Әнуарбек Молдабеков көктемі
2018 ж. 28 сәуір
4858
0
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Театр көктемі – 2018» фестивалі өз шымылдығын түрді. Дәстүрлі шара биылғы жылы Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуарбек Молдабековтың 80 жылдығына арналды. Фестиваль барысында театр ұжымы ең әуелі Әнуарбек Молдабековтың Кеңсайдағы зиратына барып, құран оқып, гүл шоқтарын қойды.
Әнуарбек Молдабеков қабірінің басында Алты Алаштың абызына айналған Асанәлі Әшімов, театр директоры Асхат Маемиров, Әнуарбек ағамыздың жұбайы Баян Имашевалар сөз алып, актер туралы естеліктер айтты.
Осы күні журналистерге арналған пресс-конференция өткізілді. Оған КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, театр директоры Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтар қатысып, өнердің өз өкілі Әнуарбек Молдабеков туралы сыр ақтарды.
Шараның тізгінін ұстаған театр басшысы Асхат Маемиров:
– Биылғы театр көктемі Әнуарбек Молдабековтың 80 жылдығына арналды. Өз кезегінде бұл театр сүйер қауым үшін үлкен өнер мерекесі екені сөзсіз. Ендеше, мерекелеріңіз құтты болсын! Өздеріңіз білетіндей Әнуар Молдабековтың кинодағы төлқұжаты – Шегенің рөлі. Сондықтан да айтулы шарамыздың алғашқы күнін «Қыз Жібек» сазды драмасынан бастағанды жөн санадық.
– Бүгін Әнуарбектей асыл досымызды еске алып ерекше толқып отырған жайым бар. Кеше ғана бірге жүрген секілді едік. Әнуарбексіз табаны күректей 33 жыл да өте шығыпты. Ол кинода ойнап ғана қойған жоқ, ел есінде мәңгі қаларлық образдар жасай білді. Соның бірі – халықтың айрықша ықыласына бөленген Шеге рөлі.
Балалар үйінде тәрбиеленген Әнуарбектің еңбек жолы да күрделірек болғанын білеміз.Әнуарбек, Әзірбайжан, Ыдырыс, Нұрмұқан, Фаридалар театрдың ядросы еді. Сондықтан болса керек, біздің театр кезінде Кеңес одағының ішінде алдыңғы шептен көрінетін-ді. Әнуарбектің ғұмыры қамшының сабындай қысқа болмағанда, ол өнер әлемінде қаншама дүниелер жасаған болар еді. Дегенмен, оның жарқын бейнесі қазақ халқының жадында мәңгі сақталары анық, – деп еске алды КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.
– Әнуарбектің әлеміне үңілген әрбір жан оның халқына қалтқысыз қызмет еткенін айқын аңғара алады. Еңбек жолын Қарағанды облыстық драма театрында бастаған ол өзін өнер өлкесінде сан түрлі қырынан көрсете алды. Мәселен сахнада М.Әуезовтің «Қобыландысында» Қобыланды, «Түнгі сарынында» Жантас, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Еркін, Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» Тибальт сынды кесек образдарды жасады.
Әнуарбек Мәскеуге барып, «Ваня ағайды» ойнағанда орыстардың өздері таңдай қаққаны бар. Осылайша ол өзінің шеберлігімен театрымыздың мәртебесін асқақтатып жүретін-ді. «Театр көктемі – 2018» фестивалінің Әнуарбек Молдабековке арналып отырғаны көңіл қуантады. Бұл елі үшін ерен еңбек еткен ер есімінің қашан да ел есінде екендігін көрсетеді, – дейді Қазақстанның Халық артисі Сәбит Оразбаев.
Айта кету керек, өзіндік жұмыста фестивальге қатысушы жас актер, режиессерлер А.Пушкиннің «Тас мейман» трагедиясын, Р.Эрдманның «Өле қалсам қайтеді?!» комедиялық қойылымын, Э.Олбидің «Зоопарк» психофизикалық драмасын, В.Гогольдың «Жындының жазбалары» және У.Шекспирден «Яго» деген атаумен моно қойылымдары қойылмақ.
Баспасөз мәжілісінен кейін, Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанаты болды.
Көрменің лентасын А.Әшімов пен С.Оразбаев қиды. Ал, М.Әуезов театры музейінің жетекшісі Наргиз Асанжанова келген қонақтарға Әнуарбек Молдабековтің көптеген образдар галереясын таныстырып, олардың әрбірінің тарихына тереңірек тоқталып өтті.
Көрме барысында қазақ театрының алтын дәуірін жасаған тұлғалардың сонау алпысыншы жылдардағы суреттері келушілерге талай сырды ұқтырғандай болды.
Осы тұста өз жұмысын1968 жылдың 24 мамырында бастаған М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің ашылғанына 50 жыл толғандығын атап өтуге тиіспіз. Қазіргі таңда музейде 300 мыңнан асқан жәдігер, экпонаттар бар.
Сондай-ақ, «Театр көктемі – 2018» фестиваліне қатысқан актерлар «Үздік қойылым», «Екінші пландағы ер адам бейнесі», «Екінші пландағы әйел адам бейнесі», «Актерлық ізденістері үшін», «Үздік эпизодтағы ер адам бейнесі», «Үздік эпизодтағы әйел адам бейнесі», «Сахналық ғұмыр», «Үйлесімді жұп», «Үздік сценография», «Көрермен көзайымы», «Үміт», «Өзіндік жұмыстағы ізденістері» номинациялары бойынша марапатталатын болады. Сонымен қатар, театр тақырыбын қаузап жүрген журналистерге де арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар жабылу салтанаты күні табыс етілмек.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz