Суретшілер одағындағы жанжал: Қылқалам шеберлері Елбасыға Ашық хат жазды
2018 ж. 14 сәуір
5403
1
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевқа
Көшірмесі: Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә.Сағынтаевқа
Көшірмесі: Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры Қ.П. Қожамжаровқа
Көшірмесі: Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлына
А Ш Ы Қ Х А Т
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Қазақстан Суретшілер Одағы – Қазақстан суретшілері мен өнертанушыларын біріктіретін ерікті ең байырғы шығармашылық кәсіби Одақ, яғни бір өнер саласындағы адамдарды ұжымдастырып, идеологиясына қызмет жасату үшін құрылған ұйым. Ол 1933 жылғы 8 шілдеде құрылған. Қазақстан Суретшілер Одағының жанынан 1944 жылы Қазақстан Көркемсурет қоры құрылған. Кеңес заманында аталған Одақ мемлекеттік мекеме дәрежесінде болса, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап АҚ болып, кейін 2009 жылдан мәртебесі қоғамдық бірлестіктер санатында қайта құрылды. Қазақстан аумағында көрсетілген қоғамдық бірлестіктің құрамында 17 филиал және 1100 мүшесі бар. Басқару органы – құрылтай, атқарушы органы – басқарма.
2013 жылғы 26 қазанда Қазақстан Суретшілер Одағының XVII-құрылтайында басқарма төрағасы болып Байтұрсын Өмірбеков төрт жыл мерзімге сайланған. Ал 2017 жылғы 15 қарашада Қазақстан Суретшілер одағының кезекті XVIII-құрылтайы өту керек еді, алайда құрылтайдың өту мерзімі ұйымдастыра алмағандықтан 2018 жылғы 26 сәуірге қалдырылды.
Еліміздің егемендік алуына байланысты Суретшілер Одағы жылжымайтын мүліктерінің көбінен айырылды. Сол уақытта төраға болған Е.Мергеновтің кезінде сатылған жылжымайтын мүліктердің заңсыздығының салдары әлі күнге дейін өз шешімін таппай отыр. Оның басты себебі – Суретшілер Одағында ешқандай жариялылық жоқ. 2018 жылғы 15 ақпанда ғана жылжымайтын мүлкі көп Одақтың 10 құрылтайшысы бар екенін және жеке меншік пе деген даулы мәселеге тірелдік. Құрылтайшылар Б.Өмірбеков,Т.Ордабеков, Камилла Ли, Ө.Жұбаниязов, З.Түсіпова, Р.Бертілеу, Б.Оспан, Қ.Кәкімов, Қ.Каметов, С. Әлчембаев атты азаматтар. Ең бастысы бұл жерде мүліктік қатынастармен тығыз байланысты әр суретшінің құқықтары қаралмаған. Көрсетілген құжат 2016 жылғы 22 қаңтарда Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Облыстық филиалдар құрылтайшылар тізімінде жоқ. Одақтың жоғары органы –құрылтайда 10 құрылтайшының мәселесі ешқашан қаралмаған. Ешбір суретші Одақтың Жарғысында, құрылтайшылар құжаттарының түпнұсқасын да көрген емес. Суретшілер Одағы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ө.Жұбаниязов көптеген суретшілерге құжаттарды көрсетпей отыр. Одақ құрылтайшыларының бірі – Қадырбек Каметов Одақтың құрылтайшысы болуға өз келісімін бермеген, ешқандай құжаттарға қол қоймаған, демек Одақтың төрағасы Ө.Жұбаниязов Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 жылғы 31 мамырдағы №3 Заңының 10 бабының талаптарын өрескел бұзған.
Қазақстан Суретшілер Одағы XVII-құрылтайы резолюциясы қаулыларының бірі ретінде қарастырылған үлкен мәселе – Үкіметпен байланыс дұрыс жолға қойылмай келеді. Осындай жауапсыздық салдарынан Суретшілер Одағының мүшелері әлеумет назарынан сырт қалған өнер иелері ретінде БАҚ беттерінде де жазылды. Аталған Одақ Мәдениет министрлігімен тығыз жұмыс жасамайды. Одақ тарапынан үкіметтік іс-шараларға байланысты ұсыныстар берілген емес. Мемлекеттің тіл саясатын тиісті деңгейде жүргізбейді. Одақтың сайты тек қана орыс тілінде жүргізіледі. Осылайша, Ата Заңымызға және «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы жұмыс жасалып келеді. 2018 жылғы 14 наурызда 1100 мүшесі бар Суретшілер Одағы басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Ө.Жұбаниязовтың төрағалық етуімен 2018 жылғы 26 сәуірде өтетін XVIIІ-құрылтайға облыстардан келетін 1 делегат 15 адамның атынан дауыс береді деген адам құқығын бұзатын демократияға қайшы келетін норма енгізілген. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңында, ешбір өркениетті мемлекеттің заңнамасында жоқ осындай құжаттар арқылы облыстардағы 500 ҚР Суретшілер одағының мүшесінің дауыс беру құқығы шектелуде.
Сол құрылтай қаулысына кірген жастар мәселесінде де, заңсыздыққа жол берілді. ҚР Суретшілер одағының мөрін жалған куәлікке соғып, «Қазақстанның Жас суретшілер одағы» болып тіркелмеген бұл заңсыз ұйымның, студенттерді қабылдап жинаған миллиондаған қаржысы бухалтерияға түспей, із-түссіз жоқ болды. Арты Алматы қаласының Алмалы ауданының ІІБ тергеуіне дейін жетті.
Резолюция қаулысындағы ең көкейкесті мәселе – шеберхананың құжаттарын шешу болған. Алматыдағы Сәтбаев көшесіндегі №29 «г» үйде орналасқан "Өнер" комбинатының орнына "АЙНЕР" ЖШС шеберхана салатын болып келісілген. Сол құрылыс компаниясы салған Мұқанов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы (229/147) он қабатты тұрғын үйдің он бір жылдан бері ешқандай құжаты жоқ, не қаланың балансында да жоқ. Оның үш қабаты, яғни 72 шеберхана Одаққа тиесілі. Осы түйінді мәселе шешімін таппай отыр. 2013 жылғы 26 қазанда өткен Суретшілер Одағының кезекті XVII құрылтайында құжаттарды реттеуге міндеттеме алғанымен, Одақ басқармасының немқұрайдылығынан жұмыс реттелмеді. Қыста шеберхананы жылытуға ақша жиналғанымен, бірақ жылу берілген жоқ. Ал ол ақшаның есебі туралы Одақтың тексеру комиссиясы, басқармасы және хатшылығы суретшілерге ешқандай есеп бермеді.
Осы қаулы міндеттемелерінің ішінде Алматы қаласының Рыскұлов - 48 "А" және Қожамқұлов - 204 көшелеріндегі шеберханалардың құжаттары реттелген жоқ.
Құрылтай қаулысында арнайы қор ашу керек деген шешім қабылдағанымен, бұл қор да ашылған жоқ.
Одан басқа орындалмаған құрылтай қаулыларын атап өтсек:
- Суретшілердің толық анықтамасы шығарылып, жарияланбады;
- Тапсырыс іздейтін агенттік ашылмады;
- Суретшілер Одағының XVI құрылтайының қаулысында айтылғандай, Алматы қаласының Қабанбай батыр (229/147) көшесіндегі шеберханаларды жекешелендіру 2014 жылғы 1-ші қаңтарға дейін аяқталу керек еді, бұл орындалмады;
- 2013 жылғы XVII құрылтайда Басқармаға 22 адам сайланған. Ал облыстық филиалдар автоматты түрде тіркелген. Құрылтайдан кейін Одақтың бұрынғы төрағасы Б.Өмірбеков сырттан өз жақтастарынан 11 адамды заңсыз тізімге енгізіп, Басқарма мүшелерінің санын 33-ке жеткізді. Облыс филиалдарымен қосқанда жалпы саны 49 адамға жетті. Ал қазір Одақтың хатшылық құрамындағы 11 адамның 7-і құрылтайда сайланбаған. Құрылтайдан кейін осындай заңсыздықтарға жол беріліп, мүмкіндіктерін өз пайдасына асыруда.
Одақтың Панфилова- 92 көшесіндегі екі қабатты галереясы 2009 жылға дейін жалға беріліп, одан кейінгі тарихының сатылғанын, не сатылмағанын ешкім білмейді. Бұл мәселені Одақ басшылығы құпия ұстап келеді.
Кеңес заманында Одақтың мүшелігінен ешбір суретші шығарылмаса, бұл күнде соңғы бес жылда үш «Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері», бір «ҚР Мәдениет қайраткері» – одақ құрамынан шығарылған. Наразылық танытқандарға қасақана жалған компроматтар ұйымдастырылып, одақтың құрамынан дереу шығарып, ойларына келгендерін істеуде. Бірде бір жиналысқа БАҚ өкілдерінің шақырылуын құптамай келеді. Басқаруға қабілетсіз Одақтың басқарма төрағасы мен хатшылық 2013 жылғы XVII - құрылтайда қабылданған резолюциясының қаулыларын орындай алмады.
Өздерінің мүдделерін қорғап жанталасқан Одақ басшылығын руханият мәселесі еш қызықтырмайды. Е.Мергеновтің, Б.Өмірбековтің, Ө.Жұбаниязовтың басқару кездерінде Суретшілер одағының қоғамдағы рөлі жоғалып, жеке мүдделік деңгейге өтіп кетті.
Жоғарыдағыларды ескере келіп, біз Сіздердің назарларыңызды, шағын топтың осы заңсыз әрекеттерін тоқтатып, келтірілген деректерге байланысты бар құпия құжаттарды анықтауға, азаматтық заңнама негізінде реттеп, тиісті шаралар жасап араласуларыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
Белсенді топ атынан:
- Берістенов Ж.Т.профессор, ф.ғ.к. ҚР Мәдениет қайраткері.
- Абдраман Ж.А. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
- Кулбай И. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
- Құмаров А.М. ҚР Мәдениет қайраткері.
- Досмагамбетова К.З. доцент.Қазақ көркемсурет академиясының академигі.
- Мырзахметов Ж. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
- Шалбаев А. ҚР Суретшілер одағының мүшесі.