М. Шаханов: Жекпе-жексіз мүмкіндік жоқ ұлтты сақтап қалуға
2018 ж. 05 қаңтар
19056
25
Мұхтар Шахановтың Барселона қаласындағы өгізбен жекпе-жекке шыққаны өтірік...
Мұхтар МАҒАУИН
Abai.kz
11.07.2015
Кезінде М.Шахановты жамандағаны үшін биліктен бес бөлмелі пәтер алған алған Мұхтар Мағауин қазір алыс шетелде жүріп те өз аттасына тиісуін қоймайды. Ол тіпті М.Шахановтың Бауыржан Момышұлымен жолыққанын да, Кеңестер Одағының кезінде Бүкілодақтық телеарнадан көрсетілген оның өгізбен жекпе-жегін де, тіпті Желтоқсан шындығын айта алғанын да өтірікке балайды. Сірә, Мағауинге дауа жоқ шығар...
Тағы бір мәселе. Барселонада М.Шахановтың қолынан қызыл шүберекті алып, бүйрегінен жараланған татар жігіті «Жалын» журналына арнайы келіп, көзіне жас ала отырып Мұхаңды құшақтағаны, сол кезгі өгізбен шайқасты қызыға баяндағаны бүкіл ұжымның есінде.
Құдияр БІЛӘЛ,
«Жалын» журналының қызметкері,
жазушы, қоғам қайраткері
Abai.kz
11.07.2015
Кеңестер Одағының кезінде Ленинді мақтап, Коммунистік партияны мақтап және билік басындағыларды мақтап өлең жазбаған қазақ ақынын табу қиын сияқты. Сол кезеңнің бел ортасында жүрген Мұхтар Шахановтың барлық өлеңдерін електен өткізе отырып, оның бұл тақырыпқа жазылған бір жол жырын таба алмадым.
Төлен ӘБДІКҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
«Ақиқат пен ұлылық» «Төрт ана»
«Люкс» Биндер ЖШС
Алматы 2014ж.
Ұлт мүддесі жолына сап әдемі із,
Азаматсың, әрқашанда ұлтыменен жаны егіз.
Барселона стадионында бұқадан да бұқпап ең,
Өз еліңде мүйіздемек санасы жоқ сан өгіз...
Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz
19.05.2017
***
Кеудемде лаулап тұрғанда жастықтың жыры,
Мың тоғыз жүз сексен екінші жылы,
Сол кездегі барлық ақындардың шынары,
Ленин және Коммунистік партия тұралы,
Бір жол өлең жазбаған маған,
Билік ойда-жоқта шындыққа басып қадам,
300 миллиондай халқы бар,
Күллі әлемді дүбірлеткен даңқы бар,
Кеңестер Одағының,
Оның жастарды қолдаған бағамының,
Дарынды жастардың ең сыйлы адамының,
Бірі ретінде, көрсете ерекше сенімді,
Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді.
Сол сыйлықты алған соң іле-шала,
Секілденіп жас қауымның айғақкерлері,
Мыңнан аса комсомол қайраткерлері,
Эстония жеріндегі бір кемеге міне сала,
Ел тануға бой бұрып сара,
Бірнеше шет ел қалаларын аралауға аттандық.
Биліктің бізге назар салғанына,
Сапардың мемлекет есебінен болғанына,
Бәріміз де шаттандық.
Талай елдің мәдениетін бірге көрдік топтанып,
Ең соңында Барселона қаласына тоқтадық.
Қаладағы өгізбен жекпе-жекке алып барды бізді.
Ойын буырқана, өзгеше жігермен қызды.
Өгіз бір адамды құлатып, екіншісін сүзді.
Стадион ішінде үрейлі дауыстар, айқайлар жүзді.
Ойынды жүргізуші адам бір кезде алға кеп,
Күйге түсіп ауыспалы,
Алты-жеті рет құлшына дауыстады,
«Жекпе-жекке шығатын қонақ бар ма?» – деп.
Бірнеше жүз еркек отыр, ұзын, орта денелі,
Әлгілердің бір де бірі «мен шығамын» демеді.
Арқа жақта отырған бір орыс әйелі екпінді,
«Арамызда мүлде еркек жоқ екен-ау» деп күлді.
Сол кезде мен ұстай алмай өзімді,
Ұстай алмай намысымды қамшылаған сезімді,
Не де болса көрейін деп, қайсар ойға бекініп,
Жекпе-жектің алаңына түстім жылдам секіріп.
Ал бір адам айқайлады: «Қайда-кетті ана ақын,
Жараланғанын көреміз бе,
Бүгін кешке кемемізде,
Оныменен зор кездесу жоспарланған болатын...»
Мен айқайға бұрылмастан асыға,
Жетіп бардым жекпе-жекті жүргізуші қасына.
Көрініп тұр оның адам екендігі тіс қақты.
(Маған жеңіс, жеңілу де секілденді егіз мұң.)
Жүргізуші,
Әбден жынын келтіретін өгіздің,
Үлкен қызыл шүберекті тез қолыма ұстатты.
Лезде маған өгіз жетіп келді де,
Шүберекті сүзіп өтті қос мүйізін төндіре.
Телеарнадан көп ұққан соң бұл күрестің сабағын,
Мен де өзімше қарастырдым қорғанудың амалын,
Ал жас өгіз жанарына қан толтыра, мұңдана,
Он шақты рет сүзіп өтті шүберекті жындана
Өр өгіздің енді мені соғуы да қас-қағым.
Кенет көңілім жүдеу тартып, тіпті қорқа бастадым.
Тек намысым жібермеді сырт көзге мұң ашуға,
Шүберекті тастай салып қашуға...
Нақ сол сәтте Татарстаннан келген жігіт,
Зор денелі, өзі күшіне ерекше сенген жігіт,
Қасыма кеп нар жігермен өтімді,
«Шүберекті маған бер!» деп өтінді.
Бере салдым, жұрт ниеті ойда-жоқта тамсантты,
Бір топ адам маған қолын бұлғап тұрып қол соқты.
Рас, қиын болғанымен алған беттен қайтуға,
Жо-жоқ, мүлдем жарамайды мұны ерлік
деп айтуға,
Мен де отыра берер едім көп еркекпен жалғаса,
Намысымды шымшып өткен әйел сөзі болмаса.
Ойламаған жерден маған оңай, жеңіл бақ қонды,
Бірақ татар жігіті үлкен қасіретке тап болды.
Дүлей өгіз жеңісіне жетпей тыным тапқан ба?
Жан ұшыра арқасынан келіп қатты соққанда,
Мүйізі оның бір бүйрегін тіке тесіп өтіпті,
Ал жігіттің бар денесі қанға оранып кетіпті.
Өгізбенен жекпе-жекте біз осылай «сән» құрдық,
Жүрмесін деп жоқшылық босқа қинап,
Бәріміз көп ақша жинап,
Барселондық аурухана үйінде оны қалдырдық.
Мәскеудегі Одақтық зор телеарна,
Бас кейіпкер етіп мені хабарға,
«Лауреат ақын өгізбенен жекпе-жекке шықты» деп
Және менің ертеңіме құт тілеп,
Бүкіл Кеңес Одағына көрсетті.
Сөйтіп, сәл-пәл батылдығым көп елдерге жол шекті.
Барселона қаласында өгізбенен жекпе-жек,
Шыққандығым, намысыма күш құйды ма төкпелеп.
Ұласқандай сол күнменен,
Қазақстан басшысы Колбинменен,
Тағы да сол жеңісті алға сап мен,
Бүкіл Кеңес Одағының басшысы Горбачевпен,
Желтоқсан шындығы үшін
Түстім қанша жекпе-жек.
Бұл заманда жекпе-жексіз шындық қалай көктемек?
Ақырында екеуінің де арам ойын құлаттым.
Үлкен қасірет әкелгені үшін талай тағдырға,
Горбачевтен бүкіл қазақ алдында,
Бас игізе, зор кешірім сұраттым.
Өгізбенен жекпе-жегім кеңейтіп өр арнасын,
Осылайша өз елімде тапты дара жалғасын.
Көп елдерде үркек сезім үлкен бедел алуда,
Және неге құлшыныс жоқ шындыққа жол салуға?
Әрбір адам күш жұмсасын жекпе-жекті тануға,
Жекпе-жексіз мүмкіндік жоқ ұлтты сақтап қалуға!..
Мұхтар Шаханов, Қазақ үні