Ресейдегі қазақ ауылының рухани жаңғыру үрдісі
2017 ж. 06 қараша
2703
12
Жиырмасыншы ғасырдың басында, қилы жағдайларға байланысты Семей облысынан Ресейдің Құлынды даласының бір пұшпағына қоныс аударған қазақ ауылы – Керейдің де тарихы бұл күнде бір ғасырдан асып барады. Ауылда жетпістен астам түтін бар. Кеңес кезіңде бұндай ауылдар тіпті осы Құлынды ауданының өзінде бірнешеу болатын. Олар: Топан, Қоратал, Үлкен Керей, Кіші Керей, болмаса, Златополь, Сергеевка, Ананьевка деген орыс селоларында да қазақ отбасы көптеп кездесетін. Ал қазірде содан таза қазақтар қоныстанған ауыл - Керей ауылы, Павлодар қаласынан 150 шақырымдай ғана жерде (Шарбақты ауданымен шекаралас) орналасқан. Одақ тарап, шекаралас екі ел өз тәуелсіздіктерін алып, екі мемлекет болып кеткелі де, міне, 25 жылдан асып отыр.
Әр түрлі себептермен шет жайлап, тарихи отанынан сыртта жүрген ағайындар, ата-бабаларыныңың кіндік қаны тамған, тарих сахнасына қазақ ұлтын әкелген мемлекетті, Қазақстанды атамекеніміз деп біледі. Ұлт кемеңгері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан!» деп айтқандай, олар, қайда туса да, қай елде өмір кешсе де, тарихи Отаны - Қазақстан деп біледі. Сондықтан да қайта құрулар науқаны кезінде, кеңестік идеология негізінде жасақталған бұрынғы Лениннің бөлмесін өзгертіп, қайта жабдықтап, 1995 жылы Ресей елінде жабылмай сақталып қалған, қазақ тілінде дәріс беретін Қаракөл қазақ орта мектебінің 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында «Атамекен» деген атпен мектеп өлкетану мұражайын ашты. Бұл - ауыл, аудан көлемінде ғана емес, бүтін Алтай өлкесі бойынша қазақ тілінде жабдықталған тұңғыш мұражай болды. Демократия мен жариялылықтың ұранын пайдаланып, мемлекеттік тіл орыс тілі болса да, халықтық педагогиканы негізге ала отырып оқу –тәрбие жұмыстарын сапалы жүргізіп отырған мектепке ешбір орыс ұлық қарсы келе алмады. Мұндай мұражай ашу, әрине, оңай бола қойған жоқ.
Шетелде жүрген қазақтар рухани байлығының бастауын Казақстаннан алады ғой, осы іске де себеп болған жағдай - 1993 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы оқу министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық орталық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында шет елдердегі (Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Таулы Алтай т.б.) қазақ мектептерінің басшылары мен қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы курс жүргізілді. Лекциялар түгелі дерлік қазақша оқылып, бос уақыттарда мәдени орындарға, көрмелерге, қазақша концерттерге апарып отырды. Сол сапардан соң, қазақ мектебінің басшысы ретінде, мектеп директоры Баринова Нұрғайша Ғайсақызы, мектепте мұражай ашу қажеттігін, оның өз ана тілінде болу керектігін ұстаздар, шәкірттер, ата-ана, жұртшылықпен ақылдаса отырып шешіп, «Атамекен» атты мұражайды ашты.
Ауылдық жерде арнайы суретші, (ол кезде компьютерлік техника жоқ) безендірушілер де болмайтын, ауданда ондайлар бар, бірақ қаражат жоқ жалдайтын, оның үстіне қазақ тілінде жабдықталатын мұражайды орыс қайтіп істесін, сондықтан бар жұмысты ұстаздар ұжымына атқаруға тура
келді. Олар: сурет пәнінің мұғалімі Монтахаев Ақылбай Жұмағалиұлы (атақты архитектор Монтахаев Қалдыбайдың інісі), еңбек пәнінің мұғалімі Досымбеков Рахметолла Ғабділманапұлы, мектеп түлегі, қолынан өнер тамған жігіт Исабеков Ержан т.б. еді.
Қазақ ауылының орыс тілінде жазылған тарихының негізгі кезеңдерін қазақшаға аудару, жабдықтауға қажетті материалдар, түрліше бояулар мен сырларды табу директордың міндетінде болды. Алдын ала құрылған жоспар бойынша мұражай ішін мынандай негізгі бөлімдерге бөліп жабдықтады:
«Шежіре сыр шертеді» бөлімі - Керей ауылының тарихынан толық мәлімет береді;
«Мектеп – кеме, білім - теңіз» бөлімі - 1925 жылы қазақ тілінде ашылған мектепте бүгінге дейін білім алған түлектер туралы хабардар етеді;
«Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» атты бөлім - Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестердің соғыс даласында мәңгілікке қалғандар мен елге қайтып оралып қайтыс болғандар тізімінен тұрады;
«Мектеп мақтанышы» деген стенд - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық сәулетшісі, Қазақстанға еңбегі сіңген архитектор Қалдыбай Монтахаевқа арналған;
«Киіз үй» бөлімі - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабардар етеді;
«Спортшылар» бөлімі - ауылдың спортшылары, олардың түрлі деңгейдегі жетістіктері мен жеңістерін баяндайды.
Әрбір бөлім заттай экспонаттармен, деректі құжаттар, суреттермен толықтырылып отырады. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың орден- медальдары, хаттары, еңбек ардагерлерінің наградалары, ұстаған заттары, үй іші бұйымдары, бүгінде қолданудан шығып қалған келі-келсап, иін ағаш, арбаның мұрындығы, қолдан жасалған ағаш бесік төсек орынымен, ұлттық үлгіде тігілген киімдер қойылған.
Мұражайды осындай материалдармен жабдықтау ісіне ауылдың ес білетін жас баласынан еңкейген қариясына дейін ат салыса қатысады.
«Мектеп оқушылары ауыл маңында өз беттерімен қазба жұмыстарын жүргізіп, ағаш тостаған, ағаш теңгені тауып әкеліп тапсырып жүрді. Кез келген мұражайдағыдай бұндай іс әлі де толассыз жүріп жатыр. Экспонаттармен толықтыруда мектептің Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында, әсіресе тарих факультеттерінде оқыған түлектердің де еңбегі зор болды. Олар археологиялық экспедицияларда болған кездерінде небір құнды (біздің жағдайымызда) дүниелерді әкеліп тапсырды (әрине, ғылыми жетекшілерінің рұқсатымен) мысалы Табулдинов Байтас (ПГУ), Баринов Мирас (ПГПИ), Тамаева Биғат (АГУ), т.б. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші «Атамекен» атты мұражайымыз аудан сарапшыларының ұйғаруымен тұңғыш рет мектептік өлкетану мұражайы деген №7628 куәлігіне ие болды. Міне, ашылу тарихы осындай мұражайымызда атқарылып жатқан тәрбиелік мәні зор қыруар жұмыстардың мақсаты мен міндеті, бағыты мен нәтижесі бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай. Күнделікті оқу пәндері тарих, Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, ән-күй, сурет, еңбек, жаратылыстану сабағы бағдарламалары бойынша ғана емес,
мектеп ішіндегі балабақша бүлдіршіндері де мұражайға келу арқылы өздерінің танымдық қасиеттерін, біліктілігін жетілдіреді. Оқушыларды отансүйгіштікке, намысшылдыққа, ерлікке, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуде мұражайдың ролі қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті» - дейді мұражай негізін қалаушылар.
Мұражайға көптеп келген қонақтардың ішінен атақты адамдарды да атауға болады, олар: Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Тұрсынбек Кәкішев, экономика ғылымдарының докторы, Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Ерлан Мұхтарұлы бір топ оқытушы профессорымен, Павлодар педагогикалық институтының ректоры (марқұм) Шаяхметов Тасболат Қасенұлы, Новосибирск Ғылым академиясының профессоры, белгілі этнограф, ғылым докторы Октябрьская Ирина Вячеславовна (төрт дүркін), Омбы мемлекеттік университетінің этнограф ғалымы Ахметова Шолпан студент, аспиранттарымен, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығынан ғалым Күлғазира Балтабаева, Барнаул қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалым оқытушылары мен студенттері (АлтГУ, АГПИ, АГУ) т.б. Ал ғылыми-этнографиялық экспедициялар барысында келгендер өз алдына.
Бүгінде ағайындар өлке бойынша өтетін ғылыми-практикалық конференцияларға, ұлттық-мәдени фестивальдарға көрме ұйымдастырып, қатысып отырады. Мысалы ондай конференциялар Самара, Омбы, Челябі, Барнаул, Славгород қалаларында өткен кезде, ауылдағыларды арнайы шақырып, қатысуға жағдай жасап отырады.
Көрмелер мен фестивальдарда қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениетін, тамаша дәстүрлері мен әдет-ғұрпын дәріптеп, көп ұлтты Ресей елінде қазақ ұлтының намысын жоғары ұстауға тырысып келеді. Осы елде тәрбиеленіп отырған қазақ ауылының жастары атамекеніне, тарихи отанына оралып жатқандықтан олардың ана тілін меңгеріп қана қоймай, ұлтжанды болуын, өзінің төл мәдениеті мен ата салтын да жетік білуін қадағалап отырады. Қазақстанда болып жатқан рухани қайта жаңғыру шараларына да қатысып жіті қадағалап, шетте жүрген Ресей елі қазақтары да рухани жаңғыру үрдісінен шет қалып жатқан жоқ.
Мәншүк Кемелбекова,
Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері
"Қазақ үні" ұлттық порталы