САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ - АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ НЕГІЗІ
2018 ж. 26 қаңтар
9048
1
Елбасымыз 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын қазіргі таңда әлем өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқандығынан бастады. Мұндай «жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде» деп атап көрсетті.
Елбасы осы жолдауында алдыңғы жолдауларда айтылған жарқын болашаққа жетелейтін ұзақ мерзімді мақсаттардың өзгеріссіз қала беретінін айтты. Жолдауда келтірілген бірнеше міндеттердің шешу бағыттарын Президент айқын белгілеп беріп отырғандықтан, осы жолда әрбіріміз белсене жұмыс жасауымыз керек.
Аталған жолдауда Елбасы еліміздің дамуын толық қамтитын негізгі он міндетті белгілеп тұжырымдап берді. Осы міндеттердің ішіндегі жетінші міндет – «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады және ол тікелей білім беру жүйесіне қатысты болып отыр. Бұл міндетті шешу жауапкершілігі негізінен білім беру саласының қызметкерлеріне жүктеледі.
Осы тарапта біздің алдымызда шешімін табуы тиіс келесі міндеттер қойылып отыр:
- Білім берудің жаңа сапасы, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету;
- 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу;
- білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту;
- педагогтарды даярлау және жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты біліктіліктерін арттыру жолдарын қайта қарау.
Бұл міндеттердің орындалуының ойдағыдай жүзеге асуы барлық қазақстандықтардың озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізулеріне бағытталады.
Жолдауда президентіміз халық жағдайын бәрінен жоғары қоятындығын, мемлекет мүддесінің бәрінен қымбат екенін жастарға жеткізу – зиялы қауымның жауапкершілігінде екенін тағыда нақтылап айтып отыр.
Болашақ мектеп мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық оқу орны ретінде бұл міндеттің маңыздылығын және жүктелген жауапкершіліктің құндылығын бағалай отырып, өз қызмет жолымызда белгіленген міндеттердің орындалуына барынша үлесімізді қосуымыз керек деп санаймын.
Қазіргі уақытта университетімізде Елбасының Жолдауы жан-жақты талданып, сәйкес іс-шаралардың жоспары құрылып жатыр. Бәріміздің негізге алынып отырған ұстанымыз – мемлекетіміздің адами капиталының негізін құрайтын студент жастарымызға сапалы білім беру, ғылыми-шығармашылық ізденістерге деген қызығушылықтарын арттыру; бәсекеге қабілетті кәсіби маман даярлау; жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты білім беру бағдарламаларын қайта қарастырып, жетілдіру; оқытудың әдіс-тәсілдерін, технологияларын дамыту болып отыр.
Елбасы арнайы тоқталып өткен математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттілігі мәселесіне орай университетіміздің физика-математика факультетінің барлық мамандықтарында оқытылатын пәндердің негізгі үш функциясының іске асыру жолдарын жетілдіру – күнделікті кәсіби іс-әрекетіміздің күн тәртібіне қойылып отыр. Негізгі мәселе қазіргі студенттің ертең шебер мұғалім және кәсіби маман болып қалыптасуына жағдай жасау. Осы орайда, студент жастарымыздың таңдаған мамандығына сәйкес кәсіби жауапкершілігін арттыру проблемасын назарымыздан тыс қалдырмауымыз керек. Барлығымыз осы мәселелерді іске асырумыз үшін жүйелі түрде еңбек етуіміз керек деп ойлаймын
Гүлнәз Салғараева
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Информатика және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты., профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ЖОО Үздік оқытушысы
qazaquni.kz