Арал теңізінің қасіреті ана тілімізге түспесіне кім кепіл?..
2011 ж. 18 шілде
4236
0
Иа, қай елді, қай ұлтты алып қарасақ та, ана тілі қасиетті ұғым болып саналады. Ана сүтімен бойымызға сіңіп, қанымызға таралғаннан кейін қалай қасиетті болмасын! Атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұра емес пе? Әрбір адам ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, өзге тілдермен шұбарлануына жол бермеуі тиіс. Өйткені, тіл - әрбір елдің ұлттық мақтанышы, асыл қазынасы. Ал, біздің ана-тіліміздің тұғыры мықты, көсегесі берік болуы әрбір қазақтың отан алдындағы міндеті.
“Ұлттың тілі — сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?” Мұхтар Әуезов
Алайда, сол міндетті атқара алмай жүргенімізге де қаншама жылдың жүзі болды. Онымен қоймай, соңғы уақытта биліктің орыс тілін екінші тіл еткені аздай, енді келіп өркениетке жету үшін «үш тұғырлы тіл» - дегенді ойлап тауып, ағылшын тілін тіркестіріп бағдарлама жасап жатыр. Бұл елдігімізге, қала берді әрбір қазаққа сын емес пе? Ең сорақысы, тілі шығып үлгермеген бүлдіршіндерді үш тілде тәрбиелейтін бала-бақшаларды ашу қолға алына бастады. Не деген сорақылық, мұны қалай түсінеміз? Болашақ елдің тірегі саналатын азаматтарымызға қандай тәрбие бермекпіз? Осылай жалғаса беретін болса, қазақ тілінің басына үйірілген бұлт ешқашан тарқамай, қайта бұрынғыдан бетер қоюлана түсетіні айтпаса да белгілі. Жыл сайын мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға қаншама қаржы бөлінуде. Әйтсе де, бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Осыдан бірнеше жыл бұрын, қазақтың басына үлкен қайғы түсіп еді. Ғаламдық мәселеге айналған «арал» теңізінің суы тартылып, қасірет меңдеп, әлі күнге дейін сол қайғының қамытын киіп отырмыз. Өйткені, теңізге құйылатын суды жан-жақтан егіншілер өз пайдаларына асырып, теңізге су бармай қалған. Соның саладарынан теңіздің суы тартылып, астындағы тұзы көтеріліп, теңіздегі балықтардың барлығы жағада қаз-қатарынан тізіліп, құрдымға кетіп еді. Әлі күнге дейін өз орына келер емес, келуі де екі талай. Сол сияқты тілге бөлінген қаржыны биліктегілер жырымшылап өз қалталарына сала беретін болса, «арал» теңізінің жағдайы, ана тілімізге де түсері анық. Айталық, қазақ тілін жақсарту үшін қандай жұмыстар жасалынып жатыр? Тіпті белгілі бір істің жүйесі де жоқ. Нақты айтатын болсақ, қазақ тілін меңгертуге бөлінген қыруар қаржы желге ұшып жатыр. Шындығында, тілді үйретудің тиімді тәсілдері, жобалары баршылық. Бірақ, оны қолданбайды, қолданғысы да келмейді. Сонымен қатар, кейбір қазақтар орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруді сұрап, өтініштерін білдіріп жүрген көрінеді. Байқап қарасақ, орыс тілі қоғамдағы мәртебесі мемлекеттік тілден де артық болып тұрғандығы көзге ұрған танадай көрініп-ақ тұр. Онсызда қазақ тілі қазіргі орыс тілінің деңгейіне жете алмай келе жатқан жоқ па? Сондықтан да, басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін білуді міндетеуіміз керек. Тиісті орындар ана тілінің дәрежесін көтерудің түрлі әдістерін ойластырғаны жөн. Ең алдымен билік басында отырғандардан бастау керек. Күнделікті көзімізбен көріп жүргендей көпшілігі қазақ тілін білмейді. Кейбіреулері жаттап алған сөздерін оқып береді, оның түпкі мағынасын түсінбейді де. Бәлкім оларға қазақ тілін үйрену қиынға соғып жүрген болар. Сол себептен де олар тіл мәселесін қозғаудан қашқақтайды. Қазақта жақсы бір мақал бар «Балық басынан шіриді» деген, биліктің тізгінін ұстап, мемлекеттік мәселелерді шешіп отырған азаматтарымыз осындай жағдайда тұрған кезде, бұқара халықтан не күтуге болады. Біздің тіліміздің дамымай отырғаны да – содан. Екіншіден, ешқандай бақылау, белгілі бір жұмыстың жүргізілмей жатқандығы. Оған айқын бір дәлел, көшелерде немесе қоғамдық орындарда жарнамалардың қазақ тілінде қатемен жазылғандығы. Өзге тілдерден аударған сымақ болады да, нақты аудармасын жазып қояды. Содан барып, ол жарнамада не айтылғанын түсіне алмай дал боласың. Осылардың қатесіз жазылуын тіл инспекциясы бақылауы тиіс емес пе? Ал тіл инспекциясының құрамында қазақ тілін жоғары дәрежеде меңгерген, ұлт жанашырлары болғаны жөн. Күнделікті өмірде қазақ тілінің соншалықты бейшара қалін көруден қарапайым халық шаршамайды, оның барлығын ретке келтіріп, қолға аламыз деуден тиістір орындар шаршамайды. Мәселен, қоғамдық көліктің жүргізушісі де, бақылаушылары да қарапайым қазақтың қара домалақтары. Орыс тілін білмесе де, бұрмалап аялдамаларды орыс тілінде хабарлап жатады. Содан көліктің ішіне қарасаң өңшең қазақтар, арасында бірен-саран орыс келе жатады. Міне, мұның бәрі қазақ тіліне деген құрметтің жоқтығын білдіріп-ақ тұр. Ал, өзге ұлт өкілдері бір ауыз қазақша сөйлесе қуанып, жүрегіміз жарылып кететіндей көрінеді. Айталық, бірде қоғамдық көлікте келе жатып, бір орыс әйел есіктің жанында түсуге дайындалып тұрған. Бір кезде әлгі бақылаушы «За мостом бар ма?», деді. Сөйтсе орыс әйелдің бар білгені ғой, бар деудің орнына бақылаушының сөзін қайталап «бар ма» дейді. Ол әйел дұрыс айтпаса да, бір ауыз қазақша айтқанына кәдімгідей қуанып қалдық. Осындай жағдайлардың барлығын ой елегінен өткізе отырып, біздер қазақ халқы қандай мүшкіл қалде екенімізді мойындамасқа шарамызда қалмайды. Өзге елдерге қарап отырып, таң қаласың. Мысалы, мынау тұрған Өзбек елінде өзге тілде сөйлеуге тиым салынған. Өзбекстанда жүрсің бе, қазақ боласың ба, орыс боласың ба, ағылшын боласың ба маңызды емес, өзбекше сөйлеуің керек. Ал, өзіміздің төрімізден ойып тұрып орын алған, Ресейде орыс тілін білмесеңіз, мемлекеттік жұмысқа алмайды. Шындығына келгенде, біздің елде өз тілімізді емес, орыс тілін білмесең жұмысқа тұру оңай болмайды. Айталық, жәй ғана бір дүкенде сатушы болып жұмыс істеу үшін, қойылатын ең бірінші талап, ол орыс тілін білу. Біздің елде қызметкерден қазақ тілін талап етпейміз, керісінше, талай адам орысша білмегендіктен сорлап жүр, осындай жағдайда не деуге болады? Бізде де өзге мемлектердегі саясатты ұстанған дұрыс секілді. Қазақ тілін білмейтін қазақтардан бастап, өзге ұлт өкілдеріне белгілі бір шаралар қолданып, мемлекеттік тілді меңгеруге міндеттеуі керек. Тиісті орындар бір қыруар жұмыс бітіргендей, барлық мектептерді қазақшаландырып жатырмыз деп, жарияға жар салады. Қанша жерден мектептерді қазақшаландырғанымен қала мектептерінің оқушылары сабақ үстінде қазақша сөйлеп, мектеп ауласында өзара орыс тілінде сөйлеседі. Кейде көшеде кетіп бара жатып, абдырап қаласың. Өйткені, тілі былдырлап енді ғана шығып келе жатқан баласына ата-анасы орысша сөйлеп жатады. Сол себепті де қазақ тілі әлі күнге дүбәра күй кешуде. Сондықтан да, бойында қазақтың қаны бар адам балаларына қазақша тәрбие беріп, қазақ тілінде сөйлесе алынбайтын қамал жоқ екен түсінер еді. ҚР «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шілдеде қабылданды. Осы Заңның 4-ші бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі-қазақ тілі. Мемлекеттік тіл-мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүзеге асыру және іс қағаздарын жүргізу тілі. Сонымен бірге, үкімет, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді яғни қазақ тілін барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы мен дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті деп көрсетілген. Заңның қандай жағдайда да бұлжытпай орындалуы бәрімізге ортақ делінген. Алайда, осы заң іс жүзінде іске асып жатқанына күмәнім бар. Еліміздің қай өңірін алып қарасақта, ана тіліміздегі сөз бұрмалаушылықты, шалалықты байқап жатамыз. Қазақ тілінің бүгінгідей жай-күйі жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты алаңдататындай мәселеге айналды. Десе де, елім дегенде еміренетін азаматтардың көпшілігі қауқарсыздық танытып отырғаны қиын-ақ. Қазақ тілін бір жүйеге келтірмей тұрып-ақ, «Үш тұғырлы» тіл саясатын қолдап, әлде қашан іске кірісіп кеткен. Мемлекеттің ұрпақ тәрбиесіндегі «Үш тұғырлы тіл» деген ұстаным дұрыс емес. Көп тілді білсін, меңгерсін, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек, алдымен өз тілімізді бір тұғырға қондырып алғанымыз жөн болар. «Тіземнен сүріндірсе сүріндірсін, тілімнен сүріндірмесін», деп өткен ата-бабаларымыздың алдында қандай ұятты жағдайда қалғанымызды неге түсінбейміз. «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегендей, кезінде ата-бабаларымыз қызыл тілдің шырайын келтіре сөйлегенде, жауларымыздың өзі аяқ тартып, дұшпандарымыз іштей қымсынған емес пе? Ал бүгінгі еліміздің болашағы деп жүрген кейбір жастарымыздың аузындағы сөзі түсіп қалардай, қазақша-орысшасын араластырып бір нәрсені айтады, одан кейін түсінсең түсініп ал. Осындай жағдайлардың бір шешімін тауып, қазақ тілінің жұлдызын жандандыруға алғы шарттарды жасағанымыз дұрыс болар. Алдымен әр қазақ, өз тілінде сөйлеуі керек. Екіншіден, мемлекеттің бюджетінен бөлінген қаржыны бақылау керек. Үшіншіден, билікте отырған азаматтар қазақ тілін жетік меңгеруі тиіс. Төртіншіден, еліміздің барлық аймақтарындағы мектептерді қазақшаландырып, өзге тілдерді қосымша сабақ етіп қосу керек. Бесіншіден, әрбір ата-ана өз баласына қазақша сөйлеуі керек. Алтыншы, тек қазақша сөйлеп қана қоймай, қазақ болып сөйлеу керек. Сонда ғана тіліміз бір жүйеге келіп, еліміз қарқынды дамитыны сөзсіз. Жалпы, осы уақытқа дейін, тіл туралы жазылған мақалалар мен кітаптарды санамалап шығатын болсақ, сан жетпейтінде шығар. Әйткенмен, «сол баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалып отырғаны өкінішті. Тіл тақырыбында қалам тербеген жазушылардың біреуінен мысал келтіретін болсақ, жазушы Мархабат Байғұттың мына сөзі, кеудесіндегі жүрегі қазақ деп соққан әрбір жанға әсер етпеуі мүмкін емес. Яғни, «Тіл төңірегіндей таза тіршіліктің «түйесі мен биесі, ығай – сығай иесі» болмаса да , киесі бар екенін ұмытуға болмас. Бабаларымыз Фараби мен Ясауи түркі тілінің тағдыры үшін жүйкелерін жұқартып, жүректерін ауыртып, келер ұрпақтар тоздырып жібереді-ау деп күдіктенген екен. Бірі жат елге кетіп тынған, екіншісі елдегі әулекіліктен, әсереңкіліктен жерініп, тілдің тозуынан безініп, қылуетке тірідей түсіп кеткен. Олар оралды деп жатырмыз. Біржола оралта аламыз ба, соны ойланайық.» Астарына үңіліп қарасаң, 5-6 қатар сөйлемнің ішінде, қазақтың өткені мен бүгінінің арасында болған қасіреттің бәрін сыйдырып қана қоймай, әрбір қазақты ойландыратындай, салмақты ой айтқан. Әрине, мұндай ойларды әр кезеңдеде ақын-жазушыларымыз жырлап келеді. Десе де, сол сөздерден ешқандай нәтиженің шықпағаны ма? Қазақта «Сөз сүйектен өтеді» деген сөз бар. Алайда кейбір шала қазақтарға сөз әсер етпейтін сыңайлы, сонда не істеуіміз керек? Қайран қазағым-ай қайда кетіп барасың... Ғаламтор арқылы, «Қазақ тілінің бүгінгі деңгейі қандай?», деп сауал тастаған едік: Көпшілігі ана тіліміздің бүгінгідей күй кешіп жатқанына қатты алаңдаулы екендіктерін байқатты. Ақерке Исабекова: Қазақ тілі атадан балаға мұра болып келе жатқан, сан ғасырлық тарихы бар, бай мұрамыз емес пе? Алайда, сол баға жетпес мұрамызды бағаламай жүргеніміз көңілге күдік ұялатады. Перизат Оразымбетова: Қазақ тілінің бүгінгідей жағдайы қатты алаңдатады. Енді біршама уақыттан кейін, қандай болатынын кім білсін! Жоғарыдағы азаматтардың не істеп отырғандарына таң қаламын. Айдар Масалиев: Тіл төңірегінде осы уақытқа дейін тартыс болып келді. Енді тартыс емес, тартылыс керек. Гүлмира Ахметжанова: Мені қатты алаңдататыны, кішкентай балалардың не қазақша емес, не орысша емес, шұбарлап сөйлеп жүргендері ойландырады. Неге ата-аналар өз балаларына дұрыс тәрбие бермейді екен. Дастан Қырманов: Осы тақырып әбден жауыр болып бітті. Тәуелсіздігімізді алып, аяғымызға тұрғанымызбен, неге қазақ тілі тік, еңсесін биік ұстай алмай келе жатыр. Еркін Әлжанов: Қазақ тілін бір қалыпқа келтіру үшін, әрбір отбасы, әрбір қазақ ат салысуы керек. Әрқайсысы үйінде болсын, көшеде болсын қазақша сөйлейтін болса, нұр үстіне нұр. Салтанат Қалекеева: Біздің елімізде ешқандай жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Сол жартас, сол жартас күйінше келе жатыр. Алмас Ермеков: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тамаша сөз бар. Шын мәнінде барлығымыз бірігіп, іске кіріссек алынбайтын қамал жоқ. Осы тіл мәселесін ойлансам, қатты қиналамын. Өсіп келе жатқан жастардың тәрбиесі болсын, тілі, діні болсын алаңдататындай болып отырған, өзекті мәселе. Гүлжан Абылқасымова: Ең бірінші, мемлекеттік қызметті азаматтар қазақ тілін жетік меңгеруі керек. Өйткені, бұқара халық жоғары қарап жөн түзейді. Көпшілігінің теледидардан шала-шаршы қазақша сөйлегендері, ұят-ақ.Әсел Рзаева