АСТАНАДАҒЫ ҚОНАЕВ РУХЫ
2018 ж. 26 қаңтар
5459
20
Дінмұхамед және әнші Димаш
Астанадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы даңғылымен соңғы кездері жиі жүретін болдым. Шығысы Ақордадан басталып, батысы Ханшатырына тірелетін даңғылдың бұрынғы Орынбор, қазіргі Мәңгілік ел көшесінің қилысында күллі көлік тоқтайтын бес-алты аялдама бар. Қысы-жазы бұл жер жүргіншілердің көп көлік күтетін, жолаушылар төрт тарапқа кететін нағыз тоғыз жолдың торабы. Астанада бұрын Қонаев көшесімен жүргенде Құдайға сыйынып, аруаққа табынатын Әлмерек әулиенің ұрпағы, шипагер, халықаралық Нострадамус атындағы сыйлықтың иегері марқұм Ермек Мырзакелді қасымда болатын. Димекеңді жиі еске алып, маған ол кісі жайында көрген түсін жиі айтушы еді. Бұл дүниеде дана басшы болған Димекең о дүниеде де кемеңгер кісі, әулие сұңғыла екен. Фәни өмірде билік шыңында, бақилық өмірде Тәңір тағында отырғанын көрген түсі арқылы талай рет айтып еді. Бұған біреу иланады, біреу сенбейді, әрине. Құдай әлемін, Тәңір тылсымын тануға пенденің ақыл-ойы жетпейді. Өзімнің топшылауымша Пайғамбар аттас, әулие рухты Димекең мәңгілік нұрға айналып кеткен. Сол «тылсым-нұрдың» пенделерге әсері де болады екен. Аты «Дінмұхамед», «Димаш» деген қазір балалар көп. Жастай таңылған белгілі азаматтар шығып жатыр. Осы «Дінмұхамед» деген аттан бір ерекше сиқырлы күш сезіледі. Алла Тағала алдымен адамға ат қоюды үйреткен. Ат қоюға байланысты ілім бар. Димаш – Дінмұхамед деген есімі – ерекше қазақ әншісі биыл әлемді таңдандырды. Қытайды дүрліктірген әнші Димаштың азан шақырып қойған аты «Дінмұхамед» екен. Әке-шешесі Д.Қонаев атасы сияқты атақты, адал, қарапайым болсын деп осы атты қойыпты. Димекең – Димаш бұрын ол елде академик атымен әйгілі болса, оның атын алған Димаш әншілігімен аспан асты елін тәнті етті. Ол кезде Академия президенті Димекең елуінші жылдардың басында КСРО империя патшасы Н.Хрущевпен бірге Қытайға барған осы сапарында геология ғылымы жөнінде баяндама жасап, сол елдегі күллі оқымыстыларды қайран қалдырып, кездесу, жүздесулерде халықтың шексіз құрметіне бөленеді. Бір айға жуық Аспан асты елінде болған Д.Қонаев ұмытылмастай тұлға болып қалады. Әнші Димаш-Дінмұхамедті бұдан алпыс жыл бұрын аталған елге барған Димекеңнің әруағы, ата қазақтың рухы қолдаған болар. Димекең Қытайдың өнер жұлдыздарымен кездескенде қазақтың белгілі әншілері мен күйшілер туралы және ақын-жазушылары жөнінде әңгімелеген. Қытай елі жөнінде өткен кеңестік дәуірде өте құнды еңбек жазған Димекең екенін біреу біледі, біреу білмейді. «Қытай Халық Республикасындағы 30 күн» деген орыс тілінде шыққан кітабы елге тез тарап кетеді. Астанада Дінмұхамед Қонаев атындағы көшемен жүргенде маған Дін құдіреті мен Пайғамбар есімі үйлескен Димекеңнің азан шақырып қойған қасиетті аты «Дін мен Мұхамед» қатар баурап, еріксіз ойға батырады. Осы бір әсем ғимараттары көк тіреген, Ақ Орда асқақтаған, «Бәйтерек» жарқыраған, Димекең рухы лаулаған гүлзары көше-даңғыл Астананың «киелі кеңістігі» сияқты. Тіпті, жүрегі десе де болады. Бейне бір ертегі көрініс, әулие рухы мен хан ордасы қатар үйлескен өзгеше әлем өзіне қатты қызықтырып, әсерге бөлейді, нұрға батырады, әрқашан қайран қалдырады. Өйткені Пайғамбар аттас Дінмұхамед (Д.Қонаевтың) рухы көзге көрінбей, құлаққа естілмей, адамға білінбей тылсым тұңғиыққа тартады. Алматыда да Д.Қонаев атындағы көше бар. Құдайдың құдіреті сол – Қазақстан қалаларындағы бұрынғы В.Ленин атындағы даңғылдар қазір Димекең атымен аталып, дана рухын даралап, мәңгілікке жалғастыруда. Кемеңгердің сайыпқыран шәкірті, теңдесі жоқ саясат мәмілегері, көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Д.Қонаев даңғылымен Ақ Орданы бетке алып, кеңсесіне келеді. Кемеңгер мен көреген көшбасшының Тәңір тылсымы арқылы үйлесіп, қатар жүргенін адамдар сезбейді. Көріпкел Ермек қана мұны білетін. Реті келгенде бәрін маған толық баяндаймын деп жүргенде ол оқыс дүние салды. Астанада «Әлмерек рухани Ордасын» ашқан ол Димекең атындағы даңғылмен жиі жүретін. Аллаға және Әлмерек пен Дінмұхамедтің рухына табынатын оның бойындағы тылсым күш ерекше еді. Ермек Димекеңді бала кезінде көрген.Кемеңгер және «кеңкелес патша»
Бұрынғы Целиноград, қазіргі Астанада Қазақстанға қатысты тарихи оқиғалар кезінде әлем назарын аударды. Кеңестер Одағының дүниені шулатқан Тың игеру экономикалық саясаты Қазақстанның Солтүстік облыстарынан басталды. Ежелгі аты Ақмолаға алпысыншы жылдары ұрда-жық, есерсоқ мінезімен елді мезі еткен сол кездегі КСРО-ның патшасы Никита Сергеевич Хрущев келеді. Димекең ол кісімен бірге жүреді. Бір әңгіме-дүкен үстінде Никита Ақмола деген ат қандай мағына береді деп сұрайды. – Әруаққа қатысты «киелі», «қасиетті» деген ұғым береді, – деп жауап береді. Қасындағы партия қайраткері дәл мағынасы орысша «белая могила» яғни, «ақ мола» деп жағымсыз жер-су атауы екенін оған ұғындырады. Бейіт-қорымға қатысты атауды ұнатпаған Н.Хрущев «бұл тың өлкесі – яғни, целина. Сондықтан Целиноград» болсын деп бұйырады. Орта білімі бар шаруа баласыөзге ұлттың салт-дәстүрінен бейхабар, тарихынан мақұрым «қияли коммунизмнің» кеңкелес көсемі Никитаның айтқаны болады. Сөйтіп, қала Целиноград атанады. Ақмола жайында лепіріп, ашу шақырып, долданып, ішімдіктен қызара бөртіп, ақылынан адасқан Н.Хрущев соңында Шортандыдағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына келіп, оның бастығымен бажылдасып, ұрысып, әйтеуір ашуын әрең басады. Көп жерде қызба мінезді, ашудан жарылып кете жаздайтын патшаны Димекең амалын тауып, сабырға шақырады. Масқара болып жүрмесін деп көмекшілерімен сөйлесіп, оның беделінің түспеуі үшін ақылды Димекең қолдан келгенше қорғаштайды. Обалы нешік, Димекең естелігінде Н.Хрущевтың Сталиннің жеке басына табынуды әшкерлеуі – батырлық деп бағалайды. Ал, мінезіндегі кемшіліктерді, парасат-пайымындағы өресіздікті, бүйректен-сирақ шығаратын жетесіздікті жеріне жеткізе айтады. Қазақстанда өлкелер құрылғаннан кейін өлке бастықтары республика басшыларына бағынбай тікелей Мәскеумен сөйлесіп, мәселені өздері шешетін болған. Бұл сол кездегі бірінші басшы Димекеңе ауыр тиген. Тың өлкесінің басшылары білгенін істей бастайды. Н.Хрущевке жағымпазданған олар Павлодар қаласының атын «Хрущевоград» деп атау жөнінде шешім шығарады. Димекең бұған қарсы болып, қаулыны тоқтатады. Естелігінде бұл оқиға бүге-шүгесіне дейін баяндалады. Астыққа қатысты үлкен жиында Димекең Қазақстан мен Ресей тың жерлерінің ұқсас емес екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, өлкелердің бірігуі де түбінде жақсылық әкелмейтінін айтады. Өлкелерді қосу саясаты түбінде қазақ жерінің бөлшектенуіне әкелетіндігін көреген Димекең күні бұрын сезіп, мұны астарлап жеткізеді. Сол кездегі Целиноград – қазіргі Астанада қазақ жерінің тағдырына қатысты айтыс-тартыстың туындағаны шындық еді. Бұрын Қараөткел – Ақмола – Целиноград соңында Астана болып өзгерген осы өлкенің әр елдімекенде жер, су, шабындық, астық алқаптары, қала, кенттері Димекең жадында өле-өлгенше сақталып қалды. Өйткені, қазақ жері үшін айқас осы Тың өлкесін құрудан басталды. Горбачевтың Целиноградқа келуі немесе Қонаевты қорлау Алдыңғы тақырыпта әңгімеге арқау болған Никита патша тақтан түскенде мен 5-сыныпта оқитын едім. Үзіліс кезінде коридорда «Ура, Хрущев орнынан түсіпті» деп жоғары класс оқушыларының айғайлап, мектепті басына көтергені есімде. Тарих пәнінің мұғалімі саясатқа жақын ұстаз улап-шулаған шәкірттерге партия шешімін түсіндіріп, тыныштандырды. Өйткені, Никитаны үлкендер түгілі жеткіншектер де жақсы көрмеді. Ол жайында оқушылар неше түрлі анекдот айтатын. Үлкендер «мына таз елді бүлдірді, нанның кезегінде тұратын болдық, үшінші дүниежүзілік соғыс басталады, Америкаға атом бомбасын тастайды» деп гулесетін. Кейінгі патшалар Брежнев, Андропов және Черненколар таққа отырып, бірінен соң бірі қайтыс болғанда мен республикалық газетте қызметкер едім. Бәрінің теледидардағы бет-бейнесі, сөйлеген сөздері жадымда тұр. Соңында «генсек» болған М.Горбачевтың саясаты, «қайта құру» дүрбелеңі, мылжыңдап көп сөйлеуі, әйелімен жұптасып қыдыруы ұнаған жоқ. «Ақырзаман болғанда басында меңі бар патша тақта отырады» деп Клава Петровна дейтін сәуегей кемпірдің айтқаны дәл келді. КСРО-ға ақырзаман келіп, империя 5-6 жылдың ішінде күйреп, ғайып болды. Онсыз да іріп-шіріп, күйреуге айналған мемлекеттің ыдырауына М.Горбачевтың қазақ халқын менсінбей, басшысы Д.Қонаевты қорлауы себеп болды. Сексенінші жылдардың ортасында бойында шовинизмнің «қаны ойнаған» патша Қазақстанға келді. Алдымен астана Алматыға соқпай Целиноградтан бір-ақ шықты. Бұл барып тұрған менмендік және ақымақтық еді. Белгілі Политбюро мүшесі, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы, үш мәртебе Еңбек Ері Димекең отырған үйде республика басшыларымен кездесіп, ол кездегі астана Алматыны аралауды ар санады. Қалыптасқан тәртіп, дәстүр бойынша ол сапарын бұрынғы елорда – Алматыдан бастап, соңында облыстарға шығуы жөн еді. Білгенін істеді. Оның бұлай жүргенін халық қош көрмеді. Димекең амалсыз Алматыдан ұшып, Целиноградқа келуге мәжбүр болды. Қала өндіріс орындарындағы кездесулерде ол жанында жүрген Димекеңмен әңгімелеспей, өзінше қыр көрсетіп, сұрқиялығын байқатты. Бір нәрсеге өкпелеген ақымақ адамдардың кейпін танытты. 1980 жылы Мәскеуде қатардағы хатшы болып жүргенде Политбюро мүшесі Д.Қонаевқа жалпақтап, күтіп алып, шығарып салып жүретін адамның аяқ астынан өзгеріп шыға келгені Димекеңді қынжылтты. Бәрінен бұрын астана Алматыны аттап, қазақтың бар зиялы қауымын менсінбеуі оның жанына батты. Целиноградта жеке кездесулерде ақымақ «генсек» бұдан да сорақы қылықтар көрсеткен болар. Ол жағы әрине белгісіз. Қазақстанның алпыс жылдық мерейтойы кезінде (1980) қатардағы хатшы Л.Брежневпен Д.Қонаевтың қыл өтпес сыйластығын көріп, іші күйген. Димекеңнің абырой-атағы, КСРО-дағы беделі, социалистік мемлекеттерде құрметке бөленуі, капиталистік елдерде танылуы, халықаралық маслихаттардағы мәселе көтеруі, Еңбек Ері атағын үш рет алуы М.Горбачевқа ұнамады. Димекеңді қорлауы өз алдына, тіпті, қалай көзін жоюға дейін қам жасағаны шындық еді. Барлық атағынан айырылып, партиядан шығарып, ескерткішін құлатып, соңында абақтыға отырғызу оның арманы болды. АҚШ-тағы «советтік жүйені» зерттеуші, белгілі ғалым, Марта Оклот М.Горбачевтың екі жылға жуық Д.Қонаевпен алысып, оны жеңе алмағанына қайран қалып, жазады. Шынайы, нақты дерек, оқиғалар арқылы дәлелдейді. Димекеңнің жеке дәрігері Ахат Мүліков: «Димекең тоқсанға келетін еді. М.Горбачевтың қысастығы жүйкесін тоздырып, жүрегін жаралаған. Адамға жат қасиет-қылығы, соңына түсіп, сорақы, жалған, өтірік фактілер іздеуі оның денсаулығына қатты әсер етті. Соның салдарынан көпке бармай оқыс дүние салды». «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» заманақыр нышаны бар «меңдібас» патшаның қолында шексіз билігі бар әміршінің Димекеңе әлі жетпеді. Құртамын деп жүріп, өзі тақтан түсті. Әулиені назаландырып, бақытсыздыққа душар болды. Отбасында қайғылы жағдай орын алды. Әйелі дүние салды. Бұл оны табалау емес, шындығы осы. «Генсек» Горбачевпен зейнеткер Д.Қонаев басында беріспей, соңында құпия жекпе-жекке шығады. Әрине, қару-жарақ, құралмен емес, айла-тәсіл, ақыл-ой арқылы олар шайқасады. Ақылы асқан, төзімі теңіз, сабырлы, мінезінде мін жоқ, адалдығы аңыз болған адамға өмірінде қиянат жасамаған періштедей пәк Димекең ісінде береке жоқ, кекшілді райдан қайтарып, кейін айыбын бетіне басып, дүниені дүрліктірмей жеңді. Басында балға болып ұрған оған төс болып, төтеп берді. Уақыт өткізіп, ұұрымтал тұста оны мең-зең қылып тастады. Димекеңнің жиырма жылға жуық оққағары болған, сол үшін жазаланған Анатолий Гориянов қасиетті адам Горбачевты «киесімен ұрды» дегені бар. «Бірде үйінде телефонда Горбачевпен ұзақ сөйлесті. Соңында менен ала алмай жүрген қандай кегің бар Михайил Сергеевич» деп қатты кетті дейді. Ханда қанжар болады. Қажет жерінде Димекеңнің қатты кететін кездері болған. Н.Хрущевпен айтыста Димекең бірде еріксіз дауыс көтеріп, сөйлеуіне тура келеді. Өйткені, ол боқтайды. Сонда жанында отырған Брежнев аяғын басып, «онымен сөз қағыспа, Димаш» деп естіртпей құлағына сыбырлайды. Иә, Димекең Мәскеу дөкейлеріне үнемі бас шұлғи бермеген. Бәрінен бұрын оның М.Горбачевты ақыл парасатымен жеңгені Батыс елдерінде, АҚШ-та дүрлікпе ақпарат болып тарайды. Брежнев немесе неміс автономиясы Димекеңнің досы Л.Брежневтің өмірінің соңында жазылмас дертке, ақыл-ой сырқатына, психологиялық күйзеліске душар болғаны белгілі. Әйгілі «генсек» туралы шыққан деректі фильмдерде, тарихшылар жазған шынайы еңбектерде бәрі жақсы дәлелденеді. Леонид Ильичтің Батыс елдеріне барған сапарында, халықаралық мәслихаттарда сөз сөйлейді. КСРО-дағы немістердің азаматтық құқықтары жөнінде оған сауал қойылады. Бұрынғы неміс автономиясын қалпына келтірсе деген тілек айтылады. Ол кезде ақыл-ой ауруы меңдеген Брежнев көп ойланбай: «бұл мәселені шешеміз» деп уәде береді. Жетпісінші жылдардың соңында оның аузынан шыққан осы сөзі КСРО-да неміс автономиясын қайта қалпына келтіруге түрткі болады. Бұл оқиғаны Димекең мұражайында ішкі, сыртқы саясатқа сұңғыла белгілі партия қайраткері айтқан еді. 1979 жылы Целиноградта неміс автономиясының құрылуына қарсы шеру басталды. «Обком» партияның ғимараты алдында соғыс ардагерлері аянбай сөйлейді. Соғыста бір аяғынан айырылған Отан соғысының бір ардагері «Обком» үйі алдында елді қырған неміс-фашистері екенін айтып, Қазақстанда неміс автономиясының құрылуына үзілді-кесілді қарсы екенін ызалана жеткізеді. Өйткені Қазақстанда немістердің ежелгі атамекені жоқ. Волга өзені бойынан олар мұнда жер аударылған, осылай тарих дерегіне сүйенген қазақтар заңға қайшы келетін әрекетті тоқтатты. Автономияға кейбір немістердің өзі қарсы болады. Осы оқиға жөнінде түбі ақмолалық депутатпен сыр бөліскен едім. Неміс автономиясын болдырмаудың ар жағында көзге көрінбей Д.Қонаев тұрды. Қарсылық ол кісінің нұсқауымен астыртын ұйымдастырылды. Өкініштісі, «Димекең естелігінде бұл шулы оқиға жөнінде ешнәрсе айтылмайды. Мүмкін бір жерде әңгімелеп, сөз еткен шығар. Менің топшалауымша Л.Брежневтің неміс автономиясын құру жөніндегі уәдесі «саяси қулықты» меңзейді. Кезінде В.Сталин Қырымда Еврей республикасын құрмақшы болып, еврейлерді алдап, сан соқтырғаны белгілі. Л.Брежнев те осылай қулыққа барған болар. Димекеңнің «саясатта масаның безі сияқты көзге көрінбейтін нәрселері болады» деген қағидасында шындық жатыр. Сексенінші жылдардың ортасында мен Целиноградқа іссапармен келіп, одан ары қарай Ерейментауға бардым. Ел аузынан мынаны естідім: «Егер біз немістер автономия алсақ таудың тасына гүл егіп, түйенің сүтінен шұбатты бұлақ қылып ағызар едік» деп өздерінің еңбекқорлығы мен кәсіби іскерлігін үлгі еткен. Әрине, неміс халқының іскерлігі мен еңбекқорлығы, тазалығы мен тәртібі әлемге аян. Д.Қонаевты құрметтеп, балаларына оның атын қойған неміс ұлттарының азаматтары мұны мақтанышпен айтады. Қазақстандағы қазіргі ұлттардың достығы Димекең дәуірінен басталады. «Шектен шыққан «интернационалист еді» деп кезінде Д.Қонаевқа кінә таққандар болды. Бауырмал қазақ барлық ұлтты бауырына тартты. Бұдан жаман болған жоқ. Қазақстаннан тарихи отанына кетіп, кейін қайта оралған немістер туған жерлерін қазақтар сияқты қатты сағынып, мұнда келгенде мауқымдарын басады. «Қой үстінде бозторғай ұялаған» Димекең заманын еске алады. Атбасар – Димекеңнің қайын жұрты Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Д.Қонаев Атбасардағы әйелінің әкесі, Кеңес Үкіметінің қас жауы Шәріп Янаевқа мазар салды деп Орталық баспасөзде дүрлікпе ақпарат тарады. Ал, шындығында Димекеңнің жары Зухра ондағы қорымдағы шешесінің басына белгі қойғаны рас екен. Әкесі Шәріп Атбасарда емес, Ташкентте қайтыс болған. Сол кездегі билікте жұлдызы жанып алғаш Еңбек Ері атағын алған, Политбюроға тұрақты мүше болған Димекеңді көре алмайтын біреулер осылай «түймедейді түйедей етіп» көрсетіп, Мәскеуге жалған ақпарат беріп, нәтижесінде кеңестік баспасөздің бірінде сын мақала жарияланады. Бұл оқиға Димекеңнің әйелі Зухра Шәріпқызына ауыр соққы болып, жанын күйзелтіп, жүрегін тоқтата жаздайды. «Мен туған шешем ерте қайтыс болып, өгей шешенің тәрбиесінде өскен мұңлық едім. Мені қойшы, о дүниелік болған марқұм шешемнің әруағын қорлады ғой күншілдер» деп күйзеліп, налиды. Димекеңе «Сенің қызметің өсіп, атағыңның шыққаны маған қайғы әкелді. Бүйткен өмір құрысын» деп жарына мұңын шағады. «Зухра текке қайғырма, бәрі ұмытылады, сабыр ет» деп жары оны жұбатады. Димекеңнің елу жыл, алты ай отасқан сүйікті жары Атбасардың қызы еді. Жастай қазақтардың арасында өсіп, ат құлағында ойнаған шабандоз қыз өте пысық, әдепті әрі өте ісмер болып, елде аты шығады. Кеңес Үкіметнің алғашқы жылдарындағы аласапыран кезінде отбасы Алматыға қоныс аударады. Қазақта «ер жігіттің үш жұрты болады» дейді. Димекеңнің қайын жұрты Атбасардың «ноғай-қазақтары» екенін көпшілік біле бермейді. Димекең Зухра Шәріпқызымен жарты ғасырдан астам жұптасып, бақытты өмір сүрді. Өкініштісі, екеуі перзент сүймеді. Тату-тәтті, жұбы жазылмаған жұбайлар бір перзентке зар болып өмірден озды. Іштегі құса, нала, қайғы-мұңдарын ешқашан сыртқа білдірмеген. Мұсылмандық ілім-өнегені бойларына сіңіріп, Алла жолын ұстанған ерлі-зайыптылар Құдайдың салғанына көнген. Зухра Шәріпқызы өте діндар, құран кітаптарын жинаған адал әйел болғаны Димекең естеліктерінде айтылады. Бұрынғы Тың өлкесіндегі Атбасар өңірі тарихи өлке. Бұл жерде қазақтың ұлы жазушысы, Димекеңнің жан досы, рухани сырласы, Ілияс Есенберлин өмірге келген. Қаламгердің «хандарды мақтап, ұлтшылдықты қоздырды» деп жетпісінші жылдары баспасөзде дау-дамай, айтыс тудырған оның «Көшпенділер» кітабы тікелей Димекеңніңқолдауымен жарыққа шыққан. Димекең Кенесары хан жөнінде «Қаһар» кітабын қолжазбадан оқып, өз пікірін білдіріп, қаламгерге шығармашылық табыс тілеген тілекшісі еді. Әуе-кеңістіктегі төтенше жағдай Димекең өмірінде іссапарлары, алыс елдерге жолсапарлары кезінде жеті рет қауіп-қатерден, оқыс жағдайлардан аман қалған, қорғаушысы Құдай, жебеушісі Тәңір болған, адамзат тарихында сирек кездесетін тұлға еді. Бұл жөнінде осы жолдар авторының «Дінмұхамедті жаратқанның жебеп-желеуі» атты еңбегі эссе-кітапқа енген болатын. Өміріне қауіп төнген сондай оқиға елуінші жылдары «совмин» төрағасы кезінде, Мәскеуден ұшып келе жатқанда әуе кеңістігінде болады. Ұшақ Целиноградқа (Астана) жақындағанда ауа райына байланысты мұнда қонуға болмайтыны ескертіледі. Қарағанды әуежайына қону керектігі айтылады. Ол жаққа бағыт алса бензин таусылатыны экипаж мүшелерін әрі-сәрі күйге түсіреді. Төтенше жағдайды біліп отырған Димекең рольде отырған ұшқыштың өте тәжірибелі, тәуекелшіл және үрейді білмейтін ерекше қасиетіне қанық еді. Димекең экипаж командиріне «Арқаның табиғаты тез құбылып отырады. Мүмкін ауа райы өзгеріп кетер, тәуекел, Целиноградқа қонайық» дейді. Димекеңмен бірге келе жатқан жары Зухраның бұл жағдайды естігенде түрі бұзылып, үрейден қалтырап кетеді. Табиғатынан діндар Құран кітаптарын жинау «хоббиі» болған, әрқашан Аллаға сыйынып жүретін ана жаратқанға жалынып, жылайды. Көзін жұмып, өксуге дейін барады. Көп өтпей Димекеңнің айтқаны бойынша ұшақ қала (қазіргі Астана) әуежайына аман-есен келіп, қонады. Зухра Шәріпқызы ұшақтан шыққанда сан мәрте Алланы еске алып, ажалдан қорғағаны үшін Құдайға құлдық деп Димекеңді қолтықтап, ұшақтан түседі. Осы оқиғаның басы-қасында болған, сол кездегі Димекеңнің оққағары, өзі де алып адамға ұқсаған сұңғақ бойлы П.Кравчук «есімде ерекше қалғаны Димекеңнің үрейдің не екенін білмеуі, ал әйелі Зухраның дәм-тұзымыздың таусылғаны осы шығар» деп бақилық сөз айтуы еді» деп еске алғаны бар. Айтпақшы, Мәскеуге кетіп бара жатқанда Арыс маңында Димекең отырған вагоннан өрт шыққанда пойыз бастығына хабарлап, «стоп кранды» басқан осы оққағары еді. «Бұл адам жүз жылда бір туатын ұлы тұлға ғой. Ол кісінің қасында оққағары болып жүрген кездерім өмірімдегі ең бақытты күндер болып қалды» деп Димекең мұражайында әулие дананы егіліп еске алатын. Алғашқы жылдары Л.Брежневке оққағар болып, Н.Хрущев Қазақстанға келгенде оның да қасында жүрген П.Кравчуктың суреті Димекең мұражайында ілулі тұр. Димекең студент кезінде Қоңыратта өндірістік тәжірибеде болғаны белгілі. Кемемен Балқаш көлі арқылы келеді. Бір тұсқа келгенде алапат дауыл соғып, ескі кеме суда шайқалып, апатты жағдайды елестетеді. Бір кезде дауыл басылып, су көлігіндегі күллі жолаушы аман қалады. Бұл оқиға естелігінде баяндалады. Кейін мұнда тау-кен инженері қызметінде жүргенде алапат жарылыс, зор шығын, адам өлімі болып, табиғат апатына байланысты іс қозғалады. Бұған инженер кінәлі деп ол жауапқа тартылады. Оны кезінде Алашорда партиясында болған, Ресейде оқыған, адвокат заңгер қорғайды. Бұл өз алдына үлкен әңгіме. Жерде жаратқан ие сақтап, көкте Құдай қорғап, суда Тәңір жебеген Димекең о бастан Құдайдың сүйікті ұлы еді. Естелік кітабында Құдай-Тағала, Қақ-Тағала, Тәңір ие деген сөздердің көп айтылуы мұны дәлелдейді. Елордада ескерткіш орнатылса... Ол кезде облыс орталығы Целиноград қазіргі елорда Астанаға мен 1972, 1983 жылдары келдім. Алғаш студенттік құрылыс отрядында Жақсы, Қима, Терісаққан деген жерлерде болдық. Жазда барғанбыз, күзде Целионград арқылы Алматыға ұштық. Ол кезде қала сол дәуірдің өзіне тән ерекшелігімен есте қалды. Қазір тіпті, басқа әлем ертегі шаһар. Ақорда, Әзірет Сұлтан мешіті, Бәйтерек, Ханшатыры көктен түскендей көз арбайды. Қоғамдық көлікте автобус ішінде жолаушылар кейде жөн сұрасып әңгіме айтады. Бірде «Д.Қонаев даңғылы» деп кондуктор хабарлағанда «бұл кісі кім еді» деп мен әдейі сұрадым. «Д.Қонаев атамызды білмейтін адам жоқ. Шамасы сіз оралман боларсыз» деді жанымда отырған жасы елулерден асқан оңтүстіктің қазағы. Мен «Димекеңді дүние жүзі біледі. Автобустағы студент жастардың есінде жүрсін деп әдейі сұрадым» дедім. «Оныңыз жөн екен. Бірақ, ол кісі туралы көп айтылмайды ғой. Осы депутаттардың, әкімдердің, Үкімет адамдарының Димекең туралы еске алып, айтқандарын естімедім» дейді. «Оқасы жоқ, Д.Қонаев даңғылында ол кісінің аты күнде айтылып, рухы жаңғырып тұр» дегенімде қатты риза болып, ілтипат көрсетті. 1983 жылы Целиноградқа келгенде «Есіл» қонақ үйінде жатып, осы маңға жақын облыстық тарихи өлкетану мұражайын аралап, мұрағаттарымен танысып, қызметкерлермен әңгімелесіп, «Өрнекті өлкенің шежіресі» атты мақала жаздым. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. О бастағы қазіргі шаһардың тарихы мен мәдениеті, шаруашылығы мен табиғаты және адамдары жайында мұражай деректері негізінде жазған мақаламды оқырмандар қызыға оқыған. Мұражайдағы құнды мұрағат С.Сейфуллинның костюмі және атақты «Дудар-ай» әнінің авторы Мария Жагорқызы Рекинаның суреті мен тағы да басқа бағалы мұрағаттарды білген оқырмандар ризашылығын білдірген еді. Мұражайда ең ерекше орын алған Тың игеруге арналған зал болатын. Сондай-ақ, Тың өлкесінде бітік шыққан астықты белбурадан кешіп, жанындағы партия қайраткерлерімен, облыс басшыларымен әңгімелесіп тұрған «тау тұлға» сұңғақ кісі Д.Қонаевтың суреті ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, тың өлкесіне келген Л.Брежневпен түскен суреті де тартымды болатын. Биыл Димекеңнің 12-қаңтар туған күні қарсаңында сол мұражай есіме түсіп, мұнда келдім. Өкініштісі, мұражай үйі бір мекеменің кеңсесі болған екен. Бұрынғы тарихи орынның қайда көшкенін ешкім білмейді. Астана тарихы үшін өте құнды ескі мұражайдың мұрағаттары қайда екен деген сауал көкейімде тұрды. Елордадағы С.Сейфуллин атындағы мемориалдық мұражайды аралап көрдім. Мұнда бұрында мен көрген мұрағаттар жоқ. Қала тарихынан мәліметтер беретін тарихи деректер біраз бар екен. Соған қуанып, риза болдым. Бұрынғы Целиноград қазіргі Астананы Димекең көрген жоқ. Астана ауысардың алдында марқұм болып кеткен болатын. Астанада белгілі даңғыл, гүлзарлы көше және Д.Қонаев атындағы колледж кемеңгердің рухын лаулатып, еліне сіңірген еңбегін әлемге әйгілеп тұр. Егер ұлы тұлғаға қалада ескерткіш орнатылып жатса нұр үстіне нұр болар еді.Ораз ҚАУҒАБАЙ,
қаламгер, қонаевтанушы
qazaquni.kz