Талғат Теменов: Үлкен билікке адам тек адал болғанда ғана бару керек
2018 ж. 15 наурыз
3511
2
"Қазақ үні" ұлттық порталы белгілі театр және кинорежиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтың жазған дүниелерін үзбей жариялап келеді. Бүгін біз оқырман назарына автордың жеке күнделігіне жазып жүрген түйінді ойларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Мен, Мен» деп сөйлейтіндердің бәрі – Махамбет емес.
***
Ең үлкен ерлік таңғы сағат бесте өзіңді өзің столға отырғызу.
***
Бізге инвестиция тартылғаны жақсы. Ал оның қарапайым халыққа жеткені – одан да жақсы.
***
Адам бақытты болу үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Бар болғаны әкімнің баласы болсаң болғаны.
***
Күліп жүрген адамға Құдай да көмектесіп тұрады.
***
Әйеліңмен ажыраспаудың жолы – жиі жүздеспеу.
***
Ақшаға сатылмайтын екі-ақ нәрсе бар. Ол жастық һәм ақыл.
***
Ұятсыз ой ақыл ұйықтағанда келеді.
***
Жарлы адам да арлы болады.
***
Қыз тамақ жасай алмаса – шешесі кінәлі.
***
Ровесники – это не значит единомышленники.
***
Ар – адамның күзетші-оққағары.
***
Жұртқа жоғарыдан қарай берме – мұрныңның тесігі көрініп қалады.
***
Ең үлкен стимул – қызғаныш.
***
Дәрігерге барғанда – дәрменсізсің.
***
Дүниеде сөзбен айтып жеткізе алмайтын үш сұлулық бар. Ол – әсем музыка, табиғаттың тылсым көрінісі және сұлу қыздың суға шомылуы.
***
Жалғыздық – ақыл мен сезімді ұштайды.
***
Сұлу қыздың ақылы – түске дейін болады.
***
8 наурыз шынымен де мереке. Еркектер тойлайды. Әйелдер қызмет етеді.
***
Жерін жалға берем деген – жетесіз.
***
Ағысқа қарсы жүзу – кете балық пен кемеңгерге ғана жарасқан. Ал басқасы – қыртымбайлық.
***
Баяғыда Герострат атын шығару үшін Артемиданы өртесе, бүгінде атын шығару үшін әкесінің арын өртейтіндер көбейіп кетті. Ал, әкенің ары – Артемидадан да қымбат.
***
Еркек боқтаса – жарасады,
Әйел боқтаса – адасады.
***
Сөзге шорқақ – не сараң, не жетесіз.
***
Отанын сүю – көше сыпырудан басталады.
***
Үйдің тілі бір басқа, сырттың тілі бір басқа.
***
Амандасу – адамгершіліктің алғашқы қадамы.
***
Біреудің жасаған жақсылығын айтпау – сатқындықтың бір түрі.
***
Біреу әнді микрофонмен айтады, біреу фонограммамен айтады. Ал, негізі әнді жүрекпен айту керек.
***
Ақыл айту – ақымақтықтың басы. Ал ақылды тыңдамау – ақымақтықтың соңы.
***
Көк аспан – шексіз,
Көп арман – шексіз.
***
Сұлу мүсін де – поэзия...
***
Сахнаға шықпағалы 15-20 жыл болған артистерді білем. Бірақ кеуде – даладай. Өте дұрыс... Сквозняк... Никто ничего не помнит...
***
Арсыз қыз әкесін өлтіреді.
***
Ғашықтардың кеудесінде – күйсандық...
***
Шетелдің әнші-бишісі бізге өнер болмайды.
***
Көңіл – космостан да күрделі де қиын планета.
***
Арсыз ойдан ұятсыз бала туады.
***
Бізге шетелге кеткен ақшадан гөрі шетелде жүрген адамдарымызды қайтару әлдеқайда маңызды.
***
Қателеспейтін адамды білмеймін,
Қатесін түзеген адамды білемін.
***
Бір адам қателессе – комедия, екі адам қателессе – драма, мың адам қателессе – трагедия.
***
Шын суретші – көп сөйлемес.
***
Бүгін біздің үлкен ақын-жазушыдан Мұқағали мен Шәмші жайлы сұраса, бәрі де Мұқағалимен дос болған, Шәмшімен шәй ішкен боп шыға келеді. Бәрі де екеуіне арнап өлең жазады. Пьеса да жаза салады. Бұл да жарнаманың бір түрі. Менің білетінім: көзі тірісінде Мұқағали одаққа келе жатқанда көкелеріміз есігін іштен жауып алып немесе қашып-пысып жүретіндердің біршамасы бүгінде басқаша сөйлейді. Бәрі де Мұқағалимен дос болған екен. Әй, сабаздар-ай...
***
Баз біреулер Шәмшінің әндерінен жылына төрт-бес концерт өткізеді. Қалдаяқовтан коммерция жасап алған пысықайлар...
***
Ер азамат болғанда адам анасының, әкесінің алдында «мен сендерге адал боламын, өле-өлгенше сендерді аялап өтем» деп ант етпейді. Себебі, ол солай болуы тиіс. Ал, бізде әкімдер мен министрлер Президенттің алдында ант-су ішіп жатады. Неге? Кім үшін? Президент те сенің әкеңдей емес пе? Үлкен билікке адам тек адал болғанда ғана бару керек қой. Адал адам «адал болам» деп ант су ішпейді. Ант етсе, өтірік. К.Станиславский айтпақшы, «Не Верю!».
***
Президенттің алдында әкімдер мен министрлердің кітапшаларына бірдеңелерді шимайлап жазып жатқанын көргенде, күлкім келеді. Меніңше, Елбасын алдымен зейін қойып тыңдау керек емес пе? сосын жиналыстан шыққанда соның бәрі бір емес, бірнеше рет айтылады ғой. Президенттің сөзі – Профессордың лекциясы емес. Елбасының сөзі ең алдымен – бағдарлама, программа. Меніңше, Елбасының не айтқанын жазғаннан гөрі, нені меңзеп, не айтқысы келетінін түсіну керек сияқты. Жарайды, әкім-қараға ақыл үйретпеймін. Өздері білсін...
***
Ақынды өлтірем десең, оны әкім қой.
***
Ұлтқа қызмет ету – Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қызмет ету емес.
***
ХХ ғасырда мен білетін екі әулие бар. Бірі – Сталин, екіншісі – Д.Қонаев. екеуі де боқ дүниенің құлы болмаған. Әсіресе, Димекең. Нағыз әулие!
***
Балаң өссе – аяғыңды байқап басасың.
***
Келін алғанда – келінге келін болу үшін аласың.
***
Өкінішке орай, анаңның қадірін айырылғанда ғана білесің.
***
Роль алу – рульге отыру емес.
***
Дарынсыз актер – қызғаншақ болады.
***
Сұлудың ұйқысы да – сәбидің ұйқысындай тәтті.
***
Адам жексенбі күні жетіскеннен ерте тұрмайды.
***
Адамның досы да, қасы да – өзі.
***
Ақындық жалғыздықтан басталады.
***
Тайға мініп үйренген бала – есекке отырмас.
Талғат Теменов