"Баян Сұлу" Алатауда неғып жүр?" - Еңбек сіңірген қайраткер атышулы сериалды сынап тастады
2018 ж. 13 наурыз
6113
16
Үстіміздегі жылы «Қазақ үні» порталында Баян Алагөзованың жаңа телехикаясы: «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» сериалы жайлы Көпен Әмірбектің: "Шын өнерді қорлаған сериалды қорғауға бола ма?" деген мақаласы жарияланған екен. Белгілі сатирик: «Баянсұлудай дау-дамай туғызған сериал болған жоқ, бұның кебегі көп дүние. Қазақ халқы бағзыдан өзінің салт санасын, әдет-ғұрпын сақтап келу арқылы қазақ болып келе жатқан жоқ па? Сериалды түсірушілер әдебиетіміздің алтын қорына айналған ұлы дастанымызды алып шыға алмаған. Жібектей дүниемізді жұлмалап, жүн жұрғасын шығарған» деп белгілі сатирик ренішін білдіріпті. Оның алдында ғаламтордан: "Баян Алагөзова «Баян Сұлу» фильмін түсіруге кеткен бюджет қаржысын қайтару керек, ол салық төлейтін сіз бен біздің қаражатымыздан ұсталынып отыр" деп налыған авторлардың пікірін оқыған едім.
«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» сериалын көгілдір экраннан көргенімде мені бірден оқиға Алатау бөктерінде өрбігені таңқалдырды. Қайта-қайта самаладай тізілген Тяньшан қарағайлары, таудан аққан мөлдір өзен көрсетіледі. Баян мен Қозы Көрпештің ескерткіші бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданының Таңсық ауылының маңында. Сериал түсіруші алысқа баруды қиынсынса, Алматыдан 40-50 шақырымдай жерде табиғаты соған ұқсас жерлер бар емес пе? Мүмкін продюсер кино түсіруді жанға жайлы табиғат аясында демалумен ұштастырғысы келген шығар?
Сериалды көре бастағанда бірден ұнамағаны ақылына көркі сай, нәзік жанды Баян Сұлудың рөлін ойнаған әртістің келбеті, тампыш мұрын орта бойлы қыз. Қалайша қиылған қасты, қыпша бел әдемі қыз табылмады ма екен? деген ой туындады.
Жақында ғаламтор арқылы «Баян сұлу» сериалының бірінші бөлімін қайталай қарадым. «Қуырдақтың көкесін қой сойғанда көрерсің» дегендей, фильмде шындыққа үйлеспейтін, халқымыздың ежелгі әдет ғұрпына жат көптеген өрескелдіктер орын алған екен. Қарабайдың малы барымталады, артынан Баян атқа мініп қуа кетеді. Малды қайтарып келген қызы әкесіне ақыл айта бастайды. Қарабай бәйбішесіне: «Қызыңды тәрбиелемегенсің, Қодарға шықса ол малдың қорғаны болар, байы тәрбиелеп алар»- дейді. Шешесі: «Баян әлі бой жеткен жоқ, жасы он алтыда, Қодар оның теңі емес, қырық сылтау айтып қызымызды бермейік»- дейді. Бұның бәрі шындыққа үйлеспейді, продюсердің ұлтымыздың салт дәстүрінен мүлде махұрым екенін көрсетеді.
Орман ішінде жалғыз келе жатқан Қозы енесінен адасып қалған қозыны ұстап алып су жағасында тұрған кезде, төменіректен айғай- шу естіледі. Қарабайдың малын барымталаған Қодардың қарақшылары артынан қуып келген байдың малайларын ұрып соғып жатады. Қозы оларды құтқарады, осы арада оның атын қарақшылар қолға түсіреді. Қарабай ауылына Қозы жаяу келеді, жасырынып Баян отырған қазақ үйге кіреді. Қалыңдығымен әңгімелесе бастағанда артынан Қодар жетеді, Қозы тығылып үлгереді. Қалмақ батырының беті әжімделген, ұсқынсыз, қасындағы қарақшылардан аумайды. Шымылдық ішінде отырған Баянға Қодар назын айтып жатқанда, Қозы керегеден жерге секіріп түседі. Мені таңқалдырғаны оның жалғыз жүруі, әкесі өлседе бай баласы айттырылған қалыңдығына ең болмаса екі - үш нөкерімен келуі керек қой.
Қарабайдың ауылы, ақшаңқан қазақ үйлер тігілген, бірақ ішіндегі жихаздар өте жұпыны. Байдың құрдай жорғалаған жалшылары мен Қодардың қарақшылары, Баянның шешесі мен тампыш мұрын қойшының қызы мен бақсы шалдан басқа көп ешкім көрінбейді. Жастардың ойынсауығы, айлы түнде алты бақанға тербеліп, халық әндерін орындауы көрсетілмейді. Шындыққа үйлесе қоймайтын жайт - Қодар мен оның қарақшыларының беліне салпаңдатып байлаған қылыштары. Оқиға онекінші ғасырда өрбігенін еске алсақ, ол кезде қазақтар қару ретінде қылыш ұстай қойған жоқ шығар. Мұхтар Әуезовтың Абай эпопеясын еске алсаңыз онтоғызыншы ғасырдың өзінде барымташылардың негізгі қаруы шоқпар болды.
Міне осылай продюсер Баян Алагөзова ұлтымыздың өнерінің биік шоқысы деп саналатын, 1926 жылы ұлы Абайдың нұсқасы бойынша Мұхтар Әуезов баспадан шығарған, 1940 жылы алғаш рет сахналанған «Баян Сұлу Қозы Көрпеш» дастанын, 1954 жылы Ғабит Мүсреповтың сценарийімен «Махабат дастаны» деп аталған кионфильм түсірілген қазақтың Ромеосы мен Джулеттасын Көпен Әмірбек жазғандай: «Жібектей дүниемізді жұлмалап, жүн жұрғасын шығарған».
Баян Алагөзованың сериалы жайлы Қайнар Олжай: «Жүйенің қүрбаны мен көненің киесі хақында» деп аталған «Дат» газетінде жариялаған мақаласында: біріншіден, сериал түсіру жұмысының дайындықсыз басталғанын, тоғыз айда тарихи драманы түсіру өте тәжірибелі, базасы мықты үлкен компанияның тірлігі, Баянның командасы оған лайық болмағанын жазады. Екіншіден, автордың сапасыз сериал түсіруге қалыптасқан жүйе кінәлі екеніне назар аударыпты. Наурыз айында шарт жасасып, желтоқсан айында алты сериялы «Қозы Көрпеш- Баян Сұлуды» өткізіп беру қалыптасқан жүйенің құрбаны болу - деп продюсерді ақтағандай болады.
Баян Есентаева түсірген «Күләш» телесериалы жайлы
Ол маған бірден ұнамады. Жақында ғаламтор жүйесінен тарихи фильмнің екі бөлімін зейін сала қайта қарадым, орын алған ағаттықтар бірден байқалады. Сахна өнеріне қызығушылық білдірген Гүлбахрамға шешесі: «Клубқа барма, адам болам десең біреудің кірін жуып, қоқысын тазаласаң да жұмыс тап, сенің әкең тастап кеткен күннен бастап менің де әнім аяқталған»- дейді. Гүлбахрам: «Аса қызығарлық бет әлпетім жоқ, бойым болса мынау» -деп налиды, бірақ арманы сахнаға шығу болады.
Киергі жөнді киімі жоқ, көршісі қызының үйлену тойына сақтаған көйлегін ұсынады. Бақталасқан қыздар сахнаға шығарда оны қасақана жыртып, Гүлбахрам күнделікті киімімен халық әні «Балхадишаны» құйқылжыта орындап, көрермендердің көңілінен шығады. Репитицияға барып жүріп режиссер Қаныбекпен танысады. Бір екі кездескеннен кейін: «Театрға түсіп, әртіс болғысы келетінін айтып, Сіз деп сызылғанша сен деп сөйлесейік» деп ұсыныс жасайды. Әрине ауылдан келген жасы 17-18 -дегі қыздың өзінен үлкен, қызметі жоғары адамға бұлай айтуы дөрекілік. Бұл продюсердің қосқаны болуы керек. Гүлбахрамның рөлін ойнаған әртіс жас қыздан көрі кексе әйелге көбірек ұқсайды, түр дейтін түрі де жоқ, тампыш мұрын, былшиған бүйрек бет.
Спектакль қоюға дайындық қызу жүріп жатады, басты рөлдің бірін сомдау Гүлбахрамға жүктеледі. Осы арада ол байдың қызы екені белгілі болып, жиналысқа салынады, комсомолдан шығарып, сахнадан қуу керек деген ұсыныстар айтылады. Комсомол ұйымының хатшысы және біраз жастардың қолдауымен аман қалады. Қызылордадан драма театры Алматыға көшіп келіп, «Айман –Шолпан» спектаклін қоюға дайындық жүріп жатады. Басты рөлді театрда бұрынан істеп келе жатқан жеңілтек мінезді, өркөкірек, менменшіл, тәкаппар әйел ойнауы керек. Телесериалда бұл рөлді Баян Есентаева өте тамаша ойнайды. Аяқ астынан Гүлбахрамға Айман рөлін сомдау жүктеледі. Бақталасы - әккі әртіс басты рөлді бермейтінін айтып, мәселе орталық партия комитетіне дейін жетеді. Мәдениет бөлімінің жетекшісі Темірбек Жүргенов, театрдың бас режиссері Жұмат Шаниннің араласуымен мәселе оң шешуін тауып, Айманның рөлін «Күләш» деген атпен Гүлбахрам ойнап, өте сәтті шығады. Жиналған жұрт ризашылығын білдіреді, осыдан ол солай аталып кетеді.
Драма театрынан опера мен балет трупасы бөлініп шығып, «Қыз Жібек» операсын қоюға дайындық басталып, Мәскеуден келген Е.Г. Брусиловский музыкасын жазуға кіріседі. Басты рөлді сомдау Күләшке жүктеліп, композитормен жиі кездеседі, орыс тілінде үлкен акцентпен сөйлейді. Әрине ауылдан келген қыз тілді жатық білмеуі мүмкін, бірақ бұл оны кемсіту үшін әдей жасалғандай әсер қалдырады. Телехикаяда «Қыз Жібек» операсы қойылатыны жайлы рекламадан басқа ештеме көрсетілмейді. Қандай қиыншылықтар мен жетістіктер болды, басты рөлдерді кімдер орындады, айтылмайды. Халқымыздың әдет ғұрпын, салт дәстүрін бейнелейтін көріністер, әйгілі «Гакку» әні шырқалмайды. Аталған операны дайындау барысында Күләш белгілі биші Шара Жиенқұловамен танысып, екеуі жақсы дос болып кетеді, сериалда оның өнері мүлде көрсетілмеген.
Әрине Ұлы Отан Соғысы және одан кейінгі жылдары қарапайым халықты былай қойғанда, өнер қайраткерінің күнделікті тіршіліктерінде ауыртпалықтар болғанын жоққа шығара алмаймын. Сериалда солардың бәрін тізбелей бермей өнерімен ұлтымыздың даңқын шығарған, ерекше дауысымен қазақ бұлбұлы аталған, 24 жасында КСРО халық әртісі, екі мәртебе КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, Қыз-Жібек»,«Біржан-Сара» , «Абай». «Чио-чио-сан» және т.б. операларда негізгі рөлдерді сомдаған үлкен өнер қайраткерінің жемісті еңбектері көлеңкеде қалғандай ой туғызды. «Чио-чио-сан» операсынды Күләштің басты рөлді орындау шеберлігі жайлы режиссер А. Троицкий былай деп жазған екен: «Насколько ярко было выражено в её мимике и интонациях главный герой, что не мешало понять мне содержание арии, несмотря на незнание казахского языка».
Қорыта келгенде, халқымыздың қайталанбас ән өнерін биік шыңға көтерумен қатар, Қазақ театр қоғамын ұйымдастырып, бірнеше жыл жетекшісі болған, қатарынан үш рет Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутатығына сайланған, «Бейбітшілік қорғау» комитетінің мүшесі және т.б. үлкен қоғамдық жұмыс атқарған, жыр алыбы Жамбылмен, әдебиет пен өнер майталмандарымен етене араласқан Күләш Байсейтованың қоғамдық белсенді өмірі назардан тыс қалған. Есесіне Иосиф Сталиннің қабылдауында ресми уақыттан артығырақ болуының өзі оның атына көлеңке түсіретін әңгімеге арқау болыпты. Телесериалдың екі үш бөлімі - зайыбы Қанабек Байсейтов екеуінің арасындағы кикілжің мен түсінбеушілікке, ақыры ажырасып тынуына арналғандай әсер қалдырады.
Қорыта айтқанда, өнер саласындағы ұлылығымен қатар халқының сүйікті қызы болған қарапайым және мейрімді Күләш тұлғасын Баян Есентаева сомдай алмаған. Арада бір екі жыл өткеннен кейін Ұлы өнер қайраткерінің өмірі жайлы толығырақ ақпаратты көгілдір экран арқылы қыздарының берген сұхбатынан естідім. Бауырына басқан Раушан шешесінің жолын қуып , Опера мен балет тетрының бишісі болыпты, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі дәрежесіне көтерілген.
Өткен жылы болу керек, негізінен ана тілімізде қойылған, рөлдерде қандастарымыз ойнайтын, оқиға елімізде өрбитін «Махабатым жүрегімде» телесериалында Баян Есентаеваның орыс тілінде сөйлейтіні мені таң қалдырды. Ана тілінде еркін сөйлей алмай ма, немесе орыс тіліне жетік екенін көрсеткісі келгені ме?
Баян (Есентаева) Алагөзова қойған екі сериал жайлы пікірімді Көпен Әмірбектің «Қозы Көрпеш - Баянсұлу» сериалы жайлы мақаласынан мына ескертпелерімен түйіндегенді жөн көрдім: «Бір продюсердің мүддесін емес, көзі ашық көрерменнің мүддесін ойлауымыз керек. Елдің мүддесі мемлекеттің мүддесі. Мемлекет мүддесі мен менмендік мүддесі деген екеуі екі түрлі. Бізді құртатын осы менмендік мүдде. Атым шыққан деп осылай жасауға бола ма»?
Өз тарапымнан қосарым қанша өнері асқан білікті продюсер болса да, қазақ салтын білмейтін адамға ұлтымыздың өнерінің биік шыңы болып саналатын тарихи туындыларды түсіруді сеніп тапсыруға бола ма? Мәдениет пен спорт Министрі, онда істейтін лауазымды шенеунектер, «халық қалаулылары» не қарап отыр?
Мұрат Қойшыбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қазақ үні