Хамза Көксебектің үшінші фильмі жарық көрді
2018 ж. 25 қаңтар
3369
0
Актер, режиссер, продюсер,«ELANA» production киностудиясының директоры Хамза Көксебектің «Дүбәрә», «Самырсын» фильмінен кейінгі үшінші «Қайрақ тас» атты көркем фильмінің көрсетілімі өтті.
Туынды өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. Фильмге түсу үшін кастингке 5000 адам келіп, оны 35-і ғана іріктеуден өтеді. Жалпы туындының жұмыстары 7 ай уақытты қамтиды. Оның 2 айы кастингке, 1 ай дайындық жұмыстары,1 ай түсірілім, 3 ай монтаж жұмыстарынан құрылады.
Режиссердің мәлімдеуінше «Қайрақ тас» мамыр айынан бастап барлық телеарнадан көрсетіледі. Туындыға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмегендіктен, продюсер өз қалтасынан қомақты қаржы жұмсағандығы белгілі болды. Аталмыш фильмде Дархан Бағлан, Ибрагимов Берік, Орынбасар Ақылжан, Дәрімбаев Рашид, Жібек Рахметовалар ойнайды.
Оқиға шытырман кадрлармен өрбіп, кішкентайынан қорлық көрген жас жігіттің ғұмыр жолы суреттеледі. Туғаннан анасы тастап кетіп, жетімдіктің дәмін татқан жанның өмірі қиындыққа толы тағдыры көрерменнің көзіне жас ұялатады.
Фильмнің негізгі айтар ойы — өмірдің бумерангтігін түсіндіру! «Қарғамен дос болсаң, шоқығаның боқ болар, бүркітпен жолдас болсаң, қарның тоқ болар, аққумен жолдас болсаң, денең пәк болар» дегенді фильмді көру барысында түсінесіз.
Хамза Көксбек, Продюссері, режиссеры, сценарий авторы: Фильмның оқиғасына келер болсам, елу пайыздан астамы досымның өмірінен, қалған елу пайызы өмірдегі көрген-түйген мәселелер төңірегінде қамтылған. Мың адамның тағдырын бір адамның басына салып, кейіпкер сомдап, сценарийді жазып шықтым.
Фильмнің арқауы: Жас кезіңде болсын, қай кезеңде де болсада жасаған қателігің алдыңнан шығады.Алла Тағала ешкімді рақымсыз және жазасыз қалдырмайды деген ойды қортындылайды.
Фильмге ешқандай бюжеттен ақша бөлінген жоқ. Демеушіде болмады. Өзімнің ашқан актерлік үйірмеден түскен қаржыға және дос-жарандар, таныс-тамырдың қолдауымен түсірілді.
Қаржының жетіспеушілігінен кәсіби актерларды түсіре алмадым. Көбінесе өзімнің актерлық үйірмемде тәлім алған жастар ойнады. Одан өзге фильмнің рейтингін көтеру мақсатында өнердегі әпке-аға, інілерім Жібек Рахметова, Өмірқұл Айниязов, Нұрым Қуаныштар актер ретінде қолдау білдірді. Атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін.
Жібек Рахметова, актриса: Хамза өзі хабарласып, «Көмектесесіз бе Осындай бір рөл бар еді? Өзім сценарист әрі режиссермін. Бізде бюжет жоқ. Жеке түсіріп жатырмын» деп өтініш білдірді. Жарайды деп келісімімді бердім. Айтқан күнінде барып, бизнесменнің жары, қызым шетелге оқуға түсіп, жанына серік болып елден кеткенімде жолдасым өмірден өтіп кетеді. Мен қайғы жұтып, аза тұтқан әйелдің рөлін сомдап шықтым. Жас режиссерлар, өзіміздің қаракөз қазағымызға қолдау білдіргеніміз дұрыс. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Хамзаға үлкен-үлкен фильмдер түсіре берсін деп тілек айтамын.
Ақтолқын Тажикова
qazaquni.kz