Тұлғаға талас: Құдай бермегенді тартып алуға болмайды

Жақында ғаламтор ақтарып отырып, aktobegazeti.kz сайтында «Ерлер есімі елеусіз қалмаса екен...» атты мақаланы көзім шалып қалды. Оны оқымай өтіп кетуім де мүмкін еді. Бірақ, «Қазақтың 104-батыры»... авторы... Ғабит Мүсіреп...» деген сөздер қылтиып тұрғасын, қызығушылығым артып, сайтты аштым да, әлгі жазбаны оқып шықтым. Бұл «Ақтөбе» газетінің 2016 жылғы 28-қарашасында шыққан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Айжанұлы деген кісінің жарияланымы екен. Расын айтқанда, бұрын-соңды автордың шығармаларымен танысу түгілі, есімін де естімеппін. Бұл қазақта жалықпағанның бәрі жазушы боп кетті емес пе, жарықтықтарды түгендеудің өзі қиын іс... Негізгі әңгімеге кіріспес бұрын мәселенің мәніне жетуге көмектесетін кейбір деректерді айтқым келеді. Мен Бесқала, яғни Қарақалпақстан жерінде туып-өскендіктен, сол өңірдегі қандастар жайлы дүниелерді тасқа бастырып, исі қазаққа таныстыру – шығармашылығымның алтын арқауы. Осы мақсат жолында бірнеше жылдан бері еңбекте­нудемін. Ықылас танытқан­дар жазған-сызғанымды ғаламтор арқылы таба алады. 2015 жылы жеңістің 70 жылдығы кең ауқымда атап өтілгені баршаға белгілі. Мен де бұл шарадан құр қалмай, халықаралық «Түркістан» газетінде 2015 жылдың 29-қаңтарында «Бесқаланың бес батыры», аталмыш басылымда 6-сәуірде «Бесқала: Алтыншы батыр – Аманбаев», «Егемен Қазақстан» газетінде 4-наурызда «104-ші қаһарман. Бесқаладан шыққан батыр туралы бірер сөз» («-ші» жұрнағын редакция қызметкерлері жалғап жіберген) деген мақалалар жарияладым. Әрбірін оннан аса сайт көшіріп басты. Ар-ұяты бар қаламгерлердің тіліне іліктім. Белгілі ақын, журналист Болат Шарахымбай 2015 жыл, 23-сәуірде «Түркістан» газетінде жарияланған «Филипп Рубахо-қазақтың 105-қаһарманы», ақын, мемлекет қайраткері Әкім Ысқақ 2015 жыл, 5-мамырда «Қазақ үні» газетінде жарияланған «Темір генерал – Сабыр Рақымов» мақала­ларында «журналист Бегабат Ұзақов Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алған қазақ ерлерінің қатарын тағы бір есіммен толықтырды. Сөйтіп, 104-батыр ұлты «өзбек» болып жаңылыс жазылып кеткен қарақалпақстандық қазақ Іният Наурызбаев болып шықты» деп жазды. Жеңістің 70 жылдығына арналған баяндамаларда тізімге жаңадан енген батырлардың есімдері аталды. Осындай бірнеше зерттеу мақалаларым жарық көріп, олар оқырман қауымның қызығушылығын туғызғаны ескеріліп, мен қызмет ететін «Рауан» баспа үйі ЖШС-і тарапынан Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ұсынылдым. Қазақстан ардагерлер ұйымы төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мырза да ресми қолдау хат берген-ді. Алайда, біз бағымызды сынаған номинацияда «Қазақстан» ТРК» АҚ (сол кездегі төрайымы Нұржан Мұхамеджанова), Шымкенттегі аймақтық «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы (директоры Дулат Әбіш) лауреат атанды. Журналистерге арналған шығармашылық конкурста ұжым мен жеке тұлғаны бәсекеге түсіру біздің елде ғана болатын жайт қой, не дейміз? Айтпақшы, Қазақстан Журналистер одағы сол жолы АҚШ арнаулы қызметінің құпия мәліметтерін ұрлап ап, ғаламторға жариялап жіберген, тыңшылық қызметі үшін басына қауіп төнген соң Ресейге тығылған Эдвард Сноуденге де сыйлық берді. Әлемді шулатқан тыңшының 50 мың теңгеге зәрулігі бола қойды ма екен? Әй, қайдам! Сноуден оқиғасынан соң Украина мәселесі қосылды да, екі алпауыт елдің арақатынасы тіпті ушығып кетті. АҚШ қайта-қайта санкция салып, Ресей экономикасын тұралатып тастады. Енді мана айтып өткен Жақсылық Айжанұлының мақа­ласына оралайық. О кісі мақа­ла­сын Ақтөбе еліне мынадай ақпарат беруден бастапты: «Ұлттық идеология ұлттың батырларын, ерлерін дәріптеуден басталады. Сонда ғана жүрегінде намыстың оты лаулаған ұрпақ қалыптасады. «Егемен Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 4-наурыздағы санында «Қазақтың 104-батыры» деген бір беттік көлемді мақала шықты. Авторы – қазақтың ұлы жазушысы Ғабеңмен аттас журналист Ғабит Мүсіреп мәселені дұрыс көтерген, зерттеп-зерделеген, дәлелдеп көрсеткен. Ол батыр – ақтөбелік Іният Наурызбаев болатын. Онда оның Ақтөбе облысының Алға ауданында дүниеге келгендігі, тегі – бәрі нақты жазылған». А-а, Жақсылық Айжанұлы неге шатасып отыр десем, «суды лайландырмақшы» болған екен ғой. Менің мақалаларымның бәрі ғаламторда тұр. Егер есімім аталса, сілтеме берілсе, мен одан дереу хабардар болуым мүмкін. Ал, бұл «батыр барымталағысы» кеп отырған Айжанұлына тиімді емес. Айласы әшкере болады. Біріншіден, автор менің мақаламның атауын «Қазақтың 104-батыры» деп әдейі өзгерткен. Газеттен мақаланы оқып отырған адам алжасуы мүмкін емес. Екіншіден, Ғабит Мүсіреп біздің елдің беделді азаматы, белгілі журналист ретінде мақалаға аннотация жазған. Айжанұлы шынымен жазушы болса, аннотация мен мақаланың айырмасын білуі керек емес пе? Өзі айтқан «бір беттік, көлемді» мақаланың астында есімімім тайға таңба басқандай көрініп тұр. Аннотацияда да мен жайлы айтылған. Үшіншіден, мен, «Іният Наурызбаев 1918 жылдың 10-қыркүйегінде Шорахан уезі, Сарыби болысы, Төртдуал ауылында дүниеге келген (бұл ауыл кейіннен Қарақалпақ АССР-і Төрткүл ауданы, Карл Маркс колхозы, 1977 жылы Төрткүл, Беруни аудандарынан бөлініп шыққан Еллікқала ауданының құрамына кіріп, Ленинград колхозы деп аталды. Қазір ауылға сол өңірдегі қазақ қайраткерлерінің бірі Ғани Әділев есімі берілген» деп жазғам. Сондай-ақ мақаламда батырдың туыстарын әңгімеге тартқам: «Құрбанбай Төлегенұлы Бұқарбаев: – Қазақ деген халық айдың, күннің аманында арысын біреуге беріп қоймайды. Өзге ұлттың құрамына сіңіп кететіндей Іният Наурызбаев іздеушісі жоқ азамат емес, бір елдің бетке ұстар батыры ғой! Мұндайда атам қазақ шежіреге жүгінеді, ата-тек қуалайды. Ендеше, біз де сөйтіп көрелік. Мен Іният Наурызбаевтың туған інісі – Төлегеннің ұлымын. 1961 жылы дүниеге келдім. Еллікқала ауданы, Боқанмерей ауылынан атажұртқа, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылына көшіп келдім. О бастағы мекеніміз – Ақтөбе облысының Алға ауданы. Өткен ғасыр басындағы аласапыран кезінде Наурызбай атамыз қарақалпақ жеріне келіп тұрақтайды. Оның ұлы Бұқарбайдан Іният пен Төлеген тарайды. Кіші жүз, жеті ру, табынның ішіндегі қарақойлы екібас деген руданбыз. Ал Бұқарбай атамыздың әйелі – Балжан әжеміз Шөмекейдің қызы...» Жақсылық Айжанұлы осы деректерді көре тұра бұрмалап, өтірігін ұялмай-қызармай Ғабит Мүсірепке таңып отыр. Батырдың өзі емес, атасы Наурызбай қазір Ақтөбе облысы, Алға деп аталатын ауданның аймағында дүниеге келген. «Мұрнымның пұшықтығынан хабарым жоқ, сәңкіп сала беріппін» демекші, Айжанұлы мұнымен тоқтамай, өтірікті үдете түседі: «Өткен 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Бұл күнде қатары сиреген сарбаздарымызға құрмет жасадық. Алайда, сол батырларымыздың қатарын толтыратын тұлға туралы елдің басты басылымында жария етілсе де, жерлестері мұны жадымыздан шығарғандай болдық. Бұл Ақтөбенің батырын жатсынғандығы ма, әлде қалай? Мақтануға келгенде алдына жан салмайтын ағайындар да үнсіз қалды. Өкінішті… Неге? Кешегі революция жылдарында Ақтөбеге бір күн келіп, бір сағаттық жиналыс жасаған С.М.Кировтан бастап, бәріне ғимараттарға тақта орнатып, есімін жаздық. Бұл – кеңестік идеология. Сол дәуірде өз батырларымыз, бұрынғы бабаларымыз жайында бір ауыз сөз айта алмадық. Өйткені саясатқа қарсы келетін еді. Тәңірге тәубе, Тәуелсіздік алып, еңсемізді көтердік. Оған да биыл 25 жыл. Сол жолда ғасырлап ел, жер үшін күрескен тұлғаларды дәріптедік, ұлықтадық, ұлттық намысты ояттық. Жеңістің 70 жылдығында алғалықтар батырын іздер ме екен деп үміттеніп едік, үнсіздік танытты. Осы жылдың ақпан айында Алматыға жол түсіп барғанда, Інияттың көзін көрген ағайындар: «Ау, ақтөбелік бауырлар, батыр Іният Наурызбаев есіміне көше бердіңдер ме? Біз де оралдық, ол да жеріне келді ме?» – деп сауал қойды. Амалсыздан «ойластырудамыз» дедік. Сонда бір қария: «Бұл батыр ауданның атын ғана емес, елдің мәртебесін биікке шығаратын тұлға. Жай батыр емес, батырдың батыры. Өйткені алғы шепте өлімге бас тігетін штраф батальоннан мұндай көзсіз ерлердің шығуы тегіннен-тегін емес», – деген-ді. Сол мақалада Інияттың 1910 жылы Алға ауданында дүниеге келіп, 1918 жылы қоғамдағы дүмпу салдарынан көршілес елге әулетімен жер ауып кетуі баяндалған. 1938 жылы сауда саласында қызмет жасап жүргенде, бір жетім аз ғана күнге қарызға ақша сұрайды. Бірақ, ертеңіне тексерушілер келіп, түскен қаржы жетпейді деп он жылға соттатып жіберетіні айтылған. Итжеккенге солай кете барған ол сол жақта жүріп, 1942 жылы «Бұлай жүргенше ақталайын, Отан үшін күресейін», – деп соғысқа баруға өтініш білдіреді. Айыптылар батальонына жіберіледі. Алғы шепте қардай жауған оқ тиіп, талай рет жарақаттанады, өлімнен де аман қалады. Жарақаты ауыр болса да госпитальдан шыққаннан соң қайтадан сарбаздар қатарынан табылады. Өзін көрсеткеннен кейін сенімге ие болып, взвод командирі де болады. Талай ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталады. Кеңес Одағының Батыры атағын алады». Біріншіден, Ақтөбедегі, Алғадағы жергілікті билік өкілдері басқа газетті оқымаса да, «Егемен Қазақстанды» оқиды. Сондықтан олар «104-ші қаһарман...» деген мақалада не жазылғанын біледі. Білгендіктен де, Айжанұлы сияқты қиынан қиыстыра жалған айтып, аттандай алмайды. Екіншіден, Алматыға көшіп келген қарақалпақстандықтардың қайдағы бір қаламгерден «Іният Наурызбаев есіміне көше бердіңдер ме?» деп сұрауы да ойдан шығарылған сыңайлы. Анадай ақылды сөздерді айта білетін қариялар базынасын жазушыға емес, әкімге айтпай ма? Әлде Айжанұлы ономастикалық комитеттің төрағасы ма екен? Үшіншіден, «Сол мақалада Інияттың 1910 жылы Алға ауданында дүниеге келіп, 1918 жылы қоғамдағы дүмпу салдарынан көршілес елге әулетімен жер ауып кетуі баяндалған» деуі де қып-қызыл өтірік. Мақалада мұндай сөз жоқ, 1918 жылдың 10- қыркүйегінде дүниеге келгені анық жазылған. Төртіншіден, Іният Наурызбаев 1937 жылы сотталып, жазасын өтеуге Самарқан облысына жіберілген. Бұл факті мақаламда бар. Ал, «итжеккен» деп қазақ Сібірді айтады, дені дұрыс адам Са­марқан мен Сібірді ажырата біледі. Жақсылық Айжанұлы тағы қиялына ерік береді: «Бұл батыр туралы мен Ақтөбе қаласының байырғы тұрғыны, елге танымал ақсақал Амандық Дүйсенбаевтан 80-ші жылдары естігенмін. Көпті көрген абыз ақсақал білгенін айтып, үнемі ағалық танытатын еді. 1970 жылы зейнеткерлікке шыққан соң Қарақалпақстандағы нағашыларына барып, Іниятпен кездесіп, танысады, әңгімелеседі. Жұмысбасты болғандықтан, батыр елге, туған жерге бір бара алмай жүргендігін мұңая жеткізеді. Жүректегі сағыныш өмірден өтерден бір жыл бұрын, 1995 жылы Ақтөбе топырағына жетелейді. Кіндік қаны тамған жер Алға ауданындағы Қарағандысайдағы атақоныс мекенін көріп қайтады. Ол жердегі бабалар рухына тағзым етеді. Ұрпағымды әкеліп көрсетем деп жүргенде, 1996 жылы өзі дүниеден озады. Іниятты көргендер бар ма екен деген сауалдарды Өзбекстаннан оралған бауырларға қойып жүрдік. Бірде облысқа белгілі ақын Базарбай Иманмен жолығып қалып, әңгіменің арнасын батырға бұрғанмын. Ол: «Іният ағамыз біздің үйде болғанда көргенмін», – деді. «Іният – ер тұлғалы кісі. Жанарынан от шашып тұрғандай сезіледі. Көп сөйлемейді. Айтары қысқа-нұсқа» деп ағам да айтып отыратын. Ол кезде батыр Қарақалпақстанның Еллікқала ауданында колхозда жұмыс істейді екен. 1965 жылы Өзбекстанда Жеңістің 20 жылдығы атап өтіледі. Оған Іният та шақырылады. Мерейлі мерекеге орай барлық сарбаздарды Ташкентке жинағанда Іният залда келе жатып, соғыста штраф батальонды басқарған командирімен кездесіп қалады. Қан майданда шені майор болған ол сол жылы генерал-майор лауазымында екен. Аман-саулық, жөн сұрасып «Ау, батыр, сен неге Алтын жұлдызды тақпайсың?» – дейді. Ол: «Мені кім елеп жатыр», – деп жауап береді. Сол кездегі генералдар азулы, бірден Қарақалпақстанның бірінші басшысы Камаловқа телефон шалады… Содан бастап Іният Наурызбаев жиналыстан қалмайды. Ел тани бастайды». Біріншіден, Іният Наурызбаев Бауыржан Момышұлы сияқты тік мінезді кісі болды. Оның ҚҚАССР партия комитеті ғимаратының алдында оқ атып, шу шығарғанын бүкіл Қарақалпақстан біледі. Іргелес жатқан Ақтөбеге жұмысбасты боп, бара алмай мұңайғаны қисынға келмейді. Ақтөбе түгіл, Тәшкен мен Мәскеуге де батырдың бірнеше рет табаны тиген. Екіншіден, ол 1995 жылы Алға ауданының Қарағандысай деген жеріне барса барған шығар, бірақ «өмірден өтерден бір жыл бұрын», «кіндік қаны тамған», «ұрпағымды әкеліп көрсетем деп жүргенде, 1996 жылы өзі дүниеден озады» деген сөздер автордың сандырағы. Өйткені, Іният Наурызбаевтың кіндік қаны Қарағандысайда тамбаған, мақаламда батырдың немересі Сұлтанбай Рейімбайұлы оның 1999 жылы 29-сәуірде бақиға аттанғанын айтқан. 1998 жылы Қарақалпақстанда қазақ тілінде шыққан «Өркен» журналының тұңғыш санында «Іният Наурызбаев: Өркенің өссін, өрендер!» атты сұхбатым жарияланған. Ауруханада жатқан батырдың өзімен сұхбаттасқам, аруағымен емес! Бұған күмәнданатындар болса, википедияға қарасын. Үшіншіден,  сыныптасым әрі туысқаным Гүлбахар Ақылбайқызы Ахметова Іният атаның қызы Тотыя апайдың келіні. Құдалықтың басы-қасында әке-шешем жүрген. Бейнежазба бар. Тотыя апай үйге жиі келіп тұратын. «Әкем қамалып кеткен соң колхоз бастығы бізді «ақүйлі» қылды. Ауылдан шығарып жіберілген жалғыз үйді солай атайтын ол кезде. 1944 жылдың 22-ақпанында әкем батыр атағын алған соң елге демалысқа жіберілді. Төрткүлге самолетпен келді. Баяғы колхоз бастығы әкем келер алдында бізді ауылға қайтарып, өкімет салған үйден біреуін берді. «Ақүйлі» болғанымызды айтпауды өтінді. Көрген азабымыз киіз үйде қалып кетті. Содан бастап ел қатары еңсемізді көтеріп жүретін болдық », – дейтін ол кісі. Араға біраз уақыт салып елге келген соң Іният Наурызбаев Төрткүл аудандық атқару комитетінің төрағасы болады. Бұл кезде кейінірек Қарақалпақстанды басқарған Қ.Камалов қарапайым мектеп мұғалімі еді. Бірден басшылық қызметке тағайындалған Іният Наурызбаев қалайша салтанатты шараларға шақырылмайды? Сондықтан Базарбай Иман айтты деген сөзге сену қиын. Жақсылық Айжанұлы тек Іният Наурызбаев емес, басқа батырларды да «барымталағысы» келген тәрізді: «Қаһарман жауынгер соғыстан соң Тамбов әскери училищесін бітіріп, әскери комисариаттарда қызмет етеді. Запастағы лейтенант еліне оралған соң, колхозды басқарады. 1970 жылы Қарақалпақстанда зейнеткерлікке шығады. Жас ұрпаққа тағдырлы өмір жолын баяндап, бейбіт күндегі тірлікке тәрбиелеуге атсалысады. Өткен ғасырдың тауқыметі зор. 20-30 жылдарда кеңестік саясат салдарынан жер ауған қазақ азаматтары Отан соғысына қатысып, Іният секілді ерлігімен көзге түскен. Батырмен есімі қатар аталатын ерлердің түп-тегі қазақ екенін бүгінгі жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Бес қаланың бес батыры аталған кімдер еді? Солардың бәрі қазақ жерінде туып-өскендер екен: Іният Наурызбаев, Плис Нұрпейісов, Мақаш Балмағамбетов, Жұман Қарғұлов, Жұмағали Қалдықараев. «Бұл бес қаланың бес батырының ерліктері жайындағы деректер менің қолымда. «Даңқ» орденінің иегері Әлімбай Аманбаевтың тегі – Әлім еді», – дейді сол жақта туып-өскен Базарбай Иман. Мұны жазып отырғанымыз, бәлкім, туыстары болса, іздестірер деген ниет. Елінен, жерінен ерте кеткен бауырларымызды туған өңірге, бауырымызға тартсақ, оның айыбы болмас… Бұл мақаланы жазуға ала тақиялы елден Алматыға оралған ағайындардың «Ай, ақтөбеліктер, батырларыңызды жатсынбаңдар, олардың кіндік кескен жері өздерің тұрып жатқан құтты мекен», – деген сөзі ой салды». Біріншіден, Іният Наурызбаев елге келгеннен-ақ қандай қызметке тағайындалғанын жоғарыда айтып өттік. Рас, ол колхозға бастық болады, бірақ сәл кейіндеу. Екіншіден, кез келген адам Совет дәуірінде ер азаматтар қай жаста зейнеткерлікке шыққанын біледі. 1918 жылы туған адамды 1970 жылы зейнеткерлікке шықты деу үшін сәл-пәл шатырың шайқалған болуы керек. Үшіншіден, 20-30 жылдардан бұрын да қазіргі Қарақалпақстан аумағында қазақтар өмір сүрген. Қандай рулар мекен еткенін У.Шалекеновтің 1966 жылы Тәшкенде басылған «Казахи низовий Амударьи. К истории взаимоотношений народов Каракалпакии в XVIII-XXвв.» кітабынан білуге болады. Сондықтан, Бесқаланың бес батыры аталған кімдер еді? Солардың бәрі қазақ жерінде туып-өскендер екен: Іният Наурызбаев, Плис Нұрпейісов, Мақаш Балмағамбетов, Жұман Қарғұлов (дұрысы – Қарақұлов), Жұмағали Қалдықараев» деген пікіріңізбен келісе алмаймыз. Плис (Біліс) Нұрпейісовті соңғы кезде біреулер Қызылордада, біреулер Ақтөбеде туған деп жазып жүр. Батырдың көзі тірі інісі Жүсіпбай Нұрпейісов те солай дейді. Бірақ бұл факті мұрағат құжаттарымен расталмаған. Плис (Біліс) Нұрпейісовтің досы, қандасымыз Аман Оразов батыр елге демалысқа келген кезіндегі естеліктері негізінде қарақалпақша «Ауыр күнлерде» деген повесть жазып, 1954 жылы «Қарақалпақстан» баспасынан кітап етіп шығарған. Оның батыр жайлы басқа да мақалалары бар. Саналы ғұмырын батыр досының есімін мәңгілестіруге арнады. Бірақ, бірде-бір жазбасында Білістің Төрткүлде туғанына күмән келтірген емес. Мақаш Балмағамбетовті өткен ғасырда Қазақстанда шыққан «Совет Одағының батырлары» кітабында Қазалы ауданының 17-ауылында дүниеге келіп, соғыстан соң Қарақалпақстанға көшіп кеткен деп жазылған. «Советская Каракалпакия» газетінің 1944 жылғы 14-қарашадағы санында «Герой Советского Союза Махаш Балмагамбетов» деген хабар басылған: «До войны Махаш Балмагамбетов заведывая магазином райпотребсоюз в 10 аулсовета Кара-Узякского района. Призванный в 1941 году в ряды Красном Армии, он в первых же боях с врагом показал себя отважным воином, достойным сыном каракалпакского народа. Недавно в Кара-Узяке была получена фронтовая листовка. В ней был напечатан портрет гвардии сержанта Махаша Балмагамбетова и сообщалось, что в боях за правый берег Днепра мужественный воин уничтожил 20 немецких солдат и 16 взял в плен. За образцовое выполнение боевыз заданий командования при форсирований реки Днепр, развитие боевых успехов на правом берегу реки и проявленные при этом отвагу и геройство Президиум Верховного Совета Союза ССР присвоил Махашу Балмагамбетову звание Герой Советского Союза и вручением ордена Ленина и медали «Золотая звезда». Герой часто присилает письма домой. В одном из последних писем он пишет жене: «Обе мне не беспокойся, береги свое здоровье, смотри за матерью и за братом. Я жив и здоров. Моя цель ­ уничтожить немецких извергов и закончить войну с полной победой. Тогда то и приеду домой». Трудящиеся Кара-Узякского района, все трудящиеся Кара-Калпакии гордятся своим знатным земляком. Честь и слава Герою Советского Союза Махашу Балмагамбетову. Х. ШАКИРОВ, Военрук Кара-Узякской школы им. Сталина». Әрине, Мақаш «сын каракалпакского народа» емес, қазақ, Бесқаланың тумасы. Хабардың жарияланған кезіне назар аударсақ, Балмағамбетовтің Қазалыда туылып, соғыстан соң Қарақалпақстанға көшіп барғаны жайлы аңыздың жалған екенін байқаймыз. Жұмағали Қалдықараев жайлы «Батыр – ортақ, бақ – жалқы» («Достық үні» газеті, 1995 жыл, сәуір, №6 (73) мақаласында журналист Ж.Нәренбайұлы «Анық есімде жоқ, Жұмағали  Кетік пен Шағадамның бірінде туған болуы керек. Оны біліңкірейтін адамдар Хожаелінде баршылық» деген батырдың ет жақыны Есмағамбет пікірін берген-ді. Сол пікір бүгінгі күнге келіп, «Қалдықараев Маңғыстауда туғанға» айналып кетті. Жұман Қарақұлов ғасырлар бойы сол өңірде өмір сүрген қазақтардың ұрпағы. Оның әулеті 12 атадан бері Қазақстандағы қазақтардың шежіресіне енбеген. Бұл жайлы батырдың руласы, әдебиет зерттеушісі, Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев айтып бере алады. Төртіншіден, «Бесқаланың бес батыры» деген ұғымды айналымға мен енгізгенмін. Өйткені, Түркіменстанның Көне Үргеніш қаласы мен Қарақалпақстан аймағындағы төрт қала қосылып, Бесқала аталып жүр. Қазақтар Бесқала атауын Қарақалпақстан атауының баламасы орнында қолданады. Іздеп көріңіз, менен бұрын «Бесқаланың бес батыры» деп жазған қаламгер болса, айтарсыз. Батырлардың логотипін халықаралық «Түркістан» газеті жасаған. Айтайын дегенім, батырлардың өмір баянын әдейі өзгертіп, өз ыңғайына бейімдеп пайдаланатындармен соттасуға да дайынмын. Бесіншіден, «Бесқаланың бес батырының ерліктері жайындағы деректер менің қолымда. «Даңқ» орденінің иегері Әлімбай Аманбаевтың тегі – әлім еді», – деген болса, Базарбай Иман қатты қателеседі. Біз бұрын-соңды Базарбай Иман деген кісінің бес батыр жайлы жазғанын көрмегенбіз. Ал, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлімбай Аманбаев жайлы «Бесқала; Алтыншы батыр-Аманбаев» атты мақала жазғанбыз. Оның тегі әлім емес, он екі ата байұлы, жаппас. Алтыншыдан, Жақсылық Айжанұлын батырларымыздың тегі қызықтырса, айтайын: Жұман Қарақұлов, Мақаш Балмағамбетов – әлім, шекті, Біліс Нұрпейісов – шөмекей, Жұмағали Қалдығараев – адай, Іният Наурызбаев – табын. Бесқаланы мекен еткен елдің үштен бірі – қазақтар. Мұндағы ағайын тоқалдан тумаған. Батыр шығуы да, ақын шығуы да заңдылық. Соңғы кезде Жақсылық Айжанұлы сияқты біреулер тұлғаларымызға таласып, өзінікі еткісі кеп жүр. Ақтөбе энциклопедиясына Бесқалада туған Төлеген Айбергенов пен Наурызбек Раманқұловты енгізгенін естігенде таң қалғанбыз. Ау, ағайын, біз көрші аймақтарға «батыр бордақылап», «ақын, жырау өсіріп» бермейміз. Құдай бермегенді тартып алуға болмайды. Әспеттегісі келген, бесқалалықтардың түп-тамыры Сыр бойы, Ақтөбе, Маңғыстау өңірінен емес пе, бауырларымыздың сыртта туған ұрпағы деп әспеттей берсін. Тарихты бұрмалаудың не қажеті бар? Қаһарман бабаларымыздың аруағынан қорықпай, олар жайлы деректерді бұрмалаған Жақсылық Айжанұлы мен оны басып шығарған «Ақтөбе» газетінің ресми түрде кешірім сұрауын талап етемін. Биыл Кеңес Одағының Батыры Іният Наурызбаев (марапаттау қағазында батырдың аты-жөні Имат Нуразбаев болып жазылған) тірі болса, 100 жасқа толар еді. Тұлғаның есімін тулақтай тартқыламай, ынтымақтасып – Бесқалада да, Ақтөбеде де, жалпы Қазақстан көлемінде тойласақ та көптік етпейді. Оның қайда туғанында не тұр, қаны қазақ болса, болды емес пе?  

Бегабат ҰЗАҚОВ, жазушы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты

qazaquni.kz