Бүгін жарияланған жаңа редакция бойынша латын графикасындағы қазақ әліпбиінде апострофтар алынып тасталып, бірнеше әріп диграф арқылы жазылатын болды. Осы орайда жаңа латын әліпбиіне қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді – Дәурен Абаев
2018 ж. 20 ақпан
5297
14
Алдымен министр латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасын пайдалану кезде біршама қиындық болғанын жеткізді.
«Латын әліпбиін техникалық тұрғыдан пайдалану жөнінде жұмыс тобы өз міндетін атқарды. Біздің мамандар бір мәселеге тап болды. Себебі, әліпбидегі апастрофқа назар аударар болсақ, ол арнайы белгі ретінде қарастырылды. Яғни ол барлығын бөліп тұратын. Ал бұл интернеттегі іздеу және қаржы қызметінде қиындықтар тудырды. Осы орайда Елбасы мамандардың пікірін білді. Оның ішінде ІТ саласының мамандары да бар», - деді Абаев Үкімет отырысынан кейін журналистерге.
Осы орайда басшы жаңа әліпбиге қатысты пікірін білдірді.
«Менің ойымша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді. Оны енгізуге аз ақша жұмсалады. Бұл Мемлекет басшысы маңызды стратегиялық шешім қабылдаған кезде қоғамның пікірін ескеретінін көрсетеді», - деді министр.
Сонымен қатар Дәурен Абаев қазақ тіліне негізделген латын әліпбиінің соңғы нұсқасын жасау барысында халықтың пікірі ескерілгенін атап өтті.
«Мен соңғы нұсқа «халықтың талқысына салынбады» дегенмен келіспеймін. Осы жолы Ұлттық комиссия ішіндегі топтар көп жұмыс атқарды. Өзім комиссияда техникалық топты басқардым. Осы топта апостроф қандай мәселелерді туындататынын қарастырдық. Сол проблеманы көтердік. Елбасы мамандардың айтқанын ескеріп, жаңа нұсқаны енгізіп отыр», - деп түйді сөзін министр.