Досхан Жолжақсынов: Бекболат Тілеухан мен үшін әулие емес
2018 ж. 16 наурыз
21092
28
Досқан Жолжақсыновты білмейтін адам жоқ. Белгілі режиссер. Халық әртісі. Өзіндік көзқарас, өзіндік айтары бар адам. Оның бұрындары ойнаған кинодағы рөлдерін былай қойғанда, режиссер ретінде түсірген «Біржан сал», «Құнанбай» көркем фильмдері көрермен тарапынан жақсы деген баға алған.
Дегенмен, режиссер ретінде түсірген тырнақалды туындысы «Біржан сал» біраз сынға ұшыраған еді. Ол жөнінде Досқан Жолжақсынов бір сұхбатында былай деп жауап берген екен:
– Сол «Біржан салдың» тұсаукесеріне қатысқан бір үлкен этнограф жазушымыз «Біржанның өмірі дәл осындай болса, онда оның обалы жоқ екен» деп есіктен шығып кетіпті дейді. Бүгінгінің сал-серісі Бекболат Тілеухан да фильмге көңілі толмағанын айтыпты…
– Мұндай әңгімені бірінші рет естіп тұрмын. Жазушы деп кімді айтып тұрғаныңды білемін. Қадірменді Ақселеу Сейдімбеков ағамыз ғой. Жатқан жері жайлы болсын, ағамның. Ақаңның тұсаукесерге келгені рас. Кино біткен соң жаныма келіп, «айналайын Досқан, маңдайыңнан сүйетін-ақ дүние екен» деп маңдайымнан сүйіп, «Қазақ музыка тарихы» деген үлкен кітабын сыйға тартты.
Ал мына Бекболат Тілеухан мен үшін әулие емес. Кешегі Бекболат, сол Бекболат.
Мен де естідім, «Бекболат солай» депті дегенді. Әрине, көрермен болған соң сан-алуан көзқарас, пікір болады. Оның бәрене мән бере беруге бола ма? Мен Көкшетауда болғанда жергілікті керейлер, нақтыласам, серінің туысқандары Біржан жайлы жазылған үш кітап берді. «Мына жері келмейді, мына жері былай болуы тиіс еді. Өмір тарихы өзгеше еді ғой», деген сықылды ойларын айтты. Мен айттым, «аға, бұл деректі дүние емес. Көркем шығарма. Бірақ ең негізі, сізге әсер етті ме, әсер етті. Олай болса артық әңгімеге не жорық» деп.
Көркем дүниеде әрине шалықтау, қиялға берілу болады. Өнердің мақсаты – адамға әсер ете білу. Мен соған жете алдым. Әрине, бұл менің бірінші қойған дүнием. Бәлкім аңғармаған, тәжірибем жетпеген тұстары да бар шығар. Өйткені актерлік шеберлік басқа, режиссер болу бір басқа. Бас-аяғы жұп-жұмыр дүние алда әлі туа жатар…
Ақшарқат Ахметбек,
Дереккөз: kaz.365info.kz