ДАНИЯР АҚЫЛБАЕВ: АБАЙ ҰРПАҒЫМЫН ДЕП ЖАР САЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ
2017 ж. 24 қараша
5690
2
Данияр Ақылбаев – Абай Құнанбаевтың Ақылбайдан тараған бесінші ұрпағы. Ақылбай арғы атасы болса да, әлі күнге есім-сойын Ақылбаев деп пайдаланып жүр. Біз ұлы адамның ұрпағын Маңғыстау облысынан іздеген едік. Сөйтсек, кейіпкеріміз Ақтау мен Алматының екі арасын жол қылып, бірде – батыста, бірде Жетісу жерінде жүреді екен. Мамандығы – инженер-океонолог. Қызметі – Ақтауда. Отбасы – Алматыда. Үш қызы бар. Үлкені Дана – Германияда. Мюнхен қаласында білім алуда. Кәмиласы – мектепте, Меруерті – алты жаста.
Данияр Ақылбаев сұқбат беруге оңай келіскен жоқ. Бұған дейін де тілші қауым жиі қоңырау шалып, біраз мазасын алғанға ұқсайды. Ақырында «Айқын» газетінің тілшілері Наталья жеңгейге қолқа салды. Ерлі-зайыпты Данияр мен Наталья Ақылбаевтар сұқбатқа бірге келді. Ашық-жарқын, ешкімді жатырқамайтын жан екені көрініп тұр. Санкт-Петерборда білім алған. Наталья екеуі сонда танысыпты. – Жұмыс көп. Бос уақытымыз жоқ. Отбасын асырау – оңай шаруа емес, – деп бастады әңгімесін Данияр. – Көпшіліктің бізді Ақтауда тұрады деп ойлайтын жөні бар. Әке-шешеміз ұзақ уақыт Маңғыстау облысында тұрды. Алматыға көшіп келгені бертінде ғана. Ғұмырының жартысы сол жақта өтті. Мектепті де сонда бітірдім. Санкт-Петерборға да оқуға Ақтаудан кеттім. Қазір ата-анамызбен бірге Алматыда тұрамыз.
– Абайдың ұрпағы екеніңізді достарыңыз да, араласатын жақын әріптестеріңіз де білмейтін секілді. Неге? – Ұлы адамның ұрпағы екенімді көпшілікке әйгілей бергім келмейтіні рас. Тіпті жақын жора-жолдастарым да біле бермейді. «Абайдың ұрпағымын» деп жар салу соншалықты қажет деп ойламаймын. Рас, «Абайдың ұрпағымын» деп ат қойып, айдар тағып жүргендер де бар. Оны естіп те, басылым беттерінен оқып та жүрміз. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейбіреулер «ұрпағымын» деп жар салады. Аталарымыз туралы әңгіме айтады, салиқалы сұхбат береді. Кейде осы сарындас әңгімелерді естігенде қамығып қалатыным бар. – Қазір Абай ұрпақтарынан кім бар? Айналаңызда ағайын-туыс бар ма? – Әке жағынан үшеуміз ғана: әкем, мен және немере ағам – Айдос. – Немере ағаңыздың Украинада тұратынын айтқан едіңіз. Әлі сол жақта ма? – Қазір елге оралған. Өкініштісі, Айдос ағаммен көп аралас-құралас емеспіз. – Ол кісінің осында екенін қайдан білдіңіз? – Анда-санда ата-анама хабарласып тұрады. Үлкен кісілер болған соң, Айдос ағамның қайда жүргенін біліп отырады. Жұмыс барысымен көбіне сыртта жүретіндіктен, жолымыз тоғыспай тұр. Бала кезімізде бірге ойнап, кездесіп, сырласып жүрдік. Ол кісілер біздің үйге қонаққа жиі келетін. Арасында біз де ата-анамызбен қонаққа барып тұрдық. – Айдос ағаның балалары бар ма? – Менің әкем – Ақылбайдан қалған жалғыз тұқым. Одан – мен бармын. Айдос ағаның да жалғыз қызы бар деп естідім. – Әкеңіз – Абайдың тікелей ұрпағы екенін жақсы білесіз. Отбасында ұлы аталарыңыздың мұралары сақталған ба? Өлеңдері ше? Қарасөздерін пайдаланасыздар ма? – Ұлы бабамыздың өлең кітаптары, қарасөзі үйіміздің төрінде тұр. Семейдегі Абай музейінде болғанымызда, ескі кітаптарын бізге сыйға тартты. Мұрат Әуезов те жаңа шыққан дүниелерін жиі беріп тұрады. Шынын айтқанда, әдебиеттен кішкене ауылым алыстау. Мамандығым инженер-океонолог болғандықтан ба, көркем әдебиетке көп жақындай бермеймін. Техника мен көркем әдебиет екеуі – екі бөлек дүние. 1995 жылы Санкт-Петербор университетін бітіріп, инженер-океонолог мамандығын алып шықтым. Ленинград университетіне оқуға түсіп, Санкт-Петербор университетін бітіруге тура келді. Ленинградтың атын өзгертіп, көне атауын қайта бергенін жақсы білесіздер. Университетті үздік бітіріп, аспирантураға жолдама бергенімен, Қазақстан азаматына тегін аспирантураны оқу бұйырған жоқ. Бес жыл тегін білім беріп, аспирантураға келгенде, ақылы оқу жүйесін ұсынды. Бір жылға кемінде 4-5 мың АҚШ долларын төлеуіңіз керек. Ондай ақшаны біздің мемлекет төлей алмайтын еді. Әрі оған өзімнің де жағдайым келген жоқ. – Ұлы Абайдың ұрпағы екеніңізді қай кезде білдіңіз? – Ұлы адамның ұрпағы екенімді неге біреуден білуім керек? Бала кезімнен құлағыма сіңіріп, бабаларым жөнінде естіп, біліп өстім. Абай бабамыздың өлең жинақтары, кітаптары, портреті мен жазбалары көп болды. Оның үстіне ұлы атамыздың даналық сөздерін айтып, үлкендер жиі еске салып отыратын. Қанда бар нәрсе бойға сіңбей қоймайды екен. Бағыфұр атам әрдайым: «Ұлы адамның ұрпағы екеніңді мақтан етіп, елге бөсудің қажеті жоқ. Дандайсымау керек» деп айтып отыратын. Осы ойды атам ғана емес, әке-шешем де ұстанған. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Өзінің нәпақасы үшін Абайдың атын пайдаланған алыс ағайын-туыстар да болды. Біз ондайға барған жоқпыз. – Әлеуметтік желілердің бірінде: «Ұлы Абайдың ұрпағы жалғасу керек» деген сарында пікірталас өрбіген еді. Мұндай пікірлерді өзіңіз де көріп, естіп жүрген шығарсыз. Бұл туралы не ойлайсыз? Ұрпақ жалғастығы туралы пікіріңіз қалай? – Жалпы, бұл қаншалықты қажет? Иә, атамыз – ұлы Абай. Бірақ одан кейінгі ұрпақ арасында бабамыздай дананың дүниеге келетініне кім кепіл? «Бір өзенге екі рет түсе алмайсың» дегендей, ондай мүмкін емес. Мәселен, осындай ұлы тұлғалардың ұрпағынан өзіндей данышпан дүниеге келгенін көрсетіп бере аласыз ба? Бәрі – бір Алланың қолында. Алла бізге өрімдей үш қызды сыйлады. Маңдайымызға жазылғаны осы болса, оны да көреміз. – Абай ұрпағы жоғалады деп қорықпайсыз ба? – Рас, кейбірінде ата-баба мұрасы жоғалады деген алаң бар. Меніңше, біз ештеңені жоғалтпаймыз. Себебі, Абай мұрасын жан-жақты зерттеп, зерделеп жатқан қаншама тарихшылар бар. Оның үстіне тарихта бәрі жазылып, сақталған. Менің бұған қатысым жоқ. Абайдың ізбасары, рухани жағынан жалғастырушы емеспін. Жай ғана Абайдың биологиялық ұрпағымын. Мүлдем басқа адаммын. Өмірге деген өзіндік көзқарасым бар, өз философияммен өмір сүріп жатырмын. – Сонда сіздің өмірлік философияңыз қандай? – Қолыңа алған кез келген нәрсені тиянақты, сапалы жасау керек. Өмірге келген соң кең тыныспен өмір сүру қажет. Әр отбасының өз ішкі заңдылықтары болады. Отбасымыз салауатты өмір салтын ұстанады. Темекі тартып, арақ ішуден аулақпын. Мұсылман ретінде парызымды орындаймын. Жолдасым Наталья жұма сайын шелпегін пісіріп отырады. – Ұлы ойшыл атаңыздың шығармаларын жиі оқисыз ба? – Шынымды айтайын, жиі оқымаймын. Әрине, жас кезімізде бір емес, бірнеше рет оқып, жаттап алған кездерім болды. Түпкі идеясын түсініп, өзіме керек азығымды алдым. Мағауиядан тараған Ғазал, Ишан деген тәтелерім атамыздың нағыз фанаттары еді. Газетке шыққан материалдарды жинап, суретін қалтасына салып жүретін. Барлық жиын кездесуге баратын да, сұхбат беретін де сол кісілер болды. Бабамыздың әр сөзін жаттап алып, барған жерінде айтып отыратын. – Жеті атаңызды таратып айтып бере аласыз ба? – Құнанбай – Абай – Ақылбай – Әлімқұл – Бағыфұр – Айдар – Данияр. Ақылбай ата – Абай атамыздың тұңғышы. Он жеті жасында әке атанып, өмірге ерте келген соң, Ақылбай атамыз баласынан гөрі, інісіндей болып өскен екен. Бағыфұр атамыздың үш ұлы болды. Эрнест пен Айдардан ғана ұрпақ бар. Эрнесттен – Айдос, Айдардан – Данияр тарап отыр. – Арғы тегіңіз туралы әңгімелерді сізге кім айтушы еді? – Бағыфұр атам арабша хат таныған, жазу-сызуды да арабша жазатын кісі болды. Тізесіне отырғызып алып, біздің үлкен әулет туралы естеліктерін жиі айтатын. Құнанбай әулеті туралы алғаш атамнан естідім. Арабша жазылған дүниелері көп еді. Өкінішке қарай, ол жазбаларының барлығы сақталған жоқ. Ес біліп, етек жиған соң, іздестіріп көріп едім, таба алмадым. Ауылдағы үйдегі қолжазбалардың көбі жоғалып кетіпті. Үйімізде атамыздың үлкен портреті болушы еді. Қай суретші салғаны қазір нақты есімде жоқ. Үйдің жарты қабырғасын алып тұратын. Ол портретінен де айырылып қалдық. – Қазір – интернет заманы. Сізді ешқандай әлеуметтік желіден таба алмадық. Қызықпайсыз ба? – Ешқандай әлеуметтік желі қызықтырмайды. Мұның бәрі уақытты ұрлайды. Біздің әулетке, отбасына қатысты дүниелер болса, ақпарат беттерінде жазылып жатса, жолдастарымыздан естіп отырамыз. Өзімді соншалықты жарнамалағанды ұнатпаймын. Адам құпия болғаны дұрыс. – Абай ұрпақтарының көбі қуғын-сүргін көрді. Қудаланды, азап шекті. Әулеттің қиын тағдыры сізге де таныс болар. Қым-қиғаш күндер туралы атаңыз жиі айтушы ма еді? – Мұның бәрі – өткен ғасырдың бас жағында болған дүниелер. Сталиндік саяси қуғын-сүргін біздің әулетті де айналып өтпегені рас. Атамыз Бағыфұр – бұл қиындықты көзбен көрген адам. Саяси тұрғыдан айыпталып, репрессияға ұшырап, сталиндік лагерьде отырған. Менің әкем 1949 жылы дүниеге келген. Сондықтан әкем қиындық көрді деп айта алмаймын. Абай әулетін жарыққа алып шыққан – Мұхтар Әуезов. Біз осы кісіге қатты қарыздармыз. «Абай жолы» романын оқығанымда, біздің әулеттің тағдыры көз алдыма елестейді. Мұхтар Әуезов қарама-қарсы отырып алып, баяндап тұрғандай сезінемін. Абай әулетінің тұрмыс-тіршілігін, тынысын ерекше сезінген адам. Әкемнің анасы – Мұхтар Әуезовтің немере қарындасы. Сондықтан менің бойымда Әуезовтердің қаны бар десем, артық айтқандық емес. Атам мал шаруашылығымен айналысты. Әкем ғылымға жақын болды. Ол өзінің балалық шағын, мектептегі қызықты сәттерін жиі әңгімелеп айтып отырады. – Ғазал апа да, Ишан апа да өмірден өтіп кетті. Ол кісілерден ұрпақ қалды ма? – Өкінішке қарай, ол кісілердің ұрпағы жоқ. Ғазал тәте қазақ әдебиетін, мәдениетін жақсы меңгерген кісі еді. Ең қиыны, Құнанбай әулеті – өсіп-өнген әулет болатын. Сол өсіп-өркендеген әулеттің көп ұрпағының ғұмыры ерте үзілді. Уақыт, заман кінәлі шығар. Еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешті ғой. – Өзіңіз орыстілді болсаңыз да, қыздарыңыздың есімін қазақша қойыпсыз. Неге? – Қыздарымның есімін анасы, яғни жолдасым Наталья қойды. Не себепті олай атағанын Наташа өзі айтсын.
Әңгіме ішіндегі әңгіме
– Әкесі қазақ болған соң, Ольга Данияровна деп атау біртүрлі естілер еді. Есесіне, Дана Даниярқызы, Кәмила Даниярқызы мен Меруерт Даниярқызы деген әдемі, әуезді естіліп тұр. – Мағауия аталарыңыздың Кәмәлия есімді қызы болғанын білеміз. Кәмиланы сол есімге ұқсатып қойдыңыздар ма? – О баста, Кәмила деп атағанымызда, ондай ой болған жоқ. Кейін Ғазал тәте мен Ишан тәте келгенде, есімін естіп таңғалды. Тіпті ризашылықтарын білдірді. Мүмкін, бұл да сәйкестік шығар. – Ұлы адамның ұрпағының жары болу қиын емес пе? – Әуелде Даниярдың ондай ұлы адамдардың ұрпағы екенін білген жоқпын. Екіншіден, Даниярдың отбасы – мәдениетті, өркениетті отбасы. Келінді «құл» ретінде көретін қазақ отбасын көрген жоқпын. Туыс-туғандардың бәрі жылы қабылдап, отбасының бір мүшесі ретінде көреді. – Наталья, Абай аталарыңыздың өлеңдерін, қарасөздерін оқисыз ба? – Әйел адамның өмірінің көбі ас үйде өтеді ғой. Одан бөлек, бала тәрбиесі бар. Соған қарамастан бабамыздың «Қарасөздерін» оқып, қолымнан тастамай жүремін. «Абай жолы» романын да оқып шықтым. Үлкен әулеттің тағдырымен сол роман арқылы жақсы таныстым. Таңғалатыным, «Қарасөздерде» айтылған дүниелердің бәрі бүгінгі қоғаммен үндесіп жатқаны. Осыдан бір ғасыр бұрын жазылған шығармалардың әлі де өміршеңдігіне тәнтімін.
Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС, Анар ҚОНЫС,
«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті