Амангелді Айталы: Орыс, ағылшын тілдерімен бәсекелестік күресте қазақ тілінің аман қалуы қиын
2018 ж. 19 наурыз
8572
70
Тілге мұхтаждық туғызу керек. Қажеттілік туғызатын кез келді. Әйтпесе, әзіргі өгіз аяң тілдік ахуалға өзгеріс әкелмейді.
Қоғам қайраткері, ғалым Амангелді Айталы осы ретте 2008 жылы өзі және елге танымал басқа да қайраткерлермен бірігіп әзірлеген «Мемлекеттік тіл туралы» қолданысқа кіргізуді ұсыныпты. Айталының айтқанын kaz.365info.kz порталы оқырман назарына ұсынған екен.
70 пайыз болдық қой…
Президент латын әліпбиіне көшумен мемлекеттік тіл мәселесі өзінен өзі шешілмейтіндігін ашық айтты.
Сондай-ақ ағылшын тілін оңай меңгеру, ғылым мен технологияның жедел дамуы сияқты аңғырт ойлардыңда негізсіздігі белгілі болды. Демек ағылшын тілін білу ғылыми-техникалық прогресті дамыту арнайы іс- қимылдар қажет етеді.
Ал мемлекеттік тіл мемлекеттің қорғауына мұқтаж.
Мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеру латын әліпбиіне көшуге байланысты ғана емес, басқа да да тілден тыс сыртқы және ішкі факторлардан туып отыр. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тіл мәселесінің мәнін тереңірек ашты.
Жаһандану заманында көптеген елдер, оның ішінде Франция, Германия, Ресейде бар, жүзден аса мемлекет мемлекеттік тіл туралы заңдарын қабылдап, ағылшын, басқа да тілдер экспансиясынан қорғанатын механизмдерін қалыптастыруда.
Қазақстан бүгінгі күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналғанын атап өту қажет. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәсекелестік бәйгесіне түсті.
Бұл бәсекелестік күресте қазақ тілінің аман қалуы қиын. Осыған байланысты біздің елде, дүниежүзінің көптеген басқа да елдеріндегідей, тілдің қорғаныс тетіктерін енгізу керек.
Сондай-ақ, қазақтардың ұлттық сана-сезімінің ұдайы өсуі мен қазақ эносының демографилық келешегін де ескеру қажет. Ел халқының 70 пайыздан астамын қазақтар құрайды.
Өмірге 80 пайыздан астамы орта білімді, 60 пайыздан астамы жоғары білімді қазақ тілінде алған қазақтың жас ұрпағы келді. Егер
қазақтарға қызмет көрсететін өкімет органдары және басқа да мекемелер мен ұйымдар оларға ана тілінде қызмет жасамаса, кейбір көріністері байқала бастаған күрделі мәселелердің ушығуы мүмкін.
Біз мұны білдік
Осы жағдайды ескере отырып, 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетінің сол кездегі бір топ ғалымдары: заң ғылымдарының докторы, профессор М.Нәрікбаев — (жұмыс тобының жетекшісі), Қазақ Ұлттық Академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Баймаханов, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ә.Бәкір, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Абуов, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Айталы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» заңның жобасын дайындады.
Заң жобасы «Ана тілі» — және «Заман Қазақстан» газеттерінде жарияланды, оның Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда қалаларының оқу орындарында тұсаукесерлері өтті, оны ҚР Жоғары Сот қызметкерлері, Мәдениет министрлігі мақұлдады.
Жоба ҚР Президент әкімшілігі мен ҚР Үкіметіне ұсынылды. Премьер-министр К.Мәсімов 8 қантар 2009 жылы заң жобасы авторларына арналған хатында жобаның негізгі мазмұны 2009 жылы «Тілдер туралы» заңға толықтырулар енгізілгенде ескерілетін болады деді. Бірақ Үкімет пен Парламент ол заңға оралмады.
Заң жобасын дайындаушылар Қазақстандағы тіл мәселесінің нәзіктігіне аса назар аударады.
Бір жағынан, заң азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттейді, екінші жағынан, азаматтардың тілдік хұқын сақтау қажет. Барлығы адамдық факторға тіреледі. Өзбекстан мен Әзірбайжанда, мысалы, байырғы ұлт өкілдері ана тілін меңгерген, сөйлейді, оқиды және жазады, демек ана тілінде ойлайды және өз тілдеріне сұраныс жоғары. Латын әліпбиіне көшу олар үшін жалпы ұлттық іс.
Ресми деректерде барлығы жақсы болғанымен мамандардың айтуынша Қазақстанда таза қазақша сөйлейтін қазақтар көп емес, негізінен қазақтар аралас, қойыртпақ, орыстанған қазақ тілінде сөйлейді, ал оқитындар мен жазатындар одан да аз. Қазақша оқыған жастар да орысшаға бейім. Бұл латын әліпбиіне көшуге қиындықтар туғызады.
Қазақ тілін латын әліпбиіне аудару қазақтар үшін екі жақты үрдіс, ең алдымен мемлекеттік тілді және латын әліпбиін, орфографиясын меңгеру. Сондықтан да президент латын әліпбиіне көшуді мемлекеттік тілді меңгерумен байланыстырып отыр.
Қалыптасқан жағдайда ең маңыздысы бүгінгі қазақтар мен қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттілігін тудыру.
Қазақ бастап, қалғандары қостаса…
Тілді таңдау адамдардың мүдделілігіне байланысты. Адамдар жұмысының, мансабының өсуін, тағы басқа талабын қамтамасыз ететін тілді таңдайды.
Нарықтың заңы, соның ішінде тілдер нарығының талабы да осындай. Бірақ мемлекеттік тіл — ерекше рухани құндылық. Тілді оның иесі, ежелгі қолдаушысы, немесе қазақтар меңгермесе, оның түлеуі мүмкін емес. Сондықтан заң жобасын ұсынушылар қазақтардың қазақ тілін меңгеруіне басымдық мән береді. Мемлекетқұрушы ұлт мемлекет тілін меңгермейінше, тілдік орта қалыптаспайынша басқа халықтардың тілдік таңдауына ықпал жасау мүмкін емес.
Заң жобасын дайындаушылар сондықтан бірінші кезекте мемлекеттік тілді меңгеруді ең алдымен қазақтарға қояды. Екінші кезекте бұл талап барлық азаматтарға қойылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңының әлемдегі мемлекеттік тіл туралы заңдарынан ерекшілігі осында болмақ. Бұл ішкі тілдік ахуалдан және геосаяси жағдайдан туған амал. Бірақ ҚР Конституциясының 33- бабының 4-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеру міндетті.
Мұндай саралап жіктеу саяси және психологиялық жағынан да қисынды. Н.Ә. Назарбаев Қазақстанда ұзақ мерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келсім қажет екендігіне үнемі назар аударады. Осы заң жобасы қабылданған жағдайда, наразылық білдіруге еш себептер жоқ. Бірінші кезекте мемлекеттік тілді меңгеруді мендеттейтін заңға қазақтардың реніш білдіруге негізі жоқ, себебі мәселе олардың ана тілі болып отыр.
Заң жобасының басты — бір жаңалығы басты назарды тек іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуде ғана емес, мемлекеттік тілді білуіне, халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуде болып отыр.
Заң жобасы он төрт баптан тұрады.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданған жағдайда. «Тілдер туралы» заң мен басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Заң жобасы бүгінгі жағдайларға сәйкес кейбір түзетулер енгізілгеннен кейін ҚР Үкіметіне ұсыналды.
Заң жобасы авторлары:
- Нәрікбаев М.С. – заң ғылымдарының докторы, профессор, жұмыс тобының жетекшісі;
- Баймаханов М.Т.- ҰҒ Академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор;
- Бәкір Ә.К.- саяси ғылымдарының докторы, профессор;
- Абуов Ж. – филология ғылымдарының докторы, профессор;
- Айталы А.А.- философия ғылымдарының докторы, профессор.