Бүйткен тойың құрысын...
2011 ж. 08 тамыз
5310
6
Байқап отырсам, біздің қазақтың тойы шамадан тыс көп екен. Оның себептері әртүрлі. Ұзақ жылдар бойы аттан түспей елі мен жерін үрім-бұтағымызбен құртып жібермек болған жаудан ерлікпен қорғаған. Шығыстағы алты басты аждаһарлардың аузынан, солтүстіктегі ақ аюмен арпалысып, оңтүстіктегі көз алартқан дұшпаннан әзер құтылған кездерінде қазақ тағдырдан той тілеген. «Тойға жеткізші, Тәңірім» деген.
Бесік тоймен басталады, шілдехана, тұсаукесер, тәтті шай, сырға салу, құдалық той, үйлену мен қыз ұзату, қоныс тойы, соңғы қоңырау, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан жасқа толу әйтеуір, жыл он екі ай бойына той таусылмайды.
Ата-ананың парызы ер жеткен жігітті үйлендіру, бой жеткен қызды ұзату—ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр. Екі жағдайда да қазақ қуанышқа дастарқан жайып, ағайын-туыстарды шақырып, шама-шарқынша той жасайды. Алдын құдағиға орамал салу мен құдаға шапан жауып, ат мінгізу келмеске кетті, оның орнын шетелдік киім-кешек пен алтын-күміс басты. Осылайша той өткізу бәсекеге ұласып барады. Жуырда Астанада бір ағамыз келін түсіру тойына шақырды, шақырған жерге бар, шақырмаған жерде нең бар деген соң, бардым. Сондағы көңілге қонбайтын жағдай—қонақтардың жас-кәрісіне, әйел-еркегіне қарамай ішімдікке әуестік.
Құдалар алты үйден бесбармақ жеді, асқазанға шамадан тыс күш түскенін ешкім елемейді де, ағыл-тегіл құйылған ащы су ішкен соң, мас болып құлап жатқан құдасының аузына арақты құйып жатыр. Егер арақ ішпесе, мені және осы отырған қонақтарды сыйламайсың ба? деп қояды, адам екінші бір адамды сыйлау үшін ащы су ішуі шарт емес деп ойлаймын. Бұл үрдіс қазақтың қанына сіңіп үлгерген. Ұлы Абай атамыз «Адамды адамдық қасиеттеріне қарап ардақта» дейді. Ар-ұяттан жұрдай елді қалайша ардақтайсыз.
О заманда бұ заман ащы су атаңнан қалған ас емес. Той беріп жатқандар бұл жағдайды ескермейтіні анық. Сондықтан қыруар шығынға батып кейбіреулері біле тұра той өткізу үшін банктен несие алудан да тартынбайды. Қаражатты қалай қайтаруды бір Аллаға тапсырған отбасы шақырылған қонақтардың қалтасы тоқ келуін іштей «жылап тұрып» тілейді.
Той үстінде қыздың ата-анасы күйеу балаға Астанадан екі бөлме пәтер сыйласа, жігіт жағы келінге «Мерседес» автокөлігін мінгісіп, мәз-мәйрам болған жомарттарды да көрдік. Тойға келіп томпайып отырғандардың арасында қалтасы жұқалар теңселіп кетті. Өткізген тойлары ұлттық қасиеттеріміздің қадірін кетіріп, құтын қашыратын болып жүр. Оларға жұрттың «той өте жақсы өтті» дегені ғана керек секілді.
Ертесіне «Ақ шаңырақ» мейрамханасында кешкі сағат 17-де деп шақырған 18 сағат 50 минут өткенде, керемет сәнді киінген, кәрі мен жастары аралас, тербеле басып құда-құдағилары мен құдашалары ырғатылып келеді. Галстук таққандары шірене адымдайды. Құдайға шүкір, 19-да 2 сағат кешігіп әзер той басталды.
Жас жұбайлар ортаға шығып, қызыл лентаны қайшымен кесіп еді, жұрттың бәрі ду қол шапалақтап кетті, қалыңдық қолындағы гүл шоғын қыздар жаққа лақтырып жіберді, біреуі қағып алды, «Американдық пирог» деген киноға қатты ұқсап кетті, ол қызда көп ұзамай тұрмыс құрады дейді қасымда тұрған бір көріпкел. Тамада ақсақалды шақырып тойды ашып берген соң, күйеудің әке-шешесі, келіннің әке-шешесі, нағашы, құда-құдағи әйтеуір топ-топ, тізбек-тізбек адамдар бірінен соң бірі шығып жатыр.
Қисалаңдап, керіле есінеп, өрістен қайтқан сиырша алшаң басып адымдайды бас-аяғы жиналғанша біраз уақыт өтеді. «Не айтсам болады енді» дейтін әпкелер мен ағаларымыз мән-мағынасыз, тұзы жоқ тағам секілді дәмсіз бірдеңелерді құрастырады. Әйтеуір тілектердің өзі қайта-қайта қайталана берген соң кері кететіндей әсер қалдырады. Мысалы, «керегесі кең, шаңырағы биік болсынды», немесе «той тойға ұлассынды» жиырма рет, отыз мәрте қайталағанның куәсі боласыз.
Өкінішке орай, бүгінде жартылай жалаңаш биші қыздарсыз той өтпейтін болыпты. Қолымда екі жарым жасар Аманат ұлым жылап отырған, әлгі биші қыздар ортаға атып шығып еді, Аманаттың аузы ашылды да қалды, көзін солардан алар емес, Араб әмірлігіндегі шейхтарға ұқсап, қарны тойған соң, жартылай жалаңаш қыздардың биін тамашалап тұрды да қалды.
Варьете мен кан-кан биі болмаса, той өтпей қала ма сонда? Бір қызығы, Астана мен Алматыда өтіп жүрген тойларда түркі тектес өзбек, қырғыз, әзірбайжан, қарақалпақ, түркімен, ұйғырлар дәл біз секілді шабылмайды. Бірліктерінің күштілігін сертаки билегенде көресіз. Бәрі дөңгелектене тұра қалып, музыка ырғағымен құшақтасып билейді. Мұндай би еврейлерде де бар. Ауызбіршілігін қуаныш үстінде жасыра алмайтын туыстардың барлық кезде де бірге екендігін осыдан-ақ аңғарасыз. Қазақтың құмарлығын оятқан жартылай жалаңаш қыздар олардың маңына жолай алмайды. Ламбада билегендердің аласұрған қимылдарынан адам түгілі ат үркеді. Жастарды сүйістіруден жарыс өткізгендерді де көріп жүрміз. Бір кезде қақ ортаға адам бойына жететұғын үлкен торт алып келді, оны жас жұбайлар өз ата-аналарына дәмін жегізді, жұрттың бәрі суретке, таспаға түсіріп жатыр.
Голевуттық шоудан еш айырмашылығы жоқ. Бұндайды біз 1990-шы жылдары Американдық фильмдерден көретінбіз. Мұхиттың ар жағында бізге өте алыс деп жүрсек, айналдырған 20 жылдың ішінде арамыздан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Қыздың той киімінің ең арзаны 50 мың теңге шамасында, шақыру билеттерін арнайы жасағаны үшін сатып аласыз.
Ең арзан мейрамханаңыз адам басына 4 мың теңгеден 15 теңгеге асып жығылады. Алматы мен Астананың өлең айтатын шоу бизнестегі өнер жұлдыздарын шақырарын не дерсіз. Есесіне жаман қарныңыз жарылғанша тоясыз, құлап қалғанша ішесіз. Сүйтіп жүріп, бір-бірімен жұдырықтасып, ертесіне кешірім сұрап жүргендерді де көргенбіз. Көлік жалдау, музыка мен таспаға түсіру де ақша. Ауылды жерлерде 30 мың теңгесіз, қалаларда 300 мыңсыз тамада таба алмайсыз. Құда-құдағи мен құдашалар шақыру, жас келіннің қолынан шай ішу, қысқасы ақшасыз адым жер жүре алмайсыз, бәрі қаржыға келіп тіреледі.
Дәстүрлісі бар, дәстүрсізі бар рәсімдердің бірін жасамасаң, «жарымаған» деген жаман әңгімеге қаласың. Одан да өлсең де қарызға кіріп өлгенің абзал. Қазақ соңғы малын сатып, өмір бақи несиесін өтей алмаса да той беретін заман туды.
Алайда, өз еркім, өз ісім деп өркөкірек өзімшілдікке бой алдыру, семіздікті көтере алмай, көкке шапшу, нарықты желеулетіп, қазақы қалыпты бұзу жиірек көрініс тауып жүр. Осыған бір тосқауыл қоятын уақыт келді деп ойлаймын. Адамгершілікке, қазақтың болмысына жат іс-әрекеттерге тойтарыс беру әр қазақтың борышы және ол қолымыздан келеді. Әдепсіздік пен еліктеушіліктің белгілі бір шегі болуы тиіс. Мұны болдырмаудың бір жолы мектептен бастап сынып сағаттарында осы секілді жат әрекеттерден арылуды ұл-қыздардың құлағына құйғанымыз дұрыс. Тойды құр ақша шашуға айналдырғанша, жас отбасыларына үлгі-өнеге көрсететіндей деңгейге көтеріп, қонақ күту мәдениетін қалыптастырған жөн деп ойлаймын.
Жұмамұрат Шәмші