ЖҮРЕКТЕРДЕ ЖАЗЫЛМАС ЖАРА ҚАЛДЫ
2017 ж. 15 желтоқсан
5725
6
Уақыт дегенде тоқтам бар ма. 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен бері табаны күректей 31 жыл уақыт өтсе де, көптің жүрегінде жара болып қалған дақ бар. Айтылмай қалған әңгіме, ашылмай қалған деректер де қаншама. Сол күндерді Нұржамал Жәмкенова қашан да еске алып отырады. Басынан өткен қуғындаушылық, құрбыларына тағылған кінәсіз айыптарды ұмытқан емес...
«Негізінде мен Ресейдің Омбысының арғы жағындағы өңірдің қызымын. 1970-жылдары Алматыға жоғары оқу орнына түсу үшін келгенмен, бір жағынан атамекенім деген ой есімнен әсте шыққан емес. Отбасымызда қазақша сөйлескенімізбен кейде біздерге бір нәрсе жетпей тұратын. Қазақи орта, тілі мен діл және ата-бабалардан аманат болып жеткен ән-күйді аңсайтынбыз. Алғаш Қазақстанға келіп, әуежайға түскенімде қазақша хабарландыруды естіп, көшедегі радиодан емін-еркін қазақша айтылған ән мен күй мені ерекше толқытқаны есімде. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтті. Оқыдым, жұмыс істедім, отбасын құрып, үш перзентке ана атанып, немере сүйдім. Құдайға шікір, еңбек жолым Алматыдағы №2 нан зауытынан басталды. Зауыт қаланың Пастер (қазіргі М.Мақатаев) көшесімен К.Маркс (қазіргі Д.Қонаев) көшесінің бұрышында болатын. Зауытта 400-ге жуық адам еңбек етіп, үш ауысыммен жұмыс істейтін. Жұмысшылардың басым көпшілігін кейінгі жылдары ауылдан келген қазақ қыздары толықтырып отырды. Көбі орысшаға шорқақ болғанымен жұмысқа тез төселіп, нан пісірудің неше түрлі тәсілдерін игеріп те алатын. Өзім қазақ тілін білгеніммен көп сөздің мағынасын кейде біле де бермейтінмін. Сол қыздардан көп нәрсе үйрендім. Тілдің құдіреті бір-бірімізді жақындастырды. Бәріміз бір үйдің баласындай еңбек етіп, тату-тәтті күн кешкенбіз.
Міне осындай жаймашуақ күндер өтіп жатқанда аяқ астынан Желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Сол бір қиянатты, ауыр күндерді көзімізбен көріп, ішінде жүрдік. Онда мен зауытта нан пісіру цехының шебері, әрі бригада жетекшісі едім. Қарамығымдағы 22 қыздың бір екеуі ғана басқа ұлттың өкілдері болды, қалғандары өзіміздің қара көздеріміз. Республиканы көп жыл басқарған «Қонаевты орнынан алыныпты, оның орнына басқа ұлттың адамы келіпті» деген сөз бізге де жеткен. Ел бұған жаппай қарсы. Қала халқы Брежнев (қазіргі Жаңа алаң) алаңына жиналып жатыр деп, 16-желтоқсанда сонда болғандар айтып келді. Айтатындары халықтың бәрі сол жақта жүр деді. Оқиғаның анық-қанығын білмек болып, біздер де жүгіре басып алаңға жеттік. Біз сияқты жастардың тобы көше бұрыштарынан топ болып, алаң жаққа кетіп барады. Алдымыздан қалың топ шеруін милиция төмен ығыстырып келеді екен. Оларға Абай-Фурманов көшелері жақтан тағы бір топ кеп қосылып, «Жаса Қазақстан!», «Қазақ жасасын!» деген сөздерді айтып, алаңға беттеді. Абай даңғылы мен Фурманов көшесі толған халық. Қолдарына плакаттар ұстаған бір топ жастар «Менің Қазақстаным» әнін шырқап келеді. Маған бұл көрініс қатта әсер етті. Бұрын-соңды мұндай жағдайды көзім көрмегендіктен оларды көріп, көңілім босап, денем шымырлап, көзіме жас келді. Себебі әннің әсері, жастардың біртұтас болып біріккен бірлігі қайран қалдырды. Айбынды топ милицияның қоршаған жерлерін бұзып алаңға беттеді. Біздер де олардың соңынан ердік. Алаңда алғашында халық аз болып көрінгенімен кейін ығы-жығы халықтың қарасы молайды. Көбі өрімдей жігіттер мен қыздар. Әр жерде шоғыр болып тұрды. Солардың ішінен өзіміздің зауыт қыздарын да кездестірдік. Ойым оларды алаңнан алып кету еді, бірақ 2-3 сағат уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей де қалыппыз. Жиналған жастардың талабы «Қонаевты неге алды? Орталық комитетке бірінші басшы неге сырттан әкелді? Қонаев қайда?» дегенді білу ғана екенін ұққан соң, кеш қараңғы түскенде зауыттағы құрбыларыммен кері қайттық. Онда қыстың суық түні, желтоқсанның ызғарлы аязы да бар еді. Алаңда тәртіп сақшылармен қақтығыс болғанымен, қантөгіс бола қойған жоқ. Алайда оның арты қанға боялып, жігіттер мен қыздар әскерлердің етіктерінің табандарымен тапталатынын кім білген.
Ертесінде таңғы жетіде жұмысқа келсек, зауыт басшыларының бәрі осында. «Жәмкенованың бригадасы алаңға кетіпті, жұмысқа шықпайды» деп басқа ауысымдағыларды шақырып та қойыпты. Басшылар біздерге сенімсіздік танытқан. Бірақ қыздарымыз түгел жұмысқа келді. Алайда алаңда таяқ жеп келгендер көп. Олардың ішінде Қарылғаш Әлімқұлова, Света Кебісбаева, Мерке Әбілғазиева, Рая Оралова, Күләш Қайшыбекова, Гүлниса Көпжасарова сияқты қыздар милициядан жәбір көргенін айтқанда «сұмдық-ай» дестік. Әңгіме тек алаңдағы жағдай болды. Кімнің қай жақта болғандығы, милицияның ұрып, соққандарын айтты. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, жұмыстан кейін алаңға барып, не болғанын көзбен көріп қайтуға келістік. Бірақ үлгертпеді. Түс мезгілінде зауытқа форма кигендер жиі келіп ішке кіріп, шығып жатқанын көріп, бір сұмдықтың болғанын сездік. Қауіпсіздік комитетінен келген екі адам мені алды да кетті.
Бір тәулік тергеп, «алаңға не үшін бардың, бригадаңнан сенен басқа кімдер барды. Мына адамдарды танисың ба?» деп алаңда түсірілген әртүрлі суреттерді көрсетіп, сұрақтың астына алды. Ұзын сонар сұрақ неше рет қайталанып, «сен орыс ұлт өкілдерін жек көреді екенсің, зауыттағы қыздарды алаңға апарғансың. Осының бәрін мойында. Мойындасаң жазаң жеңіл болады» деп қысым жасады. Мен бұған еш қатысым жоқтығын айтып, қанша қыспаққа алса да, таққан кіналарын мойындамай қойдым. Ақыры менен ешнәрсе шығара алмағаннан кейін ешқайда кетпеу туралы қолхат алып шығарып жіберді. Сонда бір байқағаным зауыттан мен туралы мәлімет жинағанда кейбір жағымпаздар «Жәмкенова орыс ұлты өкілдеріне соқтығысып жүреді. Ұжымдағы қыздарды алаңға апарған» деген ақпарат берген сияқты. Оның себебі, ұжымдағы бір басшы қазақтың бүлдіршін қызын балағаттап, жәбірлегенін көріп араша түскенім бар. Соған шыдамай директор мен парторгке барып, оны тәртіпке шақыруды сұрағанмын. Осыны тергеуші алға тартқанын ұқтым. Және де Желтоқсан оқиғасы басталғанда қалаға «қазақ жастары орыстарды қумақ, олардың бала-бақшадағы сәбилерін өлтірмек» деген арандатушылық қауесет те тараған. Осыны желеу еткен санасы таяздар мені көрсеткен сияқты. Мен тергеуде нақты дәлелмен жауап беріп шықтым. Тергеу кезінде өзім сияқты көп қыздарды сұраққа алғандарын көрдім. Оларға да маған қойылған сұрақтар, кінәсіз айып таққандарына куә болдым. Ұжымда мен туралы әңгіме аз болмағанын білдім. Бір айдан соң «Ұлтшыл Жәмкенова сотталады екен» деп сөз тарап, зауытта жиналыс өтті. Ұжым түгел қатысты. Мен ортаға шықтым. Ісіммен танысқан прокурор ұмытпасам фамилиясы Мамытов болу керек, сөзді арыдан бастап, «Әлия мен Мәншүктей қыз өсірген қазақ халқы екенін, оларды мақтан тұтатындарымызды айта келіп, қазақта тіпті қыз бұзақылық жасады деп соттаудың өзі жат нәрсе екендігін жеткізіп, ісі анықталмайынша Жәмкенованы бас бостандығынан айырмай, егер әкімшілік тарапынан шара қолданам десе, зауыт өзі білсін» деген сөзі көп адамның аузына құм құйғандай болды. Прокурор менің жазықсыз екенімді және әлде кімдердің қиянаттық жасағанын түсінген болуы керек. Бірақ іс мұнымен аяқталмады. Іле шала сол күні түс ауа зауыт әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті мені тағы да талқыға салды. Бірлескен отырыс өткізіп, «ұлтшылдық» әрекеттерім үшін комитеттен шығарып, зауыттан аластатылсын» деп үкім шығарып, оны іліп те қойды. Отырыста «ұлтшыл» деген сөзге бір ғана ұйғыр қызы Шәмсия Гуламанова қарсы шықты. Қалғандары менен құтылмақшы болғандарын белсенді топтың әрекетінен көрдім» – деп Нұржамал әңгімесін жалғастырды.
Зауытта бригадирлікпен қатар ұжымдағы кәсіподақ комитетінің тұрғын үй комиссиясының басқармасының жұмысын Нұржамал қатар алып жүріпті. Оңды-солды жақтарын жақсы білмей, жұмысқа жаңа кіріскендерге көмектесіп, жатақхана, пәтер алуларына жәрдемдесіпті. Тіптен олардың шешілмей жатқан мәселелері үшін министрге дейін барған кездері болған. Ұжымдағы кейбір әділетсіз істерге көз жұма қарамай, бәрі заң жүзінде дұрыс болуын да қадағалап араласыпты. Зауыттың дені қазақ болғанымен басшылықта бір қазақ болмағанына да таңданыпты да. Бірлестіктің басшы қызметіндегілер З.В.Мишкина, А.И.Коханина зауыт басшыларымен өз сыбайластары Скороботов деген біреуді зауытқа директор етіп, ойына келгенді істеген. Зауытты сүліктей сорып, жұмысшыларға көрсеткен зорлық-зомбылығы да болған. Осыған шыдай алмаған Нұржамал Жағыпарқызы З.Суржинамен бірігіп, «Казахстанская правда» газетіне мақала жазып, шындықтың бетін ашқан. Сол үшін зауыт басшылары оны қудалап, түрлі шара қолдануға әрекет еткен. Тек «Алматынан» бірлестігінің бас директоры Н.В.Мельников қол ұшын бермегенде Нұржамал жұмыстан ұлтшыл деп қуылмақшы болған екен. «Басыма қиын іс түскен соң, бірлестіктің бас директорының алдына бардым. Ол кісіні танитын едім. Қарапайым слесарьден көтерілген Мельников қаладағы №8 зауытының директоры, кейін бірлестіктің басшысы болған. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы құрметтейтін адам еді. Өзім зауыттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүргенде ол кісімен кездесіп қалатынбыз. Бригадамның озаттар қатарында екенін де жақсы білетін. Барғанда болған жайды алдына жайып салдым. Мені тыңдаған басшы дереу тиісті басшыларды жиып алды. Мені қудалаған З. В.Мишина, А.И.Коханина да отырды. Олар: «Барып тұрған ұлтшылды қуып, енді бригадасын тарату керек» деген пікірді алға тартып сөз сөйледі. Бұған Мельников: «Жәмкенова зауытқа еңбегі сіңді. Жастай келіп, осында жоғары оқу орнын бітірді. Озат бригадир, тәлімгер тәрбиеші. Ісі анықталғанша зауытта қалады. Жұмыс істейді» дегенде басшыға ешкім қарсы шыға алмады. Міне осыдан кейін маған шам алып жүгіргендер үнсіз қалды. Желтоқсан оқиғасына қатысты іс те осымен тынды.
«Желтоқсан оқиғасынан кейін менің көп нәрсеге көзім жетті. Кімнің кім екенін таныдым. Зауытта сан ұлттың өкілдері жұмыс істегенде мен ешқайсын бөле жарып, кемсітіп көрген емеспін. Талай орыс ұлтының қыздары мен әйелдерін туыстай сезініп, жақын тартатынмын. Соның бірі өзімнің апамдай болып, газетке мақала жазған З.Суржина да көпшіліктен аса алмай, мені жұмыстан шығаруға қарсы қол көтергені жүрегімді ауыртты. Тіптен қара көздеріміз де мені қорғай алмай, олардан да асып түсті. Осындай оқиға кезінде арамызда өз мансабы үшін жақынын құрбандыққа шалар науқаншылар белсенді жұмыс істеді. Көптеген бейкүнә жастар жазықсыз жапа шекті. Солардың ішінде екіқабат келіншектер де таяқ жеп, тергелген-ді. Бір қызымыз екі күн жоғалып, үшінші күні үйіне келді. Әсіресе қыздарымыз қорғансыз қалып, көп жапа шекті. Бірақ та олардың өжеттілігі, қайсарлық айбаты біздің қазіргі тәуелсіздігіміздің негізін қалады. Олар кеңестік жүйенің әділетсіз жақтарына күйініп, алаңға барды. Қазақ Ұлтының ұлылығын паш етіп, Тәуелсіздік үшін алғашқы қадамды жасады. Елдің елдігін, бірлігін сол сын сағатта көрсетіп, алаңға барған сол құрбыларымды мен мақтан етемін!» – дейді Желтоқсан оқиғасын көзімен көріп, өзі де қудаланған Нұржамал Жәмкенова.
Жексен АЛПАРТЕГІ
qazaquni.kz