"Тірлікті мынау - мәңгілік деме..."
2018 ж. 05 мамыр
4970
0
Табылды Досым туралы сыр
Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ, филология ғылымының докторы, профессор Ол бірге оқитын студенттер арасынан бөлектенбейтін. Сұрақ беріп, сөйлеп дегендей... Тіпті, қатар отырған көршілерімен де сыбырласып, сөзге бара бермеді-ау деймін. Ештеңеге араласпай, өзімен-өзі отыратын. Мұндай студенттер олардың арасында аз емес еді. Бірақ Табылдың бір өзгешелігі байқалатын. Соңғы орындықтардың бірінде отыратын және үнемі әлдеқандай ойлар құшағында жүретін. Ұйқысы қанбаған немесе шаршаған адамдай көрінетін маған. Алайда сабақтан қалмайтын. Бірде қатар жүрген достары оның өлең жазатынын, шығарған әндері бар екенін және оны өте жақсы орындайтынын айтты. Бірақ бұған көп таңдана қойғаным жоқ. Ол жылдарда журналистика факультетінің студенттері арасында, той басқаратын асабалар мен домбыра, гитарамен өлең айтушы студенттер аз емес-ті. Солардың бірі шығар дедім де қойдым. Бірде реті келгенде: – Жағдайың қалай? Бірдеңеге мазаң болмай жүр ғой? – деп сұрадым. – Жай, әншейін. Студенттің беймаза тірлігі ғой, – деп жауаптан жалтарды. – Сені гитарамен жақсы өлең айтады деп жүр ғой. Бұған айтқан Табылдың жауабын естігенім есімде жоқ. Ұнатпағанын байқадым. Бетіме қабағын түйіп, бәлкім, кейіп, жақтырмай қарап тұрды да, сәлден кейін ыңғайсыздау жымиып: – Жай өлеңдер ғой, – деді. – Сабақтарға неге қатыспай отырасың? – дедім, әңгімені жалғау, Табылды сөйлету үшін. – Қатысып жүрмін ғой, – деді жаратпай, қабағын түйіп. – Белсенділік таныту керек емес пе, сендердің қазір жанып тұратын шақтарың ғой. Басқа немен айналысасың? – Ештеңемен. – Бірдеңе жазасың ба? – Баға алу үшін жазамыз ғой, – деді ойланғандай... Ол бұрылып жүре берді. Артынан қарап тұрып, осы студенттің бойында әлдеқандай жұмбақ барын байқадым. Арада біраз уақыт өткен соң Табылмен бір тойда кездестік. Ол асабалардың бірі екен. Күтпеген кездесуден бе, әлде көңіл күйі жақсы болды ма, білмеймін, әйтеуір мені ағалап айрықша құрмет көрсетті. Оның өлеңдерін сонда естідім. Гитараға қосып, әуендерін теріп айтқан соң ба, білмеймін, құлақ үйренген әндерден өзгелеу қабылданды. «Достары айтып жүрген Табылдың әндері» осы екен ғой деген ой келді. Бірде іссапармен Орал қаласындағы М.Өтемісүлы атындағы университетке бардым. Ғабит Хасанов деген ғалым шәкіртіміз қарсы алып, қала аралатты, құрмет көрсетті. Қонаққа шақырған үйлерге мәшинесімен алып жүрді. Сонда магнитофонынан бір өзгелеу ән естідім. Менің көңіл аударғанымды аңғарды-ау деймін: – Табылды білесіз бе? Сол кісінің әні ғой, – деді. – Қай Табылды? – дей түстім де, гитара әуендерін естіген бойда. – Досымовты ма? – деп қайта сұрадым. – Мынау үнтаспасы...Тындаған шығарсыз. – Жоқ, тыңдаған емеспін. Оның үнтаспалары шығып па еді? – Білмеймін. Бір таныстарымнан көшіріп алып едім... Жақсы орындайды, ойлы әндері көп, – деді. Оралдағы үш-төрт күнде Табылдың бірер әнін ғана тыңдадым. Шынын айту керек, әндердің дыбыстық, музыкалық сапасы жоғары бола қойған жоқ. Бірақ мазмұны мен әуені, орындаушының өлеңге қатысы ұнады. Әркімнің көңілі мен ойында жүрген сырларды қозғайтын әуен. Мазмұнға байланған әуендерді гитара шектерінен теріп, суыртпақтай отыра қосады. Асықпайды, аптықпайды, айғайламайды, сырласа жырлайды. Бұрын Булат Окуджаваның әндерін көп тыңдағаным бар еді. Табылдың орындауындағы әндер әуені де ойға бастайды екен. Үнтаспаға қарабайырлау жазылған қарапайым әндер автордың ерекше сезіммен орындауында жанды дір еткізеді. Үнтаспаны мен де көшіртіп алдым. Алматыға келген соң, Табыл әндерін көлікке қойып алып, асықпай тыңдауға кірістім. Бір күн, бір апта емес, талай айлап тыңдадым. Қарапайым бұл әндердің көңіл мен ойды билеп алар құпиясы қызықтырды. Мені өлең мәтіні, ой мазмұны емес, тіпті әуен әлдиі де емес, орындаушы Табылдың осы қоспаға – ән мен саз өріміне қосқан үн өрнектеріндегі сыр еді. Мұқағалидың «Ұнатамын мен сені» өлеңінен басқа әндердегі сөз де, әуен де – Табылдікі. Ол ән мен әуен тудырудағы бойын билеген сезімдер өрнектерін дауыс иірімдері арқылы қалай әп-әдемі жеткізеді. Табылдың туған жер туралы өлеңдері замандастарының жырларынан сәл өзгелеу екен. Атырау елінің табиғаты күрделі, тауы жоқ. Атырауда өскен Табылдың мінез-құлқында да туған жерінің табиғатына ұксастықтар бар. Мұны оған жақын жүрген кұрбы-достарының бәрі біледі. Атырау – теңізбен қолтықтасып жатса да, жазы ыссы, қысы салқын өлке. Жауын тамбай кететін жылдары аз болмайды. Желі, құйын-дауылы жиі соғады. Бәлкім, сондықтан шығар, теңізден, Еділ-Жайықтан т.б. өзен-көлдерден алыстау жерлердің шөбі-көгі аз, шабындығы шамалы. Бары жаздың алғашқы ыстығында-ақ күйіп кетіп, алабота мен сораң, жантақтан өзгелері қоңырқай тартып, жалаңаштау көрінеді. Табылдың өскен жері теңізден алыстау Дендер даласы – қыр өлкесі. Адамдары ыстық-суыққа төзімді, ойланып барып асықпай қимылдайтын, тапқандарын жоғалтпайтын, алмастырмайтын, қадірлеп, қастерлей білетін өлке. Табылдың мінез-құлқында да өскен жерінің мінез-қасиеттері сақталған. «Қыр баласы қол созады аспанға...» – деп жүргені сондықтан. Табыл өзін қоршаған ортаға «көзілдіріксіз», біреулердің айтуы, нұсқауысыз, идеологиясыз өз таным-түсінігімен қараған тәрізді. Бірақ оның бір өзгешелігі болды. Ол – ән, өлең әлеміне жақындығы, әншілігі. Сол өнері арқылы өзі де әлі айқын білмейтін, бірақ жан-дүниесі сезетін жұмбақтау бір ойларды қасындағы замандастарына жеткізіп көрді. Әншілігі сол кездегі көп орындаушылардан сәл де болса өзгелеу болды ғой деген ойдамын. Табылдың гитара тарту шеберлігінде де өзіндік ерекшеліктер бар. Өйткені осы аспап оның ең жақын сырласар досы еді. Ойға батып оңаша қалғанда, әлденеге ызаланып ашуға булыққанда, қуанып тасығанда, қысқасы, барша ішкі-сыртқы толғаныстарына куә болды. Табыл онымен сырласуды, сыйласуды үйренді. Енді бойын буған сезімдер шарпуы мен толқытқан ойларды, өзі де әлі айқындап алмаған буылдырлау күйлерді өзгеге жеткізуді гитара үніне тапсырды. Жан дүниесімен гитара үніндегі үндестікті іздеді. Көп іздеді, айлап, жылдап дегендей... Ақыры тапты. Сол арқылы әуелі өзімен, сосын достарымен, сырласып көрді. Содан кейін барып тыңдаушы көпшілікке жетті. Жастық шақ тақырыбына жазған жырлары нақты бір уақиғаларға байланысты көтерілген көңіл күй әуендерімен қабаттаса келіп қанаттанып шыға келеді. Қатар жүрген құрбысына қызыға қарап құмар болу, құлай сүю, ғашықтық, өкпе, реніш, ерегес, алыстау, қоштасу т.б. тәрізді сезімдер... Бірақ та осы тақырыптағы өлеңдерінде ол өзге көрнекті ақындардың шығармаларын жиі қолданыпты. Орындау барысында оларға жаңа ырғақ, екпін жасап құбылта айтады. Ал саяси-әлеуметтік тақырыптағы жырларда бостандыққа, азаттыққа, егемендікке ұмтылған замандастарының, қазақ елінің арманы мен аңсарын жалғастырады. Осы өлең-жырларында Табыл жаңадан нені айтқысы келді екен деп ойлана бастадым. Әлеуметтік тақырыптарға арналған әндері мен өлеңдерінде замананың санаға салған салмағын бейнелеуге өз қабылдауларын қосады. Танымына сәйкес келмейтін құбылыс пен қайшылықты қатынастарды көбірек айтады. Әлі дәстүрлі қабылдауға қиындау әрі жаттау болса да қоғамда, әсіресе өз замандастары арасында белең алып бара жатқан құбылыстарды ашады. Табыл шығармашылығында көбірек қозғалып, мәнділеу орын алатындар, осылар екен. Бірақ тым аздау. Өз дүниетанымына жақпайтындарын болмаса оған кереғар келетіндерін жырлауда секем алған жан-дүниесінің үрейіне қосатындай. Өз замандастарына қарағанда Табыл жырларының жалпы әуенінде әумесерлік айғай да, ойбай да байқалмайды. Көзіне түскен қораш уақиға қүбылыстарды, естіген, білген, сезгендерін өз өрнектеріне түсіреді. Дүниетанымын астан-кестен қылған жаңа, жат қатынастардың, кұбылыстардың, ақылға сыймайтын сұрқиялау, сұрғылт, сұйық сипаттарына түйіле қарап, тіксіне үн қату сияқты өлеңдер кездеседі. Бірақ осы тұрпатты жырлар астарында әлдеқандай жұмбақ, тіпті жұмсақ үндер де байқалады Табыл философияға әуестеу көрінді. Оның барша тақырыптағы өлең жырларында, әндері мен орындау саздарында бұл анық естіледі. Ұнамсыз құбылысқа ашу шақырып, айқайлап жатқан жоқ. Бәрін көріп отырып, қынжылады, қиналады, бірақ қирамайды. Оны орындалып отырған шығарманың соңғы шумағына қосылатын қыстырма сөздерден анық аңғарасың. Елді кейбір мәнсіз, мағынасыз ұсыныс, ұрандарға ұрындырып, әуреге салып қойған саясатқа, соны іліп алып, қоңыраулатып шауып жүрген замандастарына өкінеді. Өмірдің өткінші сипатын айтады. Дәл осы сәттерде «өмірмен қоштасу...», ойлағаны болмаған тірлікпен бақұлдасу тәрізі ауыр сезімдер әуендері де бар. Неге жап-жас адамның мынау арман өмірдің жалғандығын көптеу жырлайды деп ойға қаласың. Әлде нені ақын жаны, сірә, сезген екен-ау... Табыл көңілін билеген көп ойларын, сезімдерін әндерді орындау барысында ақтарып салады. Өлең мәтінінің мазмұнындағы ойларға байланысты сезімдік қабылдауды әндерді орындау барысында әуен тілі арқылы жеткізеді. Кейбір өлеңдердегі әуендердің өрнектері астарында тұрған ишара ойларды айқындау барысында, қайта-қайта орала тыңдауға тура келеді. Көпшілік айта-айта әбден жауыр болған ойларға Табыл кірпияздау көзқараспен қараған екен. Әзіл, әжуаға айналдыра жырлайтындары да жеткілікті. Бірақ, ең бастысы, өзінің негізгі ойларын жеткізуде сөзге де, әуенге де, әуезге де талғампаздау көрінді. Оның өлеңдерінің де, әндерінің де көп болмауы, бәлкім, содан шығар. Жазылған өлеңдердегі ойлардың сонылығы мен салмақтылығы, көркемдігі көңілде жақсы әсер қалдырады. Табылдың өлеңдерінде және орындау мәнерінде өзіндік стиль бар. Ол қай өлеңді орындап отырса да, басты назар өлең мәтініндегі ойларды, сезімдер табын өзіндік қабылдауда болатындай. Содан бастау алатын әуен бірте-бірте бойды билеп, сезімдерді қайта қозғайтындай күйге жеткізеді. Ақын асықпайды, алқынбайды (мақсат ойды жеткізуде болады ғой деймін) тыңдаушыны бірте-бірте ырғақпен тербеп, сол ән әлеміне тартып, еріксіз ойға жетелейді. Орындаушының басты мақсаты да осы-ау деген ойға келдім. Табыл орындауындағы, бір қарағанда, мұңдылау әндердің қатарласа жүріп, қабаттаса қозғалар дара айшықтары, аңғартар астарлы ойлары, шынайы сезімдері бар. Тіпті, осыны әуелі аңғармаған тыңдарман да біртіндеп алға шығып тұрған сөз, мазмұн әуендерімен қарсыласа, ерегісе көтеріле бастаған әуендерден әлденені сезіп, жұмбақтау ойларға бөленеді. Бұл ойлардың дәл сол сәттерде айқын білінбеуі де ғажап емес, бірақ тыңдаушының ішкі әлемінде айшықтала желбіреп ұмытылмайды. Сондықтан да «күндердің күнінде» еске түсіп қайта оралғаныңды білмей қаласың. Ол өлең мазмұнынан бөлектеу ойға бастай ма элде соған жетелей ме, білмеймін. Ғашықтық, махаббат жырларында өкініштер мен қоштасулар көріністерін бейнелей отыра, бәрі аяқталған, біткен тәрізді сәттердің енді жаңа бір уақиғалар, кездесулердің бастауы екенін сездіреді. Ажырасу мен қоштасулардан қатты қиналып, қайғы жұтып отырса да, сөзге көшпеген ән әуенінде трагедиялық мәре жоқ. Бұл қиын, ауыр сезімдердің көптеген жастарды күйретіп салып, күйбең, күйкі тірлікке көшіретін сәттерін жырлауға ұқсамайды. Мұнда өмірге, болашаққа шақыратын үндер бар. Әнді тыңдап отырып әсіресе көңіл қоя қайта тыңдағанда, өлең мәтіні мен әуені арасындағы тайталасты аңғарасың, болашаққа, жаңа өмірді бастауға шақырған ұмтылыс үндері үдей түседі де, тыңдаушы жан әлеміне күш құятындай... Әрине, ән, әуен мәнін жеткізу қиын, бірақ өлең мәтінін асықпай, ойлана, тоқтала, ән әуенін іштей қайталай оқысаңыз, көп нәрсені байқауға болады. Жоғарыда жазғанымыздай, ән мен мәтін, әуез үндестігінде басымдық мәтін өзегінде тұрғандай көрінгенімен, әуен арқылы жететін сезімдердің мәні ерекше. Тыңдаушыны өлең мәтінінен өзге ойларға жетелер мүмкіндігі мол. Орындаушының қабаттасқан ойы, сезімдерге оранған дауысы мен орындау шеберлігі осыны анық көрсетеді. Табыл әндері әрқилы ойларға жетелейді. Тыңдау кезіндегі сәттерде бірден айқындап аңғара алмасаң да, бұлдырай жететін ойларымен қымбат. Ол тыңдаушыға үгіт-насихат, ақыл айтып тұрған жоқ. Ойлануға ғана жетелейді. Түрлі тақырыптарға жазылған өз өлеңдерімен қатар, көрнекті ақындар: Мұқағали, Фариза, Есенғали, Марат, Светқали т.б. шығармаларына жазылған жырларында да осы өзгеше қабылдау, өзінше жырлау әуендері жеткілікті. Көркем мәтін астарына көшкен ақындар сезімдерінің түрлі өрнектері Табылдық қабылдауда соны сипатта қайталанады. Табыл өлеңдерінің өзегіндегі көркем мазмұнның астары өрнектермен, ойлармен танысу барысында оның танымына көшкен көркем қабылдауды үндестікке көшкен әуен өрнектерімен бейнелейтінін ұғасың. Орындаушылық өнер мен мәтінде тұрған сөз сиқыры шеберлікпен үндесіп, тыңдаушы ой-сезімдерді жаңғыртады. Әрі ең маңыздысы – сол өлеңдерге өзі ән жазып, орындау барысында ақындар жүрегін тарбеген сезімдер сыры мен ойларға тосын, өткір өрнектер қабаттастырыла жырланады. Содан барып ойдан сезімге өтетін өзге әуен гитара үнімен жарасты үндесіп, тыңдарманға ерекше әсер етеді. Табыл гитарасын аккорд қуып сабаламай, өлең мәтінін өзіндік қабылдау ерекшелігімен үндестік сақтай тебірене, теріп ойнайды. Сол арқылы да тыңдаушы жүрегіне жол тауып, сезімімен сырласады. Өз тебіренісін тыңдаушы әсеріне ұластырады.qazaquni.kz