Астана күні асқақтап өтті
2011 ж. 18 шілде
5992
2
Сарыарқа төсінде, Еуразия жүрегінде орналасқан еліміздің бас қаласы – Астана биыл 13 жасқа толды. Айтулы күнді барша қауым ерекше көңіл-күймен, үлкен қуанышпен атап өтті. Аспаны ән-күйге бөленген қаланың тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да естен кетпес қызықтың куәсі болды. Жалпы, Астана күні 1998 жылдан бері тойланып келеді. Астананың қалай астана болғандығы туралы деректерден аздаған мәліметтер беріп өтсек. 1994 жылғы шілденің 6-сы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты.
Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке маусымның 10-ы күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге – Астана күні атауы беріліп, оны атап өту – шілденің 6-сына бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Осы уақыт аралығында Астана қазақ елінің ғана емес, әлем елдерінің де мақтанышына айнала бастады. Сондықтанда, Астананың туған күні жыл сайын еліміздегі өнер майталмандары мен талантты әртістер және шет ел қонақтары да мұндай қызықтардан қалыс қалған емес. Бұл жолы да бір жеті бойғы ұлан-асыр тойға ұласты. Мерекелік іс-шаралардың әдеттегідей, 1 шілдеде бастау алды. Қуаныштан-қуанышқа ұласқандай, қазақ тілдегі «Бәйтерек» мультипликациялық фильмінің премьерасымен көрсетілді. Өйткені, мультфильм жоба авторларының Астана күні мерекесіне және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тартуы болды. Аталмыш фильмдегі басты нысан «Бәйтерек» монументі. Фильмнің алғашқы көрермендері мүмкіндігі шектеулі балалар болды. Сондай-ақ, биыл Астана күні қарсаңында кино өнерін сүйетін қазақстандықтар голливудтық және ресейлік кино жұлдыздарымен кезекті рет қауышты. Экш-фильмдердің «Астана» атты І халықаралық фестивалі аясында жайылған қызыл кілеммен былтыр Голивудттық жұлдыздар Майк Тайсон, Дольф Лундгрен, белгілі продюсер Харви Вайнштейн, «Оскар» сыйлығының екі мәрте иегері Хилари Суонк, жүріп өткен. Ал, Экшн-фильмдердің биылғы - фестиваліне келген Голливуд жұлдыздарының салмағы былтырғыдан да аса түсті. Бұл жолы Қазақстанға Голливудтан Стивен Сигал, Мишель Родригез, Майкл Мендсен және Арманд Ассанте арнайы келді. Ресейлік жұлдыздардың арасынан Дмитрий Нагиевті, Николай Валуевты, Марат Башаровты, Егор Кончаловскийді, Сергей Светлаковты, Гоша Куценконы, Екатерина Стриженованы, Виктор Вержбицкийді көруге болды. Ал, өз елімізден Асанәлі Әшімов бастаған қазақстандық кино өнерінің майталмандары да молынан қатысты. 1-5 шілде аралығында өткен фестиваль барысында барлығы 21 фильм көрсетілді. Картиналардың шымылдығын қазақстандық үш фильм ашып берді. Атап айтқанда, олар – Егор Кончаловскийдің – «Возвращение в А», Денис Куклин мен Лев Мариупольскийдің – «Два пистолета» және Ақан Сатаевтың «Ликвидатор» фильмдері.
Сондай-ақ, фестиваль барысында жас сценарийшілердің кино-жобаларының байқауы өтті. Биыл байқаудың жеңімпазы ғылыми-фантастикалық триллер жанрындағы «Аполлон 18» фильмін ұсынған Брайан Миллер атанған еді. Биылғы фестивальдың жүлдесі қазақстандық сценарист Бахтияр Қадыровтың қанжығасына байланды. Оның ұсынған «После одного дня» жобасы бойынша Тимур Бекмамбетовтың «Базелевс» кинокомпаниясымен фильм түсіретін болады.
2 шілде күнгі мерекелік шаралар отау құруды жоспарлаған жұптардың салтанатты неке қию рәсімімен басталды. Қазақ ырымшыл халық қой. Сондықтан да, әрбір елеулі күнді жақсылыққа, қуанышқа балап жатады. Сондай күндердің бірі – Астана күні. Осы күні, 40 жұптың некесі қиылып, қос қуаныштарын тойлаған жұптар қала көркін қыздыра түсті. .Астана күнімен халықаралық, республикалық деңгейдегі бірқатар іс-шаралар бастау алып, дәстүрге айналды. Солардың бірі – «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің халықаралық фестивалі. «Азия жаңғырығы» - түрлі акробаттық трюктар мен бағдарламалар көрсететін әлемнің талантты әртістерін жинайтын бірегей шоу. Мұндай цирк өнері фестивалінің баламасы бүгіндері тек Мәскеуде ғана бар. Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген әртістер апта бойы өздерінің бірегей бағдарламаларымен Астананың тұрғындары мен қонақтарына қуаныш сыйлады.
Астана күні халықтың жыл сайын асыға күтетін дәстүрлі мерекесіне айналғандықтықтан, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шаралар әзірленді. Қазақстанды тегіс ән мен күйге, той думанға бөлейтін мерейтойда ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева өнер көрсетті. Әншінің репертуарындағы ұлт мұрасына айналған халық әндері мен эстрадалық жанрдағы әуезді әндер тыңдармандар жүрегінен орын алды.
Астананың түркі өркениеті халықтары өкілдерінің кеңінен басқосуына ұйытқы болғанына биыл төрт жыл болыпты. «Астана арқауы» түркі әуендерінің фестивалін тұрақты өткізу Қазақстан рөлін түркілердің саз мәдениетін жебеуші-қайта біріктіруші ретінде қалануына негіз болды. Аталмыш фестивалде атақтары алысқа жеткен жоғары деңгейдегі шеберлердің орындауында бүкілге дерлік түркі халықтарының әуендері көпшілікке ұсынылды. Олардың ішінде, көпшілікті таңқалдыратын және жоғары бағаланатын шамандық ән орындау, шаңқобызға арналған үздік өнер компазициясы, көмеймен ән айту, эпикалық және аспаптық компазициялар орындалды.
Астана қаласының 10 жылдық мерейтойынан бастау алған «Әуен – ағыс» классикалық әуен және балет кеші биыл Сергей Прокофьевтің қойылымындағы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» балетімен басталды. «Ромео мен Джульеттаның» Астана қаласындағы ерекшелігі – балеттің алғаш рет қалқымалы көпір үстінде қойылды. Қазақстанның кәсіби бишілері бұл сыннан абыроймен өтті. Одан кейінгі күндері Н. Үсенбаева, Ж. Баспақова, С.Байсұлтанов, Г.Дәурбаева, Т.Мұсабаев, С. Рахметова, сондай-ақ Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының балет труппасы мен симфониялық оркестрі, өнер көрсетті. Бүгінгі бағдарламада Штраус, Чайковский, Моцарт сынды әлем классиктері мен Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, А.Жұбанов, Т.Қажығалиев, С.Мұхамеджанов, М.Төлебаев сынды отандық композиторлардың туындылары ойналады. Қатысатындар – Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрі.
4 шілде күні Астана күніне арналған негізгі мерекелік іс-шаралар әдеттегідей, Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстанның көк байрағын көтеру рәсімімен ашылды. Елбасы – ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы шара барысында сондай-ақ бірқатар жас әскериге офицерлік шендерді табыс етті. Осы күннен бастап қала тұрғындары мен қонақтарына арналған бағдарламалардың ауқымы кеңейді. Астанада және қала аумағындағы елді мекендерде өткізіліп жатқан іс-шаралардың саны 20-дан асып-жығылады. Сонымен қатар, осы күні «Опералия – 2011» VI халықаралық музыкалық фестивалі италяндық композитор Джакомо Пуччинидің «Манон Леско» операсының тұсаукесерімен басталды. Одан кейін балеттің әлемдік жұлдыздарының гала-концерті. Оған – Надежда - Сайдакова, Яна Саленко, Дина Тамажлакару (Германия), Владимир Малахов (Австрия), Юргита Дронина (Латвия), Йоэль Карреньо (Куба) және Томас Лундтың (Дания) қатысты. «Әлемдік опера жұлдыздарының» гала-концерті – итальяндық әнші Сальваторе Личитра, Амарили Ницца мен қазақстандық опера әншілерінің қатысуымен өтті. Фестивальды Арман Мырзағалиевтің (АҚШ) қатысуымен Скрипка музыкасының кеші аяқтады.
Астана күнін атап өту аясында осымен төртінші рет өткен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі келушілерді биыл да қазақ халқының терең мәдениетімен, тұрмысымен таныстырды. Биыл фестиваль аясында «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешенінің маңына 50 киіз үй тігілді. Хан шатыры тәрізді пішінде құрылған сахнада этникалық музыка мен күй кештері өтуде. Ауылға келген қонақтар сондай-ақ, көшпенділер өміріне өздері араласып, тікелей қатысу мүмкіндігін алды. Мысалға, атқа мініп, үй тігу, киіз басу ісіне араласуына болды. Келушілер сондай-ақ, ат құлағында ойнайтын шабандоз жігіттердің өнерін, қазақтың қыз ұзату, беташар, тұсау кесу, шашу, бесікке салу салт-дәстүрлерін, қазақтың ежелгі ұлттық киімдерімен таныстыратын театрландырылған қойылымдарды, айтысты және көшпелі цирк өнерін тамашалай алды.
Сонымен қатар, Астанаға тамаша тарту ретінде, «Ән жүрегім-Астана» атты, гала-концерті ұйымдастырылды. Оған Қазақстан ән өнерінің жарық жұлдыздары ел астанасын мерейтойымен құттықтап, сұлу шаһарға авторлық әндерін шырқап, халықты бір серпілтіп тастады. Тағы бір айта кетерлігі, Астана күні мерекесінде өнер сүйер қауым Ресейдің халық әртісі Сергей Безруковтың тағы бір туындысын тамашалады. Талантты әртіс былтыр «Басбұзар» – музыкалық-поэтикалық қойылымын алғаш рет көпшілік назарына ұсынған болатын. Режиссерлік қырынан таныла бастаған әртіс биыл орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің өмірі мен өлімі туралы кино-қойылымды дүниеге әкелді. Аталмыш қойылымның тұсаукесері маусымның 4-і күні «Михайлов» мұражай-қорығында өткен болатын.
Ал, 5 шілдеде асық атудан «Алтын сақа» сайысының турнирі өтті. Астанада бұл спорт ойынынан жарыстар үшінші мәрте өткізілді. Былтыр турнирге 500-ден астам адам қатысқан болатын. Сайыс нәтижелері бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
«Астана самалы» үрмелі аспаптар оркестрлерінің фестивалі Қазақстандық оркестрлер мен танымал сахна шеберлерінің орындауындағы классикалық әуен мен заманауи шығармалары ашық аспан астында өтті. «Астана Самалы» көптеген елдің өкілдерін бір сахнаға жинайтын қайталанбас сазды думан. Осы күні сондай-ақ, «Аспазшылардың шеберлігі – сүйікті қалаға» атты фестивалдің аясында ұзындығы 150 метрлік «Кимпаб» роллын дайындау бойынша әлемдік Гиннес рекорды жаңартылады. Жаңа әлемдік рекордты қуаттау үшін Астанаға Гиннес рекордтары кітабының өкілдері арнайы келді. Рекорд қуатталғаннан кейін шеф- аспаздың командасы роллды теңдей бөліктерге бөліп, астана тұрғындары мен қала қонақтарына дәмауыз тигізді.
Кешегі күнгі премьералардың бірі Лара Фабиан мен Игорь Крутой ұсынған «Мадемуазель Живаго» шоу-концерті болды. Мерекелік шаралардың соңы – 6 шілдеге жоспарланған әнші Сара Брайтманның жеке концерті. С. Брайтман өзінің асқан шебер сопрано даусының арқасында әлемге танылып, ән падишасы атанды. Ол өз шығармашылығында екі музыкалық бағытты – өткен ғасырдың классикалық музыкасы мен соңғы онжылдықтағы «поп» жанрын шебер үйлестіре білді.
Сонымен қатар, мерекенің көркін жалынды жастар жағы да қыздыра түсті. Мұнда экстремалды спорт түрлерінен байқау ұйымдастырылды. Бұған дейін «брэйк-данс», «рэп», «хип-хоп» бойынша жеке-дара өнер көрсетіп жүрген ел жастары алғаш мәрте бір жерде бас қосты. Осылайша қала күні жастар арасында көше мәдениетін дамытуға да өз үлесін қосуда. Астананың туған күніне арналған мерекелік бағдарлама «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өтетін «Астана – бақыт мекен» атты гала-концерт аяқтады. Шара аяқталған соң Қазақстанның бас қаласы құрметіне – мерекелік отшашумен ұласып, ерекше атап өтілді.
Әсел РЗАЕВА