Есімі ешқашан ұмытылмайды
2018 ж. 23 ақпан
4469
2

Рахымжанның мәңгілік өмірі енді басталады
Сонау ғасырлардағы ұлылар мен сал-серілердің жалғасындай болған Рахымжан Отарбаев сөзі ғана емес, жүріс-тұрысына дейін ешкімге ұқсамайтын дара тұлға еді. Көркем прозасы өз алдына, Бейбарыс, Махамбет, Құрманғазы сынды ұлылардың театрдағы бейнесін сомдап кетті. Бұл бір адамға аз дүние емес. Айтматовтың өзі жоғары бағалаған Рахымжанның екінші, мәңгілік өмірі енді басталды.Асанәлі Әшімов, СССР Халық артисі
Есімі ешқашан ұмытылмайды
Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың қазасы туған жері Атырау өңірі ғана емес, оның шығармаларын оқып, қойылымдарын көрген барша Қазақ елінің қабырғасын қайыстырып кетті. Шүкіршілік ететіні, соңында ізі де, сөзі де, көзі де қалды. Енді оның атқара алмай кеткен істерін аяқтау – кейінгі ұрпаққа парыз.Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі
Қош, менің кемеңгерім...
РАХЫМЖАН ҚАЗАСЫНА (Асында оқылған экспромт-реквием)
Жылатқанда жаныңды мына қайғы, Ықты-жарды ешкімнен сұрамайды. Озмышың оза алмай опындырар Заманында зарлатқан ұлы Абайды. «Тізе бүкпес тағы кім қалды екен» деп, Жазмышың жабықтан сығалайды. «Қимасыңа, дегендей, қамыға біл, Сыйласыңды, дегендей, сағына жүр», Жұлып алды жақсыңды тағы да бір, Суынып та болған жоқ әлі қабір, Жер-бесікке бөленген жайсаңың мен Топыраққа көмілген тары да бір... Қанды қолмен қолқаңды суырғандай, Табаға сап жаныңды қуырғандай, Сең соққандай сұрықсыз сенделесің, Талма тұстан инемен у ұрғандай, Көзі тірі кемеңгер таба алмайсың Келешекке көтерер туың қалмай. Суық қолын салды Ажал қаны қатып, Жары менен ұрпағын аңыратып. Ұлыс мынау ұлардай шулап қалған, Тар қолтықтың түбінен тәңір атып, Қазақ қалды қазадан сабақ алмай, Арсыз күлкі, арзан сөз жамыратып... «Қазақ ғажап десек те, қазақ – аңыз», Көзге мақтап, Сыртыңнан жазар арыз. Қазақтыққа қашан біз қайыл болып, Кәззаптықтан қашан біз тазарамыз?! Ай, Раха! «Мәні бар ма тірліктің?» дегендейін, Кете бардың... Сән кетті сенен кейін... Жан-дүние, санамыз сылтып қалды, Бір ұйқасы кеміген өлеңдейін. Атыраудың айдынына елеңдейін – Қайта айналып соғардай кемең кейін... Қош, менің кемеңгерім...Ұлықбек Есдәулет, ақын, ҚР Мемлекттік сыйлығының лауреаты.
Қош, бауырым! Бақұл бол!
Тереңнен тартып құнарын, бұрқырап аққан бұлағым! Қаталап отқан халқыңның қандырып алмай құмарын, құрдымға неге құладың?! Қайраңнан ілген қайрағым! Намыстың жүзін қайрадың! Жұрт – мынау! Тауы шағылған! – Көтеріп алмай еңсесін, еңкейттің неге Байрағын?! Мінезі тарпаң Тұлпарым! Сұңқылдап ұшқан сұңқарым! Өздерің еді сенгені! – Қазақтың, енді, кім демер артынан ерген ұрпағын?! Күйінді жаным! Күйінді! Көріп тұрсың ғой күйімді?! – Қас дұшпанымның алдында қасқайып тұрып, кім айтар Рахымжан айтар түйінді?! Қырқып бір тістеп тілімді, шығармас па едім үнімді!.. – Аманат етіп Аллаға, тапсырып кетші, құлдығым, бұқараң күнін бүгінгі!! Тауысып амал-айламды, неше күн тілім байланды! Азасы жетті қазаның! – «Бақұл бол!» айтып, бауырмен қоштаспай болмасқа айналды! Құдыреті күшті Құдайым! Көзімнің жасын бұлайын! Иманын жолдас ете гөр! – Жалбарынып, бауырымның рухына сауға сұрайын! Лә илләһа ил Аллаһ! Мұхаммадаррасул Аллаһ!Айсұлу Қадырбаева,ақын
qazaquni.kz