Махат Садық: ҰЛТ РЕТІНДЕ ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК
2018 ж. 06 сәуір
5091
14
Алматы. 1990 жыл. Жаз. Желтоқсан көшесі 177-дегі ТВ мен Радио үйінің кіре берісінде СССР халық депутаты значогін таққан Мұхтар Шахановты күзеттегі екі милиционер ішке жібермей тұр екен. “Айпырмай, Сағат қайда, Сағат”-, дейді даңқы дүрілдеген ақын. Сірә, Мәскеудегі СССР Халық депутаттарының мәжілісінен келе сала, Алматыны ауылындай көріп, рухы бір достарын кезек-кезегімен, алдын-ала хабарласпай аралап жүрсе керек. Жағдайды лезде түсіндім. Күзетшілерге мені Председатель жіберді, Халық депутатын қарсы алуға деп, куәлігімді көрсетіп, 4-ші қабаттағы Сағат Әшімбаевтың кабинетіне апардым. “Мықты екенсің” деп мақтауын аямаған Ақын, содан мені көрсе кітабыңа қолтаңба жазып сыйлайтын. Әрине, ол кітаптар оқылмай сөреге жинала берді. Мектепте ғаламат өлеңдеріне ғашық болдық. Кейінгі жазғандары жиналыс-кездесулерде, тойларда айтылған дүние болар деп қабылдадық. Кей тойларда ұлт пен тіл мәселесін сағатқа жуық айтып, соңында “аттары кім еді?”деп, сұрап алып, жас жұбайларға тілек білдіретін. Пендешілікпен күлеміз. Бірақ, ғұламалар биографиясын оқысаңыз көп ұқсастықты табасыз...
Мұхтар Шаханов сыйлаған сол кітаптарда тың дүниелер жазылғанын Ғұлама жазушы Мұхтар Мағауиннің аттас әріптесі туралы кешегі көлемді эссесін оқығанда түсіндім. 7-8 жыл бұрын “Россия” телерадиокомпаниясының аналитигімен дастархандас болып, әңгіме қыза-қыза шегіне тақағанда, бір құпиясын айтқан. Ресейдегі түрлі зерттеу орталықтарының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ұлтшылдар көсемі Мұхтар Шаханов деп. Біздің іші-сыртымызды бақылап жүрген талай алып елдердің зерттеулерінде де Шаханов солай аталатын болар. Уақыт өте Шахановтану ғылымы болары сөзсіз. Сонда бүгінгі талас-тартыс та тілге тиек болар. Енді сол туралы бір мысал. Орыстың ұлтшыл зиялысы, әйгілі жазушы, Нобельдік сыйлықтың лауреаты Иван Бунин естеліктерін оқысаңыз көп жәйтке қанығасыз. Максим Горький туралы: ”жазушылығы шамалы, осы сайқымазақтың беп - пердесін әшкерелеп, ұятсыз көк көздеріне түкірер күн қашан туар” немесе “Куприн туралы естелік жазу үшін, оның ішкіштігін айту ұят секілді. Ал, араққорлығына тоқталмасаң, оқырманға ұсынар дүние шықпайды”,-деп жазады. Мәңгілік ел, ұлы халықпыз дейміз. Міне, мәңгілік ел, ұлы халықтар мұндайға пысқырмайды да. Ондай мысалдар мықты елдерде мыңдап жазылған. Соған күйінген ешкім жоқ. Тегінде, осындай дүниелерден дүрбелең жасай берсек, шіркеуден аласталып, ғұмырының соңында қатты сыналған жазушылар патшасы Лев Толстойдың жерлену жағдайы қайталанады. Сол Бунин “Освобождение Толстого” естелігінде, мұжықтардың, өздерінің асыраушысы болған Графты жерлеу кезінде, әр жасаған тірлігіне ақша сұрай бергенін өкінішпен баяндайды. Сөзді сол қалпында қабылдайтындар көп. Жалған намысқа уланған ауылдастары Абайды сабағанын ұмытпайық.
Дауылпаз жырау Жамбыл мен ұлы ақын Мұқағали туралы Мұхтар Шахановтың өлеңдеткені, мойындайық, ежелден ел аузында жүрген хикаяттар. Сондықтан да олар тарихта аттары қалған Ұлы тұлғалар. Ғұламалар Күн секілді, қатты жақындасаңыз күйдіреді, тіптен өртеп жіберуі де мүмкін. Ақылдылардың ұлылармен алыстан сыйласатыны содан шыққан.
ҰЛТ РЕТІНДЕ ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК!
Махат Садық, Фейсбук парақшасынан