БІР ҚУАНЫШ, БІР ӘТТЕҢ...
2011 ж. 28 маусым
2241
0
Немесе қос таңы бар Қостанайға «орыс-еврей таласып жүр»
Ақын тойы
«Той дегенде домалайды қу бастар» демекші, Қостанайда ақын Ақылбек Шаяхметовтың 60 жылдық мерейтойы болады дегесін тізгін ұшында сонда жеттік.
Тойға жиналғандардың ішінде қаламгер қауымынан Тұрсынбек Кәкішев, Нұрқожа Ораз, Серік Тұрғынбек, Сейфолла Шайынғазы, Айбатыр Сейтақ және жергілікті ақын-жазушылардан Аманжол Күзембаев, Серікбай Оспан, Әсия Беркенова, Нағашыбай Мұқат т.б.-лар болды.
Өз басым Ақылбекті қазақтың көп ақынының бірі ретінде ғана білетін едім. Ал бұл жолы – оның «Шоқанның шері» спектаклін көріп драматургиядағы еңбегіне, «Фоллиант» баспасынан бір жолда шыққан алты бірдей кітабының ішіндегі «Тайбағар» кітабын оқып, прозалық және журналистік қырына, балдырғандарға арналған шығармаларымен танысып, балалар әдебиетіндегі төккен теріне куә болдым.
Осы кітаптарының ішіндегі «Мінажат» атты еңбегінің де сақасы салмақты екен. Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед-Қайдар Дулати, бергісі Абай, Ақыт, Шәкерім таныған ұлылық – Алланы ұлықтаумен сөз бастау Ақылбекке де ақ бұлағын сыйлапты. «Құранды өлеңмен сөйлеткен» деп әлде бір қаламдасы әзілдегендей, Хақты жүрегімен таныған ақынның көңіл сыры имандылық нұрына оранып, жыр түрінде ақ қағаздың бетінде жамырап жатыр. Жай ғана айта салмайды, әдебиеттің бедерін салып, ақындық сезіммен өрілген әдемі жолдар қан тамырыңызға жып-жылы ағын сыйлайды.
Осындай мәнді де мағыналы кітаптарының тұсаукесерін Л.Толстой атындағы облыстық кітапханадан бастаған ақынның мерейтойы әдеби-музыкалық шығармашылық кешпен жалғасын тауып, Тобылдың толқындарына қосылған тәтті саз Торғай даласын тойдың қызығына бөледі. Көп назарына ұсынылған «Шоқан шері» спектаклы, «Арқаның арқалы ақыны Ақылбек» көрмесі де көңілді думанға сән қосты.
Осылайша 17 маусымдағы ақын тойы 18 маусым күні туған жері Жітіқара ауданында жалғасты атап өтілді.
Көрген көзде
айып жоқ
Алтайдың аржағынан алғаш рет – 1997 жылы Алматыға қадам аттағанымызда көзімізге көп нәрсе одағай көрінген болатын. Соның ішінде бізді шет жұртқа бостырған империя иесі – орыстардың тілі мен ділінің дәурендеп тұрғандай көрінгеніне ішіміз удай ашып, көңіліміз бек құлазып еді. Аллаға тәубе, содан бері 14 жыл! Бүгіндері қанша сөккенімізбен Алматы – қазақ қаласы.
Ал Торғай даласына тұңғыш аяқ басқан жанның көңіліне де сондай бір салқындықтың соғатынына біреу сенер, біреу сенбес. Неге?-дейсіз-ау. Мұны сіз емес, мен сұрауым керек еді, неге?
Қостанай қаласының «Француз орталығы» аталатын орталық түйілісінің біріне еріксіз тізгін іріктік. Бұл жерді жұрт: «басқаның атына жазылған облыс әкімі С.Кулагиннің меншікті тұрағы» деседі екен. Қалаға кіргелі орысша атаулар мен олардың белгілі адамдарының атындағы көшелерден басымыз айналып келе жатыр еді, енді оған француз мәдениеті қосылыпты. Алдымызда шапкісін қисық киген Чаплин тұр.
Менің жақтырмағанымды аңдаған жүргізуші: «ағасы, мұның бәрі түк емес, бұдан да сорақысы бар», - деді. Мен оның әңгімесіне құлақ түрдім.
«Кулагин Голощекиннің інісі екен»
- Облыс әкімі С.Кулагиннің ұлты еврей, сіз білесіз бе, Голощекиннің де түп-төркіні еврей болатын. Белгілі бас қонсулардың бірінде әкіміміздің: «Голещекин қазаққа ешқандай қиянат жасаған жоқ, оған айтылған айыптаулардың бәрі жалған жала. Шын мәнінде қазақтар қазақтарды өздері құртып, барлығын Голощекинге аудара салған», - дегені бар. Шын мәнінде Кулагин Голощекиннің інісі ғана емес, оның ісін мүлдем басқа жолмен жүргізіп отырған «ақылды» кісі.
Сіз оны айтасыз, мен осындағы оқушыларға оқытылып жатқан орыс тілді оқулықтардан Кенесарыны «бандит, жау» деп таныстырған жолдарды оқыдым. Осыларды көріп отырып кейде Қазақстанның шекара аймағында емес, Ресейде өмір сүріп жатқандай сезінеміз. Ресей демекші, облыс көлемінде істелетін ірі құрылыстар мен қомақты қаржы жұмсалатын өндірістік түйіндерді ашуға үнемі ресейлік компаниялар тартылады.
Мен жүргізушінің сөзіне сенер-сенбесімді білмесемде, көз алдымдағы көшелердің атын көріп тағы көп ойға кеттім. Кез-келген жерден орыс өктемдігі менмұндалайды. Келмеске кеткір Кеңес Одағының көне шекпенін қимаған жаңа Қостанайдың төрінде «Комсомолский», «Чехов», «Маяковский», «Октябрь», «М.Горки»... бәз-баяғысындай қасқайып тұр.
Рудныйды асқақтатқан кімнің рухы?
Қазақта «неден қорықсаң, қатерің содан» деген бір сөз бар. Қостанай қаласының көшелеріндегі империя іздеріне ренішім артып, өкпем қара қазандай болса да той қуанышын суытқым келмеді. Көппен бірге Ақылбек ақынның туған ауылы Жітіқараға беттедік.
Біз отырған автобус Рудный қаласын басып өтеді екен. «Сырт көз – сыншы» демекші жанарымды дала мен қалаға тең суарып, айналама қарағыштап келемін. Рудный қаласын қақ жарып жатқан үлкен даңғыл – «Лениннің» бойымен келеміз. Өз көзіме өзім сенбей қайта қараймын. Шын, дәл өзі – «Ленин даңғылы» сайрап жатыр. Көлденең бір көше «Октябрь», ... одан кейін тағы бір көше «50 лет - Октябрь» қиып өтіп жатыр. Қойшы әйтеуір, Ресейдің кіші «моделін» осы Рудныйдан көрдім. Қазақстанның ішіндегі «кіші Ресей!». Оның қасында Абайға, Ыбырайға, Бейімбетке ... көшенің атын берген Қостанай қаласы «айналайын» екен. Әй, қайдам? Балық үндес, бақа тілдес облыс әкімі – Сергей Кулагин мен Рудный қаласының әкімі – Николай Денинг бір адам шығар.
Мен елге қараймын, ел жерге қарайды. Әуелі осы топырақта туып есейген қазақтың көрнекті қаламгері Бейімбет Майлиннің облыс бойынша ешқандай мұражай үйі жоқ екен, масқара-ай!...
Енді қайттім, «қатты састым, бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан!».
«Қашып бара жатып» «Орныңа орыс-қазақ таласып жүр» делінетін Мариям Жагорқызының әнін өзімше ыңылдап қоямын:
Торғай менен Тобылдың арасы бір,
Төбесінде көк байрақ
жарасып жүр.
Қазақтан әкім келсең тезірек кел,
Орныңа орыс-еврей
таласып жүр...
Мен осылайша Қостанай сапарынан бір қуаныш, бір «әттең» арқалап қайттым.
Жәди Шәкенұлы