Құрбанәлі қажы Бақиболлаұлы: «Әруақты сыйлайтын қазақ болайықшы!»
2018 ж. 05 мамыр
14905
1
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ бәрі де түптеп келгенде, қан төгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.
Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі» деген.
Ата-баба салтыменен біте-қайнасқаннан кейін бе, ислам діні біздің рухани бөлшегімізге айналды десек болады.
Құрбанәлі Бақиболлаұлы Ахмет ишан 04.04.1955 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Ташкенттегі Ислам институын аяқтаған. Одан соң Бұхарадағы «Мирараб медресесінде» фикх ілімі мен араб грамматикасынан сабақ беріп, 1988-1998 жылдары Ташкенттегі Ислам институтында сопылық (суфизм) туралы лекциялардан дәріс оқыған. «Мазхаб мәнісі», «Намазнама», «Ілімге ілесу», «Рухнама», «Тариқатнама», «Пірі бардың не қамы бар», «Аруақ – Алланың абылхаяты» атты бірнеше кітаптардың авторы. «You Tube» сайтында дәстүрлі Ислам мен жаңадан пайда болған діни ағымдар туралы, заманауи дін мен рухани үндестік және т.б. дәрістердің циклі бар. Халқына рухани жолды көрсеткен атақты Аппақ ишанның немересі, ата-бабамыз салған игі дәстүрлі дінімізді дәріптеп жүрген теолог-ғалым. Төменде Құрбанәлі қажы Бақиболлаұлымен сұхбатымызды ұсынып отырмыз.
– Сіз Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы орталығындағы кезінде медресе болған, қазір тарихи мұражайға айналған тарихи кешенді салдырған, халқына рухани жол көрсеткен, атақты Аппақ ишанның немересісіз. Қалай ойлайсыз, қазіргі кезде сопылық ишандық мектептер керек пе?
– Шариғат пен тариқат арасындағы айырмашылықтар сопыларымыздың айтқан нақылдарынан алынған сөздер. Шариғат «жыланды өлтір» – дейді. Тарихатта «жанды, аруақты ренжітпе» деген жауап беріледі. Жыланның уы зиян келтіретін нәрселер харам, мәкрух, күнә жауыздық, ал адамзатты тозаққа апаратын нәрселердің бәріне шариғат тиым салатыны сияқты, мемлекетімізге, ұлтымызға қарсы келетін нәрселерге қарсы тұру - бұл дүниенің заңы. Дүниеде заң қандай қажет болса, шариғаттың керектігі сондай деңгейде тұрады.
Тариқатта «сен дұшпанымсың, жамансың, харамсың, күнә қылып жатсың» деген т.б. сөздерді айтпайды. Мұны бір «рухани кесел» деп есептейді. Әр нәрсеге жеңіл қарап, оны емдеуге тырысады. Тариқат адамы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ды «рухани кеселді емдеу үшін келген» деп түсінеді. Тариқат адам баласын құртып, өлтіріп, жойып салу үшін емес, сол аурудың, күнәнің, жауыздықтың түпкі негізі неден шығып жатқанына мән береді. Мынау дүниеге деген махаббаттан ба, әлде жүрегіндегі күнәлардан ба, шайтаннан, тажалдан келіп жатыр ма соның бәрін зерттей отырып, түбірімен оны өзгертуге әрекет қылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)-ның бір хадисінде: «Менің шайтаным мұсылман, момын болды» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шайтанын өлтіріп жүрген жоқ, қайта оны «момын мұсылман» қылды. Хазіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)-ды өлтіремін деп, қылышын көтеріп келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омардың (р.а.) өзін де, қылышын да әбілхаятқа (адамға ем беретін, ләззат, салауат жақсылық беретін қуатқа) айналдырды. Яғни адамның жүрегінде болып жатқан жауыздықты жақсылыққа ауыстырды. Араб халқы өз заманында адам кейпіндегі «жабайы аң» боп есептелді. 360 пұты бар, бір-бірімен қырылысып, өз баласын тірідей өлтіріп, басқа қауымды да қырып жүре беретін еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың бүкіл санасын, мінез-құлқын, болмысын өзгертіп әлемдегі мәдениеті жоғары халыққа жеткізді. Адамзаттың ішіндегі шайтанын періштеге ауыстыратын мектепті «сопылық мектеп» деп атайды. Сол үшін біздің бұрынғы ата-әжелеріміз, сопыларымыз «жаным менің, құлыным менің» деп бір-біріне көркем мінезбен қарады. Соғыс кезінде біздің елге әр түрлі ұлттар келді. Сонда қазақ халқы олармен бірге нанын жеп, «сен анаусың, мынаусың» деп бөлмеді. Міне, бұл сопылықтың тәрбиесінен туындайды. Сондықтан, бұл «сопылық тәрбиесі» пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)-ның, сахабалардың, табиғиндардың, біздің дәстүрлі мұсылмандығымыздың жолы. Біз де санамызды ауыстырып, бейбіт өмір сүріп, патриотизмнің шын мәніндегі мейірім-махаббатын көрсететін бір қазаққа айналсақ, міне осы «тариқат жолы» деп аталады.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» өте жақсы айтылған. ...«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» – делінген. Қазақ халқының салт-дәстүрі ислам дінімен етене байланысты. Қазіргі уақытта сананы өзгерту, жаңарту ауадай қажет. Сіздің өз пікіріңіз?
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» өте орынды айтқан. Біз жүз жылдан аса атеистердің мемлекетінде өмір сүріп, ата-бабамыздың санасынан түгелдей ажырадық. Біздің санамыз уақыттың өтуіменен өзгеріп отырады. Ол ойымыздағы неше түрлі ақпараттарға байланысты болып жатқан нәрседен туындайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шарифтерінде: «Сендердің амалдарың ниетіңе байланысты» – дейді. «Сен неге Құдайға сенбейсің?» – деген сұрақ қоямыз Сол сұрау адамзаттың ниетінде тұр екен. Ол неден шығады? Ол сенің ойың, пікірің, түсінігіңнен пайда болады. Ал түсінік неге байланысты? Ол сендегі 100 миллиард клеткаңда болып жатқан ақпарат кеңістігіңе байланысты. Сен анадан туылып, балиғатқа жетіп, нені естіп, жедің, ойландың, яғни жаман ойлағаның, көргенің, естігенің бәрі шайтан түрінде болады. Соның барлығы санада қалып қояды. Біз ойымызды, қиялымызды бәрін бақылауда ұстап, осыған өте мұқият болуымыз қажет. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. «Рухани жаңғыру» дегенімізде осы мәселені түсінгеніміз дұрыс сияқты.
– Аппақ Ишан – руханият әлемінің дарабоз әулиесі. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда атамыздың 150 жылдығында аруағын ардақтап ас бердіңіз. «Алтынның сынығы» болған ишандар әулетінің ұрпағысыз. Сіз сонда «Әруаққа сыйынатын қазақ болайықшы» дегенсіз? Осы сөздің мәнісін ашып берсеңіз?
– Біздер неге мұқтажбыз? Біз ауаға, тамаққа, суға бәріне зәруміз. Денедегі 100 миллиард клеткаға мұқтажбыз. Дененің әрбір бөлшегі періште. Сол періштенің жаны бар. Біз сол періштелердің жиынтығымыз. Ішіңде мииллиардтаған періштелер тұрады. Қазіргі кезде адам баласы материалдық дүниеге, атақ-мансап қуып, соған сиынуда. Алдыменен адам баласы өзі пайдаланып отырған жан-дүниесін тануы қажет. Соны танысаң әруаққа қызмет қылғаның, сыйынғаның. Әруақты танымасаң материалист болғаның. Яғни мансапқа, ақшаға, қызметіңе, санаңа, нәпсіге сиынып тұрсың. Бұлардың бәрі руханиятқа мұқтаж. «Әруаққа сыйыну дегеніміз» – Аллаға бас июдің алғашқы баспалдағы. Сонда Құдайыңды танисың. Мына материалдық әлемнен бөлек басқа бір дүниенің бар екендігін білсең, Алланы сезінгенің. «Әруаққа сыйынатын қазақ болайық» дегенде, Құдайға серік қоспақшы емеспіз. Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан халқымыздың нақыл сөзі. Бұл әулиелердің қағидасы. Соныменен, Аллаға, әруаққа шүкір демей, Құдайыңды танымайды екенсің.
– Сан ғасырлар бойы атадан балаға ауызша да, жазбаша да рухани мұра болып келе жатқан рухани шежірелерді қазақтың зиялы ойшылдары, ақындары мен жыраулары жақсы білген. Сопылық әдебиет дәстүрлері қазақ сөз өнерінде және шығыс шайырлары аталатын Рудаки, Науаи, Фирдоуси, Хафиз, Омар Хаям, Физули, Сағди қазақ әдебиетінің өкілдеріне қатты әсер етіп, зор ықпалын тигізді. Әдебиетіміздегі сопылықты рухани жағынан түсіндірсеңіз?
– Қазіргі уақытта әдебиетіміз халқымыздың санасынан ажырап қалды. Әдеби құнды дүниелерін имамдарымыз мешіттің мінберлерінде айтуы керек. Адамның жүрегіне жететін, сай-сүйегін сырқыратып, әсер ететін сөз болады. Сөзбен адамның санасын жаңартуға болады. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сұхбат кезіндегі сөздер әлбетте адамға ықпал етеді» делінген.
Бір кездесуде Өзбекстандағы бауырларымыз әдебиет жөнінде сұрақ қойды. Сонда оларға Әлішер Науаидің «Құстар тілі» кітабын, ақынның өз сөзіменен жеткізіп берген едім. Бұрынғы заманның адамдарында қазіргідей ақпарат болмаған. Ол кезде әдебиетті жақсы меңгерген еді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.), сахабалар да адамдардың жүрегіне Алланың сөздерін әдемі жеткізіп, қатты әсер қалдырған.
Біздің мешіттің мінберлерінде аят-хадистермен бірге жырауларымыздың, батырларымыздың, дүниежүзілік әдебиеттің, шығыс шайырларының шығармаларын айтып отырса, «нұр үстіне нұр болар» еді. Әрбір мұсылманның жүрегіне әдебиет арқылы иманды кіргізе білсек, бұл керемет тәсіл болары анық. Рухани азығымыз «әдебиетімізді халқымыздың жүрегіне жеткізсек деп» жазушыларымызға, шығыс танушыларымызға үміттенемін. Сонда ғана біз халқымыздың әдебиетін түсініп, әруағын құрметтесек «шала қазақ» болмаймыз. Әдебиетіміздегі рухани нәрселерден ажырап, жан-дүниеге әсер қылатын дүниеден айрылып қалғанымыз үшін осындай мәңгүрт күйге түсудеміз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, әрқашан да әруақты қастерлейтін рухы биік, қазақ болайықшы!
Ләйлахан Айтқожақызы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
qazaquni.kz