РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІ РУХТЫ ШЫҒАРМАЛАР КҮТЕДІ

Қазақстан Жазушылар одағының басшысы кім болады?

Жаңаратын басшылықтың назарына қаламгерлерді толғандырып жүрген қадау-қадау мәселелер жөнінде өз ойымызды ортаға салып отырмыз.

Ұлттық мүдде  дегеніміз, ең алдымен  бабаларымыздан қалған байтақ Жеріміздің сақталуы мен Қазақ тілінің Мемлекеттік  Тіліміз ретінде заңмен бекіп, төрге шығуы!  Ұлттық мүдде таразыға түскенде Ұлт жазушылары  күрестің алдыңғы шебінен табылуы тиіс! 

    Осыдан  он алты жыл бұрын, 2002 жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Жазушылар одағының ХІІ құрылтайы қарсаңында  "Қазақ үні"  газетінде   «Биліктің беті бері қараған сәтті бекер жіберіп алмайық» деп Қаламдасқа хат ретінде мақала жазған екенбіз. Енді міне, ертең Қазақстан Жазушылар одағының ХV құрылтайы өткелі жатыр. Он алты жыл бұрынғы айтқандарымыздың көбісі әлі күн тәртібінде тұр екен. Сондықтан да, тағы да қайта бір електен өткізуге болады деп білеміз. Ең алдымен айтарымыз, сол кезде жазғанымыз,  вице-премьер кезінде-ақ «Отырар кітапханасын» қайта жаңғыртып, 100 қаламгердің кітабын шығарып берген руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтың  Үкімет басында отырғанын сәтімен пайдаланып қалайық деген ой еді. Енді міне Елбасымыздың өзі  «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» бағдарламасын жариялап, ол сәтімен іске асып жатқан кезде де қаламгерлер қарқынын көрсетіп қалуы тиіс.  Біз ел көптен күткен Елбасының осы мақаласы жарияланған 2017 жылы 12 сәуірде: « РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК  БАҒДАРЛАМАСЫ: Ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат» деп жазып едік…   Былтырдан бері зиялы қауымда арқасын Алатауға тірегендей бір сенім пайда болған. Енді қанат біткендей қарқын ала бастауы тиіс.  Ал Рухани жаңғыру майданының маңдай алдында қаламгерлер болуы керек. Бұл бағдарлама ең алдымен қаламгерлерге берілген зор мүмкіндік! Ал енді осындай орайлы кезеңді  орнымен пайдаланып қалуымыз қажет.  Біз  бұл жерде жеке бастың, тұрмыстың  қамын емес, ұлттық мүдде тұрғысынан айтып отырмыз. Ал енді құдайдың өзі рахымы түсіп, осындай кезең тудырып отырғанда, бірігіп білек сыбанып, іргелі іске кірісу керек.    РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ КЕЗЕҢІ РУХТЫ ШЫҒАРМАЛАР КҮТЕДІ! Сонымен, 12  наурызда өтер  Қазақстан Жазушылар одағының ХV құрылтайы қарсаңында  жаңаратын  басшылықтың назарына  қаламгерлерді толғандырып жүрген қадау-қадау мәселелер жөнінде өз ойымызды ортаға салып отырмыз. Ең алдымен, бірінші   айтарымыз, Ұлттық мүддені қорғау – Ұлт жазушыларының басты міндеті және қасиетті парызы болуы тиіс! Тәу етер Тәуелсіздігіміз  -  ел үшін ең басты, бағасы да, баламасы да жоқ  бақытымыз! Ал Тәуелсіздіктің іргесін бекемдеп, берік етіп, сақтай білудің негізі –Ұлттық  мүддеміздің ұпайыныың   түгел болуы.  Ұлттық мүдде  дегеніміз, ең алдымен  бабаларымыздан қалған байтақ Жеріміздің сақталуы мен Қазақ тілінің Мемлекеттік  Тіліміз ретінде заңмен бекіп, төрге шығуы!  Ұлттық мүдде таразыға түскенде Ұлт жазушылары  күрестің алдыңғы шебінен табылуы тиіс!   Кеше ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Рухани жаңғырудың  заңды жалғасындай  «Үкімет пен Парламент тек қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс» деген тапсырмасы  да, елмен бірге  ең алдымен қазақ қаламгерлерінің басты қолдауына ие болуы  заңдылық екені белгілі жәйт. 1940  жылы бір күнде  еліміз еріксіз еніп кеткен кириллица бұғауынан 77 жылдан соң  босап шығып , Қазақша латын әліпбиін қабылдап жатырмыз. Бұл Рухани Тәуелсіздіктің бастауында  қаламгерлеріміз де  алдыңғы шептен табылуы керек. Қазір қазақ қаламгерінің  «Мен саясатпен айналыспаймын» деген  сөзі қара басының қамын халық қамынан жоғары қоятын, жанаяр сөзі  «Маған Жерің де, Тілің де,  Әділдігіңнің де, тіпті Тәуелсіздігіңнің де қажеті жоқ» деген сөзбен бірдей екенін түсінетін уақыт жетті! Қай елдің тарихына қарасаң да,  кеше ғана  өзіміз  100 жылдығын атаған Алаш Орда тарихына қарасаңыз да, Ұлт мүддесі жолындағы күрестерде, ақиқаттың алмас қылышын ұстауда  қаламгерлер қатты  қайрат көрсеткен! Ел әсіресе, қазақ халқы қаламгеріне қарап, бой түзейді. Ал біздің зиялы қауымымыз кеше Желтоқсан  көтерілісі кезінде жалын жастарымызды қаралаған үндеулерімен  ел жүрегіне қара таңба салды. Бұндай  билік айтты деп,  алдына түсіп алып шауып,  ақиқаттан аттап кету, әділдіктің туын жығып беру   әлі күнге дейін жалғасып келеді... Екінші – кітап мәселесі. Дәл бүгінде жақсы туынды жерде қалмайтынына сене бастадық. Енді оның таралуы мәселесі тиісті министрліктің басты назарында тұрғаны белгілі. Осы іс тезірек қолға алынса, қаламгер үшін маңызды шара болар еді. Өйткені, қалың оқырмансыз – қандай да қаламгер тұл екені белгілі. Қазір мемлекеттік бағдарламамен шыққан кітаптар 2000 данамен ғана шығып келеді. Ол еліміздегі   11 мыңнан асатын  кітапханаларға бір данадан да жетпейді.  Егер әр кітапханаға бір данадан жететін етіп көбейтсек, кемінде 11 мың данамен шығар еді. Ал кітап оқитын елдің кітапханадан гөрі алдымен кітап дүкендеріне бас сұғатыны белгілі. Қалада кітап дүкендері  болғанмен, аудан орталықтарында жоқтың қасы десек те болады. Сондықтан жергілікті жерлерде кітап дүкендерін көбейту керек.  Заман талабына сай электронды кітапханаларды ауылға да жеткізу керек. Дүкендерімізді жаулап алған шет елден келетін кітаптарға шектеу қою керек. Үшінші,  қазақ қаламгерлерінің  шығармаларын шет тілдерінде шығарып, шет мемлекеттерде тарату мәселесі  қазір дұрыс  жолға қойылып келеді.  Осы мәселені кеңінен қолға алу керек. Кейінгі кезде көрнекті қаламгерлеріміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Дулат Исабековтың, Бердібек Соқпақбаев пен Әбіш Кекілбайдың, Смағұл Елубайдың  шығармалары ағылшын тілінде басылып, Лондоннан кітап болып шыққаны мәлім.  Бұл жолда былтыр 75 жасқа толған мерейтойын бізден бұрын алдымен ағылшындар бастап, Лондонда шығармашылығына арналған апталық өткізген Дулат Исабеков шығармаларына шет елдерден құда түсушілер көбейіп тұрғанын айта кету орынды болар деп ойлаймыз.  Рухани жаңғыру аясында Мәдениет министрлігінің  қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын  әлемнің әйгілі 6 тіліне аудару жұмысы да  жақсы қолға алынуда. Былтыр  қазақтың 5 ақыны  Моңғолияның Улан Батыр қаласында өткен  Дүниежүзілік поэзия фестивалына – Әлем ақындарының 37 конгресіне қатыстық. «Әлем ақындары -2017»  антологиясына  жырларымыз ағылшын тілінде жарияланды. Осындай дүние жүзінің  дүлдүлдері қатысатын дүбірлі бәйгелерден шет қалмауымыз керек.  Ал біз 37-ші рет өтіп жатқан әлемдік ақындар конгресіне бірінші рет қатысып отырған қазақ ақындары  екенбіз...  Бұндай әлемдік шаралар көкжиегімізді кеңейтіп, өрісімізді  арттыратыны анық.  Бас кеңсесі Парижде орналасқан Әлемдік өнер және мәдениет академиясының әліемнің ең үздік ақынына берілетін Алтын медалына ие болған көрнекті ақынымыз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттен бастап, бәріміз осы аталмыш академияның академигі атандық. Әлемдік ақындар конгресінің сыйлықтарына ие болып,  олжалы оралдық. Осы әлемдік конгресте   қазақ ақыны Ұлықбек Есдәулет   көтерген Әлемдік ақындар Конгресін  Қазақстанда өткізу мәселесін мықтап қолға алып, қолдауымыз керек. Төртінші, талайдан зарлап  жүрген  қаламақы мәселесі.  Қазір мемлекеттік бағдарламамен шыққан кітаптың әр баспа табағына 150 мың теңгеден қаламақы төлеу  ісі шешілді деп жатыр, енді оның тиянақты жолға қойылуы тиіс. Шығармашылық еңбектің құны   автордың әлеуетін арттыратын көлемде болуы керек. Бесінші,  қазақ тілді басылымдар  жағдайы.  Күнде кітап шығарып ала беретін жағдай  жоқ болған соң,  қаламгерлер  басылымдарға бас сұғатыны белгілі. Яғни, қазақтілді газеттердің таралымын арттыру мәселесі де күн тәртібінде. Ал қазір интернет ресурстары күшейіп,  сайттар таралымы артқан сайын газет-журналдар таралымы тарылып келеді. Тіпті көбісі, жабылып та қалды. Жоғарыда мемлекеттік бағдарламалар бойынша шығатын кітаптар әр кітапханаға бір данадан да жетпейтінін айттық. Сол секілді қазақ тілді басылымдарды әр кітапханаға 1 данадан жазылуды міндеттеген күннің өзінде қазақ басылымдарының ең кемі 11  мың данадан асып жығылады. Ал бұл басылымдардың ешкімге  алақан жаймай, күн көріп,  тек мемлекеттің мүддесін қорғауына  күшті ықпал етер еді. Ал баспасөз ең алдымен ұлт пен мемлекет мүддесі үшін идеологоиялық құрал екені әлімсақтан аян. Мемлекет қол созса, тәуелсіз газеттер де Тәуелсіз еліміздің үні екені айқынырақ естілер еді... Шетел басылымдарына шектеу қойылуы тиіс. Алтыншы,  тірлігіміздің берекесін арттырар Бірлігіміз берік болуы тиіс. Жоғарыда айтылған  мәселелерді іске асыру үшін ең алдымен «ауыздағыдан айырар алалық емес, төбедегіні келтірер түгелдік» қажет. Алашапқын, арзан айтыс, көреалмаушылық пен аяқтан шалушылық дейтін ескі әдеттерден  арылуға  тиіспіз. Қаламгер беделі өзінің адамгершілік ұстанымы мен азаматтық табандылығына, саяси саналылығына байланысты. Жырауы көп, Бұқары жоқ заманда дүрмекке қосылып, дүбір көбейту, белгілі бір оқиғаға немесе жеке тұлғаға жабылып хат ұйымдастырып, жаппай қол қоюшылық та біздің індет секілді жайылған. Елдік ұлттық тұрғыдан ұйымдасар сәт болса мейлі, ондайда оларды таппай қаламыз, топтық мүддемен тоқайласып жүргендер көп. Айтыс десе, ақсақал газетіміз де, көксақал, «жас нахал» басылымдар да аттандап шыға келеді. Айтпаса сөздің атасы өліп бара жатқан маңызды мәселе болса бір сәрі, бәрінікі – бірін-бірі сүріндіру, айыз қандыру шаруасы. Жетінші, рушылдық, жершілдік  деген аурудан айығатын кез жетті. Қазір біреуді сүріндіру үшін бұрынғы «халық жауының» орнына «рушыл» деген айып тағылатын болды. Осылай айып тағып шыға келетін жанның өзі де сау болмайтыны белгілі.  Қаламгерді шығармасына емес, шыққан руына қарап, атына емес, атасына қарап бағалау белең алып барады. Сондықтан басылымдар «рушылдық» тақырыбын тоқтатуы керек немесе рухани жаңғыру кезеңінде кемінде бес-он  жылға мораторий жариялауға тиіспіз. Себебі, бұл мәселе қанша айтылса, сонша қаулап барады. «Ит пен бала қорыған жерге өш» дегендей итжанды, бала көңілді қазақ бұл мәселеде енді «үндемей» құтылмаса, айтыла-айтыла жауыр болды.  Осыдан оншақты жыл бұрын  бір тілшімізді белгілі бір басылымның  бас редакторына жұмсап едім, ол кісі амандаспай жатып руын сұрапты. «Иә, сен не дедің?» – деп бір жылдан бері істейтін оның елін білуге тура келді. Кейін ойлап қоямын, «қызметкерлеріміздің руын білгіміз келсе, әлгі ағамызға жұмсап алу керек екен ғой» деп. Сонымен қорыта айтқанда, Рухани жаңғыру кезеңінде ұлттық идеологиямыздың түтінін түзу шығаратын сәт туып тұр. Ынтымақ пен ырысқа кенеліп, жұқпалы дерттерді сылып тастап, шынайы шығармашылықпен айналысатын кез келді, ағайын.  Өйткені, қарапайым халық  биліктің талабынан гөрі, қаламгердің қаламына  көп қарайды... Халықты жерге қаратпайық, қаламдас қауым!   Қазыбек ИСА «Қазақ үні» Qazaquni.kz