Кемал күйші, Кемал шебер кемеліне келіп тұр...
2011 ж. 08 тамыз
3679
0
Мархаба Иманқұлова есімді облыстық мәдениет басқармасының бастығы бұл өлкеде қазақ аз болғандықтан, қай жерде қазақ ауылы бар, сол жерлерге, негізінен алыстағы, түкпір-түкпірдегі бөлімшелерді аралатумен болған ғой. Тіпті, облыстың қазақ ауылдары таусылып қалған соң, көрші Ресейдегі қазақ ауылдарына барып, соларға да концерт қойып қайтқан. Өнерге жанашырлық, өз халқыңа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі деп осыны айтса болар! Қазақы өнерге сусап отырған ауыл адамдары мейірін бір қандырса, студенттер де бір жылдық киімін, тамағын тауып дегендей коңданып, жонданып қайтқан...Тәртіпті, тиянақты студенттердің өнері қатты ұнап қалған облыстық мәдениет саласының басшылары оларды кейін тағы да арнайы шақырып алады.
Студияны бітірген 17 жасты қазақтың тұңғыш эстрада режиссерінің бірі, «Гүлдер» ән-би ансамблін құрушы Серік Елеусізов өзі сол кезде қызмет істеп жүрген Жезқазған облыстық филармониясына жұмысқа алады. Зағип композитор Жақсыкелді Сейілов басқаратын «Қаракөз» ансамблінің қасынан енді жаңадан «Жезкиік» ансамблі қосылады. Ансамблдің ашылау құрметіне арнап Жақсыкелді ақын Кәкімбек Салықовтың сөзіне атақты «Жезкиік» әнін жазады...
Бірақ, «люди были хорошие, только испортил их квартирный вопрос» деп Михаил Булгаков жазғандай, баспана мәселесі шешілмеген соң қонақ үйде тұрудан шаршаған жастар бір жылдан соң жан-жаққа бытырай бастайды. Кемал да Алматыға қайтып оралады. «Қазақконцерт» ұжымындағы, қашан кеңес өкіметі құлап, дүние астаң-кестеңі шыққанға дейінгі тәлім мен ғибратқа 15 жылдық ғұмыры басталады. Бұл ұжымда ол кезде Роза Бағланова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев секілді қазақ өнерінің қасқасы мен жайсаңдары жұмыс істейтін. Кемал әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі, ешкімге ұқсамайтын ерекше талант Рәбиға Есімжановамен, өнерімен талай жұртты таңқалдырған, қазақтың атын сол заманда-ақ көп елге таныттырған алғашқы иллюзинистер, ерлі-зайыпты Сұлтанғали Шүкіров-Сари Қабиғожиналармен концерттерге көп шығады. Сол Сұлтанғали мен Сара иллюзинистердің өздерінің арасында екі жылда бір рет өтіп тұратын әлем чемпионатында, жаңылыспасақ 1976 жылы бас жүлдені жеңіп алған еді. Ондай өнерпаздар басқа ұлттан шықса алақанынан түсірмей ұстар еді, ал біз болсақ кейін белгісіз себептермен көрінбей кеткен оларға не болғанынан да хабарсызбыз...
-Үлкендермен концертке шыққан көп нәрсені үйретеді екен, - дейді Кемал. – Ол кісілердің іске, жұмысқа деген көзқарасы, дайындығының өзі бір мектеп болса, концерттен кейінгі пікір алмасу, әңгіме-дүкен естимін, құлақ ұғамын дейтін. Жүрек болса ешқашан қайтып келмейтін, ешқашан қайталанбайтын ғажайып дүние ғой! Жүсіпбек Елебеков ағамызбен ол кісі дүниеден қайтардың алдында бір жыл бірге сапарлас болдық. Қайнап тұрған ыстықта 14-15 ән айтып бір-ақ түсуші еді сахнадан!
Біз әр тоқсанда 52 концерт беруге тиіс болатынбыз. Яғни, үш айдың бір-бір жарым айын Алматыда болсаң, қалған бір жарым-екі айын елдің ішінде өткізесің. Әкімшіміз пысықтау кездессе бір күнде екі концерт беріп уақыт үнемдейміз. «Қазақконцертте» сол кездің өзінде нарықтық қатынас бар еді. Шаруашылық есепті нарық демей не дейміз? Әкімші концерттер өкізуге алған ақшасын сапардан келген соң қайтаратын. Концерт дегеніміз қаржы болғаннан кейін директорларымыз бізді алақанға салып ұстайтын. «Қалай, жағдайларың жақсы ма? Ешқандай қиындық туған жоқ па?» Қиындық, шынында да, тумайтын. Әр концертке 9 сом төлейді. Одан бөлек тәулігіне 3 сом 60 тиын бөлінеді. Қонақ үйге деп тағы бөлінеді. Ал, біз негізінен ауылды жерді аралайтын болғандықтан қонақ үйге деген, күніге бір ауыл ағыл-тегіл дастархан жайып күткендіктен тәуліктік тамаққа деген ақша да қалтамызда қалады. Сосын, «жақсы біздің жағдайымыз, жақсы біздің күйіміз де» деп казіргі бір өлеңде айтылып жүргендей, біздің жағдайымыз жақсы болмағанда кімдікі жақсы болады?..
Және сол дастархан үстінде ел ішінде шықпай жүрген, өнер жолына түсуді мақсат тұтпаған, бірақ тұла бойы тұнып тұрған не бір тума таланттарды көзіміз көрді ғой.
Қазақстанда мен бармаған ауыл қалмаған шығар. Ел аралағанымызға байланысты осы жерде айта кететін бір мәселе, тәуелсіздік келгеннен кейін ғана жазыла бастаған, қазақтардың ең бір құнарсыз, сүреңсіз, сусыз, шөлді-шөлейтті аймаққа айдалып тасталғаны – жүз пайыз шындық! Оған мына біз куәміз! Алтайда да, Арқада да, Оңтүстік пен Солтүстікте де, барлық жерде сол жағдай. Тіпті мына біз отырған, «жер жәннаты – Жетісу» аталатын аймақтың өзінде де таза қазақы ауыл тек біздікі. Қалған сулы жердің, нулы жердің бәрінің бастауына өзге ұлт өкілдері орналасып алған. Жетісудың қазақ ауылдары негізінен Ақши секілді мал бағатын өңірлерде ғана. Жаның ауырады...
Екінші бір жанға батар мәселе – кеңес кезеңінде «көркемдік кеңес» деген болушы еді. Оның талабы өте қатал болатын. Әрбір әннің әуеніне де, өлеңіне де үлкен мән берілетін. Бір сөзі нашар ән болса қабылданбайтын. Қазір «Қазақконцертті» өзі әнші, өзі сазгер Алтынбек Қоразбаев басқарып отыр, бірақ, сол «көркемдік кеңесті» қайта тірілтуіне не кедергі екенін мен түсіне алмай жүрмін.
Нарық келіп, жұрттың бәрі бос уақытқа «қарық болған» кезде Кемал да аулына қайтып оралды. Ауылдағы Мәдениет үйінде алдымен көркемдік жетекші, сосын директор болды. Және қарап жүрмей, Абайдың 150 жылдық мерейтойына шеберлердің дайындығын көріп, бұның да арқасы қозды. Әкесі Сламғазының ұсталық өнері бұны айналып өтпеген екен, аттың ер-тұрманын, оның әбзелдерін жасады. Мұражайларға барып жүріп, олардың нұсқаларын көрді, көшірмесін сызып, жасап әкелді. Ерді қаптайтын теріні дайындаудың өзі тұтас бір өнер болып шықты. Әбзелдерді жасауда ұсталықтан көрі зергерлік өнер қажетірек болды, оны да игерді. Оның осы еңбегін көрген ауылдағы К.Әзірбаев атындағы орта мектеп директоры Айсәуле Қадетова еңбек пәнінен сабақ беруге шақырды. «Мен мұғалімдікті оқыған емеспін, қалай сабақ беремін?» дегеніне қараған жоқ. «Ең бастысы – сенің өнерің бар, балалар осындай ұлтық өнерді үйренуі керек, оларға сен үйретпесең кім үйретеді, соладың ішінен еліктейтін біреу болса да табылатын шығар, қорықпа, оқытушылық тәжірибемен келеді» деп көндірді.
Сөйтсе, «еңбек» деген аты бар да заты жоқ пән болып шықты. Тіпті, ешқандай сайман жоқ мектепте. Еңбек пәніне арналған арнайы класс-бөлмесі жоқ мектептер де бар екен...
Кемал жұмысын балаларға қалайыдан қасықты, қара темірден балға, балта секілді құрал-саймандарды қалай жасауды үйретуден бастады. Одан шоқпар сияқты қару-жарақ жасауға көшті. Қазақтай алғыр халық жоқ қой, бір көргенін қағып алатын балалар табылды. Сегізінші сыныпта оқитын соның біреуі тіпті үйінде жұмыссыз отырған әкесінің көмегімен қыс бойы жасаған шоқпарын дүкендерге апарып өткізіп, бір жыл үйін асырап шықты...
-Қолөнердің жақсы жағы, – дейді Кемал – жан-дүниеңді салып, өз қолыңнан жасап шығарған дүниеге қарап отырып, керемет бір ләззат алатын кезің болады. Ал, жаман жағы – сол дүниеңді өткізерге келгенде алушының затты бағалай білмеуі аспандап отырған көңіл-күйіңді жер етеді... Қарасай ауданының, Алматы облысының бұрынғы әкімдері ішінен бір емес екі рет алған ер-тұрманының ақшасын бермей алдағандары кездесті. Бүйтіп әкім болғанша...
Ең басты мәселе – жас ұрпақты ұлттық, оның ішінде қолөнерге баулу арқылы, ұлттық дәстүрді сақтау арқылы ұлттық рухта тәрбиелеу. Мектеп бағдарламасына домбыра үйренуді арнайы кіргізу керек деген сөз әлсін-әлсін көтеріліп қалады, Шын мәнінде де, іске асыра алсақ, бұл бір тамаша іс болар еді. Өйткені, қазақтың әрбір күйінің өзінің ерекше тағылымды шығу тарихы бар. Біз күйді оның тарихын айта отырып үйрете білсек, күй тыңдауды тіпті балабақшадан бастап, там-тұмдап сәбилердің санасына сіңіре білсек, шіркін!.. Біздің осы Райымбек ауылында, Алматының өзі болмаса да қасында болғандықтан еліміздің әр қиырынан көшіп келген отбасылар көп, әне, солардың ұл-қыздары домбыраға әуес. Біз сол әуестікті пайдалануымыз, ары қарай дамытуымыз керек қой. Өнерге жақын балалардың өздері де ерекше болып тұрады...
...Директорымыз Айсәуле Ғадетовна бір күні маған:
-Патриоттық әндерге байқау жариялап жатыр, не істейміз? – деді. Ойланып қалдым. Соғыс кезінде шыққан, өлеңі Қасым Аманжоловтікі, әні Рамазан Елебаевтікі, атақты «Жас қазақ» әні есіме түсті. Ертесіне поштаның жанында Қытайдан келген, сол жақта жүргенінде «Қара орман» деген, тағы басқа да кітаптары жарық көрген Сейітхан Әбілқасымұлы деген ақсақал жазушы бар еді, сол кісіге жолығып қалдым. «Осылай да осылай, сценарий жазып беріңізші» деп едім, екі-үш күнде керемет етіп жазып келіпті. Патриоттық тақырыпқа өлеңдер оқылды, «Жас қазақ» әні шырқалды, мен оны домбырамен сүйемелдеп тұрдым. Облыстық байқауда бірінші орын алдық, енді бізді Мәскеуде өтетін халықаралық байқауға жіберді. Ол жерден де құр қол қайтқан жоқпыз, жүлделі орынды иеленіп, мақтау-марапаттау қағаздарын арқалап қайттық...
Айсәуле Ғадетовнадан кейін бізде мектеп директорлары құптамай қойды. Және олар Айекең секілді мектептің абыройы, атағы үшін онша күйіп-піспейтін де жандар болып кездесті. Біздің мысалы оркестріміз бар, және қандай оркестр десеңші, сол оркестрдегі оқушыларға жаңа киім тіктіруге қаржы берілмейді. Ал, оған арнап ақша бөлінбейді емес, мемлекет тарапынан бөлінеді екен...
Қазір басшылар қай жерде қандай жұмыс істеу керек болса – мектеп мұғалімдерін сонда жұмсайды. Жол бойының шөбін шабатындар да, талдарды ақтап, бағандарды сырлайтындар да – мұғалімдер. Көшені сыпыратындар да – мұғалімдер. Ағашты кесетін де – мұғалімдер. Ең жаманы – көше бойына қалалықтар әкеп төгіп кететін қоқысты оқушыларымен бірге жүріп тазалайтындар да мұғаімдер. Енді осындай жұмыспен айналысып жүрген мұғалімдерде абырой қайдан болсын!..
Былтыр келген Әзімбаев деген мектеп директоры «мамандығыңыз келмейді екен» деп Кемалдан еңбек пәнінің сағаттарын алып қойыпты. Одан кім ұтты? Мүмкін, директор ұтқан да шығар, ал оқушылардың тек ұтылғаны анық.
Тіпті мектеп қана емес, ауыл, аудан әкімшілігі тарапынан да оқушылардың оркестрі үлкен идеологиялық, мәдени, рухани қызмет атқарып отырғанын түсініп, соған тиісті дәрежеде мән беріп, ары қарай аудан көлемінде дамытып, байытып алып кетейік дейтін жанашырлық пейіл табылмағаны жанға батады. Райымбек ауылы – негізінен қазақтар тұратын ауыл. Кешке таман жастардың жиылып бас қосатын жері жоқ. Бәрі сенделіп көшеде жүреді. Кішкентай болса да Мәдениет үйі атаған клуб бар екен, оны қай миы толықтың идеясы екенін кім білсін... мешітке айналдырыпты. Қазақстанға берілген қандай үлгі-өнеге бұл? Әлі күнге дейін елімізде бұндай сорақы іс орын алған жоқ еді ғой? Кезінде мешітті қойма, «қызыл отау» жасаған кеңес өкіметінің жетпіс жыл өтпей аяғы көктен келген. Біздегі мәдениет үйін мешітке айналдырғандардың көксегені не? Мешіт те керек, оған дау жоқ, бірақ, неге ол бүгінгі таңда мешіттен де көрі қажетірек мәдениет үйінің есебінен пайда болуы тиіс? «Қажетірек» дегенімізге шошымаңыздар, олай болатын себебі клубта өткізілер іс-шараның аясы мешітке қарағанда әлдеқайда кең. Басқаны ауызға алмағанның өзінде мәдениет үйінде «Яссауи» тобы сияқты өнер ұжымдары діни әндерден концерт қоя алады, ал мешітте ондай мүмкіндік қайда?! Ауылдағы жолдың нашарлығын жеткізерге тіпті сөз жоқ. Ауылдың осы ең соңғы әкімі ғана орталық көшенің жолын жөндетіпті. Онда да барлық жері емес.
Осындай елді мекенге шәкірттерінің талайы саз училищесін бітірген, «Бақай» сияқты ансамблдер құрған, кейбіреуі Астанадағы өнер академиясында оқып жүрген Кемал Байғараев секілді өзге жұрт оқытып дайындай алмайтын бесаспап маманды ел үшін тиімді де ұтымды пайдаланбау деген берісі салақтық, арысы қылмыс емес пе? Өйткені, салақтық қылмысқа апарып соғады. Кемал тек күйші ғана емес қой, он саусағынан өнер тамған ұста, зергер. Ол жасаған ер-тұрманның біреуі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйланса, біреуі Біріккен Араб Әмірлігінің шейхына тарту етілген. Қазақтың кез келген ауылы осындай шеберіміз бар деп мақтана ала ма? 1993 жылдан бері алған мақтау-марапаттау қағазының өзі бір папкі болған Кемал домбыра үйірмесін ғана жүргізіп отыр. Қашанда өнер адамы, ғалымдар кеуде қағып, көкірек ұрмайды. Ешкімнің алдына барып жағдайын айтып жыламайды. «Барымен – базар» деп азға қанағат тұтады. Оларға жағдай жасау – биліктің міндеті. Күй – қазақтың жаны. Қазақтың философиясы. Ән барлық елде бар, ал күй қазақтан басқа қай елде бар? Сыршыл шертпе күйлерді көкірекке түйіп өскен жас ұрпақ сезімге бай, өнерге жақын, дауылпаз төкпе күйлерді құлағына құйып өскен жас ұрпақ рухы асқақ, кеудесін ешкімге бастырмайтын батыр болып өспей ме? Біздің халыққа бүгінгі таңда жетпей жатқаны да осы қасиеттер емес пе?
«Таланты мен маманын бағалай алмаған халықты болашағы бұлыңғыр» дейді неміс мақалы. Қолымыздағы алтындарымызды қадірлей алмасақ, сол жолда қолымыздың ұшын қимылдатқымыз келмесе, ертең кімді кінәлай аламыз?..
Өмірзақ АҚЖІГІТ