ЖЕТІ АТАНЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН ҰЛТ
2018 ж. 06 сәуір
5768
1

«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ» РӘМІЗІ – ЕРКІНДІК ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚ
Далалықтар – азаттық сүйгіш жандар. Ұлы Дала елінің тұрғындары жеке бостандық пен еркіндікті бәрінен жоғары бағалаған. Құнарлы жайылымдары және егін салатын құнарлы жері бар кең жазира дала есепсіз мал және егін шаруашылығымен, қолөнермен, аң және балық аулаумен айналасуына мүмкіндік берді. Көрші елдер мен мемлекеттермен сауда жасады. Бұның барлығы – еркін өмір шарттарында орын алған. Осыған байланысты біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда қазіргі Қазақстанның даласында өлімнен әрең құтылған парсы патшасы Дарий сақтардың еркіндік сүйгіштігін: «Олар (сақтар - авт.) еркіндікті алтын мен құлпырмалы бағалы маталардан артық көреді. Оларды вавилон көпестері немесе египет абыздары сияқты сатып ала алмайсың. Оларды қорқыта да алмайсың, олар жауынан елінің кең жазық даласына жасырынып, үйір-үйір, табын-табын малдарына жайылым, жаңа егіндік жерлерді тауып алады және бұрынғы жерлеріне қайтып келіп, жерін басып алғандардан кек қайтарады. Біз осы бір қарғыс атқан елде өліп қала жаздадық. Енді қайтып, ешқашан да ержүрек, еркіндікті сүйетін скиф (сақ –авт.)халқымен кездеспеген абзал», – деп ашық мойындауға мәжбүр болды. Осылайша, ғасырдан-ғасырға, мыңжылдықтан-мыңжылдыққа жалғаса берді... Ресейлік басқару институттарын енгізіп, әскери бекіністер желісін салғанға дейін және өлкеге казактар мен шаруалардың жаппай қоныс аударуына дейін қазақтар ауқатты, әрі еркін өмір сүрді. Хандар мен сұлтандардың билігі номиналды ғана болды. Далалықтардың асқан байлығы мен ауқаттылығы өздерін тәуелсіз, әрі еркін ұстауына мүмкіндік берді. Жеке адамдардың арасындағы және топтардың өзара қарым-қатынасы әдет заңымен (ғұрып-салтпен айқындалған – авт.) реттелді, ал қақтығыстар мен қылмыстар дәстүрлі билер сотымен шешілетін. Салықтар өте төмен, атауы ғана болды, кейде мүлдем болмайтын да. Жатжерлік дұшпандардан шұғыл түрде жаппай жасақ ұйымдастырып немесе неғұрлым қауіпсіз жерге мал-мүлкімен бірге жылдам көшу тәсілімен құтылып кететін. Дала тұрғындарының басым көпшілігін қатардағы, «қара сүйекке» жататын еркін көшпелілер құрады, оларды бұқара халық деп атады. Олар сансыз мал өсіріп, егіншілікпен және басқа да кәсіптер мен қолөнермен айналысты. Олардың еркіндігін шектеуге ешкімнің де құқы болған жоқ. Соғыс кезінде олар атты әскердің негізгі бөлігін құрады. Қазақтар ешқашан да бір бірінде құлдықта болған емес. Бұл – халықтың ұлттық мінез-құлқы мен ділінің қалыптасуында шешуші рөл атқарған аса маңызды қасиет. Олар өздерінің емін-еркін өмірін қорғап, қастерледі. Орыс офицері С.Броневский «козак (қазақ – авт.) – еркін адам, ешқандай бағыныштылықты білмейтін, азаттығын бәрінен биік қоятын, сұлтандары (Шыңғыс хан тұқымы – авт.)мен билерін егер де олар бұлардың пайдасы мен ішкі ниеттеріне сай болмаса, жек көреді», – деп жазды. Ауқатты, материалдық қамтамасыз етілген және әрқашан қару асынып жүретін қыр адамы өзінің бас азаттығын қымбат көретін. Таптық қайшылығы жоқ қоғам. Дәстүрлі қазақ қоғамында ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында белең алған азын-аулақ әлеуметтік жіктелуге қарамастан, таптық бөлініс көрініс таппаған, яғни – әлеуметтің бір бөлігінің екіншісіне қарсылығы мен антагонизм болған жоқ, өйткені, бір қауымда, әдетте, жақын қандас туыстар өмір сүрді. Даланың байырғы тұрғындары өз тайпаластарын құл ретінде ұстай алмады: жетімдерді бірден асырап алып, өздерінің шежіресіне қосатын. Бұл турасында белгілі семейлік өлкетанушылардың бірі Н.Коншин: «Олардың арасындағы антагонизм берік туыстық байланыстармен білінбей кететін, кедейленген қазақ өзінің бай туыстары тарапынан қолдау табатын... Қырғыздар (қазақтар – авт.) әдеттік құқық бойынша өздерінің тайпаластарында құл болуы мүмкін емес еді», – деп жазды. Бас бостандығын жоғалтудан қорыққандықтан олар отырықшы, егіншілікті өмір салтын жек көрді: мұндай жағдайда олардың пікірінше бағынышты болу қаупі төнетін, олар мұндайға әрине көне алмайтын. Бұл туралы ХІХ ғасыр зертеушісі Е.К.Мейндорф өзінің «Орынбордан Бұқараға сапар» деген еңбегінде: «Ауқатты қырғыздардың (қазақтардың – авт.) неліктен ешқашан егінші болмайтындығын түсіну оңай. Олардың көне аңыздарында «қазақтар үйлерге қоныстанып, егіншікпен айналысқан уақыттан бастап еркіндігін жоғалтады» делінген. Бұл аңызды башқұрттардың қазіргі тағдыры растағандай», – деп жазған. Тіпті, Қазақстанның Ресей империясының құрамында болған кезінде де өз еркімен толығымен егіншілікке көшуге ниет білдірген далалықтар болған емес. Олардың жаппай және мәжбүрлі түрде егіншілікке көшуі ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында басталды. Бұл Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударған шаруалардың жерді басып алуынан атақонысын қорғап қалуға тырысқандықтан туындаған еді. Сондай-ақ, басқа сословиеге (шаруа, мещан, казак, көпес және т.б.) өтіп және православие дінін қабылдағысы келгендер де болған жоқ. Негізінен мұндай жайттар олардың еркінен тыс болған. Оны түсіндіру оп-оңай: олар ешқашан да өздерінің «жабайы, асқан еркіндігін» жоғалтқысы, салық төлеп, ондаған жылдар бойы крепостниктік Ресей әскерінде қызмет етіп, өздерінің ата-баларының дінінен айрылғысы келмеді. Мысалы, ХХ ғасырдың басына дейін Омбыға, Тобыл және Том губернияларына, Ертіс, Жаңа Есіл казактарына неғұрлым жақын орналасқан Ақмола облысы Омбы уезінің қазақтарының басым көпшілігі жартылай көшпелі малшаруашылығымен, шамамен 3 пайызы ғана егіншілікпен айналысты. ХІХ ғасырдың 40-50-ші жылдары Омбы қазақтары таза көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Бұл жөнінде Ф.Щербина басқарған статистикалық экспедицияның ХХ ғасырдың басында аталмыш уезге қатысты жинақтаған материалдарында «Осыдан 60 жыл бұрын шөп қорын жинақтамай-ақ қыста да, жазда да киіз үйлерде тұрғаны, ірі қараны мүлдем дерлік ұстамағаны, тек жазда ғана көшіп қонбай, қыста да қыстауларын ауыстырып тұрғаны шалдардың естерінде», – деп куәлік етеді. Даладағы құлдық ахуал. Қазақ қоғамында құлдар тәуелді адамдардың санатына жатқызылды. Бірақ Қазақстанда құлдық патриархалдық сипатта (үйде құл ұстау – авт.) болды. Қазақтардың көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстануына байланысты құлдық кеңінен таралмады. Құлдарға мал бағуды тапсыратын, соғыс жорықтары кезінде қару ұстатып отбасыларымен қалдыруға, сенуге болмайтын. Кіші жүзде (Батыс Қазақстан – авт.) ауғандық, парсы, башқұрт пен қалмақтар арасынан келген аздаған құлдар болды. Орта жүзде (Солтүстік, Солтүстік-шығыс, Орталық Қазақстан- авт.) жоңғарлар мен қалмақтар көбірек болды. Орыстар арасынан да бас еркі жоқтар болды: оларды далалықтар Тобыл губерниясының Есіл, Қорған округтарына, Орал мен Орынбор шекара шептеріне шабуылдары барысында тұтқындап алған. Олардың біразы Орта Азияның құл базарларына жіберілетін. Қазақстан шекарасында, соның ішінде ресейлік әскери бекіністер шебінде (Қызылжар, Омбы, Семей) құл саудасы нарығының болуы құлдықтың болуына аздап өз ықпалын тигізді. Әрбір қазақтың құл ұстауға құқы болды. Бірақ, қайталап айтамыз: оның тайпаласы еш жағдайда да құлы болу мүмкін емес еді. Құл толығымен қожайынының иелігінде болды. Құлды өлтіруге, сатуға, жазалауға немесе сыйға тартуға болатын. Құлды құн төлемі немесе қыздың жасауы санатында өзгеге беруге болатын. Ат бәйгесінде де оны жүлде ретінде қоятын. Олардың құлақтарына ен салатын кездер де болды. Құлдың билер сотына жүгінуге және куә ретінде сөйлеуіне құқы болған жоқ. Олардың балалары егер қазақ әйелінен туған болса азат етілді, бірақ бұрынғы қожайындарына қызмет ете беретін. Егер де сатып алынған күң қазаққа әйел болса, онда ол азат етілетін. Құлдарды алу-сату куәгерлердің көзінше ауызша жүзеге асырылды. Қазақстанда құлдық ресми түрде ХІХ ғасырдың ортасына дейін болды. 1822 жылы «Сібір қырғыздары жөніндегі Жарлыққа» сәйкес, қазақтардың құл иеленуіне тыйым салынды. Қазақ даласында құлдықтың қалдығымен күрескен Батыс Сібір генерал-губернаторы 1859 жылы сұлтандар мен ру ақсақалдарынан барлық құлдарға бостандық беруді міндеттеген қолтаңба алды. Бұдан кейін құлдардың ұрпағы, қазақтармен туыстасып, жеке бас бостандығына ие болды. Олардың кейбіреуі төлеңгіттерге айналды, кей бөлігін қазақтар «бауырына басты». Біз бүгінгі қазақтар және олардың ұрпақтары азаттық пен тәуелсіздікті бәрінен де биік ұстап, бағалағанын ешқашан да ұмытпауымыз керек. Оларды есте сақтап, келер буынға аманат ету – бүгінгі ұрпақтың міндеті.ЕР ТУҒАН ЖЕРІНДЕ...
Туған жерге сүйіспеншілік пен құштарлықтың ежелгі дәстүрі. Қазақтар және сондай-ақ олардың ежелгі бабалары – ғұндар және сақтар, қыпшақтар, түркілер туған жерге кіндігінен байланды және жат жер қаншалықты өзіне тартса да, бабалардың атамекенінен жыраққа кетпеуге тырысты. Отандық антрополог О.Смағұловтың мәліметі бойынша, соңғы 3,5-4 мың жыл бойы Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы – жергілікті тұрғылықты халық және аздаған бөлігі ғана жат жерліктер, олар кейіннен жергілікті ізгі және қонақжай халықпен бейбіт түрде араласып кетті. Жергілікті халықтың өз жеріне деген ерекше сүйіспеншілігіне бірқатар жағдайлар себеп болды. Біріншіден, дала жұрты өз ата-бабаларының рухын қастерледі және әкелері мен аталарының бейіттерін иесіз қалдырған жоқ, керісінше барынша қадірледі. Екіншіден, Қазақстан аумағындағы жер ерте кезден көшпелі қауымдар арасында жіті бөлінген, оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп отырды. Сондықтан да кейбір халықтардың «Балық тереңге, ал адам – жақсыға қарай ұмтылады» деген көршінің мақалы бізге жат. Мәселен, ортағасырлардағы түркілер туған жеріне деген зор сүйіспеншілігімен ерекшеленді. Бұл туралы араб ғалымы әл-Джахиз (775-868 жж.): «Түркілер... туған жерлерін құштарлықпен және үлкен сүйіспеншілікпен қадірлейді», – деп баяндайды. Қазақтар да осындай маңызды адами қасиетті ұрпағына мұра еткен. Бұл туралы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ірі зерттеушілердің бірі А.И.Левшиннің жазғандарынан көруге болады: «Қырғыздардың (қазақтардың – авт.) өз Отанына немесе анығын айтсақ, өз жеріне құштарлығы туралы айтайық. Олардың аталары өздерінің туып–өскен жерлерін, өздеріне үйреншікті жерлерді тастап кетуден гөрі, қаншалықты қиындық көрсе де шыдағанды дұрыс көреді. Шындығында бірнеше мыңдаған түтін өз жерінен жырақтап, Ресейдің шекаралас өңірлеріне (ХІХ ғасырдың басында Жайықтың оң жағалауына – авт.) қоныстануға мәжбүр болды; ...олардың көпшілігі қазір өмір сүріп жатқан Ресей жеріндегі тыныштыққа, байлыққа қарамастан, өз Отанына оралуды көксейді. Башқұрттардың арасына қоныстанған олар өз елдеріне қарай қашады; орыстарда жалданып жүрген байғұстар, болар-болмас кіріс тапса, өз отандастарына асығады, Астрахань губерниясына қоныс тепкен 7 немесе 8 мың түтіннің үштен біріне жуығы бұрынғы елдеріне 1820 жылы оралды. Жайық арқылы өз отанының жағасына аяқ басқан олар қуаныштан секіріп, жата қалып, туған жерін құшырлана сүйіп жатқанына біз қызыға қарадық». Мұндай көріністі біз 200 жылдан кейін шетте жүрген оралмандардың – отандастарымыздың ұшақтан түсе сала туған жерді сүйіп жатқан кезде көрдік. Қазақтар жерден айырылу қаупі төнген сайын, қаны мен терін төгіп, жанкештілікпен ұрыс салды. Бұл туралы ресейлік зерттеуші И. Крафт «Қырғыздардың (қазақтардың – авт.) орыс бодандығын алуы» (1897 ж.) атты еңбегінде қазақтардың жоңғарларларға қарсы тұруы туралы былай деп жазады: «Жат жұрттықтар басып алған өз жерлерін қайтарып алу үшін қазақтар жауларына – жоңғарларға ерлікпен тап берді, көп кешікпей, оларды бөліп-бөліп жіберіп, өздерінің бұрынғы қоныстарын қайтарып алды». Қазақтар – беталды көшіп жүрген кезбе халық емес. Ата-бабаларымыздың өмір салтынан мүлдем хабарсыз қазіргі империялық пиғылдағы саясаткерлер айтып жүргендей, дала жұрты беталды көшіп жүрген кезбе халық емес. Қазақ жері ежелден далалықтар арасында қатаң бөліске түскен. Әсіресе, олар жылдың көп уақытын (қарашадан наурыз айына дейін) өткізетін қыстауларына ерекше байланған. Бұл туралы ХІХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Орта жүз қазақтарының өмірі мен тұрмысын зерттеген С.Броневский тарата жазды: «Жаз бойы бүкіл болысымен көшіп-қона жүріп, қыста өз ауылдарына бөлінеді, ешкім де бөтен орынды иеленбейді, әйтпесе барымта мен төбелес шығып кетуі мүмкін. Олар өз қыстауларына соншалықты жайғасқан, өйткені біріншіден, олар жылдың белгілі бір кезін сонда өткізуге дағдыланған; екіншіден, қоныстары қаншалықты шағын болса да, өз жері, үшіншіден, жаз бойы сақтаған мал өрісі бар, төртіншіден, ата-балалары осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр, ал олар ата-баба рухын қатты құрметтейді». Бірнеше мың жыл бойы көшпелі және жартылай көшпелі малшаруашылығымен айналысу дала жұртының тірі қалуына, қоршаған табиғатпен үндесе өмір сүруіне көмектесті. Сөйтіп олар табиғаттың ажырамас бөлшегіне айналды. Ұзақ уақыт бойы батыстың ғылыми әдебиетінде көшпелілер жайлы «өз жері, шекарасы, құқықтары мен моралі жоқ жосып жүрген қаңғыбас халық ретінде» қате пікір орын алды. Шындығында бұлай емес еді. Қазақ көшпелілері белгілі бір жерлерде, шекараларда, дала өркениетінің қатаң заңдарымен және моралімен өмір сүрді. Осыған байланысты атақты билеуші Мөде ж.с.д. 209 жылы «Жер – мемлекеттің негізі, оны қалай беруге болады?!» – деген ұлағатты сөзі қалдырды. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы жайылымдық және егін салатын жерлерді, аңшылық пен балық шаруашылығын оңтайлы дамытуға мүмкіндік берді. Қазақстанның малшылары өз экономикасын табиғи және климаттық жағдайларға неғұрлым дұрыс үйлестіре отырып құруды көздеді. Біздің бабаларымыз өздерінің рулық жерлерін өте ерекше жағдайларда ғана, мысалға, адамдар мен мал әртүрлі аурулар мен індеттерден жаппай қырылуға ұшырағанда ғана тастап кететін. Қалған уақыттарда барлық көшпелілер жүздеген және мыңдаған жылдар бойы ертедегі ата-баба жолын ұстанды. Бұл туралы Жайық пен Еділ арасындағы қазақтардың өмірі мен тұрмысын жете зерттеген И.Троицкий «Жайық сыртқы даласы және ішкі немесе Бөкей ордасының очерктері» еңбегінде былай деп жазады: «Әр рудың тұрақты көшетін өз жерлері бар және бір рудың жеріне екінші біреулер келіп аялдамайды, олардың үстінен ғана көші-қону кезінде әр бағыттарға кесіп өтетін». Мұны көрнекті түркітанушы және лингвист В.Радлов та қуаттайды: «жоспарланбаған көшу туралы сөз болуы мүмкін емес. Тайпалар немесе рулар белгілі бір аумақты өзінің жеке меншігі деп санайды және оған көршілерінің басып кіруіне жол бермейді». Ата-баба жеріне деген дала жұртының ерекше сүйіспеншілігі туралы халық фольклоры. Өздерінің арғы аталарының жеріне ерекше сүйіспеншілігі жөніндегі қазақ мақалдары мен мәтелдері өте көп: «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Әркімнің өз жері – жұмақ», «Туған жердің қадірін, шетте жүрсең білерсің», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне», «Туған жерге туың тік», «Адассаң, еліңмен адас», «Ел іші – алтын бесік», «Ел – елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы», «Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас». Аңызға қарағанда, 17 жыл бойы (1260-1277) мәмлүктерді басқарған Бейбарыс сұлтан ата-баба жеріне оралуды армандаған. Шығыстың екінші ұстазы әл-Фараби өз Отанын сағынған. Бұл сезімдерді ол өзінің мәңгі өлмес өлеңдерінде хатталған: «Кешір мені, туған жер, Сені артқа тастадым. Кешір мені, туған ел, Жолды алыс бастадым. Кешір мені, ұлыс - ұрпағым, Бақ, байлық, даңқ таппадым. Кешір мені ар-ожданым, Білім болды баққаным!»… Азаматтардың бүгінгі ұрпағы өз жерін құрмет тұтады. Республиканың бүгінгі азаматтарының туған жерге ерекше қатынасы ұрпаққа да тараған. Сірә, сондықтан да болу керек, 2016 жылы қазақтар өз ата-бабаларының жерін ашық сатуға және ұзақ мерзімді жалға беруге, соның ішінде шетелдіктерге беруге қарсы шықты. Сондықтан да ел Президенті Н.Ә.Назарбаев олардың таңдауын және өз халқының арман-мұратын ашық қолдап, оларды туған жерден айыратын заңға мораторий жариялады. Қазақтар және олардың түркітілдес бабалары – қыпшақтар, ортағасырлық түркілер, ғұндар және сақтар жерді ана ретінде қарастырып, Жер-Ана деп әспеттеді, оған тағзым етті, тәңіріндей көрді. Мысалға, византиялық ғалым Феофилакт Симокат 595 жылы былай деп жазды: «Түркілер жерді әнұран ретінде әнге қосады». Айтқандай, Елбасы авторлардың бірі болып табылатын елдің жаңа әнұранында «жер» және «ел» сөздері синоним ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес: «Менің елім, менің жерім!». Ол үшін (жер – авт.) ондаған және жүздеген Ұлы Дала ұлдары, әртүрлі ұрпақтардың және әртүрлі ұлттардың өкілдері «Ел үшін, жер үшін!» деген ұранмен өз өмірлерін қиды. Қазақстанның аумақтық тұтастығы үшін кеңестік кезеңде Алаш зиялыларының көрнекті өкілдері өз өмірлерін құрбан етті. Біздің тың және тұмса жерді қорғай отырып, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болған алғашқы қазақтардың бірі Жұмабай Шаяхметов өзінің жоғары қызметімен қоштасты. Солтүстік облыстарды Н.Хрущевтің волюнтаристік шешімдерінен, жерді көршілес Ресейге беруге қарсы шыққан Жұмабек Тәшеновтің беделді мансабына «нүкте» қойылған болатын. Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымының докторы, профессор qazaquni.kz