АБЫРОЙ, АМАНДЫҚ ТІЛЕЙМІН!
2017 ж. 25 қараша
3418
1
Белгілі журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызының «Қазақ үні» газетінің
16-қараша күнгі санында жарияланған «Бұл сөзім – өліге емес, тіріге» деген мақаласына жауап
Сәлеметсің бе, Гүлсім? Сенің «инемен құдық қазғандай» еңбегіңді жоққа шығарайын деген ой менде болған емес, болуы мүмкін де емес және ол ешкімнің де қолынан келмейді. Оған дәлел – 30 жыл талмай ізденіп, «Нұртас Оңдасынов» деген өзің баспаға дайындаған үш том кітап.
Енді: «Сұхбатыңызды Хайдар Арыстанбекұлы ағаның өмірде бар кезінде неге жарияламадыңыз?» – деген сұрағыңа жауап берейін. Ол кісі арамызда жүргенде екі рет газетке ұсынып көрдім. Қандай себебі барын білмеймін, жарияланбады.
...«Қазақ үнінде» жұрттың көкейтесті мәселелері батыл да ашық жарияланатынын ұнатқандықтан Хайдар ағамен сұхбатымды осы басылымға жолдап көрейінші деген ой туды. Газет қызметкері телефон соғып:
– Сұхбатыңыздың соңғы жағындағы сынды өзгертуге қалай қарайсыз? – деді. Мен:
– Марқұм Хайдар Арыстанбекұлы ағаның рухы ренжиді ғой. Ол кісінің сыны бәрімізге ой салатын, пайдалы, қамқор жанның көңілін танытатын сын, – деген уәж айттым. Ол түсіндім деді.
Сенің: «Нұртас атаның соңғы 20 жылын сізден, Хайдар ағадан артық біз білеміз. Нұртас Оңдасыновтың жанын өміріңізде көрмеген сіз түсінесіз бе, әлде анда-санда қызмет бабымен кездесіп тұрған Хайдар аға түсіне ме?» – дегеніңе айтарым, сұхбатта біз бәрін білеміз деген ой атымен жоқ. Хайдар аға өз әсер-сезімімен бөлісіп, екі мақала төңірегінде ғана сөз қозғады. Онда да белгілі, ірі тұлғаларымыз туралы жазғанда абай болуды екі авторға ғана емес, барша қолына қалам ұстағандарға ақсақалдық жанашыр көңілмен ескертті. Хайдар ағаның: «Ол кезде партияның Орталық Комитеті келісімінсіз ешкім өз бетінше ешқандай шешім қабылдай алмайтын. Біздің Ғылым академиямыз ашылғанда әуелі Қазақстан Орталық партия комитетінің келісімімен арнайы комиссия құрылып, КОКП Орталық комитетінде жан-жақты талқыланған болатын. Егер автор Нұртас Дәндібайұлы Қазақстанға жеке Ғылым академиясы керек, оған президент болуға Қаныш Сәтпаев лайықты деп Қазақстан Орталық комитетіне ұсыныс жасап, ерекше қамқорлық танытты деп жазса, мен оған келісер едім. Мақаладағы бұрын танып-білмеген Нұртас пен Қаныш ағалардың Москваның қонақ үйінде кездесіп, республиканың білім-ғылым төңірегінде келелі әңгіме қозғағанын, тіпті сол жолы алғашқы кездесуден-ақ КСРО Ғылым академиясының президенті Комаровқа хат дайындап, қабылдауында болғанын, екеуі екі жақтап айбары асқан академик Комаровты ортаға алып, Қазақстанға жеке Ғылым академиясы қажет екенін, Комаровтың менсінбей: «Оған басшы болатын кімің бар?» дегенінде: «Сәтбаев бар, КСРО Ғылым академиясына мүше болуына мүмкіндігі де мол!» – дегізіп сөйлеткенін өз басым мүлде қабылдай алмадым. «Екеуі екі жақтап айбары асқан академик Комаровты ортаға алып» деген сөйлем екі ұлы ағамыздың әркетін ерсі етіп көрсетіп тұрған жоқ па? Мұндай әрекетке Нұрағаң Қаныш Сәтпаевтың кандидатурасын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мақұлдағаннан кейін барды десе, жарасар еді.
Екінші, автордың мақаласында қолында арағы бар Хрущев Оңдасыновтың қасына келеді де: «Мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің қаулысы алынады», – деп кекетуін қалай түсінеміз? – деп Хайдар ағаның ренжігені есімде.
Ата-бабамыздың: «Тұздың дәмін білген кісі ащы мен тұщыны айырады. Сөздің мәнін білген кісі, жауабын дұрыс қайырады» дегеніндей, Гүлсім, сенің: «Обалы не керек, Хайдар ағамыз Оңдасыновтың кемеңгер басшы болғанын, халқына адал қызмет еткенін, небір қиын сәттерден аса сабарылылықпен, байсалдылықпен, тапқырлықпен шығып кететін сәттерін жеріне жеткізе айтқан. Ол үшін ол кісіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жаны жаннатта болсын», – деп берген бағаң дәлме-дәл, әділ баға. Шын мәнінде ол кісінің айтқандарын мен ешқандай қоспасыз, таза күйінде жаздым. Мұны көзіқарақты, саналы әр оқырман сезіне алары анық.
«Ай ортақ, күн ортақ, жақсы адам ортақ» дегендей, Нұртас Дәндібайұлының өмірі бәрімізге өнеге. «Нұрекең, Нұртас аға үйімде болды. Жеңгең жұмыста еді. Шай әзірлеуге ғана шамам жетті. Ол кісі «Арабша-парсыша-қазақша» сөздіктерін жазғаны, оны баспаға өткізгені туралы сөз қозғады. «Бұл азабы мол еңбек сіздің ғалымдарға тән еңбекқорлығыңызды білдіреді, құттықтаймын. Алайда неге біреудің егініне түсіп жүрсіз? Сөздікті жазатын ғалым-тілшілер бар ғой. Сіз текті ата-ананың текті ұлысыз. Үкіметімізді 13 жыл басқардыңыз. Сол басшы қызметте жүргендегі бастан кешкен жетістігіңіз бен кемшілігіңізді неге жазбайсыз? Ол еңбегіңіз ұрпағымыздың ұрпағын ойлантып, елін сүйген ердің еңсесі қандай боларын біліп өсуіне көмектесер еді» дедім. Нұрекең: «Бауке, бұл ескертпеңді ескерем. Тек соңғы кезде жүрегім сыр беріп жүр деп қоштасты», – деген Бауыржан Момышұлының сөзі де жадымда. Нұртас ағамен сыйласып, сырласқан мен білетін үш қарттың екеуі қазір Алматы қаласында, біреуі Шымкент қаласында тұрады.
Қосымша айтарым, Қазақ ССР-і Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас ағаның біраз уақыт орынбасары болып істеген, кейін Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған, 1946-шы жылы Үкімет комиссиясы тобын басқарып, Қазақ ССР Ғылым академиясын ашқан Мұхаметжан Әбдіхалықов ағамен төрт жарым жыл қоян-қолтық араласқанымда, ол кісіден де Нұртас аға туралы ұрпағымызға өнеге болар талай оқиға естідім. Нұрекеңді жақсы көрмесем, ұстаз тұтпасам, Нұрекең туралы естігендерімді тірнектеп жинар ма едім?
Гүлсім қарындасым, менде Нұртас ағаның өмірбаянын толықтыра түсетін біраз материал бар. Қажет десең, шығармашылық байланыс жасайық.
Ағалық ақ көңілімнен өзіңе абырой, амандық, шығармашылық табыс тілеймін.
Ағаң Мамытбек Қалдыбай
qazaquni.kz