МҰҚАҒАЛИДЫҢ СОҚЫР ФАНАТЫ БОЛҒЫм КЕЛМЕЙДІ...

Мүшәйра, мұғалім... «мү» арабтың «ұлы» деген сөзі. Шайырлардың да, ғалымдардың да ұлысы болады екен. Ақындықтың алты қанат ақ ордасында қазақ деген ел отыр. Абай, Шәкәрім, Қасым, Мұқағали... Біз Мұқаң туралы сөз айтпақпыз. Айтқанда да, бұрын айтылған жауыр жайылма сөздер немесе ғылыми жұтаң тілмен жеткізу емес. Ақын ойына, әр сәттердегі көңіл толқыныстарына, тылсым сырларына үңілмекпіз. Сонымен... Қазірде танымал жазушы Жұмабай Шаштайұлы бір сұхбатында былай деген екен: «Әскерде жүргенiмiзде Қасым Аманжоловпен қатты «ауырдық». Елге келсек, Мұқағали Мақатаевтың дәуiрi басталып кетiптi». Жұмабай ағаның айтып отырған «Мақатаев дәуірі» шын мәнінде де Мұқаңдардың шарықтау кезі еді. Әдебиет белесінің табиғи, боямасыз кескіні. Қарасаздан қара сөздің қаймағын сіміре іше келген шайырдың дәуірі дәл осы тұс еді. Поэзияға «Тауларды ығыстыра, жұмысының барын» айта келген ақынның үлкен миссиясы сүрлеу-соқпақты жол еді. Яғни заман ақыны болу. Бала кезінде шимайлап жазып отырған дәптерін пұлдап, қырғыз ағайындардың да сатып алып кеткені өзінше бір аңыз. Апасын өлеңмен асырағысы келген бала ақынның қасиеті неде? Біле бермейтін тұстарымыз да, онымен қоса кемшілігіміз де осы болар. Ақын кім, қандай адам болған? Поэзиясы несімен құнды? Мұқағали поэзиясының ең көрнекті ерекшеліктерінің бірі – дәстүрлі қазақ поэзиясын жаңғырта білгендігінде. Мұқағали заманында қазақ әдебиетіне әлем әдебиетінің ықпалы аз болған жоқ. Жүйеден орыс поэзиясының әсері тым тереңдеу болғандығы белгілі. Сонда да кешегі жыраулар мен ақындардан қалған ұлттық стилді, әдемі лириканы жоғалтып алмай соны түрлендіріп, жаңғыртып замана шындығына жүгіндіре отырып жырлау ақиық ақынның ғана қолынан келсе керек. Екпінді жырларымен Қазтуған, Доспамбет болып, кемеңгер, ақыл ойымен Асан, Бұхар болып, жалғыздығымен, даралығымен Ақтамберді, Махамбет болып сөйлеген ақын осынау тарих толқынынан алған күш-қуатына сыршыл, лирикасы қосылып Мұқағали болып қалыптасқан секілді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, әлде бір поэзиялық қуаттың таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті. Ақындығы айтылды. Әсілі айтылған деп бекер айтқан болармыз. Ақиық ақынның мына сөзіне үңілейік: Аян ғой аймағыңның сыры маған. Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы Далам! Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың, Шырылдап жерге түспей тұрып алам. Жаралған жан емеспін басы бөтен, Туған жер, топырағыңды басып өтем. Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар, Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?! Ақынның ойы да, сезімі де еркін, сыршыл, нәзік мұңды көңіл-күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді, ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер Мұқағалида мол. Мүбәда қара жерден бауырын айырмаған арзан тастың ақын ойында соншалықты бай, қымбат бола қалғанын көрдіңіз. Туған жердің тасы! «Кеудеде қатып қалған бірдеңенің» жәй тас екенін білсек қайтер едік? Ал туған жердің тасы болғаны қандай ойларға жетелейді? Әлдекімге «Міне, өлеңді осылай жаз!» десіп, қамкөңіл күйде мауқымыз бір басылғандай боламыз. Ақынның жары Лашын Әзімбаеваның естеліктеріне сүйенсек, Мұқаң шығармашылықпен түнде айналысқанды жақсы көрген. Түн тыныштығын қаламның жорғалаған даусына айырбастаған шайырдың арманы нендей болды екен? Бәлкім... Мұқағали күрескер ақын. Бұған көз жеткізуге айқын дәлелдер бар. Келтіре кетейік: Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ, Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге, - дейді. Бесік тәрбиесі-бүкіл ұлттық тәрбиенің негізгі арқауы. Халқымыздың атадан әкеге,әкеден балаға мұра болып келе жатқан қасиеттің бірі – бесік. Бесікті киелі деп есептеген. Оны өзге жанның ұстамақ түгіл қол тигізуге дәті бармаған. Ұйықтап жатқан ұлының бесігін тербетуге қарсылық білдіріп, оны қызғыштай қорғауының мәні осында жатыр. Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегені де сол емес пе?! Бұдан кейін: Бақыт, байлық – барлығы менің үшін, Сенің бір кеп мойныма асылғаның, - деген жолдарымен өріледі. Кішкентай сәбидің әке мойнына асылуының өзі неге тұрады? Байлық та сол, бақыт та – сол. Ақынның «Райымбек, Райымбек» дастанында басталғаннан-ақ халықтың сарынмен, мұңмен басталатын «Елім-ай» жырын еске салады. Мұның өзі сол қасіретпен астасып жатқан жоңғар шапқыншылығының тұсындағы туған жыр еді. Жырды қалай бастауды, қалай ұлттық дәстүр, ұлттық тағылымға бойсындыруды Мұқағали әу бастан-ақ сезе білгендігінде. «Қара таудың басынан көш келеді» Қара жорға шайқалып, бос келеді. Қара күнді жамылып, қара қазақ Қара түнді басынан кешкен еді. Қара қайғы көрсетпей ештеңені, Қара жауы қанатын кескен еді. Шұлғау болып қыздардың кестелері, Талай қара шаңырақ өшкен еді. «Қара таудың басынан көш келеді!!!» Осы шумақтағы қара тау, қара жорға, қара күн, қара түн, қара қайғы, қара жау тіркестерінің өзі-ақ ел басына түскен аса ауыр халық қайғысын, ауыртпалықты айқындай түседі. Қаралы үйдің іргесіне қара байрақ ту тігіп, қара жаулық салынып, қаралы көш бойында боздаған қазақтың «Қара» түсі бір қасіреттің, қаралықтың белгісі ретінде заманнан-заманарларға жалғасты. Өлеңнің қаралы жолдармен, қаралы қасіретпен бастауы да ақынның туған тарихына терең бойлай алатын қас шеберлігі еді. Осы поэманың жазылу тарихы туралы зерттеулер бізде кемшіндеу. Өлең өмірдің айнасы десек, ендеше соны күңгірттендірмей терең бойлап, әр қырына дейін үңілген жөн де болар. «Мұқағали зерттелді, жазылып бітті» дейтін күмәнді пікірлер кейбір мүйзі қарағайдай ағалардың да ақын-жазушылардың аузынан да естіліп қалып жатады. Ол өшпек емес, тіпті ұрпақ жаңарған сайын тұлғаланып, биіктеп, зерттелуі тереңдей бастайтын құбылыс екенін ескермейтіндей. Кейде заман шындығын, кемшілігін көрсетіп беретін де ақын жыры ғой. «Райымбек, Райымбек!» поэмасын жазудан бұрын Мұқағалида мынадай өлең де бар еді: Алматының шетінде атам жатыр, Жалғыз бейіт құлазып жапанда тұр. Қайтсем сені қоршаймын қыш дуалмен, Аруағыңнан айналдым, атам батыр. Батыр атам, сен менің жүрегімде, Асыр салып аруағың жүр өмірде. Аруағыңды жырыммен бір нақыштау, Арманым да, ойым да, тілегім де... Ұрпағыңа медет бер, ұлы бабам, Ұлы бабам, ұлыңның күні қараң. Қара жерге өмірім көміленше, Қасиетті ананың құлы болам! Бұл поэма жазылудан бұрынғы жыр жолдары еді. Кешегі дәстүрді өлтіріп, халық мұрасын ұмыттырған кеңес үкіметі кезінде Райымбек бабаның Алматы қаласының ішінде жатқан бейітіне тым құрығанда бір белгі тұрғызып, атын құрметтеудің өзі қорқынышты кезеңге айналды. Сол бір заман қиянатына ашынған ақын жыр жолдары арқылы қарсылық білдіргендей еді. Сонда да ескерусіз қалдырып бара жатқанын жүрегі сезген, түсінген ақын батыр бабасына өшпес ұлы жыр қалдырып, сол арқылы ұлы ескерткіш орнатуға бекінген сыңайлы. «Аруағыңды жырыммен бір нақыштау – арманым да, ойым да, тілегім де...» деп жырлаған ақын сол арманына жетті. Ғажайып көркем де, асқақ сағана тұрғызды. Райымбек батырға арнаған тағы бір өлмес туындысын сәтті жазып шықты. Кейіндеу осы «Райымбек, Райымбек!» поэмасын терең тебіреніспен оқып шыққан біртуар қайраткер Өзбекәлі Жанібековтің Райымбек кесенесін салуға күш салып, Қонаевтың Мәскеуден рұқсат алып, қазіргі Алматы төріндегі кесенені тұрғызғаны туралы дерек те бар. Міне, бұл жырдың құдіреті. Өзінің тамыры сонау тереңде жатқан поэзиясына, бабадан қалған асқақ рухына және сол баба мұрасын жалғастырар құдыретіне сенеді. Онсыз ақын бола алмасын, халықсыз ақын боп ғұмыр кеше алмасын жақсы біледі. Туған тарихын ардақтайды. Іздедім де, сәттерімде түңілген, Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем. Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем: Тарихымды жазудамын бүгін мен, Бабаларым, сенің ана тіліңмен. – дейді. Дәстүр жалғасындай болып, өзін алтын көпір тәрізді сезінген ақын өз тарихын қазақ жырының алып ескерткішіне алтын әріптермен қалдырды. Міне, күрескерлік, батылдық, шыншылдық. Жыр құдіретінің, киесінің бары да, нары да осы болса керек. Мұқаң айтқан мың мұңды бір ғана дәру жазар. Ол – поэзия. Ақынның қолына қалам ұстап, бармаған тақырыбы жоқ. Әсіресе Шиллер жырлап кеткен махаббат пен ғадауат тақырыбы Мұқаңның да ой-елегінен өткен. «Муза әлемінің Мұзарты» (Қазыбек Иса) әндетіп жүрген әнге келейік. Мұқағалида ғашықтық сезім өрнегі былай өріледі: Күлкің сенің шашылған нұр, сөзің кәусәр бал ма екен, Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен?! Шын махаббаттың азабына күйсең, өмірде ғашық жардан асқан сұлу да, сымбат та жоқ. Ендеше Мұқағали жырлап кеткен кейіпкерді көруді армандамайсың. Керісінше, олар жырлап кеткен ғашық сенің жүрегіңде, көңіл түкпіріңде күнде мазалап жүреді. Мен де дәл сондай өлең арнасам-ау деген арман оты бір ұшқын болып көңіл түкіпіріне үйіріледі. Ғашықтық – ең тәтті у. Ләззатты азап. Бұл шешімді сезім қасіретіне өртенген әр адамның айтары даусыз. Ендеше Мұқағалидай ақын сүйген арудың арманы жоқ шығар дерсіз... Иә, түсінгеніңіздей, Мұқаңның шын бағасын беру үшін қарекет еттік. Оған ертеде берілген бағасын қайталап жатудың еш мәнісі қалмады. Себебі келесі ұрпақ ақынды тек поэзиясынан ғана танып, тек содан ғана шын бағамын беруі ләзім деген ойға келдік. Рас, Мұқағали да пенде, ал ақиқатында ақын. Ақынның ақиқи ақтаңдағына ақылсыз көзбен, құр фанатизммен бас ұру заманы әлдеқашан өтіп те кетті. «Жазылар естеліктер мен туралы». Естеліктер әлдақашан жазылған. Ендігісі шын бағам беру дәуірі. Әйтеуір ұрпақ солай ойлайды. Сіз ше? Ардақ ҚҰЛТАЙ Қарасаз аспанында… (Мұқағалиға арнау) Е, Алла, сыр бүктің бе, жыр күттің бе? Аян берді бір елес бүркіт түнде, Жаза бердім, тартылып адырнадай, Беймезгіл қараңғыға мүлгіппін де... Бір тіріліп, ал кейде бір өлетін, Әлдекімнің ұстап ап жүрек етін, Жан ұшыра есемін Қарасазға, «Мынау кімнің жүрегі? Біле ме кім?» Уақыт өтіп кеткендей бие сауым, Неге ғана кетпейді иесі алып?! Шынар болып төбемде түн тұр ұлып, Қорқыныш қой... Бәлкім ол киесі оның! Құтылғым кеп барамын, жан шыдамай, Келеді оның көз жасы қансырап-ай, Шыр көбелек айналып, құйын түсті, Содан кейін... Алдымда таңсық Абай... Ғасырларды қарпімен бұзып өткен, Суық еді сүттей ақ жүзі неткен, Ол біледі, қамшысын бұрай үстап, Қара жерге түйілді сызып еппен... Мұқағали жүрегі ол! Дүрсілінің, Қара тұнық сұсынан бір сыр ұғын! Қорық қылып қорымды корқыныштан, Алып алда жолға шық түн шырымын! *** (Әркімге бұл берілмес бақ болатын!) Мәңгі ұйқыға кетіпті қап қара түн, Қарасаздан таң атты ағараңдап, Мұқағали жолымен аттанатын... Ардақ ҚҰЛТАЙ