Өзге діннің қолшоқпары емес, Өз дініміздің жанашыры болуымыз керек
2011 ж. 01 шілде
2225
0
Соңғы кездері жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай, түрлі секталар көбейіп кетті. Сол ағымдардың арбауына түсіп, өзге діннің құрбанына айналып, отбасынан айырылып жатқандар қаншама. Мәселен, ресми деректерге сүйенетін болсақ, елімізде төрт мыңнан астам діни бірлестік бар екен. Он төрт млн қазақ халқы үшін, бүл үлкен қасірет. Тіптен, олардың барлығы дерлік әділет органдарында тіркелген. Сондықтанда дәстүрлі дін мен қоғамдық ұйым өкілдері және құқық қорғаушылар, көбіне мұндай ұйымдардың қоғамға жат екенін айтып, қанша ескертсе де, ешқандай оңтайлы нәтиже болмай отыр. Себебі, өзге дін өкілдерінің қулық-айласы ерекше, жақсы жасақталған. Соның салдарынан күн санап өзге дінге кірушілердің саны көбеймесе азаяр емес. Ел кезіп, шекара асып, арамы пиғылмен келгендердің, қазақтың қамын ойламайтындарымен ешкімнің шаруасы жоқ. Түпкі мақсаттары қалай да қазақ халқын қанау, қазақ халқын адастырып, жер бетінен мәңгі бақи құртып жіберудің амалы екені айдан анық. Қарап отырсақ қаптаған секталардың шектен шыққан әрекеттерінен талай отбасының шаңырағы шайқалды, керегесі сөгілді. Өздерін «әулие», «пайғамбар» тіпті «құдаймын» деп жүргендердің соңына ілесіп, талай жандар от басты. Исламдағы кейбір ағымдардың құрбандары көбінесе кедей, тұрмыс тауқыметін әбден тартқан, нашар отбасылар болып келеді екен. Өйткені, оларға алғашында материалдық қолдау көрсетіп, барынша көмектесіп, жақсылық жасап, демеген болады. Соңында, санасын толықтай жаулағаннан кейін өз мақсаттарын жүзеге асырады. Ал, христиан секталары болса, бай-ауқаттыларды тұзаққа түсіреді екен. Өйткені, байлардың арқасында мол қаржыға кенеліп, содан жәйлап билікке, ал билікке келгеннен кейін бүтіндей бір елді тентіретіп, дүбәрә етемін деп мақсат қойатындары анық. Солай өз мақсаттарына жету жолында ешнәрседен тайынар емес. Ең сорақысы, соңғы уақытта, әлгі секталар мен жалған діни бірлестіктер, өздерін қоғамдық ұйым не болмаса жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде таныстырып, өз қулықтарын жүзеге асырып жатқаны. Өйткені, көпшілігі секта десе ат тонын ала қашатындықтан өз торларына алдап түсіру үшін, адамның ойына келмейтін әрекеттерді ойластырған. Айталық, аялдамаларда ілініп тұрған хабарландырулардағы немесе көздің жауын алатын жарнамаларды көрсеңіз, сектаның шырмауына тап болуыңыз әбден мүмкін. Мысалы, бүгіндері пайда болған белгілі бір бизнес түрін алып қарасаңыз болады. Себебі, олар өздеріне шақыру үшін қолынан келгенді аямайды. Тіпті алғашқы уақытта кіру үшін белгілі бір сомада қаражат салу керек. Егерде сізде ондай ақша болмаса өздері салып, сол бизнеске кіргізеді-міс. Ал, кіргеннен кейін артыңнан адам тартасың, сонда ғана қыруар ақшаға кенелесің. Былайша қарап тұрсаң, бұл тек ертегіде болатын таңғажайып емес пе? Міне, осылайша алдап, өз торларына түсіргенін сезбейде қаласың. Сонымен қатар, секталар адамның психологиясын жаулап алудың маманы болған. Олар сөйлегенде, 62 тамырың шымырлап, ет жүрегің елжіреп, алғашында қиналсаң қолдап, қуансаң жаныңан табылады. Адал мен арамды, жақсылық пен жамандықты саралап «жер бетін кәпірлерден тазалаймыз» деп, соңынан ергендерді джихатқа шақырады. Тіптен, сектаға кіргендердің барлығы әйелдерін бүркеп, тығып, тұмшалап тастайды. Ал, өздері жер кезіп уағыздарын айтып, топтарын көбейтумен әлектенеді. Бір түсінбейтінім, әлгі өзге діндегілер әулие мазарларын аралап, кейбіреулері түнеп ескерткіштер мен құлпытастарға табынып жатады. Ал, біреулері топ болып жиналып әулиелі орындардарға барып, қараңғы түскен мезгілде от жағып соны айнала жүріп бір нарселерді айтып даурығып бұрын-соңды көрмеген түрлі әрекетерді жасап жатканы. Бұл Аллаға серік қосу емес пе? Міне, осындай түсінісбеушіліктің салдарынан олардың қатары сирейтiн емес. Әлгі Иегова куәгерлерiнiң үй-үйдi аралап, пәтерлердi жағалап, өз қатарына адамдарды күшпен немесе алдап-арбап тартатындығы киын-ақ. Оларға тиым салуға немесе заңмен күш қолдануға елміздің дәрменсіздігі еріксіз күйзелтеді. Соңғы кездері, әрбір мұсылманның жүрегін бір ой мазалағаны анық. Өйткені, көз алдымызда жасы жетпей сақалын сапситқан жігіттер, көздерін сығырайтып қана көрсетіп, тұмшаланған қыз-келіншектер.Бұл жерде жалпыға бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Имандылыққа бет бұрып, ұятты жерлерін жауып, арын биік ұстағандарға қарап, іштей қуанып отыратынымыз жасырын емес. Ал, өзге діннің арбауына түсіп, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, өзге пиғылмен оранған қыздарымыз, ислам дініне басқаша көзқарасты тудырып жатқандығы қиын-ақ. Мәселен, олардың ішінде хиджапты сән үшін киетіндер де аз емес екен. Түпкі мақсаттарына үңіліп қарасаң, ертерек тұрмысқа шығудың амалы. Осындай көзбояушылықтың соңы діни фанатизмге ұрындыратыны сөзсіз. Діннен ешқандай хабары жоқ. Біреулердің нұсқауымен немесе ақыл-кеңесі мен сәждеге жығылады да, ертесіне-ақ оранып шыға келеді. Таяуда «Алматы» телеарнасынан хиджап киген Гауһар есімді бір қызды көрсетті. Оның айтуынша, жігіттердің көпшілігі оранған қыздарға өзгеше көзқараспен қарайды екен. Яғни пәк, таза деген сияқты. Мұны қалай түсінуге болады? Алдымен, діни сауатын ашпай, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенімен шаруасы жоқ, ерме сөздердің соңында кетеді. Жастайынан әкенің өсиеті, ананың асыл сөзінен діни ұстаздарының айтқанын артық санайды. Көпшілігінің әке-шешесі басында қарсы болады. Соңында іштен шыққан шұбар жыланын кім далаға тастағысы келеді, амал жоқ, көндігеді. Осылайша, ата-ана қарсылығына қайыспай қарсы тұрып, діттегіне жетіп тынғандар көп-ақ. Осы қазақ халқына тән бе? Дінге біреудің қыспағымен емес, жүрек қалауымен, ниет тазалығымен келу керек. Шариғатта біреуді жазғыру, азғыру үлкен күнә екенін көпшілік ұмытпағаны жөн. Жалған дүниелік нәрсеге қол жеткізу үшін өзі қаламайтын, мағынасын түсінбейтін жайттардың шырмауына шырмалып жатқандары дұрыс па? Міне, дін ұстадым дегендер көбейіп кеткендіктен хиджап кейбіреулер үшін күйеуге шығудың да амалына айналған. Босағада отырып қалам деп уайымдағандар балиғат жасқа жетпестен оранып алады. Жігіттердің алдында иманды, таза боп көрінуге тырысады екен. Мысалы, бірде көшеде кетіп бара жатып, оранған екі қыздың темекі тартып бара жатқанын көріп, жағамды ұстадым. Өздерін пәк санап, тұмшаланып алған қыздарымыздың мұндай қылықтарын қалай түсінеміз? Ал, ер азаматтардың көбі қазірде шолақ балақты шалбар киіп, жасы 20 толмай сақалдарын мойындарына түсіріп жүргенін байқаймыз. Сонда баланы жас ерекшелігіне қарай киіндірген қазақы дәстүр қайда қалғаны? Жас шамасына келгенде ол енді кәмелетке толды деп бой түзей бастаған сол кезде міндетті түрде қыз бөркі, қос етек бүрмелі көйлектер, белдемшелер, бешпет, шапанның алуан түрлерін денесіне лайықтап балаға тән киім ретінде кигізетін болған. Бұрымын өріп, көз тимесін деп шашбау таққан, ұзатылмағанша бөрік, ұзатылғанда сәукеле, жар атанғанда ақ жаулық, бәйбіше болғанда кимешек киген. Сонда қазақы салт қайда қалды? Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында «Сәләфи» деген діни ұйым бар екен. Сол ағымның артынан еріп кетушілердің саны көбейіп, “сәләфи” ағымының кеңінен насихатталуы көңілге үлкен қорқыныш ұялатады. Жалпы, осы мәселелер еліміздің барлық аймақтарынан белең алып отыр. Оларда ең сорақысы, түрлі аспаптарда ойнауға, тойға баруға тиым салады екен. Осыдан бір жыл бұрын, университет қабырғасында бірге оқитын бір қыз болатын. Өзі өнерлі, университет көлемінде ұйымдастырылатын кештерден қалмай ән айтып, домбыраны керемет тартатын. Тіпті, жатақхана ауласына бара қалсаң, әлгі қыздың тартқан домбырасының үні мен наз қоңыр дауысы адамды еліктіріп әкететіндей шығып жататын. Алайда, біршама уақыттан кейін ол қыз бірден намаз оқып, оранып алды. Қалай оранды, солай қолына домбыра алмақ түгілі ыңылдап ән де айтпайтын болды. Оның айтуынша, дінде аспаптарда ойнауға болмайды-мыс. Домбыра, қобыз, сазсырнай, шаңқобыз, тағы бірнеше музыкалық аспаптары ұлтымыздың, аса биік мәдениетінің белгісі болып саналады емес пе? Ал кейбір діндерде бұларды пайдалануға немесе тыңдауға қатаң тиым салады екен. Сонда, ата-бабаларымыз күмбірлетіп тартқан қазақтың қара домбырасы, өз қазағымызға жат болғаны ма? Жалпы, мұндай жат қылықтарды айта берсең, көп-ақ. Оған тағы бір дәлел, халал асханалардың қаптап кетуі. Ол жерде істейтіндердің бәрі хиджап кигендер. Аспазшыларда буынып-түйініп алған. Жеңдері желбіреп, салпылдаған көйлек аяққа оратылып кедергі тудырғанына қарамастан белсенді жұмыс істеп жатады. Бұл жерге бас сұға қалсаңыз құдды бір Египетте жүргендей сезінесің. Барлығы бірдей, оранып алған, есіктерінің тұтқасын ұстай қалсаң түрлі діни дұғаларды жазып тастаған. Әрине, тазалыққа, діндарлыққа бет бұрған жақсы. Әйткенмен кез-келген жерге құранның аяттарын іліп қою дұрыс па? Қазақта бір киелі сөз бар «құранның хатындай сақта» деген. Осыдан-ақ байқауға болады құранның сөздерін кез-келген жерге іле беруге болмайды. Елімізде орын алған аталмыш мәселелерге қандай да бір жұмыстар жүргізіл жатыр ма, әлде жоқ па деген мақсатпен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбекпен тілдесіп мән жайды білдік.Олардың айтуынша біз тек мешітке келген адамдарға уағыздарымызды айтып, ақыл-кеңестерімізді береміз дейді. Сонда, өзге діндердің іріткі ісіне тосқауылды кім қоюы керек?! ҚР Конститутциясының №1-бапы бойынша: Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары делінген. Яғни Қазақстан Республикасында кім қандай дінді ұстанам десем де, қандай ұйымның мүшесі болам десе де өз еркі. Елімізде діни ұйымдар мен бірлестіктерге жол берілген. Ата-заңымыздың осы бабын негізге ала отырып, көптеген діни ұйымдар мен секталар етек жайып кетті. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әлі толық білмейтін қарапайым халық, әртүрлі мақсаттағы діни ұйымдардың қолындағы қуаршақтарына айналды. Бұл діни ұйымдардың негізгі мақсаты - мүмкін саяси идеолия, мүмкін мәдениетімізді жоққа шығарып, дінімізді, салт-дәстүрімізді, рухани байлығымызды жаулап алу арқылы, мемлекетімізді құрдымға жіберу шығар. Әлі күнге дейін, бұған ешкімнің нақты дәлелдері де жоқ. Тиісті орындарда тіс батып ештеңе айта алмайды. Соңғы кездері көпшілікті толғандыратын жайттардың бірі — еліміздегі діни ағымдар екені анық. Жастардың барлығы дерлік дінге бет бұрып барады. Әрине, жақсылыққа бастау алғанына қуанамыз. Тек әлгі діни ағымдардың жетегінде кетіп, өзге дін өкілдерінің жемтігіне айналама деген қорқыныш басым. Осыдан 4-5 жыл бұрын оранған, қара киім киген, беті түгелдей жабылған, қолына кара колғап кигендерді көрмеуші едік. Ал, бүгіндер етіміз үйреніп кеткендей. Жалпы, әр нәрсенің өз шегі болуы керек. Осындай жағдайларды болдырмас үшін халыққа түсіндіріп, дұрыс ислами үгіт-насихаттар жүргізуді күшейту отырып заңды нығайту керек. Сонда ғана дініміз берік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, Қазақ елі қанаттанады. Әсел Рзаева