Ералхан ӘБІШ: Мемлекеттік тілді менсінбейтін құлдардан қашан құтыламыз?!.
2018 ж. 02 ақпан
5699
23
Белгілі әнші Ералхан Әбіш қазақ тілін керек етпеген отандық банк жұмысына өз наразылығын білдірді. Бұл туралы ол "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Жеке шаруаларымен "Астана банкіне" барған әнші ондағы маңдайшадағы жазудан бастап, жарнамасына дейін тек орыс тілінде екендігін айтып күйінді. Банк мамандарының қазақ тілінде қызмет көрсетпейтінін ашынып айтқан ол, ондағы толтыруға арналған құжаттардың да қазақша нұсқасы жоғына ашуланды.
- "Астана банкі" мемлекеттік тілді менсінбей ме, түсінбедім? Тұтынушыларға ұсынатын жарнама парақшалардан бастап, құжаттарына дейін тұтас орыс тілінде. Қазақша бір әріп іздеп таппадым. Тіпті, әжетханасы да орысша жазылған. Соны "Туалет" деп жазбаса, ел таппай қала ма? Неге осы бізде міндетті түрде екі немесе үш тілде жазу керек барлық атауды? Банкте қызмет көрсетіп тұрған қыз "Бізде Мемлекеттік тіл екеу ғой" деп айды аспаннан бірақ шығарды. Оның мемлекеттік тілдің қай тіл екенін білмеуіне кім кінәлі? Бұл құлдық санадан арылатын кез бола ма? Мемлекеттік тілді менсінбейтін құлдардан қашан құтылады екенбіз? - деді танымал әнші.
Әнші, сондай-ақ, еліміздегі "Тілдерді дамыту департаменті" барын айтып, аталмыш басқармалардың жұмысына сын айтты.
- Қай тілді дамытып жатыр олар? Өз тілін емес, өзге ұлыстардың тілін дамытуға қаншама қаржы кетіреді. Бізге жалғыз департамент құру керек қазір, ол - "Қазақ тілін дамыту департаменті". Бітті! - деді Е. Әбіш.
[caption id="attachment_81123" align="aligncenter" width="360"] Фото: Е. Әбіштікі[/caption]