Өскемендегі Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің аты берілсін
2018 ж. 12 мамыр
2366
1
Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Д. К. Ахметов мырзаға,
Өскемен қаласының әкімі
Қ. М. Тұмабаев мырзаға
облыстағы бірқатар қоғамдық-саяси
ұйымдардан
Ұсыныс хат
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай облысымызда өзіңіздің салиқалы басшылығыңызбен бірқатар оңды шаралар жүзеге асып, қазақша айтсақ өңір жұртшылығының өлгені тіріліп, өшкені жанбаса да біршама сергіп, серпіліп қалғаны рас. Бұл шағын хатта ол шараларды тізбелеп жату артық. Десек те ономастика, топонимика мәселелеріне келгенде Елбасының талап-тілектеріне жауап бере алмай, жер шұқып қалатын тұстарымыз да жетерлік. Әрине, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдарда» Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің негізін құрап отырса да қазақ халқының осы уақытқа дейін жоғарыдағы мәселелерде мандымды жұмыстар тындыруға мүмкіндігі болмағанын, енді оны кешеуілдетсек кеш болатынын да емеуірінмен жеткізуге тырысқан.
Өздеріңізге белгілі, Шығыс Қазақстан, оның ішінде әсіресе Өскемен, Зырян, Риддер, Шемонайха қалаларының көше атаулары сонау Кеңестік кезеңдегі кейіп-болмысын көп бұза қойған жоқ. Әсіресе, облыс орталығы Өскемен көшелері әлі күнгі кешегі большевиктік атаулармен сіресіп тұр. Қазан төңкерісінің «төркін жұрты» - Ресейдің өзі олардан баяғыда арылып, тазарып, жаңғырып алған. Ал, облысымыздың қалалары мен ауылдары Өскеменге қарап бой түзейтіні – шындық.
Ардақты Даниал Кенжетайұлы!
Сіздің Өскемен қаласы әкіміне қаладағы 20-дан астам көшелердің атауларын «Рухани жаңғыруға...» сай келетіндей етіп өзгерту жайлы нұсқау бергеніңізді естіп, қатты қуандық. Сіз басшылық жасаған кезде қаладағы 700-ден астам көшелердің тым құрыса 30 пайызы қазақшаланып қалса, ертеңгі күні еліміз мен жұртымыздың аузында осы бір игілікті ісіңіз қалатыны шындық. Жуырда жергілікті баспасөз беттерінде: «Өскемендегі Ворошилов көшесінің атауы Жақия Шайжүнісовтың атымен аталғалы жатыр» дегендей хабарларды бірнеше мәрте оқып қалдық. Әңгіме мынада.
Жақия Шайжүнісовтың кезіндегі Семей облысы аумағында, атап айтар болсақ, Көкпектідегі білім беру саласына сіңірген еңбегі мол екендігі шындық. Еңбек өтеміне деп ол ағамыздың омырауына Социалистік Еңбек Ерінің Қызыл Жұлдызы тағылған. Ленин орденімен алқаланған. Әнеу бір жылдары Семейдегі үлкен бір көшеге Шайжүнісов атауы берілді. Артта қалған ұрпақтарына, халқына ол кісінің аруағы риза!
Өскемендегі Ворошилов көшесі - Абай даңғылын қиып өтетін үлкен көше. Егерде ол көшеге шынында да халқының ардақтысының атауы берілер болса, оған аса үлкен ақын, ірі философ, кемеңгер аудармашы, Абай ағасының пәлсапасын заңды түрде жалғастырушы, ерен түркітанушы, қазақ шежіресінің негізін қалаған, оны ұрпаққа қалдырып кеткен Шәкәрім Құдайбердіұлының атын беру керек!!! Абай мен Шәкәрім – ұлтымыздың абыройы мен ар-ожданы! Сол екі алыптың аттарын иемденген қос көше даналық пен тағылымның үлгісіндей болып қиылысып жатса, Шығыс Қазақстанның барша жұрты риза болатыны ақиқат!!!
Сонымен қатар тағы да бір айтпай кетуге мүлдем болмайтын мәселе бар, ол – Өскемендегі Ушанов алаңын жаңғырту. Өткен ғасырдағы қылышынан қан сорғалаған большевик Ушановқа қойылған ескерткішті жұлып тастап, бүгінгі және келер ұрпақ санасын жаңғыртуымыз қажет! Ол алаңға Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін беріп, сол арыстың ескерткішін қою ләзім!
Елбасының еліміздің стратегиялық дамуында Басым бағыт деп екпін түсіріп отырған «Рухани жаңғыру...» бағдарламасының – Сіздер үшін де аса маңызды екенін өте жақсы түсінеміз. Сондықтан да ел мен жұртқа сіңіріп жүрген еңбектеріңізді қарызым деп емес, парызым деп түсінетін Сіздердің болашақтағы шаруаларыңызға сәттіліктер тілей отырып, осы бір ұлттық-саяси мәселелерді оңды шешер деген үміттеміз!
ҚР Жазушылар одағы ШҚО филиалының
директоры: Ә. Қаңтарбаев.
«ҚР салалық кәсіподағы» ШҚО филиалының
Төрағасы: Т. Түсіпбеков.
«Алтай асу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы
директоры: С. Құсанбаев.
ШҚ облыстық Ақсақалдар алқасының
Төрағасы: Ж. Әшімов.
Өскемен қалалық Ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары: С. Ақанов.