қонаевтың көмегінсіз жариялау мүмкін емес еді. Әкем Қонаевқа әрқашан да риза болатын» (статья «Кочевники и жажда знаний», Караван от 5 сентября 2014 года).
Дінмұхамед Қонаевтың інісі, басқа жағынан әдебиеттанушы Диас Асқарұлы Қонаевпен кездескен болатынмын, сонда, ол Ілияс Есенберлин мен Димаш Ахмедұлы араларында болған қатынастарын айтып отырғанда келесі бір қызық жайтты еске алды:
«Олар бір-біріне ерекше құрметпен қарайтын. Мен Димекеңнің сол жылы (шамамен 1980 жыл) Ілияс Есенберлин үшін қатты уайымдағанына куәгермін. Ол шын пейілмен Есенберлиннің Лениндік сыйлық лауреатының аталуын ниет етті. Әкем (Асқар Қонаев) мен Димекеңнің Лениндік сыйлық туралы әңгімесі де есімде, сонда айтқаны: «Сенің қайын атаң (Мұхтар Әуезов) бұл сыйлықты жиырма жыл бұрын алған болатын. Қазір елімізге Есенберлиннің Лениндік сыйлықты алуы маңызды. Өзіміздікілер бөгет жасамаса, тіпті жақсы болушы еді, бірақ сыйлықты алатынына үмітім бар».
1980 жылы грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Закон вечности» кітабының Лениндік сыйлық лауреаты атануының себебін де, «Көшпенділер» романының да жүлделі болуын қатты ниет еткен Қонаевтың да, Есенберлиннің де, тіпті олардың достығынан да іздеу қисынсыз.
Қаншалықты саяси ықпалы мол болса да, бұл шешім КОКП Саяси бюро мүшесі Д.Қонаевпен емес, ол Мәскеуде орналасқан КСРО-ның Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшелерімен қабылданғанын мойындағынымыз, түсінгеніміз абзал.
Сонымен бірге, Лениндік сыйлық артықшылықтары тек жазушыға ғана емес, Қонаев сол кезде басқарған Қазақстанның рухани беделін арттыруға да себін тигізуші еді. Яки, І.Есенберлиннің Лениндік сыйлықтың лауреаты аталуына Қонаев та мүдделі болатын.
Махат Садықтың пікірінше, Мәскеуде Э.Шеварнадзе харизмасы мен ықпалына қарсы тұра алмай, Думбадзеге сыйлық берілді. Бұл да негізсіз пікір ешқандай құжаттарсыз дәлелденбеген, астына кір жинаған ой ғана.
«Көшпенділер» кітабына әр түрлі рецензиялары (пікірлері) бар хаттар Мәскеуде орналасқан комитет мүшелерінің адресіне өзіміздің қазақ азаматтарынан да барып жатқан. Бұл хаттардың мазмұнын және олардың авторларын анықтау өзінің объективті зерттеушісін әлі тапқан жоқ. Кім Есенберлиннің жақтасы, ал кім бұл кісіге көре алмаушылық көзбен қарағанын білуші едік. Егерде ішкі себепті іздесек, «Көшпенділер» туындысы Лениндік сыйлық лауреаты атанбауының бір себебі сол емес пе екен?!
Ал, І.Есенберлинге Қонаевтың жанашар болғандығын Мәскеу де, Тбилисидегі Э.Шеварнадзе де біліп, түсініп отырды.
Себебі, Қонаев ең басты алғышартты жасады. Ол Қазақстан атынан 1980 жылы І.Есенберлин жазған тарихи романының Лениндік сыйлыққа ұсынылуын қамтамасыз етті.
Тарихи романда Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандар, бүкіл қазаққа ортақ көсем болған Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім
хандар, тіпті бір томнын толықтай Ресей империясының отаршылық саясатына қарсы шығып, қазақ халқының егемендігі үшін күрескен Кенесары ханның бейнелері күрескерлік тұрғыдан көрсетілгендігіне қарамастан, «Көшпенділер» кітабының басылып шығуы – елдің тарихи санасын оятуға бағытталған елеулі шара болды.
Бұл факт автордың ғана батылдығын көрсетпейді, оны жан-жақты қолдаған Қонаевтың да азаматтығын айқындайды.
Сол кезде Қазақстаннан социалистік реализм тақырыбында жазып жүрген, сыйлыққа үміткер болуға елімізде жазушылар жеткілікті бола тұра, отарланған халықтың тарихын – жауынгерлік, азаттық күрестен қашпаған халық ретінде бейнелейтін тарихи романын Лениндік сыйлықтың лауреаты атағына үміткер ретінде жолдау саясаткерге үлкен батылдықты қажет етті.
Ал, Лениндік сыйлықтың ережесінде марксистік-лениндік идеологияға негізделген «социалистік реализмнің әдебиеті пен өнерінің аса бір елеулі туындыларына» берілетіні жөнінде айтылғандығын еске салу маңызды деп ойлаймын.
Мәскеу идеологтары Есенберлиннің кітабында басты кейіпкерлер болып бейнелетін тәуелсіз қазақ хандарынан социалистік реализмді көруге құштар болғанына сенесіз бе?! Оған қоса Қазақстанның өзінен І.Есенберлинді көре алмайтын, бір жағынан жазушы қызметтестер, ал басқа жағынан Мәскеуге сыбырлағыштар да болды.
Есенберлин тағдырындағы Қонаевтың рөлі жөнінде «Көшпенділер» авторының, жазушының өзі былай депті: «Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады» деген ескі мақал бар. Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық».
Ал «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты естелік кітабында Қонаев та Есенберлинмен болған қатынастары жөнінде былай дейді:
«Есенберлин екеуміздің арамызда аса бір достық пейіл ертеден қалыптасқан еді. Оны Орталық Комитетте нұсқаушы боп істеп жүрген кезінен білетінмін. Артық сөзі жоқ, жібектей мінезі бар кісі еді».
Сонымен бірге, Ілияс Есенберлин Д.Қонаев жөнінде әдеби көркем кітап жазғаны белгілі емес пе?! Уақытында, Қонаев жазушының өз қызметіне мұндай жоғары баға бергеніне алғыс білдіре отырып, бұл кітаптың жарияланылмауын сұрапты. Қонаевтың Есенберлинге айтқан аргументі де тектілікті көрсетті. Сол кезде Қонаев «мен елдің бірінші басшысы бола тұра өзім туралы әдеби көркем кітаптардың жазылуын қандай бетпен қолдаймын» деген екен.
Алайда, І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» атты Д.Қонаев туралы туындысы қамқоршысына деген бағасы да, алғысы да деуге құқымыз бар.
«Өлгендер қайтып келмейді, демек өлгендер де өтірік айтпайды!»
Төкеев Шыңғыс,
саясаттанушы