БУЫРҚАНҒАН БОЯУЛАР

немесе суретші Айбек Бегалин қылқаламы

Қазақтың бейнелеу өнерімен жете таныс әлеуметтің көкейіне түсіп, пайым тереңіне сіре болып қатталып қалған суретшінің бірі – қарағандылық Айбек Бегалин. Картинаның бәсін білетіндер мен кәсіпқой өнертанушылар суретші бағасының өнер кеңістігіндегі, әлемдік масштабтағы алар орнын белгілеумен, салмағын безбендеумен келеді. Бегалин жан дүниесі жан-жақты дамыған, кемел суретші. Болмысы құр сөзге оңай таразылана салмайды. «Суретші» десең олқы, «ақын» десең аз, «философ» десең кем. «Мүмкін емес» дейтін ұғымнан қорықпай, ерегесіп, сол «ауылдың» тап ортасына барып жатып алатынның нақ өзі. «Өмірдің мәні неде?» дейтұғын, екі адамның біріне таптыра бермейтін ғайыби да ақиқат сұрақтың жауабын тап осы «мүмкін еместің» өн бойына сүңгіп, іздеп жүрген «амфибия». Целиноград, Шымкент, Қара­ғанды қалаларын геолог әкесі Қаленмен бірге шарлап өткен Айбектің балалық шағы ойын баласынан гөрі, Родари, Носов, Волков тәрізді жазушыларды оқитын «кітап кеміргіштігімен» ерекше. Оқығанын дереу сурет етіп шығаруға, тежеусіз қиялдауға әуестенген бала көңілі осы күнгі кемел шағының іргетасы тәрізді. Сол іргетас бозбала кезінде қолына алған Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы», Джон Толкиеннің «Сақина әміршісі», Элинор Портердің «Поллианнасы» тұрпатты кітаптармен кемелдене түскен сынды. Құмарлығы-құштарлығы шеңберлей-тереңдей берген сияқты. Босх пен Альтдорфер, Рафаэль мен Рубенс, Тюбке мен Ивановтың суретші жанына әсері де салмақты бір әңгіменің жүгі. «Бегалиграфия» деп айдар тағып, өзі ойлап тапқан аналогы жоқ графика тәсілі де өзінше талдауды керек қылатын жеке тақырып. Сонау Қайта өрлеу дәуірі cуретшілерінің шеберлік-зергерлікке деген ерекше ықылас-бейілі – дәуірлер, ғасырлар салып барып Бегалин шығармасынан бой көрсетеді. Айбек – әуелі еңбектеніп, материал дейтіннің табиғатын түсіп барып талантқа, шабытқа ерік беретіндердің қатарынан. ХІХ ғасыр, Модерн үлгісі де Бегалин шығармашылығының бұлағы деп есептегейсіз. Картиналарының негiзi болып саналатын – алқаракөк, күйдірілген сиена мен ақ бояуды араластыра тапқан алтын түстес реңкпен айтатын ойын шендестіріп, үндестіріп-үйлестіріп, ширатып-өрiп әкете бередi. Шырмауықтың сабағындай шырмалып жатқан мың сан сызықтар әуелде, стихиялы, бей-берекет жатқандай көрiнгенмен, бажайлап қарасаңыз сол бей-берекет пен қалыпты-заңдылықтың ортасынан жол тапқанын байқайсыз. Компьютерлік графика ғана жүгін қиналмай көтеретін тақырыпты – кенебіне кәдімгі палитрадан, қолыменен түсіретіні тәнті етпей қоймайды. Пәлсапалық, мифтiк тұрғыда жазылған, фантасмагориялық сарынмен баяндалатын «Атлантида», «Мегаполис», «Уақыт машинасы», «Оберон мұнарасы» секiлдi көлемдi (180х120) картиналары да оның қайраты қабындап тұрған дер шағында, зар күйінде екенін айғақтап тұр. «Жан» дейтiн, «Сана» дейтiн адам баласы үшiн құпиялы қалтарыстан өз жауабын iздеп жүрген суретші Айбек «Біз, адамдар өзге, алып бір организмнің нерв-талшықтарымыз. Мен суретшілікті таңдағанда, сол, алып организмнің рухымен астасып кеткенді арман қылған кісімін. Ауа жайлап, бос қиялдап отырғаным жоқ. Бұл менің жұлыныммен сезінген, түйсінген пікірім», – дейді. Картиналары әне-мiне деп басталып кететiн бiр қатердiң алдындағыдай, көрерменнiң жайбарақаттылығын сылып алып, қаңылтақ мұзда тұрғандай, қабақты құзда тұрғандай көкiрегiн алаң, көңiлiн күптi етiп қояды. Суреттерiнде айдың сәулесi бiр сәт жарқырап, қайта қоюланатын кезде – қаракөк түс... адамдарының да аттарының да терiсiн сыпырып алғандай, бүкiл анатомиясы-сiңiр, бұлшық еттерiне дейiн адырайып жаңағы, жайсыз күйдi үдете түседi. Астарлы метафора қиянға жетелеп, шырқап-қалқып, бірде таңғалтып, бірде сауат көзіне жеткізбей көмескіленіп, көрерменді тереңге айдап, дiңкелетiп бiтедi. Бір сөзімізде «Бегалиннің сурет әлемі жын әлемімен жалғасып жатыр ма?» дейтін күдік айтқанбыз (бұл Айбекті мансұқтау, шығармасын қаралау үшін айтылып отырмағаны түсінікті болса керек). Біздің пайым оған келгенде мүдіре беретін себебті әлгі дүдәмал ұлғая түскенін аңдадық. Шеберлік деңгейлері ұқсас болғанымен Айбекке қойылар баға Таңсықбаев, Қасымов, Ахметжанов, Талқамбаев сияқты суретшілерге берілетін таразыдан гөрі Босх, Даши Намдаков, Славинскийге берілер бағамен үндесе қойылуы керек секілденеді. Ал сөйлемнің табиғат ауаны солай ауды екен, дереу қазақы ұғымнан алыстап, буалдырлана-түсініксіздене, көңілге қабаржу ұялата беретіндей. «Топырақтан жаралған адам баласына берілетін бағаны оттан жаратылған жын әлеміне берілетін бағамен шатастырып отырған жоқпын ба» деген күмән келіп алқымнан және алады. «Көрермені тұрмақ суртешілерінің өзі дағдарып тұрса, Бегалин картиналарын дәріптей берудің жөні қайсы» дейтін сауал бір жағынан тағы қамайды. Ал енді, дағдардық екен оны жылы жауып, өзгелер айтса айта берсінге меңзеп, фентези, парапсихология, эзотериканың ауылына сілтеп, шапанымызды басымызға бүркеп, теріс қарап жатып алсақ – қазақтығымызға сын, талантты баламызды шет елдікке сатып жібергендей қылмыс емес пе? Сірә, періште кездің жақсыны да жаманды да қатар сімірген, қолына түскенді түк қоймай оқитын, «білсем-білсем» дейтін бала көңілін Толкиеннің «Сақина әміршісі» секілді жымы тереңде жатқан қым-қиғаш, қат-қабат, айла-шарғылы шығармалар өзіне тартып әкеткен-ау. Сөйтіп, сақиналап-бунап алған-ау! Осы жерде бейнелеу әлемінің қазақы ұғымнан шалғайлығы тағы бір көзге ұрады. Мына жағдайда «алысты жақындастырамын» деп жүріп, одан да әрідегінің шылбырына жармасып, сүйретіліп өлмесек қане? Міне мәселенің үлкені, әне қордаланған түйткілдің шарықтау шегі! Суретшілер дайындап шығатын жоғарғы оқу орнында қазақ ұғымымен суарылған өнертанушылар дайындау керек екені кезек күттірмейді! Қош. Айбектi жерге түсiрмей мақтадық. Көңілдің ауанымен біраз жерге бардық. Орыс тiлдi әрiптестер, өнер танушылар тiптi тiлiң келмейтiн теңеулер тауып, жарыса жазды. Феноменге балады. «Өнердiң бағасын шын түсiнетiндердiң назарына iлiккен санаулы, әлемдiк масштабтағы суретшi», – дестi. Қызғаныштан аулақпыз, таласымыз да жоқ. (Қазақтың бiр баласын өзгелер дәрiптеп жатса қуанбасақ, ренжитіндей басымызды ат теуіп пе?) Тек, менiң көмекейiме, Айбектi туғызған қазақ жерiнiң нәрi, тұзы-дәмі қайда дейтiн сауал кептеледі. «Қыз алып қашу», «Көкпар», «Аударыспақ» бар ғой десек те, әлгi картиналар бiздi қазақ ретiнде тұщынта алмады. Әлгi картиналардан ағаш атқа мiнгендей, алдамшы әсер қалады. «Менiң ағайым Тәттiмбет» картинасы да көңіліме дарымады. Мынау, мойыны ырғайдай, жоқшылықты көбiрек татқан, көзi көк арық кiсiнi әйгiлi «Сылқылдақтың» авторы, күйшi дегенге сенбейсiң. Тіпті, портреттік ұқсастығы келіп тұр екен делік, образ қайды? Ғажайып музыка иесінің жаны, болмысы қане? Айбек Тәттімбеттің күйін тыңдап, тереңіне бойлап көріп пе өзі, арқасы шымырламаған-ау сірә? Құйқасының арасымен ілгері кейін құмырысқа жүгірмеген-ау тегі... қарағандылық әрiптесi – суретші К.Есiркеевтiң пессимистiк сарындағы бiр кейiпкерiн өз стилiне салып, көшiре салғандай ма, немене? «Бейбарыстың» өзi де адамды зорлап иландырғандай. Кинодағы Нұрмұхан Жантөрин сомдаған биік образға бауыр басып алған қу көңiл: «Мынау қаба сақал, мұздай сауыт оранған рыцарды «пәленiншi Людовиг», «түгенiншi Карл» десе келiп тұр, Бейбарыс емес», – деп ала қашып, мойындамай-ақ қойғаны! Айтматовтың «Боранды бекетiне» жасалған илюстрацияларды қарап тұрып: «Шiркiн, Айбек – Мұқағалиды, Жұмекендi, Қалиханды оқығанда ғой, қандай иллюстар­цияға кенелер едiк!», – деген ойға кiресiң. Егер, Бегалиндегi сұрапыл суретшiлiкке қазақы болмыс қосылса одан мықты суретшi болмас едi! Батысқа қарап, «шу қарақұйрық» деп желдеп кетпей, тамырын қазақы топырақтан үзбесе дейсiң.

Жеңіс Кәкенұлы, суретші

qazaquni.kz