Нью-Йоркте қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды
2018 ж. 20 қаңтар
2910
2
Нью-Йорк көпшілік кітапханасында (АҚШ) қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.
«Қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы АҚШ-тың кітапсүйер қауымына қазақ халқының әдеп-ғұрыптары мен өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, оның экономика, саясат және әлеуметтік саладағы қол жеткізген нәтижелерін насихаттауға деген тамаша мүмкіндік»,-деп хабарлады ҚР Академиялық кітапханасының құжаттарды өңдеу қызметінің жетекшісі Нұрбала Текесбаев өзінің Facebook парақшасында.
Орталықта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, сондай-ақ Елбасының қызметі, оның халықаралық саяси аренадағы рөлі туралы, тарихи, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттер бар. Барлығы 200 кітап көрермен назарына ұсынылған. Жақын және алыс шетелдерден қазақстандық әдебиеттер орталықтарын ашу жобасы кітапханалардың халықаралық деңгейдегі ықпалдастығының шешуші бөлігі саналады.
Аталған жоба мемлекеттердің, халықтар мен кітапханалардың кітаптар арқылы байланысының өзіндік көпірі іспеттес. Қазақстандық әдебиет орталығы ҚР Мәдениет және спорт және ҚР Сыртқы істер министрліктері мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшігінің қолдауымен ашылды.