Рухани тәуелсіздіктің негізі
2017 ж. 12 желтоқсан
3772
61
Педагогика ғылымының бүкіләлемдік танымал тұлғалары «Тәрбие – білім берудің мазмұны» болуға тиіс деген тұжырымды басшылыққа алып келеді. Дегенмен жас ұрпаққа ұлағатты тәлім-тəрбие беріп, отаншылдық сана-сезімі жетілген азамат етіп тәрбиелеудің мүмкіндіктері қазіргі заман талаптарына сәйкестендірілген сапалы білім берумен тығыз байланысты екені, ал тəрбиелік іс-шаралардың нәтижелі болуы өткен тарихымызға терең үңіліп, рухани құндылықтарымызды зерделелеуге байланысты екені рас. Бұны Елбасы да назардан тыс қалдырмай, ұлттық салт-дәстүр мен таным-түсінік жүйесінің сақталып қалуына көп мән беріп келеді. Оның бастамасымен үшінші мың жылдық қарсаңында ұлт үшін ерен еңбек етіп, соңдарына аса мол рухани мұра қалдырған Абай секілді т.б. тұлғалардың атаулы мерейтойлары республика көлемінде және ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық деңгейде аталып өтілгені көпшілікке аян.
Алайда рухани құндылықтарды жаңғырту бұнымен ғана шектеліп қалмай, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген қазіргі замандастарымызды да дәріптеу, өскелең ұрпаққа өнегелі өмірлері мен жасампаз істерін насихаттау арқылы жүргізілуі керек екен. Бұны президент Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегінде: «... ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн»,– деп атап көрсетті.
Осы бастамаға орай, жуырда Алматыда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, кино актер, режиссер Досқан Жолжақсыновпен кездесу кеші өтті. Кеш университет ректоры С.С.Құнанбаеваның қолдауымен, еліміздің тәуелсіздігі күніне орайластырылып, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор Әсипат Сауытбекқызы Әлметованың ұйымдастыруымен өтті.
Досқан Жолжақсынов – жаңа есім емес, оны жұртқа егжей-тегжей таныстырып жатудың еш қажетті жоқ. Оны қазақ өнеріне жаны жақын жандардың бәрі жақсы таниды. Солай десек те, оның сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін танытатын табиғи болмысына, қысқаша болсын, тоқтала кету жөн сияқты. Ол – театр мен киноның аса танымал актері, белгілі әнші болумен қатар соңғы онжылдық көлемінде майталман режиссер ретінде де қазақ қоғамына кеңінен танылып жүр. Оған дәлел – оның режиссерлығымен түсіріліп, қазақ қоғамының көзайымына айналған «Біржан сал», «Құнанбай» фильмдері. Осы себептен бе екен, университетіміздің қадірменді қонағына кеш барысында қойылған сұрақтардың да басым көпшілігі оның түрлі киноларда ойнаған рөлдері мен өзі түсірген киноларға қатысты болды.
Д.Жолжақсыновтың жұртқа аса танымалдылығынан болар, университеттің 350 орындық акт залында ине шаншар орын болмады. Кешке келген студенттер мен оқытушылар және басқа да қонақтар кеш аяқталғанша тапжылмай отырып, оның жүрекжарды әңгімелерін мұқият тыңдады.
Кездесу кеші соншалықты әсерлі, тартымды өтті. Олай болып өтуіне Д.Жолжақсыновтың өзіне қойылған сұрақтарға нақты да ойлы жауап қайтаруы ғана емес, онымен бірге келген жан жары, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, таланты әнші, тележүргүзуші Қарагөз Сүлейменованың қатысуы да үлкен жәрдемін тигізді десек артық айтқандық емес. Қалай десек те, студентер тағылымды әңгіме тыңдап, әсем ән тыңдап, мәз-мейрам болып, бір серпіліп-сергіп қалды.
Енді кештің өтуін ретімен баяндасақ, кездесуді Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетов ашып, Досқан Жолжақсыновтың шығармашылық жолымен көпшілікті таныстырғаннан соң, кешке жиналғандармен дидарласып сәлемдесу үшін сөз кезегі негізгі қонаққа берілді. Содан соң залға жиналғандар тарапынан қонақтарға сұрақтар қойыла бастады.
Д.Жолжақсыновқа жазбаша келеген сұрақтарды М.Ахетов іріктеп, тақырыбы мен мазмұнына қарай топтастырып айтып отырды. Студентер ағаларынана, негізінен, мынадай мән-мазмұндағы сұрақтар қойды: «Театр сахнасындағы, кинодағы қай рөліңізді жоғары бағалайсыз?», «Осы рөлде ойнасам деген арманыңыз бар ма?», «Сізге «Құнанбай» фильмі үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Сыйлық режиссерлік еңбегіңізге ме, әлде Құнанбай рөлін сомдағаныңыз үшін бе?, «Сіз басты рөлде ойнаған «Даладағы қуғын» киносын жұрт жаппай көреді. Қазіргі статистикалық мәлімет бойынша, ең көп көрілетін қазақ киносы осы екен. Оның сыры неде деп ойлайсыз?», «Театр әртісі кино актер бола ала ма немесе керісінше кино актері театр әртісі бола ала ма?», «Қазақ киноларында көбінесе театр әртістері жасанды сөйлеп, жасанды әрекет жасап ойнайды, сол себептен спектакль көріп отырғандай сезімде боласың» деген сөзде шындық бар ма?».
Осындай сұрақтармен қатар, залдағылар: «Сіздің үлгі-өнеге тұтатын актеріңіз кім? Оны қандай ерекшелігін бағалайсыз?», «Жастар театрының директоры болдыңыз. Басшы бойында қандай қасиеттің болғанын дұрыс санайсыз? Өзіңіз қатал басшы болдыңыз ба?» деген сауалдар қойды.
Ал «Дәстүрлі өнердің насихатталуына көңіліңіз тола ма? Өзіңіз қазіргі кездің әндерін тыңдайсыз ба? Қазіргі кезде телеарналардан ән шырқап жүрген жастардың қайсысын «Міне, нағыз әнші!» деп бағалай аласыз?» деген сұрақтарға қонақтарымыздың екеуі де кезектесіп жауап берді.
Енді қонақтардың өздеріне қойылған сауалдарға қайтарған жауаптарының бірқатарын қысқаша келтіре кетейік. Бірінші сауал бойынша Д.Жолжақсынов мынадай ой айтты:
«Мен өзі тәубашыл қазақтың бірімін. Бұйырған дүниенің бәрін шырайлы қылып шыңаруға тырыстым. Арманым өнер болғаннан кейін, сол өнерге келіп, ұлы ұстаздарымыз, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееова апамыз бен топырағы әлі суып үлгермеген Әшірбек Сығай ағамымыздан дәріс алғаннан
кейін, солардың айтқандарын көкірекке түйіп өстім, өнерге адал болуға тырыстым. Жалпы, өмірде адал болу мен өнерде адал болудың ешқандай айырмасы жоқ. Бірақ өнер асқақ болған соң, мүбәдәк сезім арқалаған нәзік болғаннан кейін оған жауапкершілік бекем болуы керек. Сондықтан мен өзім ойнаған рөлдердің бәріне ризамын. Олар менің өмірге деген талпынысым, өнерге деген алғашқы қадамдарым деп есептеймін. Бірінен-бірін бөліп ала алмаймын. Әрқайсында менің төккен терім, азаматтық борышым жатыр. Өйткені өзімнің ісіме, кәсібіме адал болдым».
Екінші сауалдың қысқаша жауабы былай болды:
«Бұл сыйлықты алуымда актерлік өнерімнің үлесі басым болды-ау деп ойлаймын. Жалпы, кино өнері туындысын бағалау жеке-жеке номинация бойынша, актерлікке бөлек, режиссураға бөлек, драматургияға бөлек, композицияға бөлек болуы керек шығар. «Індет» қойылымындағы рөлім үшін бірінші Мемлекеттік сыйлықты солай алғанмын. Бірақ оның қуанышты жағы да, өкінішті жағы да болды. Мен сыйлық алғаныммен, сол спектакльді қойған Есмұхан ағам да, драматург Әкім ағам да сйлыққа ілінбей қалды».
Үшінші сауалдың қысқаша мазмұны:
«Даладағы қуғын» – қазақ кино өнерінің 1977 жылы түсірген алғашқы вестерні. Бұдан кейін Асанәлі ағамыз басты рөлдерде ойнаған «Транссібір экспресі», «Атаманның ақыры» фильмдері түсірілді. Ал осы фильмнің жалпы жұртқа аса танымалдылығы, біріншіден, Сәкен Сейфуллиннің повесі бойынша түсірілуі болса, екіншіден, «Хамит» рөлінің қазақ жанына өте жақындығы болса керек. Өйткені қазақ жаны өте сезімтал, нәзік, дархан ғой. Кезінде осы фильмді көргендердің көпшілігі Хамитке еліктеп өсті. Қазіргі кездегі атпал азаматтардың бірталайы солай өскендерін маған талай рет өздері айтқан болатын. Дегенмен, маған еліміз егемендік алған кезде бір журналист «Хамит пен Құдіре кездесе қалса, қайсысына бірінші сәлем берер едіңіз?» деп сауал қойған еді. Мен оған, «Бүгінде етең-жеңімді жинаған кезде бірінші Құдіреге сәлем беремін. Өйткені ол – даланың саңылағы, батыры, халқының қамын ойлаған азаматы. Ал Хамит – саясаттың құрбаны» деген едім. Бірақ өнердегі кейіпкерлерді саясатқа қарап бағалауға болмайды».
Д.Жолжақсынов пен Қ.Сүлейменованың айтуынша, дәстүрлі әндердің орындалуы, оның жарнамалануы, оны тыңдауға келушілердің саны сиреп бара жатқаны шындық екен. Жалпы, Д.Жолжақсыновтың пайымдауынша, дәстүрлі өнер, дәстүрлі әндер деп атау дұрыс емес екен. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан өнер классикалық деп аталуы қажет екен. Осы сауалға жауап беру кезінде қазіргі эстрадалық әндер туралы да қонақтарымыз өз ойларын іркіп қалмады. Қазіргі музыка, ән ырғақтарының жастар тәрбиесіне теріс ықпалына тоқтала келіп, қонақтар: « ...қазіргі жастардың бойын құр ритмге құрылған тарсылдақ дүниелер жаулап алып, олардың денесін ғана селкілдетіп қоймай, миларын да шайқап жатыр, тіпті жастардың жүйкелеріне теріс әсері бар ма деп те қаламыз»,– деді. Олардың санасында дүниені танып білу, ұлттық сананың қалыптасуы дейтін мәселелердің рөлі қандай, тіпті ол туралы бүгінгі жастар ойлана ма екен деген сияқты маңызды ойлар да айтылды.
Д.Жолжақсынов театр мен киноның саңылағы болумен қатар өзіндік ән салу мәнері бар айтулы әнші әрі сазгерлердің бірі екенін студент-жастардың көбісі біле бермесе керек, әйтеуір, оның әншілік-сазгерлік өнері бойынша сұрақ қойылмады. Алайда танымал лирик ақын, марқұм Сағи Жиенбаевтың «Ауыл қарттары» деген өлеңіне шығарылған өзінің кезінде халықтың жүрегін жаулап алған, қазір де халқымызға кең тараған әнін әуелетіп, сазды әуенмен тамылжытып орындап бергенде риза болмаған бір жан қалмады. Ду қол шапалақталып, зор қошемет білдірілді. Ал қазақи болмысымен өзгелерден ерек болып көзге түсіп жүргетін Қарагөз Сүлейменова «Қарлығаш», «Тербеледі тың дала», «Біз әлі кездесерміз» әндерін тамылжыта орындап, студент-жастардың ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді.
Кеш барысында қойылған сұрақтардың аясында Д.Жолжақсынов: бүгін қазақтың рухани әлемінің хал-ахуалы қоғамдық-әлеуметтік мәселе болумен қатар, ұлттық-саяси сипаттағы мүдделерімен де астасып, оның ажырамас бір бөлігіне айналғанын, қазақ қоғамы басқа тәуелсіздіктерден гөрі рухани тәуелсіздіктің құнды екенін енді ғана түсіне бастағанын, ендігі мақсат-мүдде ұлттық рухты қалай, кайтіп тірілтуге болады дегенге тірелгенін айта келе, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез бен ар-ождан, адамдық намыс мәселелері жайында өз ой-толғамдарын ортаға салды. Ол ойлары өзінің ұлы ұстазы Х. Бөкееваның тағлымы мен кинода ойнаған рөлдері және соларда бейнелеген кейіпкерінің мінез-құлқымен астасып жатты.
Көп жағдайда біз жанымызда жүрген жақсы жандарды жете біліп танымақ түгілі олардың шығармаларының ұлт үшін қаншалықты құнды екенін де дер шағында бағалай білмейміз-ау! Ұлы Абай «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп айтқанындай, осы кеште бір қауым студент-жастар Досқан ағаларының әртістік, актерлік, режиссерлық өнері жөнінде біршама хабардар болып, оның жан дүниесінен жарып шыққан шынайы ой-толғамдарын естіп бір марқайып қалды, оның қазақы жанына тереңірек үңілгендей болды. Д.Жолжақсынов та жастар ортасында болып сыр шерткеніне риза болып, мұндай кездесулердің жиі болып тұрғаны жөн екен деп өз ілтипатын білдірді.
Кездесу соңында кафедра меңгерушісі Ә.С. Әлметова кеш қонақтарына университет басшылығы мен оқытушы-профессорлардың, студенттердің алғысын жеткізіп, университет пен кафедра атынан сыйлықтар табыс етті. Өзінің ризашылық лебізін білдіре отырып, қонақтарға шығармашылық табыстар тіледі. Кеш әсерінен болар, студенттер жан-жақты талант иесі Д.Жолжақсынов пен оның жары Қ.Сүлейменованы көпке дейін босатпай, олармен естелік суретке түсіп қалуға тырысты.
Алматыдағы "Рухани жаңғыру" аясында өткен рухани шара осылай өзінің мән-маңызымен есте қалды.Б. Исхан,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университетінің
доценті, ф.ғ.к.