Аида Балаеваның балаларға арналған кітабы жарық көрді (ФОТО)
2018 ж. 17 наурыз
3891
2
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызы Балаева Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Жамбыл ауданы туралы тың деректерге толы «Қызыр қонған құт мекен» атты балаларға арналған танымдық кітабының тұсауын кесті.
Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында жүзеге асқан рухани тағылымдық мәні жоғары туынды болары анық. Жамбыл ауданындағы әрбір елді мекен, қоныстар, оның табиғаты мен жер-су атауларының шығу тарихы, сонымен қатар осы өңірде туып-өскен тарихи тұлғалар жайында бұрындары жарияланбаған тың деректер, өлкетанушылар мен ғалымдардың зерттеулері, жазушылар мен тарихшылардың, сондай-ақ көнекөз қариялардан жеткен аңыздар мен шежірелер 4 жыл бойы жинақталып, аталмыш кітапқа енгізілген. Жазылу мәнері балалардың туған өлкесін танып-білуге деген қызығушылығын оятып, танымын кеңейтіп, отансүйгіштік рухын шыңдауға жәрдемдеседі. Кітап мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымына, сонымен қатар елін, жерін сүйетін қалың оқырманға арналып жазылған.
Кітаптың тұсаукесеріне арналған кездесуді Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жүргізді. Кеш барысында Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаевтан бастап, осы кітаптың жарық көруіне елеулі үлесін қосқан көрнекті қаламгерлерге, өлкетанушылар мен ғалымдарға, тарихшылар, зерттеушілер мен көнекөз қарияларға кезек-кезегімен сөз ұсынылды.
Алғашқы болып сөз алған Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Аида Ғалымқызының өз жерлестеріне арнаған 1000 данамен жарық көрген жинағын тарту етіп келгендігіне алғысын білдіріп, кітаптың рухани-тәрбиелік маңызының зор екендігіне, сонымен қатар ауданда ағымдағы жылы аталып өтілетін мерейлі даталарға тоқталып өтті. Жамбыл ауданының Қастек ауданы болып құрылғанына 90 жыл, XX ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев есімінің берілгендігіне 80 жыл толуына орай Ұзынағаш ауылында Жамбыл Жабаевтың биіктігі 10 метрді құрайтын еңселі ескерткіші бой көтеретіндігін хабарлады.
Мұнан соң Аида Ғалымқызы жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтап, жинақтың шығу тарихына аз-кем тоқталып өтті. Бұл кездесуді тек қана кітаптың таныстыруы деп қана қарамай, ел-жұртпен қауышу деп қабылдауды сұрады. «Туған жерге деген сүйіспеншілік - жерге, руға бөлінуге негіз болмауы тиіс, керісінше патриотизм бізді біріктіре түсетін, татулық пен бірлікке ұйытатын ең басты фактор болуы қажет», - деді өз сөзінде А. Балаева.
Келесі болып сөз алып, кітап жайында ойымен бөліскен белгілі жазушы-журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижан, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық академияның профессоры, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, белгілі қоғам қайраткері, Алматы қаласында бірқатар жауапты қызметтер атқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев кітаптың құрылымы жайлы тереңнен толғап, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті.
Кездесу кеші жетісулық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, соңында жиналғандарға жаңа кітап сыйға тартылды.
Осы күні Аида Балаева өзі оқыған Жамбыл атындағы орта мектепке барып, онда ұстаздарымен және оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрып, соңында мектеп ұжымына кітаптар мен интерактивті тақта сыйлады.
Осы сапары барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Қарасай ауданында Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында, «Батыр бабалар» мемориалды кешенінде болды.