«Қазақ сахнасы өйтіп кетті, бүйтіп кетті» деп мен айта алмаймын, себебі театрдың адамы емеспін. Сауатсыздықтың көбеюі тағы да жүйенің жоқтығы. Телеарналар мен радиоларда, театрда біздің кезімізде «көркемдік кеңес» деген болатын, қазір соны қайта ашуға не кедергі? Қазіргі сахнада «Мырқымбай» әншілерге толып кеткен.
Мен Мақпал Жүнісованың өзін әнші деп санамаймын, Нағима Есқалиеваны да. Жұрттар мұны естісе құлап қалуы мүмкін. Қазақта дауысы ондай әнші көп. 1970-жылдардың аяғында «Мақпал әнші боламын дейді» деген мақала шыққан, онда оның дауысының жоқтығы, көкірегінің зорлығы айтылып еді. Біз оларға өкпелеп жүргенде, тек қана фонограммамен айтатын, тіпті даусы жоқтар қаптады. Ал осы жерде көркемдік кеңес ашуға қолында құзыры бар адамдар оны әдейі ашпай отыр деп ойлаймын. Жаңағы ақшасы бар бір әншінің шешесі келеді, бір әншінің әкесі келеді де ақша арқылы ұл-қызының әнін теледидардан күні-түні беріп қояды. Сосын ол «жұлдыз» болмағанда кім болады?! Сен «Хабарға», «Қазақстанға» сұрақ қойшы. «Сіздерде көркемдік кеңес бар ма, жоқ болса ашуға не кедергі?» деп. Олар жүз түрлі сылтау айтуы мүмкін, бірақ сол әншілерден ақша алып жатырмыз деп ешуақытта айтпайды...», – деді ол.